“АЙҚАП” — қоғамдық-саяси және әдеби журнал. 1911 — 15 ж. арасында Троицк қ-нда айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрды. Оның 88 саны 1000 — 2000 данамен жарық көрген. Алғашқы редакторы — М. Сералин. “А.” қазақтың қоғамдық ой-пікірінің оянуы мен ұлттық мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Журналда қазақ ауылындағы оқу-ағарту мәселесі, әйел теңдігі, отырықшылық тұрмысқа көшу, т.б. тақырыптар мен мемл. Думаға қатысу сияқты саяси мәселелер көтерілді. Журналды шығаруға Ә. Ғашимов, С. Торайғыров ат салысқан. А. Байтұрсынов, Ш. Құдайбердиев, Б.Майлин, Б. Өтетілеуов, С. Дөнентаев, С. Көбеев, Н. Құлжанова сынды қаламгерлер белсене қатысты. Журналда Шоқан, Абай, Ыбырай шығармаларымен бірге ауыз әдебиетінің үлгілері, шығыс, орыс және Еуропа халықтарының туындылары басылып тұрған. Журнал материалдарын 1995 ж. Қазақ энциклопедиясынын Бас редакциясы жеке кітап етіп баспадан шығарды.