АҚ БӨКЕН

АҚ БӨКЕН, киік (Saiga tatarica) — жұп тұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. А. б- нің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Бат. Англиядан Шығ. Аляскаға дейінгі аралықта табылған. А. б-дер Монғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Респ-мызда А. б-дердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетбақдала — Арыс, Үстірт және Еділ — Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126— 150 см, салм. 37 — 49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 — 127 см, салм. 22 — 37 кг-дай болады. Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. А. б-дер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, жайылымға байланысты болады. А. б. қыстың суық, қарлы болатындығын немесе көктемнің кеш шығатындығын алдын ала болжай алады. А. б. жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет көбейеді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы “Құралайдың салқыны’’ деп атайды. Көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Оның лағын құралай деп атайды. А. б-дер өсімдіктердің 80- нен астам түрімен қоректенеді. А. б-нің негізгі жауы — қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. А. б. аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. А. б. — дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жұп тұяқты жануар. Қазақстанда 1921 ж. А. б-ді аулауға тыйым салды. 1957 — 58 ж. олардың саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады. А. б-нің тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шаддыққандарды емдеу үшін пайдаланады. Осы қасиеттерін дәріптеп, қазақ киікті “Киелі”, “Қасиетті аң” деп бағалайды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *