ЖҰРТЫНА ЖАҚЫН ЖҮРСІН АҚЫН

Жезді ауданындағы сол кездегі «Октябрь туы» газетінде өткен ғасырдың 60-жылдарының бел ортасында Жүрсін Молдашұлының жырлары жарық көре бастады. Жырға құмар басымыз Жүрсін жырларын жылы қабылдап, газеттің әр санындағы әдебиет бетінен Молдашұлының жырларын іздедік. Бәлкім сол жырға құмарлық, осы бағытқа бастау алуымызға себепкер де болған шығар. Қатарласымыздың жазған жырындай жыр жазуға ұмытылғанымыз да жасырын емес. Жүрсіндей жыр жазуға құлшындық, осылайша жыр әлеміне ұмтылдық. Көз алдымызда сонда да Жүрсін жүрді. Оның жырлары тек қатарластарын ғана емес үлкенді де, кішіні де сол кездің өзінде-ақ бей-жай қалдырмайтын. Ал Жүрсіннің өзі жыр додасында сол кездің өзінде-ақ қамшы салдырмайтын. Осылайша Жүрсіннің өзінен бұрын оның жырымен танысып жүргенде: «Жүрсін Бақытжамалға (Шәмкен) үйленіпті» дегенді естідік. Бақытжамал дегеніміз 1966 жылы Ұлытау 11 жылдық мектебін бітірген қос сыныптың ішіндегі ақылына көркі сай, хас сұлудың өзі болатын. Бақытжамалға үйленгені бар, әдемі жақсы жыр жазатын Жүрсінмен кездесуді шыныменен ойға алдық. «Жақсы жыры бар, сұлу жары бар Жүрсін қандай бақытты» деп таңқалдық. Сөйтіп, Жүрсін Молдашұлы деген ақынды іздейтін болдық.

Жылжып жылдар етіп жатты. Жезқазған облыс болып, таланттылары дараланып, дарабоздары айқындала бастағанда ауызға Жүрсіннің аты алына берді. Күндердің күнінде кенді қаланың көгілдір экранынан Жүрсін ақын жыр оқыды. Кәдімгі атын естіп, өзі қандай екен деп жүрген Жүрсініміз көңілге жылы ұшырады. Қою бұйра шашты балғын жігіттің жігерлі үні «құлақтан кіріп, бойды алды». Сырттай болса да таныстық, кейін ссы өңірдегі қалам ұстағандардың көбісінің ұстазы атанған Көбейсін Еңсебайұлының шаңырағында сәтін салып Жүрсінмен де кездестік. Кебекеңнің әрі шәкірті, әрі інісі болып шықты. «Жүрсін екеуміздің де ұстазымыз бір адам – Көбекең» деп қалжың айтар халге келдік. Әзіліміз де, әңгімеміз де жараса берді. Кездесе қалсақ, бір-бірімізге «не жаздың, не жазып жүрсің?» деп сауалдаса амандасатын болдық. Орайлы сәттерде бірімізге-біріміз жаңа жазған жырларымызды оқып берген күндер де сағымдай сырғып артта қалды. Ойындағысын ашық, бүкпесіз дәл айтатын Жүрсіннің жүрісі мен тұрысы өзгелерден бөлек, қатарынан озық тұрғанын сол кездің өзінде-ақ өзгеге айтпасақ та, өз ішіміз сезіп жүретін-ді. Тұлғасы мен тұрқы бөлек жігіттің өз қатарын былай қойып, өзінен мүшел жас үлкен атпал азаматтармен құрдастай қалжыңдасатын. Сонда оның қалжыңы шынға бергісіз болып шығады.

Әлі есімде, 70-жылдардың орта тұсында көктемнің бір бозала таңында сыртқы есік тарс-тұрс қағылды. Ұлытаудың таңы қандай? Таңғы ұйқы қандай тәтті? Алаңсыз жатқан жанды беймезгіл қағылған есік дүрсілі еріксіз сыртқа шығарды. Есіктің қарсы алдында есік пен төрдей болып жабық «УАЗ» дүрілдеп тұр. Ұйқылы көзді тырнай ашып: «Ой, бұл кім?» дегенімше болған жоқ, бейтаныс ұзын бойлы жігіт төсқалтасынан қызметтік куәлігін шығарып, бүктеуін ашқан бетте: «Батырбек Тыныштықбайұлы, машинаға жүріңіз, әңгіме бар» деп гүр ете қалды. Тәртіпке бағынып қалған жан емеспіз бе, әй-шайға қарамастан көліктің есігін ашып, ентелеп ішке лып бердім. Ішке енгенім сол қарқылдаған күлкіге көміліп қалдым. Жан-жағыма қарасам, қарсы алдымда ішегін басып, селкілдеп Жүрсін отыр. «Әй, қорқытпаңдар дедім мен» деп Шәмкен ішек-сілесе қатады. Екі көзін уқалап, селкілдей күліп, Нұрмұқан қолын созады. Сонда ғана есімді жиғандай болдым. Артымнан машинаға ере мінген куәлік иесі қос қолын созып сәлем береді. Таныса келе оның Жүрсіннің курстасы, журналшы досы Тұрсын Жұртбай екенін білдім. Кеше түнделетіп Ұлытаудың үстінен өтіп, Аманкелдіге қарай бармақ болады. Көктемнің жолы қандай, Тассайдың түбінде былқылдаққа батып, «буксовайттап» жатады. Дөңгелектің астына тас салып, ағаш салып әупірімдеп кейін қарай әрең шығады. «Қайда бару керек?» дегенде батырды бір сынайық деген болу керек, іштеріндегі танымайтын Тұрсынды жібергендері екен. Шай қойылды, қой сойылды дегендей, мәре-сәре болдық. «Әй, аңғалдығың-ай» дейді Жүрсін маған. «Оның куәлгі де, тура өзіңдікіңдей емес пе? Соған да зер салмадың ба?» деп сылқ-сылқ күледі. Күлкісі қандай? Көңіліңді көтеріп, жаныңды жадыратып жібереді.

Күнделікті күйбең тірліктің ауанымен демалысты да ұмытып, тау қойнауына еніп кеткенмін. Себеп, кешеден бері жалғыз сиырдың қызыл бұзауы жоқ. Таудан-тауға асып, тоғай мен тоғайды аралап қызыл тананың қасқыр жеп кеткен қаңқасының үстінен шықтым. Қасқырға қаным қарайып қайтты. Көңіліме жыр шумақтап, үйге жеттім. Келсем, бір автобуспен Жүрсін келіп, Игіліктің үйіне атбасын тірепті. «Таудан келісімең бізге келсін» деген сәлемін тастап кетіпті. Салып ұрып, желпілдеп жетіп бардым. Ыңғай мен сығайлар. Кешігіп келген мені ортаға алып жатыр. Жүрсіннің шарты тіптен бөлек. Ол алғашқы сөздің басын бастайды, «ал, ұйқасын тап» деп түрткілейді. Осылайша әдемі бір таңды жақсы сөздерден ұйқас құрап, ұйқысыз бір таңды атырдық.

Жезқазған облысының ақындарының айтысы өтетін болды. Ұлытау ауданынан ақын дайындау тізгіні маған тиіп, комсомолдың хатшысы Жаңбырбай әншіге лайықтап сөз жазып, айтысқа дайындалдық. Әуезі әдемі, келбеті келісті Жаңбырбай 70 ауыз өлеңді өз жанынан шыққандай жаттап алды. Қай жерінен сұрасаң, сол жерінен жаңылыспай айтып береді. Сақадай сай болып, Ақадыр ауданымен айтысқа түстік. Сахнаның төрінде «айтысақыны» төгілтіп отыр. Оның қасында отырып, қарсыласының әр қимылының қайсыбір тұстарын шумақтап, Жаңбырбайдың алдына ірі әріппен жазып, дөңгелек столдың үстіне қисайта қоямын. Айтыс әсерлі шықты. Жаңбырбай төкпе ақын атанды. Үзілістің кезінде Жүрсін келіп, «сөз саптасын таныдым, сенің қолтаңбаң көрініп тұр» деп қолымды қысты. Келесі бір жолы кездескенде әңгімеміз тұтастай айтыс тақырыбына ауысты. «Кешегі Болман, Тайжандардың елінен төкпе ақын шықпауы мүмкін емес» деп Жүрсін жүрегін қолына алады. Дәл қазір көрініп тұрған ешкім болмағаннан кейін, оған былай деп сөз қоса алмадым. Ол болса, «Шынболат ақын шымыр ақын» деп Шыңкеңнің тамырын басып көргенін айтады. Қалай да олай, бұл өңірде айтыс ақыны болу керек дегенге өзін де, өзгені де сендіргісі келеді-ақ. Қайсыбір ретте «айтысқа сөз жазып бергенше, өзің неге шықпайсың, ойлан» деп мені де қайрап қояды. Бірақ, оны шын сөзден гөрі, әзілге балап «е, жарайды» деп күле саламын. Айтыс жайлы Жүрсіннің сол жылдардағы жарау аттай серпілісі, кейін де оның осы бір атамұрамызға дендеп кірісуіне бастау болғандай екен ғой деп бүгінде ойлай беремін.

Былайғы жұрт Жүрсінді ең алғаш рет журналист, тележүргізуші ретінде танып білсе, бертін келе айтыстың ұйымдастырушысы «өліп қалған мұрамызды тірілтуші, жоқты іздеген Асанқайғы» деп танығанымен де, оның кең тынысты, кемел ойлы ақын екенін де жадынан еш шығарған жоқ. Жүрсін жырларын оқыған сайын мен басқа бір адамды, өзім танымайтын, өзім бұрын көрмегең білмеген адамыммен жолығып тұрғандай күй кешемін. Жырлары «мені оқы» деп өзі шақырып тұрғандай сезінемін. Әсілі, ақынды жақтай қоюы, ақынның жырының ақынға әсер ете қоюы әсерлі болады. Сондай әсерге Жүрсін жырларын оқыған сайын мен де бөленемін. Сонау бір жылдары жазған жырында Қасым ақынмен сырласқандай күй кешіп, мұң шағады.

Дүлдүлім еді жыр кешіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Біздің үй соның іргесінде еді, – деп жыр толғайды Жүрсін.

Шынында да, Қасымның үйін қиратып жатқандар кімнің үйіне қарасын? Әрине, бұл жерде Жүрсіннің айтып тұрғаны Қасым сияқты ақынды елемегендер, басқаны қайтедіге саяды. Жыр жолындағы дүлдүлдің жолын кесер әпербақандық пен әңгүдүктердің көбейіп бара жатқанына қиналады. Қиналады да, ортаға ой тастайды.

Ақын жүрегі маңайдағыны былай қойып, алыстағыны сезеді. Ақын көзі көз алдындағыны ғана емес, қиядағыны шалады. Ал, көңілге көргеннің бәрі сия ма? Бұл жайлы Жүрсін не дейді?

Арбаса нәпсі Ібіліс

Алаңдап қалам, ұлып іш.

Көңілге неге сыймайсың,

Көзіме сыйған құбылыс…

Иә, шынында да көзбен көргеніңнің бәрін көңілің қабылдай бермейді. Әсіресе, ақын көңілі ақ пен қараның, жақсы мен жаманның таразысы іспеттес. Ақын көңіліне күнделікті тірліктегінің бәрі бірдей қона бермейтіні де содан. Содан да барып ақын қоғамдағы болып жатқан құбылыстың енді болатынының алдын болжап айтады. Және ақынның айтқаны әзірге қате кетіп көрген жоқ. Олай болатыны ақын Аллаһтың айт дегенін ауызға салғанын айтады. Бұл тұрғыдан келгенде Жүрсіннің жазған жырлары оқырман көңіліне қалықтай келіп қона береді, қона береді. «Жақсы жырлар жазу үшін іздену керек, ізденбесең болмайды» дегенді Жүрсін жиі-жиі айтады. Ол жұбату үшін емес, алға қарай жетелеу үшін айтады. «Ақбұлақ» шипажайында менің соңғы шыққан бір жыр жинағымды парақтай қарап, оқып отырған Жүрсін «Сен білесің бе? Менің бүгінгі жазып жүрген жырларымның ырғағы бір кезде екеуміздің де ұстазымыз Көбейсін үйреткен ырғақ. Мен осыны әрі қарай дамытып кеттім. Көбекең өзі бұған қайырылып соқпай кетті» дегені бар. Ойланып қалдым. Шынында да, «алға қарай жылжу үшін жаттығу керек, жазу керек» деген сөз жанашырдың сөзі емес пе?!

Осыдан он шақты жыл бұрын Жүрсін ақын 50 жасқа толып, Қарағанды қаласында әдемі айтыспен аталып әтті. Әділ қазылар ортасында отырған күні кеше дүниеден озған Қадыр ақын сахна төріне көтеріліп: «Біз мына Тұманбай екеуміз Жүрсін ортамызға келгенде соңымыздан еріп, сөмкемізді көтеріп жүретін шығар деп едік. Сөйтсек, бүгінде біз екеуміз де осы Жүрсіннің соңынан өзіміз қалай еріп кеткенімізді аңғармай қалдық. Ақындығы да, азаматтығы да алға тартып барады» деген еді. Қадыр ақынның осы бір сөзі Жүрсін ақынға берілген шын баға ма дейміз.

Шынында да, ақындығы ды, азаматтығы да тең тұрған Жүрсін ақын Ұлытаудан жыр оздырып, Алатаудан асырды. Бұрынғылар айтып жүрген «Алпыс деген талтүс» деген әдемі жасқа келіп қалды. Бұл Жүрсіннің мәуелі бақтай жайқалып, жемісін елге енді тіптен молынан беретін берекелі шағы дейміз. Ендеше, «мәуелі бақтың шуақты шағы шырайлана берсін» деп тілейік Тәңірден.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *