Бірде олай ауытқып, бірде бұлай,
Бір байламға келе алмай жүргенім-ай.
Таулы аймақтың ауасы секілденген
Аумалы да төкпелі күндерім-ай!
Аяз қарып, аптаптың жандыруы-ай,
Бірі шаттық, бірі мұң қалдыруы-ай.
Не туары белгісіз жүкті әйелдей
Не болары белгісіз тағдырым-ай!
Өз-өзінен өзегім өртенгенде,
Өз-өзімнен түңіліп, жеркенгенде,
Сары ауру сарғайтқан науқастайын
Үміт күтем бүгіннен, ертеңнен де.
Нені күтем,
Не керек осы маған?
Аяқ-қолым, жанарым, басым аман.
Шаруаның баласы емес пе едім
Күшіменен тамағын асыраған?!
Өмір деген осынау майданда бұл
Қолбасы да, қорқақ та сайрандап жүр.
Өмір менен өлімнің ортасында
Кетер ме екем келе алмай байламға бір?!
Мұқағали Мақатаев