Бесікті неге нағашылары әкеледі?

Бесікті неге нағашылары әкеледі?

Дүние есігін ашқан сәби осы әулеттің ұрпағы емес пе? Неге оның алтын ұясын, киелі мекенін дайындау нағашыларына жүктеледі?

Сәби дүниеге келгенде жарияға жар салып сүйінші сұраймыз, 40 күн өткен соң бесік той жасаймыз деп тағы шабыламыз. Бірақ бесік тойдағы шығынның бәрін нағашы жұрты көтереді. Бесікті жабуымен, төсегімен, шашуымен, «тыштымасымен» нағашы әже әкеледі. Одан бөлек, велосипед, әткеншек, бесікарбасы тағы бар. Екінші бір сөмкеде сәбидің 7 жасқа келгенше киетін киімі болса, үшінші сөмкеде құда-құдағиларға арналған сый-сияпат болады. Әрине, соңғылары кейін қосылған үрдіс. Ал ұрпағының саны өсіп, немерелерінің қатары бір адамға толыққан ата-әже ас та төк дастархан жайып, ел-жұртты, ағайын-туманы, құда-жекжатты тойға шақырады. Сосын әлі буыны қатпаған сәбиге салтанатты киім кигізеді де, қолдан-қолға өткізіп, бесікке салу рәсімін бастайды. Бесік тойда жасалатын әрбір ырым мен салтты өзі тарқатып жазсаң бір-бір тақырып. Жалпы, бесікке салу дәстүрін осылай жасау дұрыс па? Асылында «бесік» деген ұғым қайдан шыққан? Бесіктің балаға пайдасы мен зиянды қандай? Осы және басқа да мәліметтерді дәстүр жайындағы кітаптар мен ғаламтордан іздеп көрген едік.

✅Бесікті кім дайындауы тиіс?
Бесік – киелі мүлік. Бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Біздің қазақта бесік әкелу деген салт бар. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының яғни нағашы әжесінің парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек, — дейді салт-дәстүрді насихаттап, дұрыс-бұрыстығын насихаттап жүрген Зәйнеп Ахметова.

✅Бесіктің сәбиге пайдасы
Біріншіден – қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Екіншіден – баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Үшіншіден – сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Сырттан келетін кері энергия мен шаң-тозаңнан сақтайды. Төртіншіден – бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетілгендіктен баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесіншіден – бесіктегі балаға бесік жыры, ана әлдиі айтылады. Өнегемен, тәрбиемен, өрілген өлең жолдары сәбидің бойына көркем мінез, ұлттық қасиет, жомарттық пен жанашырлық сынды жақсы қасиеттерді дарытады.

✅Бесік қалай пайда болды?
Ұлттың ұясы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мүлік болып танылған бесіктің пайда болуы өте ертеде екен. Аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған деседі. Айдархан бидің әкесі, төңірекке белгілі Мизам баба, қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысса керек. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріпті. Өзі сүрген ғұмырында еккен көшет-талдардан үлкен бау-бақшалар өсіп шығыпты. Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар болған қытайлар, бақилық бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жіберіпті. Сол уақытта Мизам бабаның баласы, Айдархан би, алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол, үйге қарай аттың басын бұрады. Ауылға асығыс жетіп, ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп қатты қапаланады… Бірақ жылдар өте береді… Айдархан би үйленіп, тұңғышы туылады. Бірақ туыла сап, сәби тоқтамай жылай береді. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Күндердің күнінде тынымсыз жылайтын бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағымен Айдархан, қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды. Иә, бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, төсегі жайлы болады. Бір ырғақпен тербелген бесік баланың денсаулығының мықты болуына, миының дамуына, қол-аяғының дұрыс жетілуіне, тіпті тәлім-тәрбиесі мен мінез-құлқына керемет әсер етеді. «Бесік баласы бек баласы» деп бекер айтылмаған. Бесік жас нәрестенің салмақты да ұстамды болып өсуіне ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *