Құқықтық негіздер

Құқықтық негіздер
Конституция елдi зайырлы мемлекет ретiнде орнықтырады және діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ дiн ұстанудан бас тарту құқын береді.
Бұл құқықтар конституциялық құрылым, қоғамдық тәртіп, адамның құқықтары мен бостандықтары, халықтың денсаулығы мен ақылағын қорғау үшін қажетті заңдармен ғана шектелуі мүмкін. Конституцияға сәйкес барлық адамдар діни немесе басқа да наным-сенімдерді ұстануға, діни іс-шараларға қатысуға және өз нанымдарын таратуға құқылы. Алайда бұл құқықтар іс жүзінде «дәстүрлі» немесе тіркелген діни топтармен шектеледі.
Маусым айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін Қоғамдық даму министрлігі деп өзгертті. Министрліктің Дін істері комитеті елдегі дін тәжірибесін реттеуді жалғастырып жатқан Қоғамдық келісім комитетіне айналды. Заңға сәйкес, Қоғамдық даму министрлігі дін саласындағы мемлекеттік саясатты жасауға және іске асыруға, сондай-ақ үкіметтің және азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз етуге жауапты. Ол сондай-ақ діни қызмет пен экстремизм туралы заңдарға қатысты бұзушылықтарды қарастырады. Қоғамдық даму министрлігі заңнама мен нормативтік актілерді әзірлейді, діни материалдарға талдау жасайды және цензура туралы шешім қабылдайды. Барлық діни бірлестіктер діни материалдарды таратпас бұрын бекітуге міндетті. Қоғамдық даму министрлігі діни топтарға тыйым салу және дін туралы заңды бұзған адамдарды жазалау үшін құқық қорғау органдарымен жұмыс істейді, діни тәжірибені реттеуде жергілікті билік органдарының әрекеттерін үйлестіреді және дін туралы заңның ресми түсіндірілуін қамтамасыз етеді.
Терроризмге қарсы заң діни ұйымдардан діни ғимараттарды ықтимал террористік шабуылдардан қорғауды талап етеді; діни ұйымдар аталмыш талапты орындай алмаған жағдайда үкімет оларға қарсы шара қолдануы мүмкін. Заң бойынша үкімет мемлекеттің конституциялық негізіне, егемендігіне немесе аумақтық тұтастығына қауіп төнбеген жағдайда, азаматтар немесе тұрғындардың дінді таңдауына кедергі болмайды.
Заң адамды қандай да бір дінді ұстауға мәжбүрлеуге, діни топтың қызметіне немесе діни рәсімдерге қатысуға мәжбүрлеуге тыйым салады.
Қылмыстық және әкімшілік кодекске сәйкес, заңсыз діни қызмет үшін жаза қарастырылған, оған тіркелмеген діни топтардың қызметін ұйымдастыру және қатысу, діни қызметті рұқсат етілген аумақтардан тыс жерлерде жүргізу, діни материалдарды лицензиясыз тарату немесе діни қызметкерлерді оқыту, үкіметтің рұқсатынсыз немесе үкімет мақұлдамаған жерлерде діни әдебиетті сату, сондай-ақ міндетті миссионерлік тіркеуден өтпей дінді прозелитизациялау мақсатында талқылау жатады.
Қылмыстық кодекс «дінаралық алауыздықты тудыруға» тыйым салады, оған «азаматтардың дініне [және басқа да сипатына] байланысты бірегейлігін, артықшылығын немесе кемшілігін насихаттау» жатады. Сондай-ақ, заң діни төзімсіздік пен бірегейлікті насихаттайтын қоғамдық институттарды құрғаны және басқарғаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Діни бірлестіктер мен басқа да ұйымдарға қатысты қолданылатын экстремизм туралы заң үкіметке топты «экстремистік ұйым» ретінде тануға, белгілі бір топтың қызметіне тыйым салуға және тыйым салынған ұйымға мүше болғаны үшін жаза қолдануға мүмкіндік береді. Заң «экстремизмді» конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге; елдiң егемендiгiн немесе аумақтық тұтастығын бұзуға; ұлттық қауіпсіздікті бұзуға; билікті күшпен тартып алуға немесе ұстап қалуға; қарулы көтеріліске; зорлық-зомбылыққа шақыратын этникалық, діни немесе өзге де қоғамдық алауыздықты тудыруға; немесе қауіпсіздік пен денсаулыққа қауіп төндіретін кез келген діни тәжірибені пайдалануға бағытталған іс-әрекет және / немесе ұйым ретінде анықтайды. Экстремистік ұйым — «экстремизммен айналысатын және сот экстремистік деп таныған заңды тұлға, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі».
Заңда топты «террористік немесе экстремистік» деп тану үшін реттелген сот процедуралары қарастырылып, сотқа үкім шығару мен шешім қабылдауға қажетті уақытты 72 сағатқа шейін қысқартады. Құқық бұзушылық заңды түрде анықталған соң, заң лауазымды тұлғаларға ұйымның тіркеу құжатын жоюға, яғни оның заңды жұмысын тоқтатуға және мүлкін тәркілеуге рұқсат береді. Прокурорлар жыл сайын мемлекеттік органдарда тіркелген барлық топтарды тексеруге құқылы.
Әкімшілік кодекс елде «тіркелмеген діни топтардың дінін таратуға» тыйым салады, ол үшін 226 900 теңге (600 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлетеді. Кінәлі деп танылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам депортациялануы мүмкін.
Діни ұйым «ұлттық», «аймақтық» немесе «жергілікті» деп танылуы мүмкін. Жергілікті деңгейде тіркелу үшін діни топтар Әділет министрлігіне кем дегенде 50 негізін құрушы-мүшенің аты-жөндері мен мекен-жайларын көрсетіп, арыз беруге тиісті. Қоғамдастықтар аймақтық немесе ұлттық деңгейде тіркелу үшін жеткілікті мүше саны болмаған жағдайда, тіркеліп жатқан географиялық аумақтың шеңберінде ғана жұмыс істей алады. Аймақтық тіркеу әрқайсысы бөлек облыста (елді-мекен) орналасқан кем дегенде екі жергілікті ұйымды қажет етеді және әр жергілікті топта кемінде 250 адам болуы керек. Ұлттық тіркеу үшін еліміздің әр 14 облысынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан кемінде 300 адам, жалпы саны кем дегенде 5000 адам болуы қажет. Ұлттық немесе аймақтық деңгейде тіркелген топтар ғана діни қызметкерлерді оқыту мақсатында білім беру мекемелерін ашуға құқылы.
Заң мүшелер саны жеткіліксіз болған жағдайда немесе Қоғамдық келісім комитеті жүргізген сараптама нәтижесінде діни топтың жарғысы мен кез келген ұлттық заңның арасында сәйкессіздіктер болған жағдайда, үкіметке діни топты тіркеуден бас тарту құқығын береді. Әкімшілік кодекске сәйкес, тіркелмеген, қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған діни топқа мүшелік ететін, басқаратын немесе қаржыландыратын тұлғаларға 113 450 теңге (300 АҚШ доллары) мен 453 800 теңге (1200 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Әкімшілік кодексте жиналыс өткізу үшін бекітілмеген ғимараттарда діни жиналыстар өткізетін; Қоғамдық келісім комитеті тарапынан мақұлданбаған діни материалдарды импорттайтын, өндіретін немесе тарататын; тіркелген ұйымның жарғысы мен нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келетін іс-әрекеттерді жүйелі түрде жүргізетін; діни объектілерді рұқсатсыз салатын; заңға қайшы келетін жиналыстар мен қайырымдылық іс-шараларын өткізетін; немесе конституция мен заңдарды басқа да әрекеттері арқылы елемейтін тіркелген топтар үшін кез-келген діни іс-шараларды жүргізуді үш айға уақытша тоқтату жазасы мен 453 800 теңге (1200 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл қарастырылған. Аталмыш әрекеттерді жүзеге асыратын жеке тұлғаларға 113 450 теңге (300 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады. Полиция бұл айыппұлдарды сотқа жүгінбей-ақ салуы мүмкін. Айыппұлмен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге болады.
Егер ұйым, оның басшылары немесе мүшелері ұйымның жарғысында көрсетілмеген қызметпен айналысса, оған ескерту жасалады және / немесе 226 900 теңге (600 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік кодекс бойынша, аталмыш заң бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанса, заңды тұлғаға 340,350 теңге (910 АҚШ доллары) айыппұл салынады және үш айдан алты айға дейін қызметі уақытша тоқтатылады.
Әкімшілік кодекске сәйкес, егер діни ұйым тыйым салынған қызметті жүзеге асырса немесе қызметін тоқтатуға себеп болған бұзушылықтарды түзетпесе, лауазымды тұлғаға немесе ұйым басшысына 453 800 теңге (1200 АҚШ доллары) көлемінде, ал ұйымға 1,134,500 теңге (3000 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады және оның қызметі тоқтатылады.
Заң азаматтардың және тұрғындардың денсаулығына немесе ақылағына зиян келтіретін, отбасылық қарым-қатынасты үзіп, ажырасуға әкелетін, адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзатын немесе азаматтарды конституция мен заңнамада көрсетілген міндеттерді орындаудан жалтаруға итермелейтін мәжбүрлі діни іс-әрекеттерге тыйым салады. Заң қайырымдылыққа тәуелді дінді жаңадан қабылдаған адамға қатысты прозелитизм әдістерін пайдалануға тыйым салады. Заң сондай-ақ діни қызметке қатысуға мәжбүрлеу мақсатымен бопсалауға, зорлық-зомбылыққа, қоқан-лоққы көрсетуге немесе материалдық қорқыту құралдарын пайдалануға тыйым салады.
Заң бойынша тұтқын діни рәсім жасау үшін діни қызметкердің көмегіне жүгінген жағдайда, ол ресми түрде тіркелген діни топтың діни қызметкерін қамауда ұстау орнына шақыра алады, алайда бұл түрменің ішкі ережелеріне қайшы келмеуге тиіс. Заңда түрме аумағында ғибадат орындарын салуға тыйым салынған. Заңға сәйкес, діни ұйымдар түрмелерді бақылауға, оның ішінде түзету жүйесін жетілдіруге бағытталған бағдарламаларды құруға және іске асыруға, сондай-ақ түрме жүйесіне байланысты заңдар мен нормативтік актілер жобаларын әзірлеп, талқылауға қатыса алады. Діни топтар қамаудағыларға гуманитарлық, әлеуметтік, құқықтық және қайырымдылық көмекті анықтауы, беруі, таратуы және бақылауы мүмкін. Олар заңға қайшы келмейтін болса, пенитенциарлық жүйе органдарына басқа да көмек түрлерін ұсына алады. Заңға сәйкес, тұтқындар Қоғамдық келісім комитеті жүргізген сараптамадан кейін мақұлданған діни әдебиетті пайдалануы мүмкін.
Заң «діни туризмді» «адамдар уақытша тұрғылықты елде (жерде) діни салт-жораларды орындайтын туризм типі» ретінде анықтайды және оның Қоғамдық даму министрлігі тарапынан реттелуін талап етеді, сондай-ақ Ханафи мәзһабын таныған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) бірге, діни салт-жораларды орындау үшін адамдардың қажылыққа немесе басқа сапарға баруын бақылауды талап етеді. Үкімет әр топты арнайы таңдап алынған гидтер мен имамдар алып жүруін талап етеді, бұл ережелер қажылыққа барушылар экстремистік діни топтардың ықпалына түспес үшін ойластырылған.
Заң діни рәсімдерді мемлекеттік ғимараттарда, оның ішінде әскери немесе құқық қорғау органдарына тиесілі ғимараттарда жүргізуге тыйым салады.
Заң бойынша діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды шығару, жариялау мен таратуға Қоғамдық келісім комитеті жүргізген сараптама қорытындысы оң болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заң жеке пайдалануға арналған діни материалдардың бір данасын сараптама жасауынсыз импорттауға мүмкіндік береді.
Заң үкіметке баланың денсаулығына зиян келген немесе баланың құқығы бұзылған жағдай орын алмаса, ата-аналарға балаларын өз діни наным-сеніміне сәйкес тәрбиелеуге кедергі жасауға тыйым салады.
Заң ата-ананың бірі немесе басқа да заңды қамқоршылардың бірі қарсы болған жағдайда, ұйымнан «18 жасқа толмаған жасөспірімнің діни бірлестіктің қызметіне қатысуын болдырмау үшін шара қабылдауды» талап етеді. Заң діни қызметті, оның ішінде прозелитизмді, балалар мерекесінде, спорттық, шығармашылық және басқа да бос уақытты ұйымдастыру шараларында, лагерьлерде, санаторийде жүргізуге тыйым салады. Ұйымдар кәмелетке толмағандардың діни қызметке араласуын қаншалықты шектеуі керегі анықталмаған және бұл билік органдары тарапынан да белгіленген жоқ.
Заң мемлекеттік мектептерде, колледждерде немесе университеттерде діни оқытуға тыйым салады. Үйде оқыту кезінде де діни білімге тыйым салынады. Заң тіркелген діни бірлестік тарапынан болған мектептен тыс және басқа да қосымша діни оқуғаларға рұқсат береді. Жарлық бойынша мектеп оқушылары білім берудің зайырлы сипатына сай келетін мектеп формаларын киюге тиіс, бас киім сияқты белгілі бір дінге қатыстылықты білдіретін кез келген элементтерді енгізбеуге тиіс. Сайлау туралы заң діни қатыстылыққа негізделген саяси партияларға тыйым салады.
Қылмыстық кодекс қызметі «азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетумен, олардың денсаулығына зиян келтірумен немесе азаматтарды азаматтық міндеттерін орындаудан жалтаруға шақырумен» байланысты діни немесе қоғамдық бірлестіктер құруға, басқаруға не белсенді түрде қатысуға, сондай-ақ діни негізде партия құруға және жетекшілік етуге тыйым салады. Кодекс мұндай әрекет үшін 12,7 миллион теңгеге шейін айыппұл (33,900 АҚШ доллары) немесе алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Елде миссионерлік немесе басқа діни қызмет атқару үшін шетелдіктер миссионерлік немесе діни виза алу керек. Бұл визалар адамға алты айға шейін елде тұрақтауға және тұрақтау мерзімін тағы алты айға дейін созуға мүмкіндік береді. Миссионерлік визаларды алу үшін үміткерлерді елде ресми түрде тіркелген діни бірлестік шақыруы керек. Шақыру хаты Қоғамдық келісім комитеті тарапынан мақұлдануға тиіс. Өтініш берушілер өтінім берген сайын Қоғамдық келісім комитетінің келісімін алу керек. Қоғамдық келісім комитеті комитеттің діни сарапшыларының теріс бағасына сүйене отырып немесе миссионерлер елдің конституциялық құрылымына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына немесе кез-келген адамның денсаулығы мен ақылағына қауіп төндіретін болса, миссионерлік виза өтінімдерін растамауға хақылы. Конституция шетелдік діни бірлестіктерге өз қызметін жүзеге асыру кезінде, соның ішінде жергілікті қауымдардың басшыларын бекіткен кезде «тиісті мемлекеттік мекемелермен», атап айтқанда Қоғамдық келісім комитеті және Сыртқы істер министрлігімен келісе отырып (СІМ) бекітуді талап етеді. Шетелдіктер діни бірлестіктерді тіркеуге құқылы емес.
Жергiлiктi және шетелдiк миссионерлер жыл сайын облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органында тiркелiп, дiни сенiмi, миссионерлiк жұмыс аумағы және осы жұмысты орындау мерзiмi туралы ақпарат бередi. Миссионерлер өзінің миссионерлік қызметін жүргізуге қолданатын барлық әдебиеттер мен басқа да материалдарды тіркеуге өтініш білдірген кезде бірге беруі керек. Тіркеу кезінде тексерілмеген материалдарды пайдалану заңсыз болып табылады. Миссионер діни бірлестіктің атынан жұмыс істеу үшін тіркеу құжаттары мен демеуші діни ұйымның сенімхатын тапсыруы керек. Облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органы «конституциялық тәртіпке, әлеуметтік тәртіпке, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен ақылағына қауіп төнсе», миссионерлерді тіркеуден бас тартуы мүмкін.

Ел Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге мүше болып табылады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *