Жаман сайға су бітсе, өткел бермес кешуге,
Жаман кісіге мал бітсе, сусын бермес ішуге.
Жаман сайға су бітсе, өткел бермес,
Жаман адамға мал бітсе, зекет бермес.
Жаман өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды.
Жаман қорыққанын сыйлайды.
Жаманның айтқаны келмейді, атқаны тимейді.
Жаман бие тайымен ойнайды,
Жаман қатын байымен ойнайды.
Жаман қатын қыз табар.
Жаман жақыннан алыс артық,
Атасы басқа арыс артық.
Жаман ағайын
Бар болса көре алмайды,
Жоқ болса бере алмайды.
Жаман басшыдан жақсының сілтеуі артын.
Жаман туыстан жат артық.
Жақсы да, жақсылық та
Жалпыға ортақ.
Жақсының ары қымбат.
Жақсы өтіріктен жаман шындық артық
Жақсы аттың тісін ашып қарама,
Киесі болады.
Қатыны жастың жүрт көзінше жасын сұрама,
Әр нәрсенің жүйесі болады.
Жақсы бала — сүйік,
Жаман бала — күйік.
Жақсының үйі түссе, күйі түседі,
Жаманның үйі түссе, миы түседі.
Жақсы қатын белгісі —
Былғары қылар теріні.
Жақсы бір қатыннан туады,
Жаман әр қатыннан туады.
Жақсы әйел — зейнет,
Жаман әйел — бейнет.
Жақсы әйел — жарты иманың.
Жақсы әйел — үй дәулеті,
Жақсы шапан — той сәулеті.
Жақсы қатын жарының жақсылығын асырар,
Жамандығын жасырар.