Әні Ә. Оспановтікі
Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін, кірлендің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер-ау, арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Неге аяныш атасың іреңіңнен?
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін, несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын.
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
…Жоқ!
Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран Адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған.
Мұқағали Мақатаев