АС , ас беру — өлім-жітімде жасалатын кәденің соңғысы, еске алу рәсімі. А. беруді “жылын беру” деп те атайды. Бұған арнайы сойылатын жылқыны марқұмның қырқында (қырқ күн өткен соң берілетін ас-су) тұлдайды. Оған көбінесе марқұмның мінген аты белгіленеді. Мұны жетісінде де белгілей береді. Тұлдау — сол аттың қара терін шығарып барып суыту. Жал-құйрығын күзеу. Сонан соң жүген-құрықтан азат етіп қоя беру. Қазақ А-ты бір жағынан той деп есептейді. Ат шаптырып, бәйге береді. “Аруақ риза болмай — тірі байымайды” дейтін қазақ дүниеден өткен туысқанының рухын риза етуді міндет санайды. А-тан кейін ол үйде (ауылда) қаралы ту түсіріліп, азалы күй тоқтатылады. Жесір қалған әйел тек ерінің А-ын берген соң ғана қайта тұрмысқа шығуға ерікті. А. беруге қайтыс болған адамның туыс, жекжат, дос-жарандары ат салысады. Осыған орай “Ас пен той ортақ” деген қағида қалыптасқан. Көзі тірісінде елге атағы жайылған, соңында қалған ағайын-туысы мол адамдардың А-ы ұлан-асыр той дәрежесінде өткен. Ондай А-та жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылған. Бұған әр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші, жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнайы шақырылып, жүйрік аттар келетін болған. 1860 ж. Ерден Сандыбайұлына А. берілгенде 500 үй тігілген, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Ат жарыстың бас бәйгесі 100 жылқы болған. Осылай Ерденге үш рет А. берген. Үшеуіндегі шығын 1860 жылқы, 600 қой, 1000 саба қымыз болған. 1861 ж. Байдәулет Құлбекұлына берілген А-та бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе тігілген. 1874 ж. Лабақ Қуат баласының А-ы болған. Бұл А-қа 700 үй тігілген. Мұның сыртында шақырылғандар әруаққа деп малын, сойысын, сабасын және әкеледі. А-та елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы, біліктілігі сынға түседі. А. беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мәлім болып, аңызға айналған. Сағынайдың асына кеткен шығын атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болған.А. беру дәстүрі үзілмей жалғасып келеді. 1991 ж. Торғайдағы Ахмет пен Міржақыптың асы, 1992 ж. өткен Көкшетаудағы Абылай ханның, Ақмоладағы Бөгенбайдың, Талдықорғандағы Қабанбайдың астары халықтық дәстүрлердің қайта оралуының көрінісі болды