АҚМОЛА — аққайрақ тастан әдемілеп жасалған ескерткіш белгілер. Осындай бір ескерткіш (мола) Есіл өз-нің бойында, ескі керуен жолы өтетін Қараөткелде (қазіргі Астана қ. тұрған жер) болған. “Мола” деген сөз ғұндар тілінде биік қорған, қамал (Прокопий, О постройках, “Вестник древней истории”, 1939, №4) деген ұғымды береді. А. 13 — 14 ғ-да тұрғызылған сәулетті күмбез. Тастан, күйдірген кірпіштен тұрғызылған мұндай күмбездер Есіл мен Нұра өз-дері бойында (Ботағай, Көктам, Сұлутам, Сырлытам, т.б.) көп. А., Кеңгір бойындағы Домбауыл кешені солардың ескі түрінің бірі. Оның қабырғасы төрт бұрышты текше түрінде қаланып, үстіне жартышарға ұқсаған не киіз үйдің төбесі тәрізді күмбез орнатқан. Күмбез жолаушының көзіне алыстан жарқырап көрініп, Есіл өз-нің жағасын 5 — 6 ғ. бойы сұлулыққа бөлеп тұрған. Есіл бойына дуан орталығы (1832)салынғаннан кейін А. сол дуанның, одан соң Ақмола қ-ның, оның уезінің және обл-ның ресми атына айналды.