Рухани мәдениеті
Әлемнің басқа да халықтары секілді қазақ халқының да ежелгі дәуірден қалыптасып, дамып, кемелденіп келе жатқан өзіндік рухани мәдениеті бар екені де белгілі. Қазақ қауымы да есімдері әлемге мәшһүр ақындар мен жазушыларды, ғалымдар мен өнер қайраткерлерін тарих сахнасына шығарды. Демек, басқа да түркі тілдес халықтардың әдебиеті сияқты, қазақ әдебиетінің де өмірге келу, қалыптасу, есею және кемелдену кезеңдері — өзіндік даму тарихы бар.
Қай халықтың болмасын әдебиет тарихы, ең алдымен, сол халықтың қоғамдық-әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты болып келеді. Ендеше, қазақ әдебиетінің тарихы қазақ халқының қоғамдық, әлеуметтік және саяси өмірінің бейнелі көрінісі, соның сүрлеуі, ізі болып табылады. Міне, сондықтан да біз қазақ әдебиетінің түп-төркінін танып-білу, бүгінгі күннің айғақты міндеті. Ал тарихи тәжірибені, халықтың сан ғасырлар бойы сақтап келген асыл қазынасын, яғни әдеби мұраларды танып-білу қоғамыздың әр азаматының рухани жағынан кемелдене түсуіне игі ықпал етері сөзсіз. Сонымен, қазақ әдебиетінің тарихы өте ерте дәуірлерден басталады. Алайда қазақ атауы халық ретінде ХІV-ХV ғасырларда ғана тағылса да, ХV ғасырдан арғы жердегі материалдық және рухани мұраның бәрі қазақ халқы үшін жат болмады. Қазақ халқын құрған ру-тайпалар – кезінде өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, башқұрт, татар халықтарының этникалық құрамын құрған болатын. Тіпті, шығыс және батыс халықтарының құрылуында да араласып отырды. Демек, қазіргі түркі тілдес халықтар бір-бірімен тығыз байланыста дегендей, «бір атадан тараған» ұрпақ болып табылады. Сондықтан түркі тілдес халықтардың әдебиет тарихын да бүкіл тұтасымен алып, өзара байланысты түрде танылуы қажет. Яғни, түркі тектес ру-тайпалардың сол кезде жасаған мәдени, әдеби мұралары осы халықтардың бәріне бірдей ортақ, бәріне бірдей тарихи, әдеби қазына болып табылады. Сонда ғана біз қазақ халқының көркем сөз туындыларын дұрыс бағалай аламыз.
Қазақ әдебиетінің, соның ішінде бүкіл түркі тілдес халықтардың әдебиет тарихын негізінен үлкен екі кезеңге бөліп қарастыруға болады:
Бірінші кезең – Тәңірлік дәуір, оның өзі төрт белестен тұрады.
1. Андрон мәдениеті тұсындағы киелі кітап «Авеста» және «Гильгамеш» дастаны;
2. Сақтардың қаһармандық дастандары: «Алып Ер Тоңға» және «Шу».
3. Ғұндардың батырлық жырлары: «Оғыз-қаған», «Аттила», «Көк бөрі» және «Ергенекон»;
4. Түрік қағанаты тұсындағы «Күлтегін», «Тоныкөк» және «Білге қаған»; Екінші кезең – Ислам дәуірі, оның өзі үш белестен тұрады.
1. Ислам немесе Қайта өрлеу, оған Әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Йассауи,
Сүлеймен Бақырғани, «Кодекс куманикус» және т.б.;
2. Алтын Орда, оған Хорезмидің «Мұхаббат наме», Құтбтың «ХұсрауШырын», Сайф Сараидің «Түркі тіліндегі Гүлістан», Дүрбектің «Жүсіп пен Зылиха» және т.б. дастандар;
3. Тарихи шежірелер, олар Әбілғазы Баһадүрханның «Түрік шежіресі», Қадырғали Жалаиридің «Шежірелер жинағы», Бабардың «Бабыр намасы», Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбектері.
Сонымен қатар, Қазақ Хандығы тұсындағы дәуір деп үшінші кезеңді белгілеуге болады, оның өзі де бірнеше белестерден өтті.
1. «Жер ұйық» дәуірі, оған Асан Қайғы, Қазтуған-жырау, Шалкиизжырауларды қосуға болады;
2. «Зарзаман» дәуірі , оған Ахтамберді-жырау, Бұхар-жырау, Шал-ақын және шешендік өнердің өкілдері Төле би, Қазыбек би және Айтеке би. Отарлық кезеңдегі «Ағартушылық» дәуір мен қазақ интеллегенциалардың «Озық-демократиялық» дәуірлері де бірнеше белестерден өтті.
1. Абайдың пәлсапалық толғаулары;
2. Ыбырай Алтынсариннің «Білім беру» саласындағы ғылыми бастамалары;
3. Шоқан Уалихановтың ғылыми еңбектері;
4. Қазақ интеллигенциасының саяси өмірдегі «Бетбұрыс»;
5. «Алаш» дәуірі.
Түркі тілінің даму тарихы жайлы бүгінгі күні қағидалар баршылық. Көбінесе оны ғұндармен байланыстырады. Бірақ О.Сүлейменов түрік тілін шумер мәдениетімен байланыстырып, көнеден шығаруға қатысты бірталай ұтымды дәлелдерін келтірген болатын. Сонда да, бұл қағида ғылыми дәйекте көрініс табу үшін, әлі тіл мамандарына біршама еңбек етуі қажет. Жазу өнеріне қатысты айтылатын жайттың бірі мынау. Көнеден тіршілік құрған ру-тайпалар, соның ішінде сақтар, ғұндар және ежелгі түркілер арамей, соғды, турфан, көне түркі жазуларын кеңінен қолданған.
«Арамей жазуы» — б.д.д. мыңыншы жылдың басында финикия жазуы негізінде пайда болып, арамейлер арасында кең қолданылған көне жазу түрі. Бірыңғай дауыссыз дыбыстардан тұрады. Оңнан солға қарай жазылады. «Соғды жазуы» — арамей жазуының бір түрі деуге болады. Бұл жазу согдиана немесе соғды деп аталатын мемлекетте қолданылған. Согдиананың негізгі халқы – көшпелі және отырықшы сақ тайпалары болған.
«Турфан жазуы (ұйғыр жазуы)» — б.д.д. бірінші ғасырдан бастап біздің заманымыздың тоғызыншы ғасырына дейін қолданылып келген көне жазулардың бір түрі. Бұл – жоғарыдан төмен қарай жазатын, тік әріпті жазу болып келеді. Турфан жазуының әріптері сөз басында, ортасында, соңында әр түрлі болып таңбаланады.
«Түркі жазуы» — түркі тілдес тайпалардың тұңғыш әріптік жазуы. Бұл әліпби 35 әріптен тұрады. Оңнан солға қарай жазылады. Бұл жазу түрінде 8 дауысты фонема бар. Олар 4 полифонды әріппен белгіленеді. Ал 16 дауыссыз фонема 31 әріппен белгіленіп жазылады.
Түркі тілдерінің жаңа даму дәуірінде, яғни ХV-ХХ ғасырлар аралығында қазіргі түркі тілдері халықтық тіл болып қалыптасқаны мәлім. Бұлар негізінен төмендегілер: қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, татар, ноғай, башқұр, қарайым, құмық, қарашай, гагауз, әзірбайжан, түрік, ұйғыр, хакас, шор және т.б. Белгілі ғалым А.Самойловичтің сөзімен айтқанда, кезінде бүкіл түркі тілдеріне ортақ бір әдеби дәстүрдің, бір әдеби тілдің болғандығы күдік тудырмайды.
Нұғман Бахредден Ғабдылбақиұлы
Шаймұқанова Сәуле Дүйсетайқызы