Күз көңіл

Бір ауыз сөз

Жабығып жаным, қалады кейде қамығып,
Өмірге құштар, жүректің нәзік назын ұқ.
Дәрімен емдеп жазылмас дерттің дауасы,
Бір ауыз сөзден жатады кейде жазылып.

Бір ауыз сөзде жатады қанша сыр тұнып,
Күн кешу керек тек қана алға ұмтылып.
Кіршіксіз аппақ, періште таза көңілден,
Жазылып шығар маржандай аппақ жыр тұнық.

Өлеңім- әрбір бір ауыз сөзден құралған,
Бір ауыз сөзден туады қанша жыр-арман.
Бір ауыз сөзбен жетелеп алға келеді,
Өлеңім менің- жүректен шыққан шығармам.

Бір ауыз сөзден жаныңа ләззәт табасың,
Бір ауыз сөзбен жазасың жүрек жарасын.
Құдіреті күшті бір ауыз сөздің мұншалық,
Жүрейік біліп бір ауыз сөздің бағасын!

Күз көңіл

Өмірге құштар жүрегім,
Сүргісі келер ізгі өмір.
Алайда менің кеудемде,
Орнығып қалған күз-көңіл.

«Күз көңіл» демей не дейін,
Жабырқап жүрсе көңілім.
Болса да қаяу көңілде,
Шаттыққа толы өмірім.

Сезінген жанмын бақытын,
Отбасы, ошақ қасының.
Өзіндік мөлтек сыры бар,
Көзімнің әрбір жасының.

«Аллаға шүкір» дегенмен,
Ұмтылып алға келем мен .
Іштегі шерді тарқатып,
Аламын айтып өлеңмен.

Өлеңмен жазып сыр-мұңды,
Сезімге тәтті бөленем.
Ғашық боп жүрген Жібекпін,
Қиялдан жасап «Төлеген».

Іздеймін…

Көздерімнен сағыныштың ыстық жасы тұрса ағып,
Өлең жазам ақ параққа сырымды айтып мұң шағып.
Іздеп жүрмін өзіңді, Ана, сағым күндер ішінен,
Сенсіз өмір сүру қиын, қиын екен мұншалық.

Елегізіп сені іздеймін, қайта айналып келердей,
Құшағына алып, «құлыным» — деп мейірімін төгердей.
Өлеңімнің шумағынан сені іздеймін Анашым,
Жанымды ұғып, көңіліме бір жұбаныш берердей.

Түсініксіз бір күйде жүрмін жанымды жеп мұң-қайғы,
Сәби жүрек өзіңді іздеп аласұрып сыздайды.
Сағынғаннан өзіңді ойлап кешке ұйқыға жатамын,
Тым болмаса бір тамаша түс көрсем деп сіз жайлы.

 Өлең-дәрі…

Тұла бойым тұнып тұрған сағыныш,
Көңіл-кептер көкжиекке алып ұш.
Жан жарасын сұлу сөзбен емдейтін,
Қолыңа ал да өлең деген дәріні іш.

Ем тапқандай жарасына жүйелі,
Менің жаным өлеңді ерек сүйеді.
Ақын болу жүрегіңді тұтқындау,
Тұтқындаулы өнер қандай киелі!

Өлеңімде бұғып жатыр сырларым,
Ашып айтып, келеді кейде жырлағым.
Қолыңа алып оқы рахат сезіммен,
Ақын қыздың балауса жыр шумағын.
[25.10, 19:26] Ulagat.com: Ризамын

Өмірге мынау келгенім үшін ризамын,
Еншіме тиген тағдырым үшін ризамын.
Жаратқан ием жаратса мені қандай қып,
Өмірде солай барлығым үшін ризамын.

Осынша өмір сүргенім үшін ризамын,
Шаттанып, шалқып жүргенім үшін ризамын.
Қызығы менен шыжығы қатар жүретін,
Өмірдің мәнін білгенім үшін ризамын.

Ризамын әрбір ағарып атқан ақ таңға,
Күн күліп көктен шуағын жерге шашқанға.
Тәңірдің жалғыз барына шексіз ризамын,
Түсіріп қояр тәубәңа асып тасқанда.

 Әкеме

Өзіңе жыр арнайды бүгін сенің,
Өсіріп, әлпештеген балақайың.
Бүгінге дейін сені «Әке»демей,
Деп келдік біз өзіңді «ағатайым».

Танытып әр балаңа оң мен солын,
Біздерді тәрбиелеп, мәпеледің.
Бір үйдің менде бүгін иесімін,
Келеді енді өзіңді «әке» дегім.

Өзіңсің алдымдағы асқар тауым,
Балаларың — жайнап өскен бақша бауың.
Берші, Әке, ақ батаңды құлыныңа,
Өнердің басқан үлкен баспалдағын.

 

 Темирханова Салтанат — ақын. 1972 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Киікті ауылында дүниеге келген. Ақындық қабілеті мектеп кезінде танылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *