Алаштың ақиығы Марат Нәбиев 60-та

Қайраттанса,

Қара дауыл,

бұрқасын,

Балуан Шолақ

Елу бір пұт кір тасын

Бір-ақ ырғап көтергенде,

Базарда,

Қайран қалып,

Керген екен жұрт қасын…

Сол Балуанның айдалада бейіті

Ескерусіз,

Ұмыт қалса –ұлтқа сын,

Елу бір пұт тас көтерген Балуанға,

Қоя алмаған екі пұттық бір тасын.

Амал қанша, заман болған осындай,

Ұстағандар елде билік тұтқасын.

Басына да бара алмаған Балуанның

Ұлығынан ұлы жұрттың ыққасын.

Санасы бар,

Намысы бар,

Қаны бар,

Елден қалай

Бір азамат шықпасын?

Агрономы

Атқа мінді ауылдың,

Атасының

Ұлылығын ұққасын.

Елу бір пұт боп қалатын жобасы,

Шомбал таспен

Бейіт басын мықтасын.

Атасының

Ардақтаған аруағын,

Қыран Марат,

Даңқың көкке шырқасын!

Қан майданда өмір, өлім қас-қағым,

Отан үшін құрбан етіп жас шағын,

Әскен аға Сталинград түбінде

Төккен жаудың…

Өзінің де жас қанын,

Гранатты

Қағып тастап басымен.

Беріп қайтқан

Төбесінің қақпағын…

Он бір бала

Өсіп, өніп, өркендеп,

Жалғастырған

Ата-баба дастанын!

Толықтырып ел қазақтың санатын,

Жайсам дегендүниеге қанатын,

Өркен жайған Әсекеңнің орманы,

Ортасында өр тұлғалы Маратым!

Арғы атаңыз асып туған жан болған,

Нағашыңыз Нұрмағамбет Паң болған.

Қаршадайдан намыс үшін қарысып,

Көңіліңе Алаш деген ән қонған.

Өсірсем деп туған елдің мерейін,

Өміріңде үлкен арман, мән болған.

Ақселеулі даламызда толқытып,

Ақ самалмен өсіргенің дән болған!

Жастай оқып, мүмкіндігін адамның,

Ашамын деп алдында бар ғаламның,

Еркін самғап шексіз ғылым көгіне,

Қиял жетпес қызық іске бара алдың.

Менделеев айтып кеткен жобамен,

Келді, тіпті, көмірден де газ алғың!

Араладың ғаламшардың жер,көгін,

Есептесек, төбе-төбе еңбегің.

Кең даланы дүбірлеттің тұлпардай,

Хан қазына халқымызға бергенің.

Бәйтеректей тамыр жайдың тереңге,

Иәболмақ, ер болмаса, жерге кім?!

Серік еттің Баян сұлу –гүл қызды,

Баяндылық Баянсаған білгізді.

От пен судан алып шығып, тайғақта,

Алақанын төсеніш қып жүргізді.

Жан-жарыңды сен де ерекше қадірлеп,

Аспандағы алып бердің жұлдызды!

Биігіңе сүйінсін тек ел қарап,

Ақиықтай кең әлемге кер, қанат.

Бақ жұлдызың жоғарыда жарқырап,

Әулетіңмен мың жасай бер,ер Марат!

 

                                      Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *