ЖАНТАЗА
Əшейінде жеті қабат тозақтың күнəһарлар салынған алып қазаны іспетті қыз-қыз қайнап жататын Қызылқұм жұмаққа айналып кеткен тəрізді құлпырып тұр. Таяуда ғана құралайдың жаңбыры жауып өткен. Қалы кілемнің түгіндей боп раң тегіс өскен. Қызғалдақтар көздің жауын алады. Сексеуілдерге əлдеқашан жан еніп, сан түрлі азапты бастан өткерсе де, жау алдында тізерлемей, тік тұрып өлетін хас батырша көкке бой созған. Бейне бір айналаға сұқтана қараған көздерге қадалуға дайын тұрған секілді жүзгіндер өте ұсақ əрі ұзыншақ ине секілді жапырақ шығарған. Жусанның жұпар иісі аңқиды.
Екі күннен бері орта бойлы, төртбақ денелі, қалың қабақты қарасұр жігіт торы атпен желдіртіп келеді. Бес қаруын түгел асынған. Қызылқұмның жұмақ көркіне қызыға көз тастап келе жатқан жасы əлі жиырмаға тола қоймаған жігіттің кеудесіндегі елдің тірлігі де үнемі осындай мамыражай кеше берсе ғой деген арман ұлғая түсті.
«Тіршілік неткен тұрлаусыз еді! – деген ой келді оның қиялына. – Айналаны көріктендіріп тұрған мына раң, қызғалдақтар құралайдың салқыны өткен соң күнге күйіп, желге ұшарын білмейді-ау! Қып-қысқа ғұмырында жадырап-жайнап өтуді жазған екен бұларға. Ана сексеуіл, жүзгін, жусан фəни жалғаншыға мойынсұнғысы келмей біраз қасарысады. Адамдар да солай, тайталасып өтеді. Күреспесең, ғұмырың қамшының сабындай қысқа. Тосыннан келген дүлей күш сындырып кеткенін байқамай да қаласың…»
Осындай зілмауыр ойлар санасын сан-саққа жүгіртіп бара жатқан бұл жігітті бірде бетін, бірде сыртын беретін баянсыз дүние ертерек есейткен. Əйтпесе, қазір жылт еткен сезімге желігіп, өмірдің қайталанбас көгілдір көктем шағының қызығын көретін жаста емес пе? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман көзден бұл-бұл ұшқалы жеке бастың армантілегі əдіра қалды ғой! Болатын бала он төртінде бас болар. Кеудеде жолбарыс жүрек соғып тұрған кезде ер жігіт үйінде бұғып жата алмас. Сыр бойындағы қалың елдің қамын жеп, жас күнінен атқа қонып, ақ найза ұстады. Он жетіге толартолмас кезінде айрандай ұйып отырған елге оңтүстіктегі ала шапандылардың əскері киліге кіріп, ойран салды. Жекпежекте бас батырына найза қадап, аттан аударды. Жау өзара соғыста күйрей жеңіліп, тырқырай қашқанымен иен даланы еркін жайлап жатқан елге ара-тұра еңістен еніп, лаң сап тұрады. Терістіктегі аюдай азынаған азулы ел билікті қолына ап, қуыршақ сұлтандарды сайлап қойған. Екі тараптағы жау да өз əмірін жүргізіп, бодандықта ұстағысы келеді. Ел тізгінін ұстағандар екі тарапқа жалтаңдап, ашырқаған халқын тойдырудың орнына, алқымын толтырумен əлек. Бес саусақтай жұмыла алмай жатқан қарақұрым жұрттың жау шапса, барымташы басса ғана есі кіріп, тұяқ серпеді. Жағдай бұлай жалғаса берсе, тұлымды ұл – құлға, бұрымды қыз – күңге айналарын сезген бұл жігіт араздасқан ағайынды жарастырып, елді біріктірумен əуре. Арал, Сырдың кейбір салаларына бөген құрып, егіншілікпен айналысуға үндеді. Ебі барлар жаңа кəсіпті тез-ақ меңгеріп алды. Өзі де біраз алқапқа егін еккенімен, алған өнімін кедей-кепшікке түгел таратып береді. «Алқапқа самалмен көршінің бидайының дəні ұшып түсуі мүмкін, байқаусызда бөтеннің ақысын жеп күнəға батпайын» деген оймен қырдан құмаршақ теріп талғажау етеді.
Егіншілікті үйретуден мақсат – шашыраңқы елді жинау. Біріккен жұртты жау жеңе алмайды. Мұны түсінгендер Сырды сағалағанымен, малына малданып қырды жағалап кететіндер де бар. Қай-қайсы да басына іс түскенде бейілі кеткен би, сұғанақ сұлтанға емес, аттандаса, атой сап шығар əскері бар болғандықтан бұған келеді. Оның самсаған қалың қолы болмағанымен жүздеген жігітті машықтандырып, жау шапса, лап қоюға дайындап қойған. Таса жердегі əскери жаттығуларда шыңдалған жігіттер былайғы кезде өз тірлігімен айналыса береді.
Бұғанасы бекігелі бері ел қамын жеп жүргендіктен болар, беделі артып келеді. Жұрт түбінде қорғанына айналар жанның осы боларына бірте-бірте сене бастаған…
Екі күн бұрын ауылына хабаршы барды. Қызылқұмның түкпіріне ендей еніп кеткен ағайынның əлдеқандай лаңға жолыққанын естіген бойда торы атқа мініп, жолға шықты. «Атың тынықсын, өзің бір-екі күн демал» деп хабаршыны ауылына тастап кетті.
Астындағы торы ат – жылқының төресі. Құйрық-жалы бір тұтам. Жайдақ жүрген кезінде көзі түскен біреу-міреу болмаса, бір қабырғасы артық біткенін өзінен басқа жан біле бермейді. Бірде-бір рет жануардың сауырына қамшы ұрып көрген жоқ. Тізгінді босатсаң болды, өзі жосыла жөнеледі. Екі күннен бері əлдебір қалтарыста қаңғыған жау, барымташы жоқ па екен деп, ара-тұра тізгінді тарта ұстап, айналаны жіті бақылап келеді. Намазын да оқып үлгереді. Мітіресінен су ішіп, көздің шырымын да алады. Жануар қазанат десе, қазанат қой, мұндай кезде босқа кеткен уақыттың есесін тізгінді бос қойғанда шығарып отырады.
Екі күннен бері далиып жатқан даланың ұшы-қырына жетер емес. Қызылқұмның нағыз бабына келген шағы ғой бұл! Тіпті, шөп өспеген жерлерде сусып жатқан құмның да əдемілігі соншалық, он сегізге толған қыздың қол тимеген құлын денесін еске түсіреді. Бабаның жаз жайлауы мен қыс қыстауының арасы айшылық жол. Осынша жерді ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен алған. Оны көздің қарашығындай асырап, келер ұрпаққа табыстау бүгінгілердің міндеті…
Кенет дүр етіп ұшқан қарға-құзғындар ойын бөліп жіберді. Бетін əжім басып, білек тамырлары білеуленіп кеткен кəрі шалдай тырбиған сексеуіл жаққа қарай назар тастады. Жылқының өлексесі теңкиіп жатыр. Өлгеніне көп уақыт бола қоймаған сияқты. Құзғындар əлі етін түгел тауыса қоймапты. Сонадай жерден қолаңса иіс қолқаны қауып кетті. Айналаны көзімен дереу шолып шықты да, бір қолымен мұрнын басып, құйғытып өте шықты.
Мына мүңкіген өлексе айналадағы əсем көріністің сəнін бұзғандай болды. Желмен жарыса жүйткіп жүрген жылқы қалайша мұндай халге душар болды екен? Барымташының оғына ұшты ма, əлде шығынып кетіп, қасқырға жем болды ма? Жақын маңдағы ауылға əлі бір түндік жол бар. Қайткенде де жаттан жазым болғаны анық. Бірақ, айналада із көрінбейді. Көкпеңбек майса тапталмағанына таңғалды ол. Басқа келген пəлеге мал қалқа болады деуші еді. Малмен кеткені рас болсын! Əр кемелге – бір зауал! Жамандықтың да шегі бар. Əйтеуір ел аман болсын, – деген ой өтті қиялынан.
Ертеңіне түс болмай жатып, дүрлігіп жатқан ауылға жетті. Торы аттан ақырын түсіп, жүгенін шешіп ап, құранды ердің басына байлады да бос жібере салды.
– Жанқожа батыр келді.
– Жанқожа батыр келді, – деп алдынан шулап шыққан ауыл адамдарына сəлем берген соң хабаршыдан естіген тосын оқиғаның мəн-жайын сұрады.
– Ойбай, біз пəлеге жолықтық!
– Əр күні бірнеше малымызды əкетеді.
– Бүйте берсе, қу таяқты құшақтап қалатын шығармыз…– деп, шулап қоя берген адамдарды оң қолын көтеріп сабырға шақырды да, өзі тағайындаған жасақ басшысына иегін қағып сөйле дегендей кейіп танытты.
– Ауылды аждаһа аралағанына бір жұма болды. Əр күні түстен кейін қой-қозы, бота, тайды жұтады да жоқ боп кетеді. Атқан оқ дарымайды. Əзірге адамға ауыз салған жоқ. Кейін қайтерін кім білсін? – деді садақ ұстаған дембелше жігіт. – Шарасын таппай дал болдық.
Сол кезде жиырма қадам жердегі қараша үйден əйелдің шыңғырған дауысы шықты да, күрт үзіліп қалды.
‒ Ойбай… əне… тағы келді, – деп сөзін жалғастырды дембелше жігіт. – Аждаһа Күлəн деген… жесір əйелдің… үйінің жанындағы… суы тартылып кеткен… ескі құдықтан шығады.
Жанқожа қылышын қынабынан суырып солай қарай жүрді. Қасындағы адамдар жан-жаққа тырқырай қашты. Ауыл ақсақалы, жасақ басшысы жəне сауыт, дулыға киіп қару асынған бес-алты жігіт амалсыздан ізіне ерді.
Қараша үйдің іргесінде жұпыны киінген əйел талып жатыр. Екі қадам ар жағындағы желіде тұрған құлынды алып мақұлық жұтқалы тұр екен. Жанқожа жылдам кəлимасын қайтарды да, ақырып, қасына жетіп барған бойда шабуға оқтала, қылышын көтерді. Лезде айбатынан айырылған мақұлық көзінен пора-пора жас ағып, сылқ етіп алдына жата кетті. Оның мүсəпір халін көрген Жанқожа қылышын түсірді.
– Ағарған əкеліңдер! – деді сосын, одан отты жанарын алмастан…
Жасақ басшысы жүгіріп қараша үйге кірді де, ентелей жетті. Артына қарамастан қолын созған Жанқожа одан зерен кеседегі сүтті алып мақұлықтың басына шашып жіберді. Ол көзінен жас тамшылаған күйі Жанқожаға бір қарады да, кері бұрылып, ақырын-ақырын жылыстап, жоқ боп кетті.
Сұсты мақұлықтан құтылғанына қуанған адамдар үйге кіргізіп, бетіне су сепкен соң талып жатқан əйел өзіне келді. Ешбір жері зақымданбаған, аждаһаны көріп қорыққанынан құлап қалған екен.
‒ Бұл байғұс та құлап жаман үйренді, – деді біреу. – Үш ай бұрын қайтыс болған байының аруағы əкетуге кеп тұрғандай шошитын шығар.
Күлкі арсыз деген рас екен. Қазір ғана зəре-құты қалмай қалшылдап тұрғандар ду етіп күлгенін байқамай да қалды…
Жанқожа екі күн ақсақалдың үйінде жатты. Аждаһа қайта оралмады. Ауыл адамдары үрейден арылып, тасаттық берді. Үшінші күні елге оралатынын айтты. Қаумалаған жұрт батасын жаудырып ауыл іргесіне дейін шығарып салды. Олармен қоштасқан соң ысқырып жіберіп еді, еркін жайылып, тынығып қалған торы ат қасына жетіп келді. Құранды ерге байланған жүгенді шешіп ап аттың басына салды да, қарғып мінді. Біраз жерге дейін жай жүрді. Ауылдан ұзап шыққан соң тізгінді босатты…
Түн. Жұлдыздар жымыңдайды. Шалқалай туған айдың жарығынан жол бедері анық байқалады. Қызылқұмның ішінде Торы атты құстай ұшырып келеді. Кенет алдынан ақ отау көрінді. Айналасында қаз-қатар тізілген сансыз шам жанып тұр.
Бұл жер таныс сияқты. Анадай жердегі сексеуілге көзі түскенде барып, бұл жердің жылқының өлексесі жатқан жер екенін бірден сезе қойды. Демек, торы ат жүйткіген екен, əйтпесе, бұл жерге ертең түске тарта жетуі тиіс еді. Он сегіз мың ғаламның тылсымын кім түсінер дейсің! Өз көзімен көріп өткен жазық далаға айналасында əскері жоқ демесең, хан ордасы көшіп келгендей. Əдемі ақ отаудың жанына барғанда іштен ханшадай киінген сұңғақ бойлы қыз шықты.
Инабаттылықпен басын сəл иіп сəлем берді.
– Жолаушы, алған бағытыңыз алыс көрінеді. Бір түн қонақ боп тынығып алыңыз.
Жанқожа ізет сақтап қызбен амандасты. Астындағы торысы аман болса, ауылының алыстығы білінбейді. Айдаладағы ақ отаудан шыққан қыздың қолқасынан гөрі бұл жерде қандай сыр бар екендігі көбірек қызықтырған тəрізді. Құранды ердің басына байлаулы тұрған мітірені алған соң, атын əдеттегідей қоя берді. Мітіредегі суға жуынып ап қыздың соңынан үйге кірді де, төрге озды. Дастархан жайнап тұр екен. Жоқ жеміс пен тағамның өзі жоқ… Мынадай таңсық тағамдар ел дастарханында болса ғой деп ойлап отырды.
Қыз өзінің саятшылық құрып жүрген хан қызы екенін, нөкерлері екі қырдың артында жатқанын, мына отауда жалғыз қап тыныққысы келгенін айтты. Жанқожа оның сөзіне сенген сыңай танытып отырды. Алдында тұрған неше түрлі тағамнан жеу үшін қол созғанда тылсым бір күштің əсерімен аузына тек жабайы құмаршақ дəні түсе берді.
Біраздан соң қызға өзінің алыс жолдан шаршап келе жатқандығын, тыныққысы келетінін айтты. Қыз дастарханды жиып алды. Сол жаққа – қонаққа, оң жаққа – өзіне төсек салды. Шам өшкен соң сауытын шешіп, дулығасын бас жағына тастаған Жанқожа қыз екеуінің ортасына қылышын қойып ұйқыға кетті. Түнімен əлдеқандай ала-тасырдан ұйқысы бөліне берді. Бірақ, жатқан орнынан қозғалған жоқ.
Таң атып, айналаға түгел жарық түскен кезде орнынан тұрып, дулығасын сауытын киіп, беліне қылышын ілді. Іргеде жатқан мітіресін алып далаға шықты. Мітіреде қалған суға беті-қолын жуды.
Қыз қырқадан жаңа көтеріліп келе жатқан күнге қарап тұр екен. Қыздың қасына келген Жанқожа, оған қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, кететінін айтты. Ақ отаудың іргесінде тұрған тұрған торы атқа мінген кезде қыздың даусы дірілдеп, сəл кідіре тұруын сұрады.
– Бір-екі ауыз айтар сөзім бар еді…
– Айтыңыз, – деді Жанқожа ат үстінде тұрып.
Қыз неден бастарын білмегендей сəл бөгелді де, ойындағысын түгел ақтарғысы келді білем, сөзін əріден бастады.
– Мен… перінің қызымын… Сізге сырттай ғашық болып жүргеніме көп болды. Қасыңызға жолай алмадым… Жандүниеңіз таза болғандықтан сізді үнемі періштелер қалқалап жүреді. Жолығудың амалын таппағасын аждаһа кейпіне еніп, ана ауылға лаң салған мен болатынмын. Біз жын-перілер лас жерді иемдене саламыз. Ескі құдықты таңдағаным сондықтан. Еліңізге жаныңыз ашып, сіздің жетіп келеріңізді сезгем. Қылышыңызды көтеріп шабуға ұмтылғаныңызда жанарыңыздан шашылған отқа төтеп бере алмай буыным босап, көзімнен жас шығып кетті. Сіз аяғандықтан өлтірмей, басыма ақ құйып жібердіңіз. Сізге соңғы рет жақындаспақ боп осы жерде жолыңызды тосып жатқам. Бұл өлексе жатқан жер болатын. Оны байқап қойдыңыз. Дастархандағы тағамнан ауыз тигеніңізде мендік болар едіңіз. Бірақ, «Біссімілдə» деген кезіңізде бір тылсым күштің əсерімен менің тағамдарым аузыңызға түспеді. Ғайыптан құмаршақ дəні пайда болып, соны жеп отырдыңыз. Жатқанда ортаға қылышты қойып жаттыңыз. Мен қылышты күзеткен періштелермен айқасып таңды атырдым. Егер менімен болғаныңызда мəңгілік қара күшке ие болар едіңіз. Бірақ… екеумізден тараған ұрпақ… азып кетер еді. Жаныңыздың тазалығын сақтап қалдыңыз, – деп, мұңайған қыз сөйлеуден тоқтап, көз жасын сүртті.
– Енді не болмақ? – деді Жанқожа қызықсынып.
– Енді… – Қыз сөзін жалғастырды. – Енді бүкіл өміріңіз қылыш ұстап еліңіздің жауларымен айқасумен өтеді. Адалдығыңыз басым. Түнде алатасырды естісеңіз де қылышқа ұмтылмадыңыз. Жау өзі килікпесе, ешкімге ұрынбайсыз. Аңдысқан жау ақыры бір қапыңызды табады. Алайда, арамнан дəм татпаған адамнан өрбіген ұрпақ – еліңізді арманыңыздағыдай іргелі елге айналдырады.
Қыз Жанқожаға қимастықпен қиыла бір қарады да, «қош бол, жаны таза жігіт!» деп көзден ғайып болды. Ұшты-күйлі жоғалған ақ үйдің орнында қалы кілемнің түгіндей раң, хош исі бұрқыраған жусан қалды…
«…жаны таза жігіт… жаны таза… жантаза… жан… таза…» – деген сөздер жаңғырып тұрды да, бірте-бірте семіп бара жатты…
Жанқожа алдыңғы екі аяғын көкке көтере кісінеген атының тізгінін босатыңқырап, «шүу» деді. Торы ат күншығысты бетке алып, жүйтки жөнелді…