ӘРХАМ КӘКІТАЙ ҰЛЫ ЫСҚАҚОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Құнанбай ел басқару жұмысын балаларына қалдырып, өзі тағат, ғибадат, ораза, намазға бой ұрып үйінде отырып қалды деп жоғарыда жазған едік. Енді сол кісі жетпіс бір жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағыбатолла, құдай үйіне — Меккеге барып тауап қып қайтайын деп едім»,- деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап беріседі. Құнанбай қасына өзінің асырап алған інісі есебінде ұстаған адамы Ізғұттыны ертіп жолдан Қаракесек Байбөрі руы, бұрын Меккеге бірнеше рет барып қайтқан Өндірбай халфеге барып сол кісіні басшылыққа алып кетеді.
Абай өзі басқарып Мекке жақтың жолын, жөнін жазып беріп және ауызша ұқтырып жібереді. Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат-арбамен шығып Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып одан әрі Қара теңізден пароходқа отырып көп михнат көріп бір айдан асқанда Мекке қаласына жетеді. Құнанбай барған уақытта қажы болуға барған қазақ аз екен. Барлық үш жүздің баласынан барушы жеті-сегіз ғана адам болады.
Бұлар барғанда бұрын барған қажылар орналасып қалғандықтан қазақтарға жататын орын табылмаған соң Құнанбай арапша білетін бір тілмәшті жалдап алып, қаланың билеуші бастығы Әмірге барып хал-жәйін айтып жатар орын сұраса Әмір:
-Сіздер нендей халықсыздар?- дейді.
-Біз — қазақ деген халықпыз,- десе, Әмір біле алмайды. -Бізге жер үстіндегі мұсылман халқы жылда келіп Қағыбатолланы тауап қып қайтады. Қазақ деген мұсылман ел бар деп бұл бірінші естігеніміз,- дейді. Құнанбай қайтып жолдастарына келгенде қатты қапаланып келеді. Мәнісін сұрағанда Әмірдің сөзін айтады:
-Жер жүзінде біздің қазақтан қор халық жоқ екен. Барлық мұсылманның ұйытқысы болған Мекке бастығы аты-жөнімізді білмеді,- дейді. Сол қазақтан барған қажылардың ішінде кіші жүз Мырқы деген адам бар екен. Сол кісі:
-Құнанбай, сен босқа налыма, қазақ елінің атын шығарамын десең кейінгі қазақ тұқымына мұра болып қаларлық бір қонақ үй салғыз, не дайын үй сатып ал. Пұл менен болсын, еңбек сенен болсын,- депті. Соған уәде байласып өзге қажылар еліне қайтқанда қазақ тәқиясы, яғни қонақ үйін салғызбақшы болып Құнанбай Мекке қаласында қалады. Оған Мырқы бір мың қаражат береді. Өзге қажылар да шамасынша көмек беріседі. Қош айтысарда Құнанбай Мырқыға:
-Мен тірі болсам, бұл жұмысты орындамай қайтпаймын. Осы қонақ үйді сіздің атыңызға жаздырамын,- десе Мырқы:
— Олай емес, мен мал бердім, сен жаныңды қиып қалдың, сондықтан малдың атына жаздырма, жан қиған өз атыңа жаздыр,- дейді.
Құнанбай Меккеде екі ай жатып жүздей адам сиярлық қонақ үй салдырып бітіріп, «Қазақ Құнанбай тәқиясы» деп жазғызып аман-есен қайтады. Құнанбай үйіне келген соң сегіз жылдай дүние жұмысына қатыспай, оңаша үйде ғибадат қып жатып, жетпіс тоғыз жасында қайтыс болады. Сүйегін Абай мен Ысқақ қыстауының ортасы Ақшоқы тауының бөктеріне жерлейді.
АХАТ ШӘКӘРІМ ҰЛЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН.
Құнанбай Меккеге барған соң, ондағы жалпы жағдаймен танысады. Онда нашар, кедей адамдар келсе түсетін, тегін жататын орынның жоқтығын байқайды. Осы оймен ол Меккеге барған қазақ байларының басын қосып: -Біз осында Құдай жолы деп келдік бәріміз нашар емеспіз, жететін қаражатымыз бар. Ал, осында қаражаты жоқ, кемтар келсе қайда жатпақ, пұл төлеп жатуға шамасы келмесе не істемек? Сондықтан, біз ортамыздан ақша жинап, бір жатақхана салдырып, құдайы қылсақ, оған нашар кемтарлар келсе, үлкен сауап болмай ма? Және құр қажы болып қайтқанға мәз болмай, халыққа оның ішінде нашарларға жәрдемі тиетін іс істеп қайтқанымыз жөн емес пе? Бізді көріп тағы біреулер осындай игілікті істі істеп, бірте-бірте үлкен сауап істер істеліп жатпай ма? –дейді.
Осыны айтқан соң, қазақ қажылары орталарынан ақша жинап, бұл істі басқарып орындауды Құнанбайға тапсырады. Құнанбай ағаштан астылы-үстілі үлкен жатақхана салдырып, құдайы қылып, оған Қанатбай деген адамды күзетші, басқарушы етіп тағайындап қайтады.
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ:
1911 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Шәкәрім Құдайбердіұлы: «1874 жылы қажыға барғанында қазақ қажылары түсетұғын Мекеде бір тәкиә, яғни үй сатып алып, құдайы қылып еді. Осы күнде кіші тәкиә деп атайды. Марқұм қажының дін туралы қылған істерін түгел айтып, бұл кітапшаға сиғыза алмаспын, қазақ ішінде атын үш жүздің қазағы түгел білетұғын орны бар еді. Бірақ бұл күнде ертегі сөз сықылданып ұмытылған шығар», — дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *