ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

Алматының үстінен бұлт кетпеді

Алматының үстінен бұлт кетпеді,
Қабағы да қатулы жұрт өкпелі,
Дүниенің дүбірлі жазы келмей,
Созылмалы шаршатты бұл көктемі.
Көлгірсуден жалықтық, жағынудан,
Шекпендіге шені бар бағынудан,
Жүрегінде шері көп ел болсақ та,
Қағынудан аулақпыз, табынудан.
Барамыз ба ұғынбай сөз құдіретін,
Халық едік ақылға жүгінетін,
Құлы болып құлқынның, қызық қуып,
Азайғандай азамат жөн білетін.
Жатқан жоқпыз, шүкір ғой, көштен ауып,
Жүргендер де бар шығар дүние тауып,
Талай жастың, байқаймын, жанарында,
Үрку басым,тұрғандай төніп қауіп.
Тынысымен даланың нәрленбеген,
Бабалардың рухымен әлденбеген,
Қара басын күйіттеп қашатұғын,
Енді қайтіп ұрпаққа жәрдем берем?..
Ойладың ба бұл жайды, ағайын-ау,
«Ірілікке ел үшін жарайын-ау,-
Деп айтатын кімің бар, шық «алғалап!»-
Осылайша әлде, дабыл қағайын ба-ау?!

Жарқын сәттер көп-ау еске алатын…

Жарқын сәттер көп-ау еске алатын…
Мен күлгенде құстар да ән салатын,
Үйдің іші толып кетіп сәулеге,
Жақындарым шаттанып бір қалатын.
Қуанушы ем әрбір жанды құт көріп,
Толқығанда жанарыма шық толып,
Байқамаппын қоюланып қызғаныш,
Төнетінін шаңырағыма бұлт болып.
Аласапыран құйып кетті бұрқасын,
Балаларды періштелер қорғасын,
Дұшпаныма тілей жүріп жақсылық,
Анық менің пәктігімнен танбасым.
Жоя алмайды жамандықты жамандық,
Қара кетпес бояғанмен қара ғып,
Зор мәрттіктен нұрланып бұл дүние,
Таң да атып келеді, әне, ағарып…

Көкке бір ұшқан көңілге

Көкке бір ұшқан көңілге,
Көрікті болмас жер-көркем,
Себебі, оның өмірде,
Жанына жақын жоқ екен.
Бар екен туыс, жамағат,
Балалары да, жары да,
Бәріне сыйлап шапағат,
Жүріпті өзі қамыға.
Өтіп те жатыр бөз күндер,
Бозалаң тартып маңайы,
Байқаса – кілең өршілдер,
Момыны өзі баяғы.
Арсын да гүрсін мінездер,
Міндеттер алған жабысып,
Бірінен бірі мін іздер,
Бірімен бірі алысып.
Сүрердей өмір мәңгілік,
Ұғысуы аз әманда,
Қанағатсыздық, қарсылық,
Көбейгеннен соң оңар ма?
Жер басып жарық дүниеде
Жүргені бақыт десе де,
Мініп ап күміс күймеге,
Жұлдызға тартып кетсе ме?..
Көкке бір ұшқан көңілге,
Көрікті болмас жер-көркем,
Себебі, оның өмірде,
Жанына жақын жоқ екен…

Жылаңқы мына өмірдің

Жылаңқы мына өмірдің
Бітпей де қойды жауыны.
Қисайып бөркі бөрінің
Азайды көңіл сауығы.
Қалампыр қалды қуарып,
Жүректі бір кез өртеген.
Сезімдер семіп, суалып,
Күнәға баттық белшеден.
Қарайып қаны пенденің,
Сыланбай сұлу керіліп,
Құлы боп тиын-тебеннің,
Жұмыр бас кетті желігіп.
Өжеттік өксіп жаншылған,
Өкшесі өткір бұл күнде,
Қастерлі менің қаршығам,
Биікті аңсап күрсінбе…

Бұлт торлаған көңілді

Бұлт торлаған көңілді,
Бозторғай келіп тулатып,
Сырқатқан сынық сенімді
Армандар жүрсе жұбатып…
Сауабын алсам деп едім,
Сарсаңға түскен жандардың,
Самалын жұтсам деп едім,
Кешігіп атқан таңдардың.
Өгей боп мына өмірге,
Құдайым, сақта кетуден,
Шығуым керек төріңе,
О баста солай бекінгем.
Жалындап тұрған жас шаққа,
Үйірдің, тағдыр, қамшыңды,
Салғың да келді-ау мазаққа,
Амалың, бірақ таусылды.
Дауылға дүлей қайыспай,
Күлімдеп тұрдым қасқайып,
Екенсің, өмір, сайыстай,
Шеңберден, бірақ аспайық…

Жүрегімнен жүрмін ойып өлеңді

«Дүниеде ақындардың бәрі жалғыз»
М. Мақатаев
Жүрегімнен жүрмін ойып өлеңді,
Әрбір күнім соңғы сәтке теңелді.
Ішімдегі жалын өртеп бойымды,
Аптабынан еріндерім кезерді.
Кетерімді сезгендіктен ертерек,
Қалғым келер, бәлкім, саған еркелеп,
Мен өзімді қызғанамын өлімнен,
Қара дәудей жетелейтін, желкелеп.
Обалына қалып, қайран, сан кештің,
Омалғандай бір орында, хал кештім.
Құрбандыққа шалып шадыман шаттықты,
Бой көтеріп сергіген де емеспін.
Тауқыметті үйіп бердің, Құдайым,
Әр мұңлыққа жаным ашып ұдайы,
Жүргенімде жүректерге жол іздеп,
Мені ұғатын жоқ-ау жұрттың сыңайы.
Ақын жанын түсінетін жан қайда,
Мөлдір сәтін ол да маған арнай ма?
Мазасыздау мұңдарымнан мезі боп,
Әлде, қашып кетер ме екен шалғайға…

Сығымдап сыршыл сырбаз әлемімді

Сығымдап сыршыл сырбаз әлемімді,
Жебірлер жеткізбеді дәлелімді,
Жүремін амалсыздан опасызға
Тәрк етіп жібі түзу сәлемімді.
Көктегі өзімшіл деп көркем айды,
Жақтырмай жұлдыздар да табалайды,
Астарлап ақиқатты мың құбылтқан
Күншілді еркінсіткен жарамайды.
Алу жоқ, тек беру бар бағытымда,
«Пәк екен ниетім де, шабытым да», —
Дер едім, мені өксіткен өкініштер
Айналса тамшы жасқа табытымда..

АДАМ ТУРАЛЫ ОЙЛАРДАН

Шеңберге ешбір сыймайтын,
Санасы жанын қинайтын,
Көрікті көрсе көркейіп ,
Жәудіреп сезім сыйлайтын…,
Нәзік те мұңшыл, пендем-ай,
Құлайсың кейде кердең-ай,
Сенімің түсіп сарсаңға,
Шаршайсың шемен шерден-ай…
Шырылдап кеуіл- кекілік,
Буасың белді бекініп,
Мызғып та жатқан мезгілдің,
Мазасын мүлдем кетіріп…
Тауысып таңын тағаттың,
Алардай алдын апаттың,
Уақыт – тұлпар үстінде,
Қалқиып кетіп бараттың.
Сыртылы сатқын сағаттың,
Сыбағаңды тұр санап тым,
Айтшы сен менің сауаттым,
Алдында ардың жауаптым,
Балапан- балғын жүрекпен,
Дәуірді мына алпамса,
Өзіңе қалай қараттың?!..

АЙБАТЫМ-АУ, ТЕНТЕГІМ, ТЕТЕЛЕСІМ

Бауырым Серікбектің рухына
Айбатым-ау, тентегім, тетелесім,
Керегенің көгерткен көсегесін.
Жастайыңнан жетімдік көрген соң ба,
Тым ертерек, жаным-ау, есейгенсің.
Бар қызықтан өзіңді тежеп жүріп,
Шайпауынан өмірдің іштен тынып.
Болып қалдың тірегі шаңырақтың,
Қашан келсек, қарсы алдың күліп тұрып.
Әкеміз де сен едің, ағамыз да,
Жас та болсаң нұр құйдың санамызға.
Ойламадым кіші деп мен де сені,
Жатса-дағы жеті жас арамызда.
Күйіп-пісіп ауылдың жағдайына,
Әр қиянат бататын шамбайыңа,
Күштей көріп бізді бір құтқарушы,
Қанықтырып қоясың мән-жайына.
Сыйлы едің туысқа, бар маңайға,
Қырыққа да жетпедің, шара қайда.
Кететіні-ай жақсының сонша ерте,
Құрбандыққа жамандар жарамай ма?
Төмпешік боп жатырсың, құшып жерді,
Көкірегің тыншыды мұң мен шерлі,
Үңірейіп орның тұр үйге келсем,
Жоқсың енді, бауырым, жоқсың енді…
Сағынамыз сені біз әңгіме етіп,
Сәбилерің бейнеңді елестетіп.
Өлең арнап, соңыңнан қалам деп пе ем,
Тай-құлындай тебіскен өзің кетіп…

Ашылмады көңілімнің түндігі

Ашылмады көңілімнің түндігі,
Ауырлады арқамдағы жыр жүгі,
Ұшып жатыр қар мен желі аралас,
Күмілжіген күндерімнің кірпігі.
Арылтқым кеп сені тозаң, шаңдардан,
Мөлдір самал сұраймын мен таңдардан.
Себім тисе екен деумен дертіңе
Қорғап келем қоламта кей жандардан.
Шайқалмасын деумен сенің үмітің,
Тежеп келем өзімді-өзім күні-түн.
Қабағыңа қараумен-ақ жүремін,
Сезімімнің селдіретіп түбітін.
Әрбір адам қоғамының айнасы,
Жетіп жатыр оның амал-айласы.
Сақтай алсаң өздігіңді болғаны,
Керегі жоқ тиын-тебен пайдасы.
Қарсы аққанмен ағыстарға аптығып,
Өмір өтер кермек дәмін таттырып.
Арзымайтын алабөтен сезім көп,
Қанаттыға кетер бір күн қақтырып.
Табиғатта бар-ау керім үндестік,
Назар салмай сол ғажапқа күн кештік,
Қарасаңыз барлық болмыс негізі –
Шиелене байланысқан бірлестік.
Әрқашанда сана-сезім жарасып,
Адам жүрсе бір-біріне жаны ашып,
Мейірімнен қуаттанып, нәр алып,
Мөлдірейді сәби дүние – қарашық!

Толастамай тасқыны сел-сезімнің

Толастамай тасқыны сел-сезімнің,
Өкінішін ойлап өткен кезімнің,
Жылдарымның парақтарын жыртқым кеп,
Келеді бір жеңілденіп көз ілгім.
Сонша аңқау болармын ба балаша,
Өмір мынау көрінетін тамаша,
Бар сырымды, бар шынымды ақтарып,
Аңқылдаппын біреу елеп қараса.
Жарқылдаппын жалыныммен күйдіріп,
Көпшіліктің қызғанышын үйдіріп,
Асып-тасып кетті деп те біреулер,
Тағдырыма кіріп кетті килігіп.
Араласты сыбанып ап білекті,
Талқандады қанша ізгі тілекті.
Бәрінен де қиын болды-ау ауыртып,
Тілім-тілім еткендері жүректі.
Сонда-дағы буырқанып бой бермей,
Терең-терең тұңғиықтан ой тербей,
Өтемін-ау осы өмірден бәрібір,
Жаман адам бар дегенге мен сенбей.
Бір ащының, бір тұщысы бары анық,
Адамзаттың жан дүниесі жаңарып,
Жаңа ғасыр жақындатып ғарышпен,
Жер бетінде жойылса екен алалық.

Малынған алтынға, жақұтқа

«Скелеты свои люди в шелка завернули,
Глядят на цветы».
(Тие, древн. японский поэт, IX в).
Малынған алтынға, жақұтқа,
Тігісін жатқызып жалғанның,
Жүргендер жеттік деп бақытқа,
Білмейді-ау көз жастың салмағын.
Байлықты таза деп кім айтқан,
Құралса қарғыстан о бастан,
Мал үшін біреуді жылатқан,
Құлайды бір күні оңбастан.
Тайраңдап, талтаңдап жүрген ұл,
Бақ көріп тапқанын әкенің,
Сезбейді-ау бүгін – нұр, ертең – тұл,
Бар дәулет бұйырмай кетерін.
Құт келсе қайырмен, иманмен,
Береке, абырой асырар,
Ешкімге тигізбей жиғанмен,
Оп-оңай көр байлық шашылар.
Жақтырмас Жаратқан аярды,
Өйткені, өзі кең, мейірлі,
Ғұмырың болсын деп баянды,
Босатсай тұсалған пейілді.
Малынған алтынға, жақұтқа,
Тігісін жатқызып жалғанның,
Жүргендер жеттік деп бақытқа,
Білмейді-ау көз жастың салмағын…

Үйрену керек барды бағалауды

Үйрену керек барды бағалауды,
Сөз саптап, ақыл-ойды саралауды,
Кесапат жоламайды кесірсізге,
Жұртыңды қою керек табалауды.
Тәлімі азған елдің бар әдеті,
Сыртынан суыртпақтап, сөз теретін,
Өсекке құмар болмай, іске жүгін,
Әлемде аз ба кәсіп меңгеретін.
Баршылық арқасы ғой, алшаңдаймыз,
Бұрылып айналаға зер салмаймыз,
Барып та басқа елге күн көрер көп,
Біз, бірақ, бөтендерше кете алмаймыз.
Әркімнің қимасы бар бұл тірлікте,
Ол – Отан тербетілген көкіректе,
Бабалар мейірімі таңба-сынды,
Басылып қалған жоқ па әр жүректе.
Бірегей халықпыз біз қарға тамыр,
Сақтардан басталады Ата-дәуір,
Қанымен жанын берген туған жерге,
Бар қазақ бір-біріне туыс-бауыр.
Үйрену керек барды бағалауды,
Сөз саптап, ақыл-ойды саралауды,
Кесапат жоламайды кесірсізге,
Қою керек жұртыңды табалауды

КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕ ӨМІР СҮРГЕН ҚАРТТЫҢ МҰҢЫ

«На совести усталой много зла».
А.С. Пушкин.
(из «Каменного гостя»)
I
Тірегім бол, тәлтіректеп әрең жүрмін,
Жанып біткен ошақтағы мен бір күлмін,
Тамырыммен қопармаса екен қаһар,
Қайталанып жетпіс жылғы қырғын-сүргін.
Үрейлерден үркіп қалған жүрек – байғыз,
Көңілімнің әйнектері айғыз-айғыз,
Отырамын сәл кешіксе үйдегілер,
Хабар келіп қала ма деп әлде жайсыз.
II
Қатал тағдыр аямай жазалаған,
Ұрпақ едік Алланы мазалаған,
Сендер көрер жарық па, кім біледі,
Қиянат, қияметтен тазалаған.
Бұл пенде шыдайды екен Құдай жазса,
Аштықтан азып-тоздық арса-арса,
Қазанда қазан болып қала жаздап,
Қырылдық отызында және малша.
Қырқыншы жылдар келді борап оғын,
Тағы да қалды халық жоқтап жоғын,
Кейін де жан сақтадық үн шығармай,
Жондырып арқамыздың жота-жонын.
III
Азғындап күні үшін арын сатқан,
Күнәға белшесінен аз ба батқан,
Үркітіп, қорқытудан айла асырып,
Үкімет саналыға құрған қақпан.
Кеткен соң бас көтерер не бір ерлер,
Ел қайтіп тез арада кемелденер,
Соғыс пен қасіреттен аман болсақ,
Жақсы мен жайсаңдарың өсіп-өнер.
IV
Мына көз көп сұмдықты көрген еді,
Жүректе не бір бейне тербеледі,
Ерлердің кешегі өткен рухтары
Ұрпаққа талай әлі дем береді.
Құтылып кетейінші парызымнан,
Кезеңнің құрбанымын сағы сынған,
Берейін мен батамды еліме арнап:
«Аларып, қалма айрылып арысыңнан!»
Қуат кеміп, көбейіп мүлдем сұр күндер

Қуат кеміп, көбейіп мүлдем сұр күндер,
Өтті бастан көп жәйіттер күрсінтер,
Анда-санда біліп қоймай халімді,
Бауырларым, сағындырып жүрсіңдер.
Өздеріңе көп қой шертер сырларым,
Пенделіктің көрдім не бір қырларын.
Дауыл келіп сабалады жанымды,
Майыстым да, шүкір, бірақ сынбадым.
Өзексіздер ортасында шырылдап,
Озбырлықтан жаным, тәнім шымырлап,
Мына өмірден кеткендей ем түңіліп,
Бір Аллаға мұң-шерімді сыбырлап.
Уақыт – емші айықтырып сырқаттан,
Сейілдірді ойларымды мың батпан.
Мен ынтыққан тазалықтың әлемі,
Мейірлене кеңістіктен тіл қатқан:
«Езілмеші, есебі бар тірінің,
Көргендерің жолдары ғой жырыңның,
Сүйген құлды сынай түсем демеп пе ем,
Мұның бәрі саған берген ілімім»…
…Дос-дұшпанды бір Тәңірге тапсырып,
Жүрген сайын келіп жатыр жақсылық.
Көңілімде кірбің қалмай нұрланып,
Тілеп жүрем ел-жұртыма пәктілік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *