Латын тілі ежелгі грек тілімен қатар бүгінгі күнге дейін халықаралық терминдер жасаудың негізі ретінде алынып келеді. Дүние жүзінде латын тілінен енген көптеген сөздер тілдік қолданыста жүргенін аңғара бермейміз. Мысалы: академия (грек. Akademeia) – ежелгі грек батыры Академге арналған, Афинаға жақын орналасқан жер. Ол жерде Платон және оның шәкірттері оқып, академик атағын алған. Университет (лат.: universĭtas litterārum – ғылымдар жиынтығы) – құрамына бірнеше факультет біріктірілген жоғары білім беретін ғылыми мекеме. Сондай-ақ аттестат, аудитория, аспирант, адъюнктура, актив, декрет, диктатура, демонстрация, доктор, доцент, институт, конференция, конгресс, консультация, корпус, лекция, лаборатория, профессор, республика, ректор, радио, студент, субъект, университет, факультет, экзамен, т.б. көптеген сөз кездеседі.
Қазіргі кезеңде де латын және грек тілдерінің түбір сөздері арқылы жаңадан пайда болған ұғымдарға терминдік сипаты бар атаулар беріледі. Осы ежелгі екі тілдің – латын және грек тілдерінің негізінде әлі күнге дейін медицина терминологиясы толықтырылып, ғылыми жаңалықтарға, дәрілік жаңа препараттарға атаулар беріліп отыр.
Латын тіліндегі медициналық атауларды дұрыс және сауатты қолдану үшін латын тілі пәнін мұқият оқып, терминдерді дұрыс айта білуге үйрену, олардың грамматикалық формасы мен мағынасын жете түсіне білуі керек.
Латын тілінің негізін білмей медициналық білімді игеру мүмкін емес. Болашақ дәрігерлерді дайындау барысында латын тілін оқыту өте маңызды. Сол секілді латын тілінен енген сөздердің мағынасын, түпнұсқасын білу де маңызды. Себебі оларға саналы түрде латын-грек тілінен шыққан медициналық терминдерді ұғынып, түсінуге мүмкіндік береді.
Латын тілі – бірінші курс студенттері үшін бұрын оқытылмаған жаңа пән. Сондықтан оны оқытуда қиындықтар кездеседі. Медициналық жоғары оқу орындарында латын тілін студенттерге медициналық терминологияны меңгерту және тек оқу орнының қабырғасында ғана емес, болашақ кәсіби қызметінде қолдансын деген мақсатта оқытады, яғни терминологиялық сауатты дәрігер даярлауды көздейді. Латын тілі пропедевтикалық пән болғанымен, медицина факультеттерінде оқытылатын барлық пәндермен, әсіресе анатомия, биология, биохимия, микробиология, фармакология және клиникалық пәндермен тікелей байланысты.
Студент-медик үшін фармацевтикалық терминологияны оқу да маңызды. Онда фармацевтикалық нарықта қолданылатын дәрі-дәрмектердің номенклатурасы оқытылады. Студенттер дәрі-дәрмектердің атауы қалай қойылатындығын, атауында дәрі туралы белгілі бір типтік ақпарат беретін терминдік бөлшектер болатынын, сол арқылы қандай жағдайда қолданылатындығын білу үшін терминдерді түсініп, жатқа білуі керек. Рецепт жазуға машықтану үшін стандарт рецептуралық анықтамалар мен қолданылған бөлшектердің грамматикалық формасын білген жөн. Қазіргі таңда өкінішке қарай, латын тілін оқытуға бөлінетін сағат саны аз. Тақырыптар топтастырылып, біріктіріліп оқытылады, көп жағдайда тапсырма студенттердің өз бетінше дайындалуына беріледі. Медициналық терминологиямен қатар сабақтарда латын афоризмдері мен қанатты сөздеріне назар аударылады. Бұл ғасырлар бойы келе жатқан мұраны танып қана қоймай, латын сөздерін еске сақтауға көмектеседі. Латын тілін оқыту – болашақ дәрігерлерді даярлаудың ажырамас құралы. Латын тілін оқытудағы мақсат біреу – кәсіби тілдің терминологиялық жүйесінің негізін құру. Терминдердің ұғымдық мәнін толық ашу үшін тиісті кафедраларда арнайы пәндерді оқу керектігі белгілі. Ал латын тілін жақсы оқу терминдерді оңай меңгеруге, қолдануға мүмкіндік береді.
Медициналық жоғары оқу орнының басты міндеті – білікті маман-дәрігерлерді даярлау. Ал арнайы терминологияны меңгермей білікті маман болу қиын. Болашақ дәрігерлер латын тілін оқу арқылы терминдерді түсінумен қатар, орынды қолдана білетін болады.
Жалпы, әлемде медицина саласындағы термин сөздер мен дәрі-дәрмек, құрал-саймандар атауының барлығы да латын таңбасымен белгіленіп, жазылып, айтылатыны белгілі. Осы жағынан алғанда 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуіміз керек деген ой орынды. Сонымен қатар латын графикасына көшу, ең алдымен, дәрігерлер үшін оңай болатын сияқты. Өйткені медицинада латын тілі қолданылады. Латын тілі – дәрігерлердің кәсіби тілі, медицинада анатомиялық, емханалық және фармацевтикалық терминдер латын тілінде қолданылады. Медициналық терминдерді дұрыс түсіну үшін медицина саласының қызметкерлері латын тілін жақсы біліп, күнделікті қызметінде латын терминологиясын пайдалана білуі керек. Себебі цифрлы медицина латын тілінен басталады.
Студенттер медициналық терминдерді түсіну үшін грек-латын тілдерінен шыққан терминэлементтерді еске сақтауы керек. Терминэлемент дегеніміз – терминологиялық мағынасы бар ең кіші бірлік. Медициналық терминологияны меңгеру және оны қолдана білу дәрігердің кәсіби біліктілігінің ажырамас бөлігі екенін түсінуі керек. Оқытушы терминдердің құрамы мен құрылымын, оның мағынасын түсіндіру керек. Студент әр сабақта жаңа ұғымдармен, терминдермен танысады. Сондықтан студенттің қолында медициналық терминдер сөздігі болғаны дұрыс.
Осыған орай студенттерімізге латын тілі туралы қажетті ақпарат беру үшін университетімізде «Латынша-орысша-қазақша анықтамалық сөздік» құрастырдық.
Біз құрастырған анықтамалық сөздікті оқу барысында оқырман қазіргі ғылым тіліндегі көптеген сөздің түп-төркіні латын тілі екендігін аңғарады және кейбір дыбыстардың, дыбыстар тіркесінің айтылуы туралы да мағлұмат ала алады. Бұл сөздікте латын тіліндегі атаулар және олардың орысша, қазақша аудармасы берілген. Сонымен қатар еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген кейбір өсімдіктердің, жан-жануарлардың, құстардың, балықтар мен жәндіктердің, омыртқалылардың латынша-орысша-қазақша атаулары берілді. Бұл сөздік медицина саласында оқып жүрген және басқа да оқу орындары студенттерінің, сондай-ақ латын тілі саласында ізденушілердің, оқырмандардың, аудармашылардың қажетіне жарайтындығы сөзсіз. Латын тілі пән ретінде оқытылатын оқу орындарының студенттері үшін қажет құрал болмақ.
© egemen.kz