Еуразиялық Ұлы Даланы игерген Көшпелілер өркениетінің өрлеуқұлдырау ырғақтары сабақтасып, талай тарихи үрдістерден өтті. Орталық Азия өзінің кеңістікте орналасуына байланысты балға мен төстің арасында шыңдалды. Отты қару пайда болғанға дейін мыңдаған жылдық адамзат тарихында ат жалында өскен көшпелілер ең қаһарлы күш болғаны күмән тудырмайды. Вебер айтқандай, номадалар техногендік өркениет пайда болғанға дейін кеңістікте мәдени катализаторлар қызметін атқарды. Нақтылы тарихын ашсақ, далалық өркениет әлемдік дамудың бір қозғаушы күші болды.
Көшпелі мал шаруашылығына өтудің себебі — табыс пен қосымша өнімнің көзін тауып, табиғат пен адамның арақатынасын тиімді шешу арқылы мал шаруашылығын жетекші кәсібке жеткізуінде еді. Мал және жер кәсібі шаруашылықтың әр саласындағы деңгей мәртебесіне көтерілді. Жағрафиялық ортаның ерекшелігіне байланысты жер өңдеуде ирригациялық жүйе, мал бағуда қоршаған ортаға бейімделген табынның құрамын шығару, жылқы жануарының қасиетін танып оны көлік ретінде қолдану, дамыған әлеуметтік дифференциация қоғамдық өмірде «далалық билік және басқару институттарының» заманына сай құрылыстарын әкелді.
Кеңістікті игеру құралы мен меңгеру ісінде көлік ретінде жылқы елеулі әсер етті. Кеңістікті игергенде осы даланы тұтас бір континиум деп ұғынды. Батыс пен шығыс, солтүстік пен оңтүстік өлшемдерін таныды. Дүниетанымдағы болмыс тіршілігі — жалпыұлттық тұтастық идеясын жаратты. Осы көріністерді тектік аңыз-шежірелерден, эпос-дастандардан байқауға болады.
Көшпелілерге тән этникалық құрылым тек саяси-әлеуметтік құбылыс деңгейімен шектелмей, қауымның өз ішінде туындаған қажетті факторлар белгілі бір тәртіпті жүйеге айналды. Көшпелі этностың қасиет сипаттары болмыс дүниесінен бөле-жаруға келмейтін біртұтастық, синкреттілік. Яғни, табиғи ортамен гармониялық қарым-қатынастар үстінде пайда болған тұтас дүние. Мысалы, біріншіден: этностың жаратушы әкесі – Тәңір, анасы – Бай ана (қасиетті Жер Су). Бұл көшпенділердің шығу тегі; екіншіден: әкеден қалған елді үш ұлына бөліп беру, сыннан өткен ішіндегі біреуіне билік жүргізу, бұл ішінара бөліну тәртібі. Қасиет дарыған бала ғана билік жүргізе алады, осыдан Тәңірдің жарылқауымен билік лауазымдары қалыптасты: Сары (Царь), Тәңірқұт, Күнби, Қаған, Хан және т.б. Бұл – көшпелі қоғамда қолданылатын меритократиялық дәстүр; үшіншіден: бір атадан тараған үш рудың жиыны әр түрлі тайпалардың басын бір этникалық бірлестікке жинақтау қажеттілігінен туындаған. Бұл үштік жүйе саяси ұйымдасудың көрінісі; төртіншіден: көктен түскен алтын заттар қоғамның күрделі әлеуметтік страттарын нұсқауға немесе бір идеялдық модельді тиянақтауға негізделген. Мысалы, соқа – егіншіліктің, айбалта – жауынгерліктің, тостаған – бақсылықтың нышаны. Бұлар қазақ арасындағы – қамшы, қауға, найза дәйектеріне ұқсас; бесіншіден: рулардың өзара аға, іні тәртібімен туысуы. Рулардың тотемдік қатынастар арқылы туысуы. Көшпелілердің этникалық туысуы өзіне қашан да генеалогиялық дәнекер іздейді. Мәселен, Алаша хан туралы аңыз. Бұл қатынас Ел бірлігін дәйектейді. Қай заманды алсақ та, көшпелілердің этникалық тіршілігі рутайпалар арасында өтеді. Бұл тіршілік рудың мызғымас беріктігін сақтайтын заңға бағыну керек. Осы заңды жаратқан билік. Билік болса, қоғамдық организмдердің тіршілігін реттеу қажеттілігінен пайда болғаны анық. Өте ерте дәуірлерден бастап билік пен билік қатынастарын қоғамда идеологиялық тұрғыда заңдастыруда «генеалогия» нақты әлеуметтік және потестарлы-саяси кезеңдерде өзінің бейімділігімен ерекшеленеді. Бұл арада потестарлы жүйенің туыстық қатынастарды анықтайтын категориялармен белгіленуі қоғамдық тіршілік әрекетіндегі біртұтастықты білдіреді. Көшпелі құрылымдарға тән «бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы» деген ұстаным әлеуметтік-мәдени, шаруашылық, экономикалық, экологиялық тағы сол сияқты күрделі жүйелердің туыстық қатынастармен өзара үйлесуін білдіріп, жалпы тұтастықтың ұйытқысы ретінде билік қызметін атқарады. Туыстық жүйе арқылы билік жүргізу генеалогиялық құрылымдағы алатын орнына, яғни рудың негізін қалаушы түп атаға, ондағы буындардың генетикалық қашықтығына байланысты жүзеге асады. Яғни, генеалогиялық құрылымның қандай да бір бөлінісіне жату қандай да бір топтың, рудың, жеке адамның қоғамдағы әлеуметтік жағдайы мен мәртебесіне ықпал ете алды, басқа топтар мен жеке адамдардың олармен қарым-қатынасының сипатын айқындады. Тек қана генеалогиялық құрылымда алатын орнына байланысты бекітілген құқықтық міндеттері болған, оның өзі салт-жоралық деңгейде іске асатын.
Генеалогиялық құрылымның негізін құрайтын әртүрлі деңгейдегі тармақтар — қоғамдық қатынастардың типтері мен деңгейлерін реттейтін институттанған тәсілі. Осы құрылым аумағында жалпы қауымның тіршілік әрекеті реттеліп отырды. Бір тамырдан өрбіген тектік тұтастық рулық жүйе арқылы жүзеге асқан. Тағы бір айтып кететін жайт, орталықтанған мемлекеттің пайда болуына ең басты тірек — қоғамдық идеология орасан зор ықпал етті. Сонымен, геналогиялық туыстық құрылымда – бір ата, жеті ата, ру, ұлыс, жүз – тағы сол сияқты буындар өз кезегінде әкімшілік-әлеуметтік жүйенің ұйытқысы болды. Ал туыстық атауларды қолдану билік қатынастарында аса маңызды қызмет атқарды.
Осы жоғарыда айтылған рулық құрылым — билік және билік қатынастарын заңдастырды дедік. Ал оған пайда көзі болатын шаруашылық қажет. Болмыс тіршілігі мал кәсібін жетекші немесе басшы (ведущий) шаруашылық көзіне айналдырды. Көшпелі өркениет шаруашылық жағынан бірнеше құрамдас бөлігі бар жүйе ретінде өмір сүрген соң, олардың арасында айырбас дами бастады. Отырықшы мекендер қала дәрежесіне жетіп, көшпенділердің әкімшілік орталықтарына, сауданың орнына айнала бастады. Сөйтіп, Ұлы Далада керуен жолы, Ұлы Жібек жолы дамып қалыптасты. Көп салалы мен көп деңгейлі шаруашылық жүйесін бақылауда көшпенділерде тәжірибе бар болатын. Мыңдаған атты әскерге тек оны шеберлікпен басқаратын билік аппараты қажет болды. Салық төлеушілер тұрғындарына бейбітшілік пен қорған керек болды. Осы түйіскен жерде көшпенділер мемлекеттік бірлестіктер құра бастады (сипатына қарай, олар — тайпа одағы, ерте мемлекеттік бірлестіктер, империялық болып дамуына қарай негізделді). Осы жағдайда, көшпелілердің саяси тарихы, тіршілігі мен әлеуметтік үрдісінде маңызды рөл атқарып, қарқынмен дамыған соғыс ісі еді. Сауытсаймандар, орташа және алыс қашықтықта қолданылатын соғыс қарулары пайда бола бастады. Олардың негізгі соғыс күші атты әскерлер еді. Көшпелілер бірлестігінің әскери шапқыншылықтарының салдарынан отырықшы елдерде көшпелілер әулетінің өкілдері мемлекет құрып басында отырды. Осы мәліметті Каутский былай деп баяндайды: « взаимодействия крестьян и номадов привели к тому, что номады подчинили крестьян себе и сделали их своими данниками. Кочевые племена соединили многочисленные общины и крестьянские области в одно целое, стали во главе этого общества, начали его эксплуатировать и перестали быть при этом кочевниками. Так были созданы первые государства». Мәселен, Парфияда көшпелілердің Аркашидтер әулеті, Бактрияда Кушан патшалығының қалыптасуына алып келді.
Жоғарыда айтылғандай, шаруашылық байланыстың өрісі кең болды. Сауданың өзара айырбас, соның ішінде мал және жер өнімдері, қолөнер бұйымдары мен шикізат сату секілді түрлері өрістейді. Археологиялық және жазба деректердің тұжырымдары бойынша, көшпелі өркениет симбиоз ретінде ортақ экономикалық байланыс құрды және мұндай байланысты бұзу үлкен зардапқа ұшырау екені тарихқа белгілі. Отырықшылық тенденциясы мен урбанизацияның мәдени белгілеріне дейін көтерілуі көне заманнан бастап ортағасырдың соңына дейін созылды. Осыған сәйкес ортақ әлеуметтік-шаруашылық құрылымның шеңберінде нақтылы этносаяси негіз құрылды. Елдердің бірлесуі, яғни интеграция үрдісі өзіндік түркі мәдениетінің қалыптасуына жағдай жасады. Қала мәдениеті тарала бастады. Мәселен, Орталық Азияға саяси ықпалын жүргізген Қарахандар мемлекеті осындай синтездің үлкен жетістіктерінің бірі еді.
Сөйтіп, көшпенділер локальды мәдениеттердің көптеген түрлерін байланыстырып, әлемдік тарихтың конструкциясын жасады. Төрт мың жыл тарихы бар Орталық Азия көшпелі өркениетінің эволюциясы алты кезеңінен тұрады: ежелгі дәуірде (б.д.д. XVIII ғ. мен б.д. V ғ. аралығы) – билік институтының құрылуы, соның негізінде ежелгі мемлекеттік бірлестіктер пайда болды; орта ғасырда (VI ғ. мен XIII ғ. басы аралығында) – ұйтқы күшіне айналды, құрылымдық интеграция биліктің конструктивті империя түрін жаратты; жаңа дәуірде (XV ғ. мен XVIII ғ. аралығы) – дағдарыс кезеңіне түседі, ол тұтас көшпелі өркениетін ыдырау жағдайына алып келеді; отарлық кезеңінде (ХІХ ғ. мен ХХ ғасырдың басында) – көшпелі өркениет заманның талабына сай құлдырау (деградация), сондай-ақ жаңашадан техникалық-индустриалды қоғамына бейімделу кезеңіне түседі; кеңестік дәуірде (1917-1990 жж.) – кеңестік модернизация жолында болды; егемендік кезеңі (1991 ж. бастап) – шынайы бетбұрыс дәуірі басталды.
Сонымен, Көшпелі өркениеттің феноменділігі неде? Шаруашылықтың даму деңгейі мен өзіндік шаруашылық формасы – ерекшелігімен (спецификалық) сипатталады. Өндіріс экономикасында таралған түрлердің ең мамандырылғанның бірі болып, осы жерде жасалып құрылған мал шаруашылықтық және мал-егіншілікті тип шаруашылығы ешуақытта алдындағы дәстүрлерден қол үзбеді. Консервативтік «технология» болса да, қоғамның саяси және әлеуметтік өмірінің эволюциясына елеулі әсерін тигізді. Мал өндірісіне байланысты мамандану мен соған сәйкес шаруашылықтық тип байланысы әлеуметтік өмірде мобильділікке және саяси белсенділікке жағдай жасады. Ең бастысы, көшпелілер сыртқы әлемсіз өмір сүре алмады немесе оған өзге шаруашылық жүйелері қажет болды. Яғни, көшпенділердің басты феноменділігі — сыртқы әлем байланысының үзілмеуі мен оның қажеттілігінде жатыр. Көшпелі өркениетті эволюция үрдісінде ерекше вариант қана емес, сонымен қатар адамзат тарихында мәнді және ажыратылмайтын фактор деп қарастырған жөн. Көшпелі өркениеттің мәнін айқындайтын ерекше белгілер:
1. Ол неолиттік және индустриалды революция аралығында орын алып, өзіне сәйкес құбылысын жаратқан мәдениет.
2. «Ажыратылмайтын біртұтастық» идеясы дүниетанымдық көзқараста негізгі рөл атқарды, ол – экологиялық сана.
3. Этикалық категориялары: сапа, өлшем, кеңістік және уақыт ұғымдарымен айқындалды.
4. Рухани өмірдегі ұстаным болған тұлғааралық қатынас ру-тайпалық қарым-қатынасты түсіндірді.
5. Монотеистік қағидамен негізделген Тенгризм діні сипатталады: сүйіспеншілік, имандылық, тылсым дүниені меңгеру, ырық және білімге ынталылық. Тенгризм бойынша адамды қозғаушы күш, яғни Тәңірдің жарылқауымен адам «Универсумды» жетілдіру немесе жетілдіріп тұру. Ұмай – Ана құдайы, ол отбасын, баланың және өнердің қамқоршысы, ал оның атрибуты болып «Алтын жебе мен садақ» көрініс табады.
6. Қоғамдық-саяси ұйымдасу жүйесі дамыған ру-тайпалық және әскериәкімшілік қатынас симбиозын құрған тұрақты әлеуметтік-саяси қалып жүйесін құрды. Соған сәйкес іріктелген ерекше топ – «ақсүйек» әулеті негізделді.
7. Айырбас сауданы, сауда — ішкі және сыртқы, әсіресе халықаралық сауданы (Ұлы Жібек жолы) жаратты.
8. Таста қашалған жазудан бастап, қағазда көмкерілген өзіндік алфавиттік жазба туындысы — ұлы істердің бірі болды.
9. Айқындаушы түрде ерекше орын алатын туындылардың бірі – ауыз өнері, әсіресе «Шежіре». Ол тарихи деректерден өзге, генеалогиялық және этногенетикалық мәліметтерді бейнеледі. Жырау поэзиясы — рационалдық құбылыс, далалық интеллектуализм, өзінше көшпелі өркениеттік театры.
Нұғман Бахредден Ғабдылбақиұлы
Шаймұқанова Сәуле Дүйсетайқызы