АЛМАТЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ САРАЙЫ — Алматы қ-ндағы сәулетті архитектуралық ғимарат. 1983 ж. салынған (арх. В.К. Ким, А.П. Зуев). Ғимараттың архит. пішімі ерекше: бірнеше қатар спиральдық құрылымдарды бір жерге топтастырып, сол жерден тұрғызылған биікт. 12 м алып күмбез бүкіл құрылысты біріктірген. Күмбездің сол жағында биікт. 40 м обсерватория мұнарасында екі қанатқа жайыла жатқан спираль тәрізді құрылыстар түйіседі. Сарай қысқы бақтан, 800 орындық жартылай дөңгелек залдан, диам. 7 м, салмағы 3,5 т 288 шамы бар алып люстралы салтанат залынан, спорт залының көлемі 1104 м3, жүзу бассейнінен, натуралистер бөлмесінен, көркемөнер студиясынан, т.б. қосалқы құрылыстардан тұрады. Құрылысына Қаратау мәрмәрі, Қордай мен Балқаш граниті, Маңғыстаудың ұлутасы, ағаш, металл қолданылған.