Түрік және Батыс Түрік Қағанаты



Біздің заманымыздың І мыңжылдығында еуразияның Ұлы Даласында (Орталық Азия) этникалық үрдіс пен саяси өмірде елеулі өзгерістер бастау алды. Мифтік дүниетаным көзқарас орнына адамның тарихи аспектіде әлемдегі орнын айқындау шарты — басты көрініс табады. Бұл тұста түркі тілдес тайпалар бірте-бірте үстемдік ала бастады. Әлеуметтік даму және аймақтық саяси ынтымақтасу процестерінің тездей түсуі түркі тілдес тайпалардың І-ші мыңжылдықтың 2-ші жартысында бірнеше ірі мемлекеттік құрылымдар (қағанаттар) құруына жол ашты. Олар Қиыр Шығыстағы Корей түбегінен батыстағы Карпат тауына дейін, солтүстікте Байкал мен Енисейден оңтүстігінде Үндістанға тірелетін жалпағынан созылған кең байтақ алқапты қамтып жатты.
542 жылға жататын қытай жылнамалары: «cолтүстік-батыстан туцзю (түрік) елі шапқыншылық жасады»,- деп түрік атауын алғашқы рет қолдана бастады. Алтай аймағында сатылап құрылған орда құрылымы VІ ғасырда түрік атауымен тарих сахнасына шықты. Қытайлықтар туцзю, тюркут, соғдылар – турк, туркут, византиялықтар, арабтар, ирандықтар – түріктер деп атаса, орыс деректерінде половец пен печенегтермен қоса торк атауын да кездестіреміз. Ел Қағанаты ұйымдасқанға дейін V ғасырдың екінші жартысында Алтай өңірінде Түрік тайпа одағы – Түрік Елі құрылды.
Түрік қағанатының алғашқы дәуіріне байланысты ескерткіш 1968 жылы қазіргі Монғолия жерінде табылды. Шапқыншылық кезде аман қалған бала мен бөрінің бейнесі осы ескерткіш құлпытасында бейнеленген. Генеалогиялық аңызға сәйкес, түріктердің алғашқы ата-бабасы он жастағы ұл баланы – қасқырдың анасы асырап алыпты. Одан туған он бала Алтайдағы тайпаларды біріктіріп, Алаша дәстүрін жандандыра – Түрік-Ашина дәуірін бастады. Тарихи сабақтастықты сақтап қалған түркілердің негізгі компоненттері ерте дәуірде қалыптасқан еді. Орталық Азияның түркі тілдес, сонымен қатар енисей қырғыздары, қыпшақ тобы, теле немесе оғыздар – Ашина ұрпақтары болып табылады.
Түрік империяларының құрылуындағы уақыт бастамасы VІ ғасырға келді, онда түріктік мәдени компоненттердің бірігуімен қатар, олардың дербестікке деген нышаны да қатарласып жатты. Генетика жағынан туыстас компоненттері қосылу барысында бір билікке орталықтандыру үрдісін қабылдаса, бір жағынан бөліну себептері де ұштасып жатты. Сол себепті, Орталық Азия аумағында түркі тайпалары он шақты мемлекет құрды: Көк Түркілер қағанаты, Шығыс Түрік, Батыс Түрік, Түркеш, Қарлық, Ұйғыр, Хазар, Оғыз, Қыпшақ, Қарахан, Қимақ, Найман және т.б.
Ерте түрік мемлекеті – Түрік Қағанаты (551-603) 551 жылы Бумын басшылығымен пайда болды, тайпа көсеміне Қаған лауазымы тағылды. Оның мұрагерлері Қара-қаған (552-553), Мұқан-қаған (553-572), Таспара-қаған (572581) билік құрды. Тарихи деректер: «Қытай мемлекеті алым-салық төлеуге мәжбүр болды; іргелес қоныстанған – Парсы, Византия елдері саясиэкономикалық қатынас орнатты», — дейді. Махмұт Қашғари: «түріктердің күнбатыста Ұрым (Рим), күншығыста Қытайға дейінгі байтақ, сегіз мың фарсах шамасындағы жерді иемденгенін», — жазып кеткен болатын.
Сонымен, түрік елі бір әулет билігіне топтасты. Күрделі дамыған империялық басқарудың саяси құрылымын жаратты. Шаруашылығы әр типті халықтар мен елдерді өзіне бағынышты және мұқтаж етті. Мұқтаждық — әулетке тікелей бағыну немесе алым-салық төлеумен реттелді. Көшпенділердің құрған мемлекеті империя (қағанат) түріне айналды. Осы тұрғыда Түркі қағанаты ғұндар дәстүрін жалғастырып, еуразиялық империя құрылымын жасады.
Ежелгі түріктер ерекше өркениет ошағын құрды. Біртұтас билік шеңберінде болмыстың жаңа серпінді формалары көрініс тапты, оның жаңа коммуникативтік құралдары ретінде – отырықшылдық пен урбанизация үрдістері жанданды, қалаларды салды, дүниетанымда — фәлсафалық талпыныстарымен әлемдік «Тәңір» дінін жаратты, мәдениеттің қажетті межесі деп — Ұлы Дала болмысына тән Қасиетті сақтап қалды. Осының бәрі қоғамның құрылуындағы әлеуметтік және саяси өмірінде бейнеленді. Объективті мазмұны бар таным жетістігі болып — тасқа қашаған таңбалардан қағазға біткен қолжазбаларда дыбыс белгілейтін әріптік жазудың пайда болуында. Көне түрік жазуы скиф-сақ дәуірі мәдениетімен үндесіп, астасып жатты. Көшпелі түрік қоғамы бірсипаттылығымен, элементтердің ұқсастығымен және дәстүрлік бірлесу негізінен байқалады.
Күлтегіннің үлкен жазба Құлпытасында: « Жоғарыда Көк Аспан, төменде Қара Жер пайда болған кезде, ортасында Адам баласы жаралды… оларға билік етуге менің бабаларым Бумын қаған және Истеми қаған таққа отырды… төрелік айтып, Түрік Елін құрды». Осы жазба ескерткішінде қағанаттағы биліктің жіктелуі тайға таңба басқандай — Бодун – Ел — Бұйрық , «Халық – Мемлекет – Заң»,- деп айқын көрініп тұр. Саяси тұрғыда Ел деңгейіне көтерілген тайпа одағы – ру, арыс, тайпа бірлістіктерінен құрылды. Ру-тайпалық құрылым – халық және әскери-әкімшілік құрылыс – Ел дәрежесінде бірін-бірі толықтырып отырды. Қаған – мемлекетті ұстап, халықты басқарды. Ол жоғарғы сот, жоғарғы абыз, әскери қолбасшы, генеалогиялық сатыда тайпаның үлкені ретінде көсем рөлін атқарып, жаулап алған халық пен мемлекеттерге алым-салық төлеттірді. Қаған – саяси билікке ие бола тұра, тайпа аристократиясы — бектерге сүйенді. Бек – қаны мен жаратылысы жағынан дәстүр негізінде ақсүйек тұқымына жатты. Түрік елінде аристократияның элитасы болып Ашина руы есептелді. Осы ерекше сословия тобынан Жоғарғы Империя Әулеті құрылды — кеңесшілер, жоғарғы әскери басшылар, әскери-әкімшілік лауазымдағы бастықтар. Халықтың негізгі бұқарасы «қара бодұн» деп аталса, тәуелді ең төменгі жігі «тат» деп аталды. «Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас» деген сөз түрік билеушілердің бәрінде де осындай тәуелді адамдардың болғандығын дәлелдейді. Түркі қауымының құрылымы ғасырлар бойы қалыптасып, көшпелі-әскери тұрмыс салтының мақсаттары мен міндеттеріне бейімделді.
Түріктердің жоғары құдайы көк аспан – Тәңір болды. Тіршіліктің көзі деп – Жер-Су Қасиетін тұтты. Адам баласының тірегі, тіршіліктің тұтқасы анаға «Ұмай ана» деген ат беріп, оған табынған. Түркілердің көкке немесе аспан әлеміне сиынулары Күлтегін жазуындағы мына жолдардан анық байқалады: «Көкте түркі тәңірісі, Тәңірі қуат берген соң». Сондай-ақ, «Ұмай анаға» табыну: «Ұмай текті ананың … Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер, Су, Бізді қорғайды, ойлану керек – деп, Ұмай ананың атынан түркі халқын бірлікке, ынтымаққа шақырады. Мұндай әдет, наным-сенімдер қазақтарда бүгінгі күнге дейін орын алып жүр. Мәселен, қазақта алғыс айтқанда «тәңір жарылқасын» десе, ал қарғаса «көк соқсын» дейді.
Ішкі қырқыс, әлеуметтік қайшылық және сыртқы саяси себептер Түркі қағанатын ойсыратып жіберді. Ақырында 603 жылы өз ішінен «Шығыс Түрік қағандығы» және «Батыс Түрік қағандығы» деп екіге бөлінді. Сол уақытта Қытай — Суй әулеті (581-618) кезінде күшейіп, Шығыс қағанаты оларға тәуелді болып қалады. Осы ұзақ дағдарыстан Құтлық — Эльтериш қаған уақытында азат болып, Білге қаған және Күлтегін кезінде Шығыс қағанаты бекіді.
Батыс Түрік қағандығы құрылған кезде, ол «Он оқ бодұн» — «бес арыс дулат», «бес тайпалы нүшиби» деген аттарымен ұйымдасып — Алтай тауынан Қаратау тауына дейін, Шығыс Түркістаннан Арал-Каспий теңізіне дейін созылған кең алқапты алып жатты. Қағандықтың негізгі ордасы болып – қазіргі Жоңғар ойпаты мен Жетісуда бекінді. Соғды, Бухара, Гиндукуша, Исфиджаб, Чача жерлерінде қағанның адамдары үстем құрып отырды. Ұлы жібек жолы бойындағы өркендеген саудасы бар Батыс қағанаты, зор кеңістікті игерудің тиімді тәсілін қолданды. Мал шаруашылығы мен отырықшы егіншілік түрі қоса жүретін бірегей жүйесі, қала мәдениеті бар дамыған мемлекет болды. Шаруашылық мәселелерді шешу саудаға байланысты болғандықтан Ұлы Жібек жолын бақылап, өркендеуіне қағанат игі ықпал жасап отырды. Сауданың өркендеуіне байланысты ақша айналымы пайда болды, сауда мен қолөнердің орталық қалалары гүлденді. Олар: Қүлан, Тараз, Мерке және т.б. Шу алқабының өзінде 18 шақты дамыған қалалар болды. Қалаларда өндіріс құралдарын жасайтын темір өңдеу кәсібі, қыш-құмыра өндірісі, тоқымашылық, ағаш өнері, тері өңдеу, тағы да басқа кәсіптер өркендеді. Ұлы Жібек жолының сауда керуендері осы қалаларда дамылдап, әртүрлі тауарларын сатып, өздерінің көлігін малшылардан толықтап алып отырды, сонымен бірге бұл қалалар ішкі айырбас пен сыртқы сауданың тұрақты орталығына айналды.
Батыс Түрік Қағанатының этникалық құрамы: Ашина түріктері, үйсіндер, қаңлылар, түргештер, ұйғырлар, қырғыздар, қарлықтар, оғыздар, қимақтар, қыпшақтар, яғни көпшілігі шыққан тегі жағынан туыстас – қытай жылнамаларынан келтіргендей Шаньюй (ғұндар) тегінен еді. Яғни, бұл үрдіс этникалық тәртіптің немесе жалпытүріктік этникалық сана-сезімнің — түріктік (ұлттық) идеологияның қалыптасуымен аяқталды. Біртұтас билік шеңберінде мәдени-өркениеттік – империялық стандарттар қалыптасты.
Батыс түрік пен Шығыс түрік қағандығының мемлекеттік басқару жүйесі ұқсас болды. Жоғарғы билеушісі қаған, кейінгі лауазымдар: жабғы, тегін, шад, еркін, тарқан, бек, бұйрық, шор, елтебер, тұтық деп аталды. Бұл лауазымдар атадан балаға мұрагерлік жолымен ауысып отырды. Барлығы 28 дәрежелі лауазым иелері болған ақсуйек тегіне жататын империялық билік институтын құрды. Астанасы Суяб қаласы, ал жазғы резиденциясы Түркістан маңындағы Мыңбұлақ болды.
Мемлекет ішінде өріс алған дағдарыс ыдыраушылықты асқындырды, соның негізінде Таң патшалығының көмегімен Батыс Түрік қағанаты 630-634 жылдары Сырдариядан батысқа қарай созылған ортаазиялық иеліктерінен айырылып қалды. Он алты жылға созылған тайпалар арасындағы соғыс пен әулеттік қырқыстардың (640-657) аяғы, 657 жылы Жетісуға кең көлемде бағытталған Таң патшалығының жорықтарымен аяқталды. Қағанат жеңіліс тапты, енді қағандықты қытайдың тағайындаған адамы басқарды. 704 жылы Батыс Түрік қағанаты құлады. Оның соңғы қағаның түркештер өлтірді. Енді батыс түрік қағандығының орнына Түркеш қағандығы құрылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *