Қаламның сырын қалам біледі

Ақындық болмыс – анау-мынау кәлләні місе тұтпайтын үлкен тақырып, үлкен дулыға. Дулығаны – батырдың батыры, оқымыстының оқымыстысы кисе ғана жараспақ. Мен Абай, Мағжан, Қасым, Жұмекен, Мұқағали сынды алыптардың ақындық болмысына толғайын деп, қол жетпес биікке құлшынып отырған жоқпын, қанша құлшынып, құлдық етсем де, ондай құдыреттердің қат-қабат тереңде жатқан қазынасын сусап отырған қалың оқырманға жеткізіп бере алмаған болар едім.

Десек те, жоғардағы ұлылардың шәкіртінің шәкірті, өнер жолында бірге ойланып, біте қайнасып келе жатқан, амалы бөлек болғанымен заманы бір, атағы таудай болса да, қатары бір, көзге ыстық, көңілге жақын көрінетін ақын Жүрсін Ерманның ақындық болмысына бойламаққа талпынсам, былайғы жұртшылық мені олқысына қоймас деген ой маған үлкен жауапкершілік арқалатып отыр. Бүгінде алпыстың асқарына шығып, жыр тұлпарын қажымай, талмай қамшылап келе жатқан, ел таныған еңселі азаматтың биігін алу оңай еместігін, оның шығармашылығымен бетпе-бет келгенде ғана сезіндім. Аумалы-төкпелі мына заманда «Қартайдық, қайғы ойладық» деп еңіреп жүрген осы дәуірдің ақынын әзірше көре қойған жоқпын. Онында өз себеп-салдары бар. Біздің буын кешеден – бүгінге Тәуелсіздіктің арқасында үздікпей жетті. Тәуелсіздік – бізді рухани құлдық-сұмдықтан, булықтырған бұғаудан, құлыпты кісеннен құтқарып қалды. Басымызға бостандық, қаламға еркіндік берді. Соның арқасында жоғымызды түгендеп, барымызға байыппен қарайтын күйге жеттік. Мұқағали ақынның «Ақыңды – ақын қолдамаса болмайды» деген ғажайып жыр жолдары естеріңізде болар, бұл аяулы азаматтың өзінен соңғы ақылды, саналы ұрпаққа қалдырған өсиеті еді. Осы өсиетті бұлжытпай орындап келе жатқан таланттар аз болса да бар, соның біреуі, біреуі ғана емес, бірегейі біздің Жүрсін. Тегеуріні темірдей қатал империяның азабы мен мазағына ұшырай, қорлық-зомбылығына шыдай алмай құсалықпен көз жұмған, қазақтың айбарлы ақыны Қасым Аманжоловқа арналған әріптесіміздің «Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату» атты өлеңі Тәуелсіздіктің жемісі десек болғандай. Осы өлеңді оқығанда шынайы шамырқанған шабыттан туып, қаламмен кіндігі кесіліп, ақынның ыстық алақанымен бесікке салып тербеп өсірген ұлдай көркем туындының маңдайынан сүйіп, рахат күй кешесің, болмысы бөлек дүниеге әрі таңқаласың, әрі санаң оянып, іште жатқан шер-шеменнің зілдей ауыртпалығынан босанып, тынысың кеңіп, өзіңді бір сәт жеңіл сезінесің.

Осы өлеңде – қатал заманға қаймықпай шабуылға өткен жауынгер қаламгердің қапысыз алынған кегі бар.

Осы өлеңде – көк туын желбіреткен арқалы ақынның мерейі үстем жеңісі бар.

Осы өлеңде – поэзия дегдарына деген бауырмалдық, жанашырлық, махаббат бар.

Осы өлеңде – біріміз емес, бәріміз бармыз, бәріміздің көз жасымыз бар, өзекті өртеген өкінішіміз бар.

Осы өлеңде – көз арбайтын көркем сұлулық бар, алабөтен іздену бар. Алабөтен іздену бар болғасын, ақын қаламы өшпейтін өміршең жыр сыйлады. Орайы келіп тұрғанда айтпасақ, бізге – сын, іздену – тек Жүрсін сынды шынайы ақындардың ғана қолынан келеді.

Өзін де, өзгені де алдап жүрген, жасандылыққа бой алдырған, жалтақ жарымжан, өзгенің құдай берген баянды бақытын қызғанатын, ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ ақынсымақтан мұндай дүние тумайды, мықтағанда олардан із емес, сыз қалады, сыз табанынан өткенімен, жүрекке жетпейді, уақыт сынынан өтпейді, ыстық-суыққа шыдай алмай, бордай үгіліп, тозаңға айналып, кеңістікке сіңіп ұшты-күйлі жоғалып тынады. Бәрін айт та бірін айт. Қасымға арналған өлеңді бөліп-жармай, тұтас зерделеп оқу – бір ғанибет, біріміз емес бәріміз оқылық:

Дегені қайда – басылды құйын?

Ақылым жетпей, ашиды миым:

Виноградов көшесіндегі

Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін, кембақ астана сені –

Тиетіндей-ақ басқаға себі

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Қиналып тапқан баспанасы еді…

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін

Ажалдың сездім ақпандай лебін.

Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды

Кеудемді бұзып жатқандай менің!

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,

Қирады, сынды есік-терезесі.

Сәби жырлардың бесігі еді,

Бар екен сонша бесікте несі?

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,

Тағы да үйсіз қалды арысың бір.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Қатыгез жандар, қолдарың сыңғыр!

Жүйрігім еді, жыр көшіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

…Біздің үй соның іргесінде еді!

Ерманның туындыларын оқып отырғанда, түріктің ғұлама ғалымы Фетхуллаһ Гүленнің төмендегідей философиялық ой-толғамы тіл ұшыма оралды: – «Өлең – ақиқат пен махаббаты арқалаған жүрек пен сезімнің тілі; ғашықтық, құштарлық, тентек қиял, мұң-қайғы мен қуаныштардың үні; тіршілік пен тіршіліктің арғы жағын сезу, түйсіну және мұндай ақиқаттарды таразылап отырудың ашық немесе жабық, тікелей немесе жанама түрде шыққан сөйлемшесі. Өлеңге ақиқаттың көзімен қарағанымызда, оған – көңілдің құбылыстарға өзінше әсерленуі; сезімнің өзінше түсінік беруі; өзінің хақ қызметіне қарамастан, әлгі сезу, түйсіктену және таразылап отыру үрдісі кейде әрқалай, әртүрлі оқиғалардың ағысына сәйкес, ал кей-кейде қиял мен елестердің жетегіне еріп, дыбыстандыруы деп те айта аламыз». Бұл түйінге аларым да жоқ, қосарым да жоқ, оған тек сенемін.

Адамды жұмсағаннан гөрі, қолындағы қаламды жұмсау – қиынның-қиыны. Өзегіңді жарып шыққан балаңды жұмсау оңай. Бала ұялғаннан тіліңді алар болар: Ал, қалам ондай көңілшек емес. Өзің білмейтін күңгірт тақырыпқа қалам бара бермейді, тек жаныңа жақын, жүрегіңе ұялаған, санаңа салмақ түсірген айтулы тақырыпқа ғана барады. Мен қаламдасым Жүрсіннің шығармаларын көз жазбай оқып келе жатқаныма табаны күректей жиырма жыл болды. Сондықтан болар, оның «Құстың көлеңкесі» атты жыр жинағы қолыма тигенде әлгі тілалшақ калам аттай желіп кетпесі бар ма? Өйткені, қаламның сырын қалам біледі, бірін-бірі жазбай таниды, қапысыз мұңдасып, сырласады, кейде мұңайып, кейде рахатқа батады. Солайы-солай екен. Жүрсін – қаламдастарына адал азамат. Адалдық – кез келген пендеге жұғысты бола бермейтін таптырмас асыл қасиеттердің бірі. Нағыз талантты ақын өзінен бұрынғы, әсіресе, қатар жүрген қаламдастарының жақсы туындыларын оқығанда, көзі шырадай жанып, балаша қуанып, данаша пайымдап, өз бағасын бермек. Мен Жүрсін жүргізген мүшәйраларға екі рет қатысқан пендемін. Соңғы аламан бәйгеге қосқан бір жүйрігім өзім ойлаған межеге жетпей қалды. Ренжідім, «ішкі күйікті басамын» деп қызара бөртіп жүріп көзге түсіп қалғаным бар. Көп ұзамай, Жүрсіннің бір мақаласы жарық көрді. Осында «Мен Жәркеннің обалына қалғандай болдым, оның «Күрек» атты өлеңі шынымен өз бағасын ала алмай қалғанына қатты өкіндім», – деп жазыпты. Мұндай ағынан жарылған, адал сөзді дәл Жүрсіннің аузынан шыққанына дән риза болдым. Өзіне телефон шалып ризашылығымды білдірдім. Күні кеше болған осы жәйді ақынның мынадай бір өлеңі есіме салды:

Қимайтын жанды қапа еттім,

Жақындарымды жат еттім.

Ортасында ылғи қаламын

Ербеңдеп жанған екі оттың.

Мойындап өмір өкімін,

Берік болмақка бекідім.

…Сетінеп кете беремін,

Біреу емеспін.

Екімін.

Немесе

Арбаса нәпсі-ыбылыс,

Алаңдай берем ұлып іш.

Көңілге неге сыймайсың

Көзіме сыйған құбылыс?!

Тамаша жыр, әрі қарай осы сарынмен жалғаса береді. Адам баласының ішкі жан-дүниесін ашудың осындай тәсілі әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де бар. Классик, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Жармағын», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданын» оқысаңыз, есіңізге түседі… Бірдің екіге жарылуы – Жүрсіннің жоғарыдағы өлеңінде айқын көрініс тапқан. Көзсіз еліктеуден аулақ, өзгенің өзегінен өткен шындықты өзінше қорытып, өзінше бағамдау – осындай-ақ болар.

«Құстың көлеңкесінде»

Көзім шырақтай,

Сөзім сынаптай.

Қажай бергенді,

Қаламын ұнатпай, – деген тағы бір шыншыл, шұрайлы шумақ бар. Бұнда Адамзат қоғамындағы дертке айналып бара жатқан жағымсыз құбылыстарды ақын осылайша жеріне жеткізіп сынайды, сынағанда да қалам ұшымен, қанын шығармай бауыздайды. Жанын шығармай арбайды. Осы күнде ел басқарып жүрген даңғой, надан кейбір әкім-қарылар қоластындағы адал еңбегімен бала-шағасын асырап, елге елеулі еңбек еткен адал жандарды көзіне ілмейді, жақсылығын көргісі келмейді. Жұмыс бабында болмай қоймайтын кемшіліктерін көргенде көкірегінен итеріп, Жүрсін ақын айтқандай, «қажай» береді, ақыры оны орға жығып, жұмыстан аластап, қиянат жасайды.

Ж.Ерман қай тақырыпқа бармасын, жалаңаш бармайды, аймен-күннің аманында айқайлап бақан ала жүгірмейді, керісінше сабырлықпен, байсалды байыппен, иландырар имандылықпен, көркем тәсілмен – образымен барады.

Жүрсін – ізденгіш, тапқыр ақын. Не жазса да нандырып, қандырып жазады. Мысалы:

…Мынау менің ардақты Абайым ба?

Шытырлатып Абайды санайын ба?

Сенің құның небәрі жиырма теңге,

Менің құным көк тиын ағайынға!..

(Абайға мұң шағу) өлеңінен үзінді

Тағайын деп тұрғам жоқ

Жоқты кінә.

Бұл не дәстүр?

Заманның тоқтығы ма?

…Қуанасың

Қазақтар қағып алар

Қарағайдай мүйізің жоқтығына!..

(Мүйіз кесу) өлеңінен үзінді

Еліңнің қамын ойлай жүр –

Қырандай көкке ұштың ба?

Көлеңкесі жерде болады

Аспанда жүрген құстың да!..

(Тұрмағамбеттен тәржіма) өлеңінен үзінді.

…Сонымен «Құстың көлеңкесі» ақынның өз парасат қалауынша талғап, қармап алған таңдаулы жетпіс өлеңнен тұрады. Осы жетпіс өлең Жүрсіннің ақындық болмысын паш еткен құнды дүние. Жетпіс өлең айдын көлге тұс-тұстан құйылып жатқан жетпіс мөлдір бұлақтай, маған әдемі әсер қалдырды.

Жәркен БӨДЕШҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *