АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ — Қазақстан Республикасының оңт.-шығысындағы әкімш. бөлік. Жерінің аум. 224,0 мың км2. Облыс аумағында 16 аудан және 3 облыстық бағыныстағы қала (Қапшагай, Талдықорған, Текелі) бар. Тұрғыны 1631,7 мың адам (1998). Әкімш. орталығы — Алматы қ. (1,06 млн., 1998). А. о. батысында Жамбыл, солтүстігінде Балқаш көлі арқылы Қарағанды, солт.-шығысында Шығыс Қазақстан обл-тарымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғызстан Республикасымен шектеседі. 

Тарихы. А. о-ның жері ежелден сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының, Ұлы жүз қазақта- рының атамекені болды. 19 ғ-дың ортасында Жетісуды патшалық Ресей жаулап алды. 1848 ж. 10 қаңтарда отаршылық-әкімшілік құрылым — Ұлы Орда приставтығы құрылды. Ол 1856 ж. Алатау округі аталды. 1867 ж. Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғанда қазіргі А. о- ның бірталай бөлігі Верный уезі атанып, Жетісу облысының құрамына кірді. Сонымен қатар орталығы Верный (Алматы) бекінісі болып белгіленген жаңа облысқа Жаркент, Қапал, Сергиополь, Тоқмақ, Ыстықкөл уездері енді. 1882 — 97 жылдары Жетісу обл. Дала генерал-губернаторлығына қарады. 1897 ж. бастап ол Түркістан генерал-губернаторлығының, 1918 — 24 жылдары Түркістан АКСР-і құрамында болып келді. 1924 ж. Орта Азияда жүргізілген ұлттық-территориялық межелеу нәтижесінде Жетісу обл-ның қазақ аудандары Қазақ АКСР-іне енді. 1929 — 32 ж. Алматы округі аталды. 1932 жылдың 10 наурызында А. о. болып қайта құрылды. 1944 ж. 16 наурызда А. о-нан Талдықорған облысы бөлініп шықты. Талдықорған обл. 1959 — 67 жылдары А. о. құрамында болып, 1967 ж. 23 желтоқсанда қайта бөлінді. 1997 ж. 22 сәуірде Талдықорған обл. таратылып, оның аудандары А. о-на қосылды.  

Табиғаты. Облыстың табиғаты мен жер бедері ала құла. Балқаш және Алакөлге ұласатын солтүстігі көлбеуленген құмды жазық алқап. Бұл өңір, негізінен, антропогеннің аллювийлік және эолдық шөгінділерінен түзілген. Оның басым бөлігін Сарыесік атырауқұмның, Тауқұмның, Лөкқұмның, Қаракұмның, Қорғанқұмның қырқалы және төбешікті құмды алқаптары алып жатыр. Балқаш маңы жазығының Іле аңғары өтетін атыраулық бөлігі көне құрғақ арналармен тілімделген. Солт. шығыста Жетісу Алатауы мен Барлық тауының аралығында Жетісу (Жоңғар) қақпасы орналасқан. Облыстың шығысын Жетісу Алатауының сілемдері толығымен қамтыған. Олар тауаралық ойпаңдар мен қазаншұңқырлар арқылы бөлінген. Осы тұста Жетісу Алатауының ең биік тауы — Бесбасқан (4442 м) орналасқан. Тау сілемдерінде 1300-ден астам мұздық бар, олардың жалпы ауд. 1,0 мың км2-ге жуық. Жетісу Алатауының кейбір сілемдері (Қолдытау, Алтынемел, Малайсары, Тышқантау, Текелі, Сайқан, т.б.) өз маңындағы жазық өңірлерге сұғына еніп жатыр. Облыстың оңт. және оңт.-шығысы Іле, Күнгей, Теріскей Алатаулары, Кетпен (Ұзынқара) жотасы және Солт. Тянь-Шань сілемдерінің, т.б. жоталарынан құралған. Жетісу Алатауы мен Іле, Күнгей Алатаулары және Кетпен таулары аралығында Іле ойысы (аңғары) жатыр. А. о-ның оңт.-батысын және батысын Шу, Іле таулы үстірттері мен далалары қамтыған. 

Геологиясы. Облыстағы таулар Тянь-Шань тау жүйесінен бой түзеген және кембрийге дейінгі кристалды тақтатасты тау жыныстары қабаттарынан түзілген. Соңдай-ақ мұнда конгломераттар, туфтар, әктастар, граниттер, т.б. палеозой жыныстары кеңінен тараған. Тау етегі және облыстың биіктігі орташа өңірлері плейстоцен мен антропогендік шөгінділерден түзілген. Облыстағы таулардың алғашқы қалыптаса бастау кезеңі герцин қатпарлығымен тығыз байланысты. Одан кейінгі кезеңдерде бұл таулар бірте-бірте мүжіліп, адырлы жазық (пенеплен) қалыптасқан. Плейстоцен кезеңінің басында, альпілік орогенез кезінде пенепленге айналған өңір тектоник. процестер нәтижесінде кәдімгі тауларды түзген. Мұнда осы кезге дейін тектоник. процестер жалғасуда. Оқтын-оқтын болатын жер сілкінулер — соның айқын дәлелі. Кен байлықтарынан облыс қойнауында полиметалл (Текелі), вольфрам (Бұғыты), молибден кентасының едәуір қоры, фарфор тастары (Қапшағай), барит, бентонит сазы (Ақсу, Алакөл аудандары), отқа төзімді балшық, кварц құмы, гапс, тас көмір, қоңыр көмір (Ойқарағай, Тышқанбай), шымтезек, тұз кен орындары және минералды жер асты сулары бар. 

Климаты. А. о-ның климаты, негізінен, континенттік. Қысы қоңыржай салқын. Қаңтар айындағы орташа темп-ра солт. жазық бөлігінде -10 — 16°С, оңт-те -4 — 9°С. Жазы ыстық және қуаң. Шілде айының орташа темп-расы солтүстігінде 25°С, оңтүстігінде 27°С. Бұл жазық өңірлерде жауын- шашынның орташа жылдық мөлш. 110 — 250 мм. Тау бөктерінің климатттық жағдайы жұмсақ. Қаңтар айының орташа темп-расы -5 — 9°С, жылымық жиі болып тұрады. Шілде айының орташа темп- расы тау бөктерінде 21 — 23°С, тау аңғарларында 19 — 22°С. Жауын-шашын тау бөктерінде 400 — 600 мм, тау аңғарларында 700—1000 мм. Облыс жерінде жауын-шашын, негізінен, көктем мен жаз айының басында жауады. Солт. өңірдің жазығы мен тау бөктерлерінде қар жамылғысының орташа қалыңд. 10—30 см, тау беткейлерінде 40—100 см. Балқаш және Алакөл жағалауларында бриз желі соғады.  

Гидрографиясы. Өзендері Балқаш — Алакөл тұйық алабында жатыр және жер беті ағын суына тапшы келеді. Олар қар, мұздық суларымен толысады. Ірі өзендері: Іле, Қаратал, Ақсу, Шелек, Шарын, Лепсі, Тентек, Жаманты, Ырғайты, Шілікті, Түрген, Есік, Бүйен. Ірі көлдері: Балқаш, Алакөл, Жалаңашкөл, Сасықкөл, Ұялы, Қошқаркөл. Іле өз. бойында Қапшагай бөгені және СЭС-і салынған. Тау бөктерлерінде минералды бұлақ сулары көптеп кездеседі. 

Топырағы мен өсімдік дүниесі. Облыстың топырақ және өсімдік жамылғылары тік белдемдікке байланысты қалыптасқан. Жазық бөлігінде шөлдің де, даланың да қоңыр топырағы тараған. Онда жусан, өлеңшөп, жүзгін, сораң, сексеуіл, көктемде эфемер өсімдіктер басым тараған. Балқаш, Алакөл к-дерінің батпақты жағалауында, Іле өз-нің аңғары мен атырауында қамыс, құрақ өседі. Тау етегінде сұр және боз, қызыл қоңыр, тау беткейлері мен таулы үстірттерде таулы даланың қызыл қоңыр және қара топырақтары қалыптасқан. Мұндай жерлер (биікт. 600 — 1300 м) астық тұқымдас өсімдіктері басым жусанды, бетегелі, боз далаға ауысады. Таулы бөлігінің бұдан жоғары жағында көктерек, қайың, алма ағашы, ал одан да жоғарырақта Тянь- Шань шыршасы, кейде биік таудың шалғыны өседі. Биік таудың альпілік шалғынында өлең шөп, алтай қоғажайы, тастесер, т.б. өсімдіктер басым. Бұл өңір — облыс малшыларының жазғы жайлауы.  

Жануарлар дүниесі. Жазық жерінде қарақұйрық, бөкен, елік, қасқыр, жабайы шошқа, түлкі, борсық, жабайы мысық; кеміргіштерден: ондатр, т.б. кездеседі. Таулы бөлігінде: барыс, сілеусін, қоңыр аю, ақкіс, арқар, тау ешкі, марал, аққұлақ, бұлғын; құстардан: дуадақ, үйрек, қаз, қырғауыл, кекілік, аққу, тырна, тау құры, бұлбұл, ұлар, альпілік қарға, т.б. мекендейді. Бауырымен жорғалаушылардан: жылан, тасбақа, кесіртке; зиянды жәндіктерден: қарақұрт, бүйі, т.б. кездеседі. Өзен-көлдері мен су айдындарында сазан, шармай, алабұға, аққайраң, т.б. балықтар бар.  

Тұрғындары.Тұрғындарының орташа тығызд. 1 км2-ге 7,3 адамнан (1997), тау етегінде (теңіз деңгейінен 500 — 900 м) 1 км2-ге 19 адамнан, Балқаш атырабында 1 км2-ге 2,6 адамнан келеді. Олардың 30,3%-і (Алматы қ-н қоспағанда) қалада тұрады. Қалалары: Алматы, Талдықорған, Қапшағай, Текелі, Талғар, Жаркент, Үштөбе, Үшарал, Қаскелең, Есік, Сарқант. 

Экономикасы. Алматы обл- ның экон. әлуеті көп салалы өнеркәсіп, а.ш., көлік пен байланыс және сауда құрылымдарынан тұрады. Өнеркәсіпте электр энергетикасы (1997 ж. жалпы өнеркөеіп өнімдегі үлесі 39,9%), машина жасау және металл өндеу (6,5%), құрылыс материалдары (6,2%), тамақ өнеркәсібі (38,2%), ұн, жарма және құрама жем (5,5%) салалары жақсы дамыған. Облыста жеңіл өнеркәсіп, ағаш өндеу, фарфор-фаянс өндірістері қалыптасқан. 1991 — 97 ж. өнеркәсіп өнімі 2,6 есе артты. Сонымен қатар қызылша, картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидек және жүзім шаруашылықтары айрықша дамыған. Одан тыс мал ш., құс ш., бал, сүт және қымыз өндірістік шаруашылықтары бар. Балқаш, Алакөл к-дерінен сазан, көксерке, табан балық, алабұға ауланады. А. о. Еуропа, Азия және Америка құрлықтарының қырық шақты елімен сауда қатынасын жасайды. Экспортқа шығарылған өнімдерге тері шикізаттары, жүн, аккумулятор, түсті металдар жатады. Сырттан электр аппараттары, есептеу техникасы, т.б. құрал-жабдықтар алынады. Қазақстанның ішкі жиынтық өніміндегі облыстың үлесі 6,5% шамасында (1997). 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *