АЗАМАТ СОҒЫСЫ

АЗАМАТ СОҒЫСЫ – мемлекет ішіндегі әлеуметтік топтар мен таптар, діни ағымдар мен кландар арасындағы өкімет билігі жолында жүргізетін қарулы күрес. Тарихта белгілі бір ел шеңберінде халықтың демокр. бостандықтар жолындағы ұйымдасқан күресінің не болмаса көп ұлтты елдерде ұлттық езгіге қарсы қарулы көтерілістерінің А.с- на ұласқаны белгілі. Мыс., Англияда «Алқызыл және ақ раушан» -(1455 – 58), АҚШ-та бурж. Солт. пен құл иеленуші Оңт. (1861-65), Францияда монархистер мен республикашылдар (1871), Испанияда фашистер мен демократтар (1936-39) арасындағы А.с-тары болып өтті. 1918 – 20 ж. Кеңестік Ресейде орын алған А.с. Қазақстанды да қамтыды. Ол іс жүзінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жалғасы болды. А.с. жылдарында қарулы күрестің бір жағында Қазан төңкерісі жеңісі нәтижесінде жеңіліс тауып, саяси және экон. Биліктен айырылған күштер тұрды. Оларға АҚШ, Англия, Франция, Жапония сияқты мемл-тер үкіметтері жан-жақты көмек көрсетті. Күрестің екінші жағында Қазан төңкерісі нәтижесінде өкіметті өз қолына алған большевиктер партиясы бастаған күштер тұрды. Олар большевиктік ұрандар мен Кеңес өкіметі жариялаған социализм идеяларына сенген жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінен қолдау тапты. Большевиктер мен Кеңес өкіметін жақтаушылар «қызылдар» деп аталса, оларға қарсы тұрғандар «ақтар» деп аталды.

Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде Ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды (кадеттер, эсерлер, ұлттық және діни саяси ұйымдар). Алашорда үкіметі А. с-ның алғашқы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы күштермен байланысып, қазақ халқының мүддесін қорғауға тырысты. Үкімет мүшелері Қазақстанға жақын қалаларға орналасқан Кеңес үкіметіне қарсы құрылған үкіметтермен — Самарадағы құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уакытша Сібір үкіметімен, одан кейін Колчак диктатурасымен, Орынбор және Орал казак әскерлерінің басшылығымен келісімге келуге ұмтылды.

1918 ж. жазда төңкеріске қарсы күштер Орал, Торғай, Ақмола, Семей обл-тарының көптеген аудандарын, соңынан Жетісу обл-ның бірқатар аудандарын басып алып, Кеңес өкіметін құлатты. Кеңес өкіметі Батыс Қазақстанның кейбір аудандары мен оңт. өлкесінде сақталды. Қазақстанда А. с-ның Ақтөбе (немесе Солт. Түркістан), Орал және Жетісу майдандары құрылды, олардағы соғыс әрекеттері А. с-ның ірі майдандарындағы, ең алдымен Колчак әскерлеріне қарсы құрылған Шығыс майдандағы қимылдарға тығыз байланысты жүргізілді. Сондықтан Қазақстандағы А. с-ның тағдыры, негізінен, Қызыл Армияның Шығыс майданындағы күресіне тәуелді болды. Қазақстан жеріндегі соғыс қимылдары өз кезегінде Кеңес еліндегі жалпы жағдайға әсер етті. Қазақстан азаматтары Қызыл Армия қатарында да, “ақтар” басып алған аудандарда жасақталған партизандық жасақтар құрамында да А. с-на қатысуға мәжбүр болды. Қазақстандағы шешуші соғыс қимылдарына “қызылдар” жағынан М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, В.И. Чапаев, И.П. Бе- лов, И.С. Кутяков, т.б., ал “ақтар” жағынан А.И. Дутов, С.П. Толстов, Б.В.Анненков, т.б. басшылық етті. Торғай далаларында “ақтарға” қарсы күресте А. Иманов, Батыс Қазақстанда Хамит Чурин, Бейсен Жәнекешев, т.б. көзге түсті. Ал Әліби Жангелдин А. с. қызу жүріп жатқан кезде (1918 ж. күзі) Мәскеуде жасақталған қару-жарақ керуенін Түркістан майданына жеткізді. 1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы А. с. Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *