Ұлы Жібек жолы
Азия мен Еуропа арасын жалғаған «Ұлы жібек жолы» тарихиның рөлі ерекше. Көне керуен жолдары арқылы бейбіт сауда керуендерімен қатар саяхатшылар, әлемдік діндердің қатарына енетін ислам мен христиан, буддизм өкілдерінің миссионерлері, елшілер және т.б. алмасып жатты.
Сондай-ақ қазіргі кездегі ғылыми зерттеулер бұл күретамыр жолдың мәдени, ғылыми ақпараттарды алмасу құралы ретінде Орталық Азия (Ұлы Дала) халықтарының рухани мәдениетін дамытуда аса маңызды қызмет атқарғанын дәлелдейді.
Ұлы Жібек жолының тарихи-географиялық жағдайы, исламға дейінгі Орталық Азия жайында деректер сондайлық көп те емес. Азын-аулақ мағлұматтар қытай, грек, латын жылнамаларында сақталған. Бұл ретте керуеншілердің өздері жүріп өткен жолындағы елдердің табиғаты, оны мекендейтін халықтардың тұрмысы мен салт-дәстүрлері, мәдениеті жөнінде деректерді таратқанын айта кеткен жөн. Бұл мәліметтерді шығыс халықтарына батыстағы елдерді, ал Еуропаға Азияны танытқан алғашқы географиялық деректер ретінде бағалауымызға әбден болады.
Тарихи деректер бойынша, Ұлы Жібек жолы арқылы алғаш рет император У-Дидің тапсыруымен Батыстың белгісіз елдеріне аттанған қытайлық дипломат Чжан Цянь (б.д.д. 103 жыл) жүріп өткен. Ол қытайдың ішкі аудандарынан Орталық Азияға қарай өтіп, одан қазіргі Ауғаныстан жеріне дейін жеткен. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер батысқа қарай бет алған. Қайтар жолында Жерорта теңізі жағалауындағы елдерден, Таяу Шығыс пен Орта Азия жерінен өздеріне таңсық тауарларды тиеп қайтқан.
Осы жолмен жүріп өткен саяхатшылырдың тағы бірі – қытайлық тақуа Сюань Цзянь (б.д. III ғ.). Ол буддизмді тарату мақсатымен Орталық Азияны басып, Үндістанға дейін барған. Оның жолжазбасына сүйене отырып талдау жасаған көптеген зерттеушілер саяхатшының қазіргі Ыстықкөл, Тоқмақ, Мерке, Тараз арқылы Ташкентке бет алғанын жазады. Қолжазбадан керуен жолы бойындағы географиялық объектілердің өте нақты сипаттамасын кездестіруге болады. Әсіресе, сансыз бұлақтар шығып жатқан Мыңбұлақ шұраты, Ақсу өзені бойындағы ежелгі Пешун қалашығы және т.б. жайында деректер кездеседі.
568 жылы Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан жеріндегі тармағымен Византия императоры Юстианның түрік қағаны Дизавулге жіберген елшілігі жүріп өткен, оны Земарх басқарған болатын. Земархтың бағыты Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауымен Орталық Азияға өткен. Елшілердің Тараз қаласына тоқтағаны жөнінде жазбалар бар.
Қазақстанды географиялық тұрғыдан зерттеу мен оның территориясымен өткен жолдарды анықтауда араб саяхатшылары мен зрттеушілері еңбектерінің де маңызы зор. Қазақстанның Оңтүстік облыстарында VIII ғасырда Ибн Хордадбек, Макдиси, Ибн Хаукал, Ибн Руште, әл-Истахри, әл-Масуди, әл-Идриси сияқты ғұламалар болған. Олардың еңбектері 1870-1894 жж. Голландық шығыстанушы де Гуенің басқаруымен Араб географиясының кітапханасы сериясында 8 том болып басылған. Араб саяхатшылары Фараб (Отрар), Тараз (Талас), Испиджаб (Сайрам) аймақтары мен Арал, Каспий теңіздері жайында мол деректер қалдырған. Осы керуен жолы белгілі қалалардың орналасуы, құрылымы жайлы мәліметтер келтірілген. Олардың бай мұралары арасында сан ғажайып карталар сақталып, оларда Қазақстанның географиялық атаулары белгіленген.
Орта ғасырларда алғашқылардың бірі болып, саяхатшылар легін бастаған қытайлық діндар Чань-Чунь (1220-1224 жж.) өз жазбаларында географиялық деректер келтірген. Ол Шу мен Талас өзендерінің аралығын мекендеушілер егіншілікпен қоса жібек құртын өсірумен, шарап жасаумен айналысатынын айтады.
XIII ғасырдан бастап монғолдар жаулап алған мемлекеттерде экономикалық және саяси-әкімшілік ахуалдың жақсара бастауы Қытай мен Еуропа арасындағы қатынастардың қайта жандануына себепші болған. Ендігі жерде Еуропа елдерінен «Ұлы ханға» (Шыңғысхан) елшілер легі ағыла бастайды. Олардың тармақтары талай сынды көрген байырғы Жібек жолы арқылы өткен.
Жібек жолы мен оның тармақтары бойымен шығыс елдеріне саяхат жасаған еуропалық миссионерлер: Плано Карпини (1245-1247 жж.), Джовани (1152-1182 жж.), Вильгельм Рубрук (1253-1255 жж.), Ниавом де Рубрук (1220-1230 жж.) құнды географиялық мәліметтер жинап қалдырған. Олардың өз сапарлары бойынша жасаған есептері шығыс елдері жайлы қызғылықты географиялық деректерден тұрады деуге болады. Осы жол арқылы Еуразия құрлығының ішкі бөліктеріне саяхат жасаған саяхатшы Марко Поло 12691296 жж. Қытайда болған. И.Магидовичтің болжамы бойынша, Марко Поло Батыс Түркістанды «көшпенділер өте жақсы білетін солтүстік жолмен» кесіп өтіп, Шығыс Түркістанға Іле аңғары немесе Алакөл маңындағы Жоңғар қақпасы арқылы өткен.
Жібек жолы мен оның тармақтары тек қана табиғат жағдайлары қолайлы аудандар арқылы өтті деу жетімсіз. Тарихи-томографиялық зерттеулер аса қатал табиғатына байланысты «Бетпақдала» аталған ұланғайыр шөл арқылы да көптеген керуен жолдары өткенін дәлелдейді. Жол бойына табылған әр түрлі белгілер, обалар, құдықтар және т.б. осыны айғақтайды. Кейінгі ғасырларда Жібек жолының жеке тармақтары сауда қатынасынан гөрі жорықтар мен саяхат жолдары ретінде танымал болды.
Ұлы Жібек жолы – Орталық Азиядағы сауда керуен жолдарының жалпы атауы. Б.д.д. II ғасырдан біздің заманымыздағы XVI ғасырға дейін Шығыс пен Батысты байланыстырды. Чжан Цяньның жасаған саяхатшы Сианынан Ланьчжоу арқылы Дуньхуанға апарады. Бұл жерден жол 2 тарапқа бөлінеді. Солтүстік жол – Турфан, Қашғар, Самарқан, Балх, Мервті, Ферғана алабын алды. Ал оңтүстік жол – Жаркент, Балх, Мервті басып өтіп, Памир тау жоталары арқылы Үндістанға, Таяу шығысқа апарады. Мервте бұл 2 жол қосылып, Ұлы Жібек жолы одан әрі батысқа – Ниса Гекотомпил, Әнбатана, Бағдат арқылы Жерорта теңізінің шығыс жағасындағы порттарға, Тир мен Антихияға дейін созылды.
Жазба деректерде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының
Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістан мен осы Ұлы Жібек жолы арқылы сауда қатынасы болғаны айтылады. Сол деректемелерде аты аталған қалаларды зерттеу арқылы Жібек жолының Қазақстандағы бөлігінің бағыты белгіленеді. Ол Шаштан (Ташкент), Газгирдку, Испиджабға барды. Одан әрі керуен Таразға беттеді. Тараз аралығында Шараб, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикент сияқты елді мекендерге аялдады. Тараздан Терістікке – қимақтарға қарап Науакет деген жер арқылы өтті, ал мұнда Адихкет, Дех, Нұджыкент қалалары орналасты. X ғасырдан басттап Іле аңғары бойындағы сауда жолы жандана бастады. Бұл жерде Қордай, Қастек асуларымен келді. Осы жерден көпестер қазіргі Алматы, Талғар (Талһир, Талхиз) қалалары орнындағы қалалар мен қоныстарға беттеді. Талхизден екіге айрылды. Біріншісі – оңтүстік Іле жолы, қазіргі Есік, Шелек, Кеген аудандары, екіншісі – Қырғызстан (Подгорное) арқылы Шонжынға баратын. Іленің оң жақ жағасына Бурақожыр өткелі арқылы өтіп, Көктал, Жаркент (Панфилов) басып Алмалыққа шығатын. Жолдың тағы бір тармағы Ілеге Қапшағайға жақын жердегі өткелге және одан кейін Көксу, Қаратал мен Лепсі аңғарына баратын. Мұнда Екіөгіз (Дүнгене), Қоялық қалалары. Көктума қалалық жұрты болды. Алакөлде тарамдалған жол торабы арқылы Шығыс Түркістанға Алтайға, Монғолияға жол тартылды. Ұлы Жібек жолы арқылы сауда, дипломатикалық байланыс III ғасырлар аралығында мейлінше дамыды. Қытаймен көбінесе орта азиялық делдал саудагерлер қарым-қатынас жүргізді. 97 ж. қытай саяхатшысы Гань Ин Парсы шығанағына дейін, ал македониялық май Тицнан 100 ж. Ланьчжоуға дейін жеткенмен, жол қатынасының қиындығы Қытай мен Рим арасында тікелей байланыс жасауға мүмкіндік бермеді. VII-X ғасырларда жолдың халықаралық маңызы арта түсті, Түрік әлемі Қытаймен, Византиямен және арабтармен қатынас орнатты.
Сонымен, Ұлы Жібек жолы ежелден-ақ Тынық мұхит жағалаулары мен Жерорта теңізі маңындағы және Батыс Еуропа елдері аралығын жалғастырып жатқан аса ірі халықаралық қатынас жолы болған. Ол – адамзат өркениеті жасаған қайталанбас тарихи ескерткіштерінің бірі. Осы көне керуен жолының қазіргі Қазақстан республикасы аумағы арқылы өтуі Ұлы Жібек жолы дәнекер болған Батыс пен Шығыс өркениетінен қазақ халқының да тыс қалмағанын дәлелдей түседі.
Қазақ жеріндегі көне керуен жолдарының тарихы б.д.д. Імыңжылдықтың орта шеніндегі «Далалық сақ жолынан» басталады. Геродоттың айтуы бойынша, бұл жол Қара теңіз маңынан Дон жағалауына дейін, одан Оңтүстік Оралдағы савраматтар жеріне бағытталып, Ертіс бойы мен Алтайға, Зайсан көліне дейін созылған. Қазіргі ғылым мен техниканың жаңа жетістіктері, ғарыштан түсірілген бейнекөріністер Орталық Азияның бел ортасынан өткен осы көне маршруттың ең қолайлы жол екендігін дәлелдеп отыр. Бір таңғаларлық нәрсе – қазіргі заманғы автокөлік жүретін жолдар мен темір жол маршруттарының сол ежелгі дала жолының бағытын дәлме-дәл қайталауы. Сонымен, Ұлы Жібек жолы б.д.д. І-мыңжылдықта сауда торабы ретінде қалыптаса бастаған деп пайымдауға әбден болады. Бұл атау осы жолмен тасылып, елдер арасындағы сауда қатынастарында алтынмен қатар халықаралық валюта деңгейіне көтерілген басты тауар – жібекпен тығыз байланысты. «Ұлы Жібек жолы» атауын Қытайдың физикалық географиясы мен Азияның жер бедері жөнінде қомақты еңбектер жазған атақты географ-ғалым Фердинанд фон Рихтгофен ұсынған. Кейін бұл атау халықаралық дәрежеде кеңінен қоладанылған.
Көне тарихтың куәгері тәрізді бағалауға болатын заттық мәдениет үлгілерінің де ғылыми-танымдық маңызы зор. Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қалалардың орнынан халықтардың тұрмыс-тіршілігінен, сол кездегі қоғамдық-экономикалық жағдайынан сыр шертетін бағалы бұйымдар табылуда. Мысалы, Қазақстан жерінен табылған мұралардың арасында Қытайда жасалған тиын ақшалар, жібек маталардың қалдықтары, халықтар арасында мәдени ақпарат алмасу болғанын дәлелдейді.
Уақыт өткен сайын Жібек жолының жеке тармақтары жергілікті саясиэкономикалық жағдайға орай жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешірген. V ғасырдан бастап Жібек жолының Қытай мен Орталық Азия арасын жалғастырып жатқан, Жетісу мен қазіргі Оңтүстік Қазақстан арқылы өткен тармағы күшті дамыған. VI ғасырдың екінші жартысында Қазақстан сары Көк Тәңірдің құдіретті империясы – Түрік қағанатының құрамына кірді. Осы кезеңнен бастап Қазақстанда аса ірі қалалар жүйесі қалыптаса бастайды.
X ғасырда Жібек жолының Іле Алатауын бойлап, Баба-ата (Алматы), Талхиз (Талғар) арқылы Іле аңғарына шығатын бөлігі жандана бастайды. Жолдың осы бөлігінде көптеген қалалар пайда болған. Олардың атаулары Жібек жолымен жүріп өткен саяхатшылардың жол жазбалары арқылы осы күнге дейін жеткен. Жалпы айта кететін нәрсе, IX-XI ғасырларда кеңінен танымал болған араб және иран жылнамалары мен геграфиялық әдебиеттерінде Жібек жолы бойында орналасқан елді мекендердің табиғат жағдайлары, ерекшеліктері нақты сипатталған. Мысалы, X ғасырда өмір сүрген бағдаттық сарай қызметшісі Кураш Ибн Джафар «Китаб-әл-Харадж» деп аталатын жолжазбасында керуен жолы бойындағы табиғат жағдайлары мен географиялық объектілерге нақты сипаттама берген. Мұнда Тараз, Құлан, Мерке, Аснара қалалары туралы және Мойынқұм («қарлұқтар қыста малын қыстататын Жылы құмдар»), Мыңбұлақ шыраты және Терісаққан өзені жайлы деректер келтірілген. Сонымен, бұл тектес жолнамалар осы жолмен алыс елдерге сапар шегетін саудагерлер мен керуеншілерді Ұлы Жібек жолымен таныстыру, салық жинаушыларға нұсқау беру мақсатында жазылғанымен неғұрлым толық географиялық түп нұсқа ретінде әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ.
Кейінгі ғасырларда (1424 ж. Қытай мемлекеті Солтүстік-Батыс шекараларын жауып тастағанға дейін) Жібек жолының Орталық Азия арқылы өтетін тармағы басты күретамыр қызметін атқарды. Қазақ жеріндегі отырықшы өркениеттің ошақтарына айналған Отырар, Яссы, Сауран, Тараз, Мерке, Құлан, Талхиз, Алмалақ және т.б. қалалар осы кезеңде гүлденіп дамуының шырқау кезіне жетті.
Сан ғасырлық керуен қатынасы жол бойында сауда мен қолөнердің, суармалы егіншіліктің күшті дамуына себепші болды. Егіншілікті шұраттар жергілікті халықты ғана емес, сауда керуендерін де азық-түлік түрлерімен қамтамасыз еткен. Сол кездегі ауыл шаруашылығы географиясын талдасақ, көптеген тарихи деректер оның маманданған тауарлы сипаты болғанын дәлелдейді. Мұның өзі – Жібек жолы бойындағы елді мекендерде нарықтық шаруашылық — сауда қатынастары керуен жолдары бойындағы қалалардың мамандану сипатын анықтап берді. Сонымен, Ұлы Жібек жолы Қазақстанда – қалалық мәдениеттің дамуына шешуші ықпал етті деуге болады.
Көне жолдар арқылы өткен саяхатшылар мен географтардың маршруттары да Жібек жолының география ғылымының дамуына, географиялық ақпараттардың жинақталуына елеулі рөл атқарғанын көрсетеді. Бұдан, жолдың қазақ жері арқылы өтетін бөлігінен тарайтын «Хан жолы», «Абылай жолы», «Қарқаралы жолы» және т.б. деп аталатын керуен жолдары дәлел бола алады.
Жібек жолының Солтүстік тармағының рөлі әсіресе, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы тұрғысынан алғанда, аса маңызды. Ресей патшалығы өзінің қол астындағы «бұратана халық» мекендеген кең-байтақ жерді игеруді, осы мақсатта жан-жақты зерттеуді кезек күттірмейтін міндеттер керуен жолдары бойымен қазақ жерін батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтіп, құнды географиялық деректер жинақтады. Сөйтіп, XVIIXIX ғғ. аралығында Жібек жолының қазақстандық тармақтары арнайы географиялық зерттеулер жүргізген экспедицияларын тұңғыш саяхатшысы Ш.Уәлихановтың Қашқарияға сапары да осы жол бойымен өткенін атап айтуға болады.
Ұлы Жібек жолы бізді белгісіздеу болып келген еліміздің тарихи шежіресімен қатар көне тарихының беттерін қайта ашуға және ұмыт бола бастаған географиялық атаулар арқылы байырғы табиғаттың өзгерту тарихын қазіргі экологиялық аймақтармен салыстырып олардың заңдылығын білуде маңызы зор. Жібек жолы жер тарихы мен ел тарихының сабақтастығын ашады.
Сонымен, қорыта келгенде, б.д.д. І-мыңжылдықтың орта кезеңінен «Дала жолы» деген жол болғаны әлемге белгілі. Тарих атасы Геродоттың жазбаларына қарағанда бұл жолдың торабы Қара теңіз жағалауынан Дон жағасына дейін, одан әрі савроматтар мекендеген Орал тауы етегінен Ертіске, Алтайға, содан Жоғарға Ертіс пен Зайсан көлін мекендеген агрипийлер еліне қарай созылады. Бұл жолмен былғары мен терілер, иран кілемдері, құнды металдардан жасалған бұйымдар ерсілі-қарсылы тасылған.
Ұлы Жібек жолы – Жерорта теңізінен Қытайға дейін Орталық Азияны көктей өтіп жатқан керуен жолдарының тоғысқан тоқсан торабы. Орта ғасырдағы осы аймаққа орналасқан елдердің сауда, саяси және мәдени байланыстарының аса маңызды қарым-қатынас жолы болды.
Нұғман Бахредден Ғабдылбақиұлы
Шаймұқанова Сәуле Дүйсетайқызы