АММОНИЙ ҚОСЫЛЫСТАРЫ — құрамына аммоний тобы [NH4+] енетін химиялық заттар. Олардың көпшілігі тұздарға жатады және аниондары бойынша аталады. Негізгілері — аммоний карбонаттары, аммоний нитраты, аммоний сульфаты, аммоний фосфатгары болып табылады. Аммоний карбонатт а р ы — көмір қышқылының аммоний тұздары. Құрамына қарай бикарбонат немесе гадрокарбонат, карбонат және карбаминат болып жіктеледі. Карбонат аммиак ерітіндісіне көмір қышқыл газын жіберу арқылы алынады. Ол 20°С дейін қыздырғанда ыдырап, аммиак және бикарбонат түзеді. Аммонийдің басқа тұздарын алу үшін, шарап ашытқанда фермент әсерін күшейту үшін пайдаланылады. Аммоний нитраты — аммонийдің азот қышқылды тұзы, түссіз кристалды зат, 169,5°С дейін қыздырғанда балқиды, одан жоғары темп-рада су және азот оксидін түзе отырып айырылады. Суда ерігенде жылуды сіңіреді. Тыңайтқыш есебінде және қопарғыш заттар алуда қолданылады. Аммоний сульфаты — күкірт қышқылды аммоний тұзы. Суда еритін кристалды зат. Күкірт қышқылына аммиакты жіберу арқылы немесе гипсті аммиак және көмір қышқылымен әрекеттестіріп алады. Аммоний сульфаты — азот тыңайтқыштарының бірі. Аммоний фосфаттары — аммонийдің фосфор қышқылды тұздары. Олар фосфор қышқылы аммиакпен әрекеттескенде түзіледі. Аммоний фосфаттары құрамында азоты және фосфоры бар күрделі тыңайтқыш ретінде қолданылады.