Ұлы дала өркениеті

Тарих – араб-парсы сөзі, оның мағынасы — зерттеу, оқиғалар туралы әңгіме. Адамзаттың пайда болуы алғашқы қауымдық құрылысынан бастап қазіргі дәуірге дейінгі өмір сүруін, тіршілік жайын, оның өзгеруін, қоғамның дамуы, тоқырауы, өрлеу кезеңдерін жеке дәуірлерге бөліп (ертедегі дүние, орта ғасыр, жаңа заман тарихы, т.б.) зерттеуін айтады. Қазақстан тарихы Орталық Азия аумағын ежелден мекендеген қазақ халқының тарихын баяндайды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезде 2003 жылы 28 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің үшінші мәжілісінде «Мәдени мұра» жобасының бағдарламасы қабылданды, ондағы басты мақсаттар:
• ұлттық мәдениетіміз үшін айрықша мәні бар маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерінің қайта қалпына келтірілуін қамтамасыз ету;
• зор мәдени мұраны, соның ішінде қазіргі заманғы ұлттық мәдениет, ауыз әдебиеті, дәстүрлер мен әдеттерді зерттеудің тұтастық жүйесін құру;
• ұлттық әдебиетіміз бен жазуымыздың көп ғасырлық тәжірибесін қорыту, тармақталған көркем, ғылыми серияларды жасау;
• мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің озық жетістіктері негізінде толық құнды гуманитарлық білім қорын жасау.
Бағдарламаның міндеттері:
• көне, ортағасырлық тұрақтарды, қорғандарды, қалашықтарды зерттеу, археологиялық қазбалар жүргізу;
• ұлттық тарихымыз үшін ерекше мәні бар Қазақстанның аса көрнекті тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта жаңғырту, консервациялау және сақтау бойынша жұмыстар жүргізу;
• облыстар бойынша Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің Жинағын басып шығару әзірлігі бойынша жүйелі жұмысты жүзеге асыру;
• тарих ғылымының теориялық проблемаларын әзірлеу, ғылыми, көркем және энциклопедиялық әдебиеттерді шығару, ғылыми білімді көпшілікке тарату;
• мемлекеттік тілде ұлттық әдебиет пен жазудың және әлемдік ойдың озық үлгілерін әзірлеу және басып шығаруды жүзеге асыру;
• Ұлттық мұрағаттық қорды сақтау мен байытуға арналған жұмыстарды ұйымдастыру жолдары белгіленген болатын.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап қазақ тілді оқырман қауым үшін философия, тарих, заң және т.б. саладағы әлемдік ғылыми ойдың іргелі еңбектері және көркем әдебиетті басып шығару іс жүзінде тоқтап қалған болатын. Осыған байланысты өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу және тарихи, мәдени мұраны толыққанды зерделеудегі ақтаңдақтардың орнын толтыру, сондай-ақ, қазақ халқының көп ғасырлық рухани тәжірибесін жинақтау, мемлекеттік тілдегі тармақталған тарихи, көркем, ғылыми серияларды жасау мемлекет тұрғысынан аса өткір қойылды.
Бағдарламаны іске асыру барысында кітаптар сериясының 16 бағыты бойынша фольклористика, тарих ғылымы, археология, этнография, мәдениеттану, әлеуметтану, саясаттану, психология, антропология, тіл білімі, мұрағат және кітапхана жұмысы, бейнелеу өнері, энциклопедиялық әдебиеттер және т.б. әзірленуі мен басылып шығарылуы, басылымға шығатын әдебиеттің ауқымын кеңейтуге, қазақ халқының бай мәдени мұрасын сақтауға және мемлекеттік тілдегі әлемдік әдебиет пен ғылымның асқан үлгідегі қорларын жасауға, ұлтты мәдени-білім және интелектуалдымәдени деңгейде көтеруге және өскелең ұрпақты жалпыәлемдік құндылық идеалдары мен қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде және халықтың тарихи-саяси көзқарасын қалыптастыруға оң әсер ететін ауқымды мәселелер қойылды.
Осы бағдарлама шеңберінде көрсетілген мәселелерді кешенді шешу Қазақстан халқының мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және көпшілікке тарату жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етеді. Осы мақсатта авторлар көмекші материал ретінде оқу құралын ұсынып отыр. Студент қауымына ескеретін нақты шешімнің сауалы, еліміздің тарихын Орталық Азия аумағынан шығару — бүгінгі күн тәртібінде шындықты бейнелеудің шарты түсінігімен ұйғарылсын. Орталық Азия аумағы деп Қиыр Шығыстағы Корей түбегінен бастап батыстағы Қара теңізге, солтүстіктегі Байкал мен Оңтүстік Сібірден бастап оңтүстіктегі қазіргі Ауғанстанға дейінгі жалпағынан созылып жатқан кең даланы айтамыз. Бұл кеңістікке қазақ халқының тікелей қатысы бар. Тегі түркіден шығатын түркі тілдес халықтың жалпы отаны. Ол тарих сахнасында Тұран деген атымен әйгілі. Қазақ халқына, сондай-ақ түркі тілдес туыс ағайындарымызға ортақ отандық жеріміз.
Орталық Азия аумағындағы тарихи-мұраны алты мың жылғы даму шеңберінде алып қарасақ, олар төмендегідей кезеңдерге бөлінеді:
Бірінші кезең. Бүкіл Орталық Азия аумағын мал баққан ежелгі арийлердің сансыз көп тайпаларының игеруі. Қара теңіз бен Еділ өңіріндегі Срубная мәдениеті, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан аймақтарындағы Андронов мәдениеті және Алтайдан шығысқа қарай созылып жатқан Афанасьев мәдениеттері сол замандағы халықтың рухын бейнелейтін материалдық айғақтар болып табылады. Ол б.д.д. ІІІ-ІІ мың жылдардағы заман.
Екінші кезең. Б.д.д. І мың жылдықта арийлер тарихы– Сақ, Савромат, Киммер патшалықтарымен ауысады.
Үшінші кезең – Б.д.д. І-ші мыңжылдықтың екінші жартысы мен біздің дәуіріміздегі шамамен V-ші ғасыр аралығында Арғы Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Кушан мемлекеттері орын алады. Ежелгі ведалық үштік үрдісі: Тәңірі-Аспан, Жер-Су, Ұмай-мәңгілік ана.
Төртінші кезең – Шамамен VІ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басы аралығында – түркілер-Ашина ақсүйек әулетінен тараған ұрпақтар орын алды. Осы үрдістер тоғысында тұңғыш Түркі қағанаты – Мәңгілік Ел бой көтерді. Бұл үшінші империя — Байкалдан Каспийге дейінгі аймақты қамтыды. Түркі ұлттық рухының осынау тегеуріні Күлтегін құлпытасында – өзінің табиғи жалғасын тапты. Сол замандағы оның рухани аспанында жарқырап көрінген үш жарық жұлдыз: Сыр бойында — әл-Фараби, Жетісуда — Жүсіп Баласағұн және Махмұд Қашғари. Әл-Фараби Орталық Азияда Гректің Платоны рөлін атқарды. Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білігі» — Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың бізге жеткен ең тұңғыш зайырлық шығармасы, Махмұд Қашқаридан қалған түркі тілдерінің «Диуани лұғат – ат – түрк» сөздігі – XI ғасырдағы түркінің ең тұңғыш энциклопедиясы. XI ғасырда Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Иассауи 1093 жылы туған. Ол негізін қалаған исламның тылсым құпиясы – сопылық (суфизм) нұсқасы Орталық Азияның барлық аумағына дейін тарады. Сөйтіп, Қожа Ахмет Иассауи Орталық Азияның барлық түркі халықтарына ұлттық ілім жүйесін ұсынды.
Бесінші кезең. XIIІ-XIV ғасырлар. Орталық Азияның тарихы Шыңғыс әулетінің көтерілуінен басталды. Бұл жойқын күш еді, Ұлық Ұлыс заманы орнады. Бұл кезеңнің басында атақты Майқы би дүниеге келді. Ел аузындағы аңызға қарағанда ол біздің тарихымыздағы билер институтының түп атасы. Бар қазақтың басын біріктіруге жұмылған Майқы би әйгілі қазақ шежіренамасының негізін қалаушы болды.
Ел аузындағы аңыз бойынша халықтың санасына үш жүздің бас таңбаларын тасқа қашаған сол кісі екен дейді. Үйсіндердің нысаны – Ту, арғындардың нысаны – Көз, Алшындардың нысаны – Найза содан қалса керек. Бір ғажабы, қазақ халқының негізгі төрт Мұраты дәл сол тұста тұжырымдалыпты. Олардың үшеуі үш жүздің жауынгерлік ұраны: Ұлы жүздікі – Бақтияр – бақыт, Орта жүздікі – Ақ жол – әділет, Кіші жүздікі – Алшын – От-ана, барлық қазақтардың ортақ ұраны – Алаш ұғымына біріккен. Халық руханияты сол заманның ең бір қуатты империялық идеологиясы – шыңғысшылдықтың ықпалына түседі. Шыңғыс әулетінің ұлы империясының ұстынына тірек, көрік болған рухтың революциясы еді. Ол уақытқа дейін үстемдік еткен далалықтардың түркішілдігі, оғызшылдығы, ұрандары (жүздік және жалпы алаш), олардың бұрынғы шежіресі жаңа шежіре-намаға тарихи тамырласа кірігіп кетті және ішінара халықтың зердесінен өшіп қалды. Осы кезден бастап іс жүзінде тегі басқа ақсүйектердің екі тармағы – төрелер мен қожалар – түркілердің ру-тайпалық ақсүйектерінен биіктеу мәртебе алды да , оларды саяси және рухани биліктен ада қылды. Төрелер Шыңғыс әулетінің ұрпақтары, ал қожалар Мұхаммед пен оның үмбеттерінен тараған рухани биліктің иелері. Уақыт өте келе, бұл екі тармақ өкілдерінің өздері де жергілікті халықпен кірігіп, олардың, әдет-ғұрпын, дәстүрін қабылдап, қазақ халқының жалпы руханиятына сіңісіп кетті.
Алтыншы кезең. XV – XVII ғасырлар. Бір текті Ұлық Ұлыс империясы құлап, әр түрлі княздіктер құрылған уақыт. Көшпелілік өркениетінің құлдырау кезеңі. Алғаш қазақ хандығы құрылған кезең. Шамамен 1465-1466 жылдардан бастап, жалпыхалықтық руханияттың табиғи дамуының негізі қаланды.
Біріншіден, халық рухының ұшқыны ақындардың, сазгерлер мен айтқыш абыздардың жырларынан көрінді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау шығармаларында шынайы қазақ руханияты қалыптасып дамыды. «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» сияқты батырлар жырында, «ҚозыКөрпеш – Баян-сұлу», «Қыз-Жібек» және басқа дастандарға қазақтың ұлттық рухы түп тамыры ретінде негізге алынды.
Екіншіден, нақ осы уақытта, Жәнібек пен Керей хандар Жетісуға көшіп келіп, ел басқара бастағаннан кейін, қазақ өзінің тарихи төл атымен атала басталды.
Үшіншіден, дәл осы тарихи дәуірде халықтың жауынгерлік рухы тағы бір тамаша оқиғадан көрініс табады. XVII ғасырдың бірінші жартысында үш жүздің үш ұлы биі – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би – Тәуке ханмен бірге «Жеті жарғы» атты тарихи құжатты қабылдайды. Бұл киелі «жеті» санын нысаннан өткен киелі парыздан, қасиетті ережеден тұратын қазақ құқығының алғашқы кодексі еді.
Жетінші кезең. Бұл XVIIІ – XIX ғасырлар. Бұл аралықта қазақ халқының жауынгерлік рухы ауыр сынға тап болды. Біздің жерімізге басып кірген жоңғарлармен соғыс басталды. 1723-1727 жылдардағы «Ақтабан шұбырындыдан» қазақ халқы қайта еңсе көтерді. Ұлтты қорғаушылар қатарына Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Наурызбай батыр және солар сияқты ұлттың жауынгерлік рухын көтерген жарқын тұлғалы ерлер келіп қосылды.
Халықтың ерік-жігерінің тастүйін бірлігі Абылай хан тұсында ерекше бейнеленді. Батырлармен тізе қосып, қаһармандықтың тамаша үлгілерін көрсеткен, сөйтіп халықтың ұйтқысы болған Абылай ханның ерліктері сонау қатал заманда қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды. Бейбітшіл сипаты бар рухани жұмыс та жалғасын тауып жатты. Оның ұйтқысы ұлттың рухани көсемдері – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер болды. Олар сыртқы және ішкі алауыздықтарға қарамастан Абылай ханмен бірлесіп, ұлтты біріктіру жолында еңбек етті.
Сегізінші кезең – XX ғасыр. XIX ғасырда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әр түрлі жолдарын қарастырды. Төрелер мен қожалардың билігі ыжырады, олардың үңірейіп бос тұрған орындарына ешкім отырған жоқ. Ресей патшалығы да әлсіреді. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Негізгі түйін ойлары Пантюркизм мен Панисламизммен қаруланған Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды. Қалай болғанда да, Алашорданың игілікті ісі өте қайғылы аяқталды. Қазақтың оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптасқан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзінде аса алмады. Сөйтіп, 1917 жылдан 1920 жылға дейін қазақтың ұлттық рухы ауыр езгінің астына түсті. Қазақстан – КСРО-ның құрамына кірді.
Тоғызыншы кезең – 1980 жылдардың ортасынан басталды. Ол халық рухының бұрқ етіп, сыртқа лықсуымен ерекшеленеді: 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы тарихымызда мәңгі қалды. Бірақ онда рухтан гөрі саясат басым болды. 1991 жылы қызыл империя құлады. Тәуелсіз Қазақ мемлекеті жарияланды.
Н.Ә.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында КСРО-ның ыдырауы тарихи тамыры тереңде жатқан, кейін күшпен жойыла жаздаған мемлекеттердің қайтадан қалпына келуіне ұласты деп көрсетті.
Қазіргі кезеңдегі ұлттық міндеттер ең алдымен ұлттық табиғатты қалыпты жағдайға келтіру болып табылады. «… Даму стратегиясын, ұлттық мемлекеттік ерекшеліктерімізді, саяси тарихымыз бен мәдениетіміздің өзіндік сипаттарын, этникалық дәстүрімізді, тағы да басқаларды … қысқартып тұжырымдағанда, өркениеттік-мәдениеттік аямызды түгел ескере отырып, өзіміз сақтауымыз қажет». Президент жаңа жағдайларда «жаңа азаматтық ыңғайлануды», қазақстандық мемлекеттілікпен үйлестіруді жариялады. Басқаша айтқанда ыңғайланудың көп сатылы сипаты ұсынылды, ол өрлеу желісі бойынша (тұлға-әлеуметтік топ-мемлекет) тек ұлттық өркендеуге ғана емес, соныман қатар «… ақпейілділік пен бауырмалдылыққа» жол ашады. Аталмыш қағидат мемлекеттік құрылыста да қаланған. «Қазақстан тұрғындарының ұлттық, діни, географиялық айырмашылықтары, міндетті түрде, мейлінше көп тармақты саяси машинаның қалыптасуын қажетсінеді».
Қазіргі ең басты мәселе – Ел болу. Ел болудың ең басты мәселесі туралы академик М.Қ.Қозыбаев бес проблеманы алға қойды:
Бірінші — ол этногенез мәселесі. Біз тұтас ұлтпыз, оның биік деңгейі немен өлшенеді? Ол қалай қалыптасады? Ұлттың кешегісі, бүгінгісі, ертеңі қандай? Қазақ сахарасын жайлаған тайпалардың бүгінге тартылатын желі бар ма?
Екінші түйін – мемлекеттік мәселе. Қай ғасырда пайда болды, оның территориялық аясы, тайпалық құрамы, мемлекеттік рәміздері, оның пісіліпжетілу деңгейі, сипаты, тағы басқа мәселелерді қамтып, бір жүйеде, тұтас әдіснамалық деңгейде қарастыру әлі де тарихнамада жетіспейді. Ұлттық мемлекеттік дегеніміз не, оның тайпалық, мемлекеттік құрамалардан айырмасы қандай, ол қашан пайда болды? Бұл тарапта да ойландырыптолғанатын мәселелер баршылық.
Үшінші басты ділгірліктің бірі — өркениет мәселесі. Біз қай өркениетке жатамыз? Көшпелілік пе, отырықшылық па, орыс-сібір өркениеті ме, ортаазиялық Тұран өркениеті ме, әлде көшпелілік пен отырықшылықтың басын қосқан дала мен қаланың синтезі іспетті ұлы дала өркениеті ме? Әлемдегі сегіз өркениеттің біз осы уақытқа дейін біреуіне де қосылудың кілті неде? Түркі өркениеті дегенді де ауызға алушылық бар. Бізде зерттелмей келе жатқан мәселе – ұлтаралық, мемлекет аралық қатынас, өркениеттер ықпалы, мәмілегерлік тарихы.
Төртінші, XX ғасыр тарихындағы Ұлт-азаттық қозғалыс үш толқынның басын қосады. Ол ағартушылық толқыны, ол еуропалық өркениет ықпалындағы конституциализм, демократия толқыны – алаш толқыны, ол большевиктік даму жолындағы революциялық, пролетариаттық диктатура толқыны.
Бесінші. Біз осы уақытқа дейін әрбір ұлт-азаттық қозғалысты империя мүддесі биігінен талдап, жеке-жеке аймақтық шеңбердегі төбелес, жанжал дәрежесінде қарап келдік. Шын мәнінде, 1731 жылдан бастап қазақ халқы үздіксіз, бір сәт толастамаған ұлттық-азаттық соғысын жүргізді. Осы әдіснамалық көзқараста ұлт-азаттық қозғалысын басынан аяғына дейін жүйелеп, оларға тән ортақ заңдылықтарды, әрқайсысына тән ерекшеліктерді анықтау абзал. Сонымен Қозыбаев Манаш Қабашұлы өте маңызды ұлттық міндеттерді, мәселелерді, тұжырымдарды көтерді. Олар:
Біріншіден, ұлттық міндеттер контексінде Қазақстан халықтарының этникалық ыңғайлануын қалпына келтіру, бұл құнды мұраларға рулық немесе тайпалық сана тұрғысынан қарамау қажет. Керісінше, ұлтымыздың тарихи тұтастығын, ғасырлар бойы бірлігін танытатын құжаттар ретінде ғылыми сараптан өткізуді қолға алсақ ләзім.
Екіншіден, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған дәрістер (лекциялар) циклі мақсатты түрде жарияланып тұрса. Бұл орайда қазақ халқы мемлекетінің ерлік дәстүрлері тұтастай, сабақтаса дамыған үрдіс қалпында көрсетілгенін қалар едік.
Үшіншіден, біз өзіміздің бай дәстүрі бар ұлт екендігімізді енді танып жатырмыз. Кез келген ұлт өзінің дербестігін өзге әлемге қара күшпен, құрғақ айқаймен емес, өзіндік мәдениетімен ғана мойындата алады. Ендеше, біз өзіміздің дәстүрлі мәдениетіміздің құрамдас бөліктерін, даму тарихын, айтулы ескерткіштерін, тағы басқа құндылықтарын алдымен өзіміз танып, жас ұрпағымызға өнеге етіп, содан соң өзге әлемге мойындатуды басты парызымыз деп ұқсақ.
Төртіншіден, ұлттық дүниетанымымызды қайта жүйелеу де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Ұлттық дүниетаным дегеніміз – жай ұғымдар мен түсініктердің жиынтығы емес – ғасырлар бойы атадан балаға көшіп, ана сүтімен әрқайсымыздың қанымызға сіңген дүниені қабылдау ерекшелігіміз, ойлау машығымыз, бағалау өлшеміміз. Кез келген жаңа ілім-білімді, ғылыми жаңалықты өз дүниетанымымыз елегінен өткізе отырып қабылдасақ қана құнарлы топыраққа түскен әлгі ілім мен жаңалықтың жемісі баянды болмақ. Қазақ халқының болашақ ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өнері тек осы төл дүниетанымымызды іргетас етіп қана әлемдік өркениетке өз үлесін қоса алады. Сондықтан толыққан тарихымызды жұртшылық санасына жеткізуді мақсат еткенде ұлттық дүниетанымымызды жүйелеу ісін еш уақытта назардан тыс қалдырмауымыз қажет.
Бесіншіден, халықтық тарихымыз деген өзі – сол халықтың тұлғалы президенттерінің тарихы, іс-қимылдарының тарихы. Бізге тарихтағы жеке тұлғаның рөлі туралы айтқанда марксизм-ленинизм классиктері жылдар бойы миымызға құйған қасан қағидадан арылу қажет. Қазақ қоғамында да халқымыздың тағдырын кілт басқа арнаға бұрған, елдігімізді сақтауға өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалар аз болмаған. Бүгінгі күні де қазақ елін өтпелі кезеңнің қиындықтарынан алып шығар, өркениетті мемлекеттер қатарына қосар бір күш болса, ол күш – ел қамын ойлар тұлғалы азаматтарымыз. Болашақта да елдің мерейін, халықтың абыройын биікке көтерер азаматтар рөлі айрықша маңызға ие болып қала бермек. Міне, сондықтан тарихи тұлғалардың халқымыз бен еліміз алдында сіңірген еңбегін ашып көрсету, оларды жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету назардан тыс қалмаса керек.
Алтыншыдан, шетте жүрген біршама қандас бауырларымыз бар. Біз қазақстандық, қытайлық, монғолиялық, өзбекстандық, ресейлік, түркиялық болып бөлінбеуіміз керек. Біз біртұтас қазақпыз деген ұғым қанымызға ана сүтімен бірге сіңуі қажет. Шетте жүрген бауырларымыздың тұрмыстіршілігіне, мәдениеті мен өнеріне, талантты өкілдеріне көңіл бөліп, қазақ ұлтының тарихи мен мәдени тұтастығын көрсетуге белсене атсалысуымыз керек.
Кез келген халықтың шығу тарихы күрделі және ұзақ процесс, нәтижесінде олардың белгілі бір территорияда жалпы халықтардың тұрақты ортақ тіл қатынастары пайда болады және этникалық өзіндік саналары, жалпы материалдық және әлеуметтік мәдениеті қалыптасады. Қазақ халқы негізінен, бұрынғы тайпалардан пайда болып, республиканың қазіргі территориясында тұрады, этникалық процестердің түп төркіні қола дәуірінен басталады, бұл кезең Андронов мәдениеті деп аталады. Егер сол бұрынғы дәуір ескерткіштеріне көз жіберетін болсақ, ондағы керамикалық ыдыстардағы өрнектерін қазіргі қазақтардың айшықты өнерімен салыстыратын болсақ, онда біз көптеген ұқсастықты аңғарамыз. Ертедегі темір дәуірінде Қазақстан территориясында сақ тайпалары өмір сүрді – оларға массагеттер, дайлар, исседондар және басқалары жатады. Аң стилінде жасалған, ертедегі сақ қолөнершілерінің жасаған заттарының кейбір элементтері қазірде қолданылады. Дүниені дүр сілкіндірген Кіші Азиядағы Кирді, Ескендірдің (Александр Македонский) қалың қолын тоқтата алған Сақтар еді. … Осыдан екі жарым мың жылға жуық бұрын халқының үштен бірі атқа қонған үйсін мемлекетінен бастап қазақ сахарасында талай тайпалық мемлекеттер үстемдік етті. Одан мың жылға жақын уақыт өткен кезде басы барды идірген, тізесі барды бүктірген қытаймен, ұрыммен (Византия) терезесі тең түркі қағанаты – ұлы империя ту тікті. Еділ мен Қап тауының шығысында шаңырақ көтерген Хазар қағанаты, Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңіріндегі Қарахан қағанаты, Сырдария мен Еділ арасын жайлаған Оғыз ұлысы, он екі тайпадан құралған өр Алтайдан, Ертістен – Еділге, оңтүстік Оралдан, Құланды даласын басып, Балқаш көлі Жоңғар Алатауына дейін мекендеген Кимек қағанаты, тағы басқа ұлыстар – осылардың бәрі негізінен жергілікті түркі тектес тайпалар еді.
Қалың қол арабтарды, қара құртша қаптаған қара қытайды, т.б. алып далаға басып кірген басқыншылар легін тек түркі тектілер ғана тоқтата алды. Көшпенділерден кейін мұңғылдар қабылдап, одан әрі дамытқан әскери өнерді қалыптастырды, қалың елді билеу жүйесін енгізді. Еуразияның қақ ортасына ту тіккен ер түркі тайпалары Батыс пен Шығысты жалғастырды. «Ұлы Жібек жолы» тек қана отырықшылардың өмір талабынан ғана емес көшпенділердің болмысынан туғанды. Бір сөзбен айтқанда, ер түркі тайпалары Еуразияның ең даласының төл перзенті санатында көк бөрілі байрақ астында емін-еркін өсіп өнгенді. Сақтар, ғұндар, қаңлы, үйсін, дулат, арғын, алшын, найман, керей, жалайыр, қимақ-оғыз, қыпшақ, қырғыз, қарлық сияқты түркі тектес басқа да тайпалар болашақ қазақ халқының негізін сол бір кезде осылай қалады.
Заманымыздың X ғасыр шенінде Еуразия сахарасында, сан тайпалардың жиынтығы болған тектерден (славяндардан, роман-германдықтардан, түріктерден, т.б.) этностардың бөліну процестері басталды. Дәл осы тұста славяндар бөлініп, батыста орыс халқы, ұлы далада қыпшақ халқы қалыптасты.
Қыпшақ этнонимі туралы мәлімет 759 жылғы Селенгі тасында кездеседі. Рашид-ад-дин Оғыз (Өгіз) қаған қан майданда қаза болған бегінің шірік ағаш қуысы ішінде (іші қуыс ағаш шыпшақ) туған баласын тауып алып, қыпшақ деп атады деп көрсетеді. Құрманғали Халидтің айтуынша, «мағынасын байқағанға «қыпшақ» адам баласы дегенге саяды».
Л.Гумилев айтқандай, XI ғасырда түркі супер этнос санатында сөне бастады. Осы шақта түркілердің бағына 92 баулы қыпшақтар тарих сахнасына шықты. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шежіресінде: «Күн батысы Сырдария, күн шығысы Ертіс, Оңтүстігі Жетісу, Солтүстігі Еділ-Жайық, сол төрт судың арасы Дешті Қыпшақ жұртының қонысы еді, сол қыпшақтан тоқсан екі ру ел таралды. «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе? – деген мақал болған себебі осы», — деп көрсетілген. Өзі суперэтносқа барлық тайпалардың бірден бір ұйтқысы болды. XII ғасырда қыпшақтар бүкіл араб, парсы, славян, роман-герман халықтарының үрейін ұшыраған құдіретке айналды. Ертістен Еділге, Шу мен Таластан Каспийге дейінгі біртұтас ен далада қыпшақ одағы үстемдігін жүргізді. Ежелгі оғыз даласы енді Дешті-Қыпшақ – Қыпшақ даласы атанды. 1055 жылы олар орыс шекарасына жетті. Кешікпей қыпшақ ұландары Еділден Донға, одан Днепр мен Днестрге өтті. Енді бұл кеңістікті орыс шежірелері Поле половецкое – Половецкая степь деп айтуға мәжбүр болды. 1071 жылы Кіші Азияны – Анадолыны жаулап алған қыпшақтардың қалың қолы ну Карпатқа, Дунайдың темір қақпасы мен Балқан тауға бірақ тірелді.
Ұлы ақын Мағжан «От» деген туындысында:
Талай заулап ұшқанмын,
Әлпіге барғам Алтайдан,
Балқанға барғам Қытайдан, —
дегенде ғұндардан кейін Еуропаға заулап барған қыпшақтарды да еске алса керек.
Қыпшақтар мен оғыздар, тохсы, яғма, окрак, нарұқ тайпалары Махмұд Қашқаридың дәлелдегеніндей, таза түркі тілінде сөйледі. Қыпшақ одағына кірген түркі тайпаларын ол ортақ тілге айналды. Қорыта айтқанда, қыпшақ атаумен халық болып танылған қазақ барша түркі әулетінің қара шаңырағы болды. Еуразияның қос құрылығында тарихтың құдіретті төріне бір-ақ шықты. Шежіреші ақын Мағжанның:
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?! – деуі осыдан.
Біз жаңа дәуірде Алтайдан Днепрге дейінгі Еуразия сахарасында әрі сулы, әрі таулы, әрі далалы өркениет болғанын пайымдаудамыз. Ол ол ма, Ұлы Жібек жолында қала халқы 20 процент, ал дәл сол кезде батыс Еуропада ортағасырлық қалаларда халықтың 12 проценті шоғырланғанын айта келіп, біздің өркениет қала мен дала мәдениетінің қосындысы екендігін дәлелдеудеміз.
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: Түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлестерін дәлелдеу арқылы жалпытүріктік рухани негіздегі қасиетті қазыналар жасалғанын, «рухани мұрагерлік жалғасын тауып, әрі сонау ғасырлардың терең түкпірінен ұлы түркі еліне жасампаздық серпін бере білді», — деп, қорытады.

Нұғман Бахредден Ғабдылбақиұлы
Шаймұқанова Сәуле Дүйсетайқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *