АЗАТТЫҚ (парс.ерікті, еркін) — қазақ ұғымында саяси еркіндік, тәуелсіздік (әлеум. бас бостандығы немесе тәуелділіктен құтылу). Саяси еркіндікті білдіретін А. ұғымы — азамттардың өз саяси мақсат-мүдделеріне сәйкес әрекет етіп, әлеум.-саяси және мемл. әр түрлі мәселелер жөніндегі өз көзқарастарын білдіруге, өз ұстанымдарын қорғауға; саяси оқиғаларға, барлық үлкенді-кішілі үкімет органдарының саяси қызметіне баға беруге; мемл. және жергілікті өкілетті органдарға сайлауға және сайлануға ерікті болуға кепілдік беретін шарттармен белгіленген заңды құқығын танытады. Саяси еркіңдік 1948 ж. 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқы жөніндегі жалпыға бірдей декларацияда неғұрлым толық сипатталған. Саяси еркіндік концепциясы, негізінен, жеке тұлғаға мемл., қоғам тарапынан болатын мәжбүр етушіліктің әр түрлі формаларын болдырмау, олардың алдын-алу немесе жұмсарту мақсатында туындаған. Тәуелсіздікті білдіретін А. ұғымы — жеке ұлттың қауымның, елдің бостандығы, дербестікке ие болуы, яғни тәуелділіктен құтылуы. Бұл — тарихи көне дәуірлерден бері көбіне қан — төгістер арқылы жүзеге асып келген халықтық асыл мұрат. “Күлтегін” үлкен жазуында (732 ж.) түркі қауымының табғаштарға неліктен бодан болып, одан құтылу үшін қаншама құн төлеуге, қаншалықты азап шегуге тура келгендігі өте дәл суреттелген. “Күллі түркі қара халқы былай десті: “Елді халық едім, елім енді қайда?! Кімге елдік жасаймын?! Қағанды халық едім, қағаным қайда?! Қай қағанға күш-қуатымды берермін?!”. Осылай деп, табғаш қағанға жау болды. Жау болып, қолдарынан түк келмей және бағынды. Сонда күш-қуатын сарп еткенін ойламады. Түркі халқы: “(Бүйткенше) өлейік, жоқ болайық”, — дер еді, жойыла бастаған еді. Көкте түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер- суы былай депті: “Түркі халқы жоғалмасын, халық болсын…”. Әкем Елтеріс қағанды, анам Елбілгені тәңірі төбесіне ұстап, жоғары көтерген екен… елсіреген, қағансы- раған халықты, күнденген, құлданған халықты, түркі иелігінен айырылған халықты ата-бабам салтына қайта ораж- ты…” деген жолдар бабаларымыздың А-ты ежелден қасиетті мұрат тұтқанын көрсетеді. Қазақ халқы Ресейге 18 ғ-дың 30-жылдарынан бастап бодан болып, одан кейін А. алу үшін қанша қан төгіліп, азап шеккені тарихтан мәлім. А-дан айырылу адамның да, халықтың да табиғи болмысына кереғар құбылыс. Азат халық қана әлеум.-экон. және мәдени даму жолына түсіп, тарих сахнасында қала алады; қ. Еркіндік, Тәуелсіздік, Бостандық.