БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӘДІСТЕР АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Исмагулова Райхан Серикпайқызы
Әл-Фараби мектеп-лицейі, Петропавл, Қазақстан

Аңдатпа: Бұл мақаламызда қазіргі уақыттағы оқытудың жаңа технологиялық әдістері мен ерекшеліктері қарастырылған. Осы бағытта білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, жаңа идеялар, жаңа технологиялар туралы жазылған.
Кілт сөздер: Технология, дамыту, сыни тұрғысынан ойлау, акт, жаңа технология
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр – сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігі баршамызға мәлім.
Білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттерінің бірі – оқушыларға терең білім беру. Ал, оның негізі білім саласына жаңа технологияларды енгізу болып табылады. Оқу – тәрбие үрдісіне жаңа әдіс тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып өз бетімен ізденуге шығармашылық еңбек етуге жол салады. Пәндерді оқытуда тиімді әдіс – тәсілдерді пайдалана отырып, сабақты қызықты да тартымды өткізу, мұғалімнің шеберлігіне байланысты.. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңа педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасау қажет.
Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістерге кеңінен жол ашылуда. Осы тұрғыдан алғанда, педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Бұл үшін мұғалімдердің іс — әрекеттің ғылыми — педагогикалық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Ал жаңа технологияны пайдалану міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін көтеру мен шығармашылық, педагогикалық әрекетін ұйымдастыруда қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерудің маңызы зор. Оқытудың жаңа технологиясы дегенде, ең алдымен, педагогикалық технология деген ұғымды түсіну керек. Оқыту, білім беру тәжірибесі педагогикалық үрдістің сапасын үнемі арттырып отыруды талап етеді. Осыған байланысты ғылым мен тәжірибеде педагогикалық үрдістің сапасын көтерудің бай тәжірибесі жинақталған. Педагогикалық технология терминінің анықтамаларын көптеген авторлар өз түсінігі мен өз санасында қалыптасқан көзқарастарын қалыптастырған:
В.И. Шепельдің айтуы бойынша педагогикалық технология – мұғалімнің шеберлігіне, біліктілігіне, іскерлігіне байланысты іс –әрекеттердің жиынтығы.
Ж. Аймауытовтың пікірінше: сабақ беру – үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер деген екен[1].
Білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан – жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру ұстаздың интелектуалдық, кәсіптік адамгершілік , өзін — өзі дамытып, оқу — тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің баспалдағы. Мұғалімнің негізгі ұстанған мақсаты — білімнің жаңа үлгісін жасап оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс — тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабаққа тиімді пайдалана білуі, бір сөзбен айтқанда — оқу үрдісін дамыту. Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелетіні анық» деген пікірі нақты дәлел. Бүгінгі білім беру ісінің мақсаты – тек білім, білік дағдыларын меңгерту ғана емес, өзін — өзі дамытуға ұмтылатын, ақылды, алғыр, ой — өрісі кең, ақпарат көздерін өз бетімен қолдана алатын, қабілетті де талантты, жастарды тәрбиелеу. Үнемі дамып, өзгеріп отыратын баланың ішкі болмысы мен табиғатын қалыптастыруда мұғалімнің ықпалы ерекше.
Жаңа технологияны жүзеге асыру, тиімділігіне қарай пайдалану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық мақсат – міндетіне байланысты, өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады. Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады.Жалпы алғанда, жаңа технологиялардың көптеген түрлері бар.
Оқушы тұлғасының дамуына, қабілетінің артуына жаңа технологиялар айтарлықтай ықпал жасайтыны сөзсіз және бұл қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің дамуындағы елеулі бағыт. Сондықтан да болар қазіргі кезде біздің ұстаздар да осы жаңа технологиялар элементтерін өздерінің тәжірибелерінде пайдаланып жүр.
Жалпы алғанда, жаңа технологиялардың 40 — астам түрлері бар екен .Қазіргі таңда ең көп қолданылып жүрген әдіс-тәсілдерді атап өтетін болсақ: Венн диаграммасы, «Т» кестесі, эссе, ой қозғау, инсерт, шығу парағы, кубизм , дискуссиялық өрнек, кластер, ішіне сыртына , синквин, т. Б[2].
Оқытудың жаңа технологиясы дегенде, ең алдымен, педагогикалық технология деген ұғымды түсіну керек.
Қазіргі таңда білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі-оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық жаңа технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып, сабақтың сапалы әрі қызықты,әрі түсінікті,нақты өтуіне ықпалын тигізуде.
Педагогикалық жаңа технологияның тиімділігін айтып өтетін болсақ:
1.Оқушы өздігінен жұмыс істеуге мүмкіндік алады, соған дағдыланады;
2. Оқушының жеке қабілеті анықталады;
3. Іштей бір — бірінен қалмауға тырысып, талпынады; жарысып оқиды;
4. Тапсырманың күрделенуіне байланысты оқушының ойлау,есте сақтау , орындау қабілеті артады;
5. өзін — өзі тексеруге дағдыланады;
6. Мұғалім жекелеген оқушыларға көмектесуге мүмкіндік алады;
7. Орындағанына байланысты, қабілетіне қарай бағаланады;

Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдердің бірі — сыни тұрғысынан ойлау. Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз – ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп тұжырым жасауға бағыттау. Өз бетімен және бірлесіп, шығармашылық жұмыс жасау.Бұл әдістің тиімділігі сабақ барысында оқушылар топтық жұмыс барысында тез шешім қабылдауға, логикалық ойлауға, тақырып аясында өз ойларын дамытуға дағдыланыды.Бұл әдістің басты мақсаты оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға үйрету.
Сын тұрғысынан ойлау технологияларын пайдалану нәтижесінде қазіргі оқушының:
– Сабаққа қызығушылығы артады;
– Нақты өз деңгейінде бағаланады;
– Жеке қабілеті айқындалады;
– Өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді;
– Даму мониторингі айқын көрінеді;
Сын тұрғысынан ойлау сабақтарының алғы шарттары:
– Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау;
– Сенімділікке тәрбиелеу үшін баланың жауабын санмен бағалау;
–Әр түрлі жауапқа бірдей қарау, жақсысын мадақтап, жаманын сынамау;
-Тіл байлығын дамыту үшін қалайда жауабын соңына дейін тыңдау[3].
Бұл бағдарлама жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда оқушылардың білім деңгейін көтеруде, балаларды шығармашылыққа баулуда, ойларын еркін айтуда тез арада дұрыс шешімдер табуға атсалысатын бірден-бір тиімді бағдарлама деп есептеймін.Сын тұрғысынан ойлау — сынау емес, шындалған ойлау. Оқушылармен бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда оқушының жан-жақты дамуына оң әсерін тигізеді.Сонымен қатар ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді. Сыни тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылығын ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі. « Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясымен жұмыс жасау кезінде бұл сабақтар баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім aлyғa, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Сабақта Сыни тұрғысынан оқыту технологиясының стратегияларын пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әрбір әдіс оқушылардың ойлауына және қиялына негізделіп келеді. Баланың тереңде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлеуге, дәлелдеуге үйретеді. Оқушылар сабақта қалай оқу керектігін меңгереді және дағдыланады. Яғни дүниетанымы пайда болады. Өздері ой қорытады, нәтижеге жетуге ұмтылады. Мұғалім оқушыға қалай оқу керектігін үйретеді. Дәстүрлі оқыту әдісінде мұғалім білімді беруші болған болса, жаңа оқыту әдісінде мұғалім бағыттаушы болып табылады. Сабақтағы басты тұлға, басты кейіпкер- оқушы. Оқушыны өз бетімен білім алуға, ол үшін ізденуге, терең ойлауға, зерттеуге дағдыларын қалыптастыру қажет. Жаңа білімді меңгерту үшін ең тиімді әдіс сұрақ-жауап, әңгімелесу, диалог болып табылады. Топтық жұмыс арқылы оқушы мен оқушы арасында, оқушы мен мұғалім арасындағы диалогты тиімді ұйымдастыру арқылы мақсатқа қол жеткізуге болады.
Сонымен қатар әр сабақта оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында АКТ –ны да қолдану қажет. Әр мұғалім сабақ өткізген кезде оқушыларға сапалы білім беру үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып, сонымен қатар компьютерді, интерактивті тақтаны қолдану арқылы білім берсе, оқушылардың қызығушылығы арта түсері анық.Интеративтік тақта арқылы сабақты өте тиімді,қызықты әрі түсінікті өтуіне үлкен мүмкіндік береді.
Жаңа технологияны қолдану арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастырып, шығармашылыққа баулуға көп мүмкіндік туады. Оқушыларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту-бүгінгі күннің басты талабы. Осы талап тұрғысынан алғанда оқу –тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі әдіс-тәсілдерін іздестіру жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың маңызы ерекше. Қазіргі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен мақсат-өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу[4].
Оқушылардың шығармашылығын, танымдық белсенділігін арттыруда шығармашылық сабақтарды өткізудің, оқушының өз бетімен ізденіп, шығармашылық ой-өрісін арттыруда алатын маңызы ерекше.
Қорытындылай келе, жаңа технологиялар оқушының қабылдаған білімін шығармашылықпен жеткізуге үйрететін әдіс болып табылады. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтары артып, сыныптың білім сапасы көтеріледі.Егер де жаңа технология элементтерің сабақта өз дәрежесінде ұйымдастыра білсек, өз нәтижесін береді деп ойлаймын.Ойын түрлері арқылы баланың қиялын дамытады, зейінін ашады, халықтық педогогикамен таныстырады, терең білім береді; оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырады, осы сатыға жеткізуші дәнекер-ойдың модулі деп түйіндеуге болады. Бұл әдіс оқушыны ізденімпаздыққа, өз бетімен білімін жетілдіруге баулып, шығармашылық қабілетін дамытады. Сабақ беруде пәндерді оқыту технологиясын жан-жақты қолдану- ұстаз білігі мен шеберлігі. Яғни, тәуелсіз елдің талапты ұрпағын тәрбиелеудегі жауапкершілік.Ұстаздың міндеті –жеке тұлғаның өзіне, қоғамға қажетті қабілеттерін қалыптастыру, дамыту және өз бетімен білім алуына, өзін –өзі дамытуға қолайлы жағдай жасау. Осыған байланысты әр педагог сапалы білім мен саналы тәрбие берудің тиімді жолдарын іздестіру қажет, себебі ХХІ – ғасыр – білім беру жүйесін ақпараттандыру ғасыры.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Б. Сегізбаева Ойын технологиясын қолдану арқылы баланың тілін дамыту // Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. – 2014. — №10.
2. Б.А. Тұрғынбаева Дамыта оқыту технологиялары. – Алматы: Атамұра, 2015.
3. Ж. Оспанқұлова Бастауыш сынып оқушыларының ой өрісін дамытудың кейбір тиімді әдістері // Бастауыш сынып. – 2013. — № 12.
4. А. С. Егембердиева Оқытудың педагогикалық технологиялары туралы жалпы мағлұматтар әдістемелік көмекші құрал. – Алматы: Алматы кітап, 2016.
5. С. Е. Қаңтарбаев Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетін қалыптастыру:теория және қалыптастыру әдістемесі. – Ақтөбе: 2013.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *