АНТРОПОГЕНЕЗ (грек. Anthropos — адам, genesis — шығу тегі) — антропология ғылымының адамның шығу тегін, даму тарихын, оның жеке биол. түр болып қалыптасуын және адамзат қоғамының даму кезеңдерін әрі жаратылыстану, әрі қоғамдық ғылымдарға сүйене отырып зерттейтін негізгі саласы. Бұларды шешуде А. приматология, эмбриология, физиология, психология,геология,археология,этнография, тіл білімі сияқты ғылымдардың нақты деректеріне сүйенеді. Ч. Дарвиннің эволюц. теориясы бойынша адам тегі адам тәріздес маймылдан пайда болған, яғни адам баласы биол. жағынан бір түрге жатады деп дәлелденді. Бұл ілім адам эволюциясын үлкен үш дәуірге бөледі: 1) ең алғашқы адам тегінің өкілдері болып адам тәрізді маймылдар (антропоидтер) саналады. Олар, негізінде, екі аяқпен жүріп, қимыл жасаған. Дайын табиғи тастарды, таяқты және жануарлар сүйегін сол күйінде қол қаруы ретінде пайдаланған. Бұларды ғылымда жоғары сатыға дейін жетілген екі аяқты приматтар деп атайды. Өмір сүрген кезеңі бұдан 2 — 3 миллион жыл бұрын; 2) келесі эволюц. даму жолдарымен жетілгендер қатарына архантроп пен палеоантроптар жатады. Олар қолдан құрал-саймандар жасай білген және қауымдасу түрі біршама жүйеленген. Тіршілік еткен уақыты бұдан 1 миллион жыл бұрын; 3) ең соңғы эволюц. дәуірде бүгінгі адамдардың түрі — неантроптар қалыптасқан. Бұлар соңғы палеолит дәуірінде, яғни 40 — 50 мың жыл бұрын өмір сүрген.
Ең алғашқы приматтар өкіліне австралопитектер жатады. Олардың сүйектерінің көп табылған жерлері Оңт. және Шығыс Африканың ашық қыраттары. Бұлардың тік жүргендігі, тастан қарапайым құралдар жасап пайдаланғандығы анықталды. Маңдай бітісі, саусақтарындағы буын сүйектерінің саны, қолқа доғасынан шығатын артерияның тарамдалу тәртібі, өкпесінің үлестерге бөлінуі адамға ұқсас. Бірақ мұның бәрі тікелей емес, қарапайым ғана ұқсастықтар. Сондықтан қазіргі маймылдардың бір де бірі адам тегі болып есептелмейді. Австралопитектер бұдан 4,5 — 1 млн. жыл бұрын өмір сүрген. Оларды антропологгар Л. Лики, Р. Лики (Англия), Д. Джохансон, Т. Уайт (АҚШ), т.б. зерттеді. Көне адам тегінің бірі — шамамен бұдан 2 млн. жыл бұрын өмір сүрген презинджантроптар. Ғылымда оларды “Homohabilis”, яғни іскер адам деп атайды. Өйткені олар аз болса да тас, ағаш сынықтарына біршама өндеулер жасап, құрал ретінде пайдаланған. Адам тегінің келесі даму сатысына архантроптар жатады. Олардың сүйектері Азияда (питекантроп, синантроп), Шығыс және Солт. Африкада (атлантроп), Батыс Еуропада(Гейдельберг және Вертешселлеш адамдары) табылған. Бұл дәуірдегі адамдар шель мен алғашқы ашель мәдениеттерін жасаған. Ежелгі адамдардан ертедегі адамдар (палеоантроптар — неандерталь адамы), олардан қазіргі адамдардың арғы тегі кроманьон адамы, естіадам (неоантроптар) пайда болған. Морфол. ерекшеліктері бүгінгі адамдарғажақын. А-дік зерттеулері есті адамдарда бұрынғы адам тектерінің кейбір белгілерінің қайталануын (рудимент, атавизм), эмбрионалдық, анатом., биохим., т.б. ұқсастықтарды, әлеум. ерекшеліктерді (еңбек құралдарын жасау, пайдалану, т.б.), әр түрлі тағамдар әзірлеу, отты пайдалану, ойлау, сөйлеу қабілетін, т.б. жағдайларды анықтады. Бұл кезде жасанды тұрақ жай пайда болды, еңбек құралдары күрделілене түсті. Әлеум. ұйымшылдыққа бейімделу байқалды. Тілдің пайда болуы арқасында әлеум. қарым-қатынас жоғарғы сатыға көтерілді. Мұның барлығы қосылып, табиғи ортаға бейімделу арқасында үйлесімділік тапты. Барлық адам баласы биол. бір түрге (HomoSapiens) жататын болып қалыптасты. Демек, НоmoSapiensтың тарихи дамуы тоқтамай, жалғасып жатыр. Қазақстан жерінде ежелгі адамдар тұрақтары Оңт. Қазақстанда (Қаратау, Жетісу), Бат. Қазақстанда (Маңғыстау, Мұғалжар), Орт. Қазақстанда (Сарыарқа, Балқаш) көптеп табылған.