Астана!
Небір тарих көрген қала,
Арқада
Ақмола боп өнген қала.
Тілгенде
Дала төсін темір түрен,
Жалаулап,
Жаңа
Қауым енген қала.
Атанып
Целиноград бір-ақ сәтте,
Үміті
Ұлтымыздың сөнген қала.
Ресейге
Басыбайлы қосамын деп,
Шеңгелі
Хрущевтіңтөнген қала.
Ажалғабасын байлап,
Қарсы шығып,
Тәшенов бермей қалып,
Жеңген қала.
Ту ұстап Назарбаев,
Алты алаштың,
Аруағы
Қайта айналып келген қала!
Он жылда
Ой жеткісіз өскен қала,
Есілден
Еркін самал ескен қала.
Дос түгіл дұшпаның да
Таңдай қағып,
«Ойпырмай, қалай өскен?!»
Дескен қала.
Өткенсіз
Болашаққа жол болмайды.
Өз жерің
Өзгелерден кем болмайды.
Баспанасыз адамдар
Болса дағы,
Астанасыз
Жаһанда ел болмайды.
Өзінің
Астанасын сыйламаған,
Ешқашанда
Азамат, ер болмайды!
Жалғанда халық бар ма
Торға көнген,
Басқа елге басқыншылар
Сорға келген.
Алдымен астанаға
Оғын кезеп,
Сөз сыны,
Көз сұғымен торлай берген.
Алсаң да қай тарихты,
Ер ұландар
Атойлап,
Астанасын қорғап өлген!
Болған соң жүректе от,
Баста тәртіп,
Күпілдеп жүрген жоқпыз
Босқа шалқып.
Пекиннен,
Вашингтон,
Парижден де,
Біз үшін
Астананың көк тасы артық!
Қазағым
Қиырларға аттанатын,
Болды ғой
Астанамен мақтанатын.
Сүрінсе де өкпелеп
Астанаға,
Сүйінсе
Астанамен шаттанатын!
Өрендер
Астана деп әнін айтқан,
Балқытып
Боз даланың күйін тартқан.
Жан сыры жетпесе де
Жабыққанда,
Астана жаққа қарап,
Мұңын шаққан!
Қарамай
Көбігіне, күрмегіне,
«Шүкір»деп,
Үзілмеген күдері де.
Ауылдың
Ақ тілегі Астанада,
Қысқа жіп
Келмесе де күрмеуіне.
Айнала Ақорданы
Атқа мінген,
Аман-сау
Азаматтар жүргеніне,
Жасай бер,
Сарыарқада
Сәнді қала,
Айналған
Ел қазақтың жүрегіне!
Үңілмей үрдісіне,
Түр-түсіне,
Төр берген
Қытайға да, үндісіне.
Ауылдың аңғал
Атпал азаматы
Қайнаған
Құрылыстың жүрді ішінде.
Көзге ыстық,
Көңіл қылын шертетіндей
Іргесі ғимараттың,
Кірпіші де!
Болғанда ер тілегі
Елмен жалғас,
Керуеннің жүгі де аумас,
Жолдан таймас.
Шыққанда Бәйтерекке
Басы айналды,
Шалдардың
Ауыл жақтан келген алғаш!
Ақорда күміс кеуде,
Алтын басты,
Әлемге
Қазақ атын жарқылдатты.
Қуатты қол,
Ордалы ойдан туып,
Көп елге
Көк мұхиттан даңқың асты.
Басында
Бәйтеректің қариялар
Разы боп,
Көздеріне алды жасты.
Берлинді
Бұзып қайтқан қаһармандар
Баянды бақыт тілеп,
Қауқылдасты!
Барыңды бағалай біл,
Салмақтай біл,
Қызғыштай
Өз көліңді қорғаштай біл.
Алшаңдап
Азат ел боп жүрем десең,
Аяулы Астанаңды
Ардақтай біл!
Б.Әлімжанов