СЫР БОЙЫНА СӘЛЕМ ХАТ

 
(Жадыра Таспанбетоваға)
 
Күні де ортақ әлемнің,
Өмір де ортақ көретін.
Әдеті бірақ бар елдің
Ұл, қыз деп бізді бөлетін.
Тәңірден адам қай дәуір
Қыз сұрап еді қашаннан?
Ұл болса болды, әйтеуір,
Аяғын алға баса алған.
Үйіңе солай, қыр қызы,
Трактор айдап әкелдің.
Болсын деп жарқын нұр жүзі
Ұлы жоқ асыл әкеңнің.
Қыз болып келдің өмірге,
Әке емес, елдің бағына.
Мәңгілік атың сенің де
Таспанбетқызы Жадыра.
Тындырмай бір іс керемет,
Аймаққа атың шықпаса.
Ұл болып туып не керек,
Туған жер қадір тұтпаса.
 
* * *
Боялып нұрға гүл өңі
Су алып қырдан қайтатын.
Бойжеткен қыздың жүрегі
Махаббат әнін айтатын.
Жолығар мынау тосыннан
Көрген жоқ өмір қиынын.
Ашпаған сырын ғашық жан,
Тастайтын көздің қиығын.
Сезімтал қыздар үндер ме?
Ұғатын еді жанардан.
Басталған еді кеудеде
Алғашқы сезім, ақ арман.
Қағарда қанат аспанға
Тәтті бір қиял алдапты.
Жаңадан ғашық жас жанға
Сыйлады тағдыр балдақты.
Комбайн үні гүр еткен
Үрей ме сонша алаңдар…
Өмірді үлкен жүрекпен
Сүйетін бар-ау адамдар!
Нарқасқа дейтін дәл атын,
Теңейтін өртке жанарын.
Айнымай сүйе алатын
Жігіті бар ғой даланың.
Балиғат жасқа толғанмен,
Қаншама жанбай қалғандар?!
Аяғы бүтін болғанмен,
Жүрегі жарты жандар бар.
Жақындап келген жаныңа
Сүйікті жардың білегі,
Жетелеп бақыт таңына
Балдақсыз сені сүйеді.
Пәк еді сенде тілек те,
Жоқ еді досқа іштарлық.
О баста үлкен жүректе
Өмірге деген құштарлық.
Туған жер сені бұл күнде
Қызым деп анық таныған.
Оралған бақыт-күлкіңде
Жыр жолы жатыр, Жадырам!
 
Ақұштап Бақтыгереева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *