«Даналықтың данышпаны- Абай».
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Абай…Тас боп қатқан болмысында бүкіл бір әлем сиып кеткендей. Не деген болмыс? Не деген құдірет? Абайдай дананың кітабына үңіліп, ғибадатқа толы өнегелерін сараптау үлкен шеберлікті қажет ететіні сөзсіз. Абайдың бай мұрасынан нәр алмау мүмкін емес. Адамзаттың ақылманы…Заманымыздың ғұламасы… Оның әрбір шығармасына адамның түгел бір өмірі сиып кетер ме дерсің? Абайды оқымаған қазақ кем де кем дей келе, Абайдың бейнесіне үңіліп, жұмбаққа толы сөздерінің құпиясын әлі де шеше алмай келе жатқанымыз бетенеден белгілі.
Иә… Абай тылсымға толы мына дүниені болжап кеткен абыз — әулие. Бұлай деуімізге мың себеп бар тұғын. Абай атамыздың мына бір сөздері есіме оралады: «Білімді ел ешкімге де құл болмайды». Ақын дөп басып айтты. Еңсемізді көтере алмай, әлі де шұлғи басып келе жатқан әлсіз тұсымыз ол мансапқұмарлығымыз. Бұл құпиясы тереңде жатқан ауыр сыр болар. Үш ақ нәрсе адамның қасиеті деп айтып кеткенде, ақылға сала алмай, қайратымызды орынды жұмсай алмай, жүрегімізден орын таба алмай жүргеніміз анық емес пе? Адамзаттың қыры адамгерщілік деп дәлелдеп, мейірімділікті санамызға сіңіріп, жүрегімізге ұялатып кетті. Ендеше бір бірімізге сол мейірімді сыйлау жолында неге мүшкілміз? Сан ғұмырын сарп етіп, сауатсыздықтың санасына білім нәрін құйғанда, неге бейбастықпыз? Ұлы ақын ұлттың ұлылығын ұлықтағанда, әлі де рухымыздың әлсіз болып отырғаны жаныма батады. Әкені бағалауды, ананы аялауды үйреткенде, олардың орны қарттар үйі болып отыр. Ешбір теңдесі жоқ махаббаттың құдіретін ашып бергенде, бірінің жолында бірі құрбан болған ғашықтарды неге ұлықтамасқа? Тобықтай сөздің түймедейі демекші, өз ойымыды қорытындылай келе, көпке топырақ шашудан аулақпын. Осал тұстарымызды ажыратып, жүрегіміз тек мейірімділікпен өлшеніп, еңсеміз жоғары, рухымыз асқақ, ұлтжанды болғымыз келсе, Абайдың әлеміне еніп, Абайдың көзімен қарауымыз керек шығар деген ой келеді. Мүсіні тас боп қатып тұрса да, «Қалың елім қазағым, қайран жұртым»,- деп өзегі өртеніп тұрғандай көрінеді.
Ақтөбе қаласы
«19 орта мектеп» КММ- нің
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Арыстанова Гаухар Тойбазарқызы.