Ақша бұлт ақын Серік Тұрғынбекұлы 70-те

Жыр жазса түс

кен жаңылмай жорға бүлкілге,

Қауырсын сезім,

Қорғасын ойды,

Қондырған қолға бір түнде.

Серік ақынды Серікше мақтап көрмесек,

Басқаша жазып, жеткізу оны мүмкін бе?!

Ардагер ақын, балқытқан елді балтаңдай,

Астанада ақ бас бурадай басқан балпаңдай,

Кешегі Ғафаң,

Сырағаңдардың сары ботасы,

Суатқа тартса,соңынан ерген томпаңдай!

Жоқтау жырына жыласып жұрты қалатын,

Мақтау жырдан да бәйгені шаппай алатын,

Секең мақтаса

Шынымен сондай екем деп,

Талайлар тіпті есінен мүлде танатын.

Ақын сөзінің қызуы шарпып кеткенде,

Қу ағаш түгілі,

Су ағаштардың өзі лапылдап біраз жанатын!

Қазақы шапандай пішілген қызық мол кісі,

Өзіне ғана жарасып тұрған олпысы менен солпысы,

Жалт қарап, жортып кетуге тіпті шақ қалар,

Сыңғыр ете қалса алыстан қыздың шолпысы!

Өмірі жанмен егесіп,яки төбелесіп көрмеген,

Үндемей жүріп, намысын қолдан бермеген.

Жаласын жауып, жұлмалап жатса пенделік,

Жымиып қойып, одан да биік өрлеген!

Өлең-әлемде қырандай жайған құлашын,

Жалған сөйлемей, жүрекпен жазған ырасын.

Уақыт-ай шіркін,

Ақындар бір кез оқитын еді-ау өлеңді,

Алматыда, Подвалдардың

Бұрқыратып қойып сырасын…

Жұрт мақтап жатқанда, жымияды жеңгей де,

Көрдік деп талай, классигіңнің класын!

Ақын деп танып, ардақтап атар жұрт атын,

Дыбысын қостап, намысын елдің жыртатын,

Шаттығын елдің шарықтай жырлап шалқитын,

Толғайтын және

Жазбақшы болып өлеңмен елдің сырқатын.

Ақ жауын жырмен

Ақ сезіміңді төге бер дархан халқыңа,

Көгінде жырдың

Қалқыған ақша бұлт ақын!

                                      Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *