АЛМАТЫ МЕШІТТЕРІ 

АЛМАТЫ МЕШІТТЕРІ — Алматы қ-ндағы мұсылмандардың Аллаға құлшылық егетін орталықтары, қасиетті діни-ғұрыптық ғимараттар. Қалада Кеңес өкіметі орнағанға дейін және оның бастапқы кезеңдерінде 12 мұсылман мешіті болған. 19 ғ-дың орта шенінде қазіргі Райымбек даңғылы мен Қазан көшесі қиылысында “Татар мешіті” салынған. 1887 жылғы жер сілкінісі кезінде оған едәуір зақым келіп, кейін қалпына келтірілген соң 1940 ж-ға дейін жұмыс істеп тұрды. Сол жылы мешіт ғимараты зат сақтайтын қойма ретінде Алматы пима жасау ф-касының есебіне өтті де, 1986 ж. ол “қойма” өртеніп кетті. Кейін саябаққа айналған ескі мешіт орнына алғашқы қалпындағыдай мешіт ғимараты салынды (1998). Қалада 19 ғ-да ең көп мешіт салдырған адам татар ұлтынан шыққан Ысқақбай деген кісі. Сол мешіттердің бірі қазіргі Д. Қонаев пен М. Мақатаев атынд. көшелер қиылысында (Алматы нан зауыты жанында) әлі тұр. Қазіргі Абылайхан даңғылы мен Жібекжолы көшелерінің қиылысына жақын жерде — “Сарттар мешіті” болған. “Дүнген мешіті” аталған мешіт те болған. Бірақ оның қай тұста орналасқаны ұмытылған. Қазіргі Фурманов және Гоголь көшелері қиылысында 20 ғ-дың бас кезінде әрі мешіт, әрі медресе болған ғимарат сақталған. Алматының 1998 ж-ға дейінгі Орт. мешіті ғимаратын өткен ғ-да аты беймәлім бір азамат (руы “шалақазақ”) өз қаражатына салдырған. Кейін оның жанынан жаңа үлгіде зәулім мешіт ғимараты бой көтерді. Бұл мешіт порталды- күмбезді әрі мұнаралы құрылыс үлгісіне жатады. Алдыңғы жағы әсем безендірілген аркалы портал, төрт бұрышында төрт мұнара, қырлы және дөңгелек қос барабан үстінен шығарылған көгілдір түсті үлкен күмбез және порталдың оң жағынан азан шақыратын дербес биік мұнарасы бар. Мешіт ғимаратының қас беті, күмбездің дөңгелек барабан- белдеуі, ішкі көріністері ұлттық ою-өрнектермен және арабша жазу-нақыштармен безендірілген. Қазақстан дербес мемл-ке айналғаннан кейінгі 7 — 8 жыл ішінде Алматыдағы мешіттер саны 18- ге жетті. Бұл мешіттердің ең көріктілері — әл-Фараби даңғылы бойына салынған Хосни Мубарак атындағы кешендік Ислам мәдени қалашығы мен Алматы орт. мұсылмандар мешітінің жаңа ғимараты. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *