Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие мен білім берудің маңызы

Досан Зәуре Нүркенқызы
Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие мен білім берудің маңызы
Аннотация: Қазіргі таңда мектепке дейінгі балаларға экологиялық тәрбие берудің маңызы болашақ ұрпақтың саналы әрекеті болып қалыптаспақ.
Кілттік сөздер: экология, экологиялық тәрбие,экологиялық білім.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 38 бабында « Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» — делінген. Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың алдында тұрған маңызы жоғары ауқымды мәселелердің ішінде табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Әлемдік тәжірибие көрсеткендей күннен-күнге туындап отырған экологиялық мәселелер мен олардың шешімін іздестіру өзінің көкейтестілігін дәлелдеуде. Бұл балабақшада балалардың экологиялық тәрбиелілігін дамыту қажеттілігін күн санап арттыра түседі, себебі қоршаған орта мен адамның денсаулығын сақтау маңызды құндылықтардың бірі болып саналады. Баланы туған өлке, жерге, халқына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімге баулып, оны жан-жақты етіп тәрбиелеп, өсіру – бүгінгі таңдағы аса жауапты міндеттердің бірі. Қоғамның дамуының қай кезеңінде болмасын табиғат – баланың дүниетанымын дамыту құралы ретінде үлкен орын алып отыр.Кезінде И.В. Мичурин: «Біз табиғаттан рахымшылықты күтпеуіміз керек. Біздің міндетіміз – оны өзіміз алу» — деген өсиетінің негізінде көптеген жылдар бойында өз жастарымызды тәрбиелеп, олардың келешегін тұрғызып келеміз. Яғни табиғатты аялап, қорғай білуді кішкентай бүлдіршіндерімізден бастап ұғындыру керекпіз.
Жалпы экологиялық тәрбие – бұл адамдардың сезіміне, санасына, көзқарастарына әсер ету әдістері.Ол азаматтарының саналық деңгейінің артуына,табиғатқа қарым-қатынасының өзгеруіне, табиғат ресурстарына табиғи ортада өзін өнегелі ұстауға әсер етеді. Экологиялық тәрбие қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтып бірнеше деңгейлерде жүргізілуі керек. Жеке тұлғаның түзілуі негізінен отбасында жүреді. Сондықтан ата-ана баланың қоғамдағы негізгі мінез-құлық нормаларымен қатар, экологиялық мәдениеттің негіздерін үйрете бастауы керек.Қазіргі кездегі ситуациялардан кейбір парадокстарды байқауға болады.Көбіне балалардың экологиялық білімділігі ата-аналарының деңгейінен әлдеқайда жоғары.Ата-аналары мен балалары өздерінің зерттеулері нәтижелері бойынша, қоршаған ортаға ешқандай жағдай жасамай-ақ тіршілік ортасына белгілі бір дәрежеде зиян тигізіп жатқанымызды байқауға болады: қайта қалпына келмейтін табиғи ресурстарды оңды-солды шашудамыз, көптеген тұрмыстық қоқыстарды шағарып жатырмыз. Табиғатты қорғауды өз үйіңнен бастауға болады – бұл суды үнемдеп жұмсау, оның ластануын төмендету, озон бұзатын заттары жоқ аэрозалдарды қолдану және т.б. Экологиялық тәрбие экологиялық мәдениетті қалыптастырып, экологиялық санасының өзегі болып баланың алғашқы рухани бейнесіне тұтастық әкеледі, оны қоршаған табиғи ортаны сүйе білуге, қорғай білуге үйретеді. Балаларға экологиялық тәрбие мен білім беру – тәрбиешілердің басты міндеті болып табылады.Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына тәрбиенің табиғаттың қатысында, табиғат арқылы берілуіне байланысты екендігін бүгінде ғылыми педагогикалық зерттеулер дәлелдеп отыр. Табиғатпен қарым-қатынас баланың ойлау, есте сақтау, бақылағыштық қабілетіне, сана-сезімнің жылдам өсіп жетілуіне, түйсігіне, т.б, әсер етеді.Педагогика саласында әр түрлі зерттеулер мен тәжірибиелер қарастырылған. Бізге бастысы балаларға тиімді жолмен ұғындыра алу. Балабақшадағы экологиялық тәрбие берудің жолдары: ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті, экскурсиялық сабақтар, экологиялық ұйымдастырылған оқу қызметтері, мерекелік шаралар, бос уақыттарда түрлі экологияға қатысты кітаптар оқып беру, сурет көрсетіп әңгімелеу, көрмелер, бұрыштар ұйымдастыру. Балабақша ауласын көгалдандыру, балалар еңбегі, бақылау жасау, тәжірибиелер жасау, экологиялық ойындар ойнату. Экологиялық тәрбие мен білім беруде басқа білім салаларымен байланыстырудың да маңызы бар. Табиғатқа қамқорлық жасау кезінде балаларда экологиялық тәрбие беру жұмысы еңбек тәрбиесімен байланысты жүргізіледі. Мысалы, өсімдіктерге күн ара су құйып отыру, жапырағының шаңын сүрту, құстарға жем шашып, торларын тазалау балаларды еңбекке машықтандыруға көмектеседі. Балалардың күнделікті табиғат бұрышындағы еңбек түрлерін бақылауы еңбектің жеңіл түрлерімен айналысуы табиғатқа, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастырады, мәселен өсімдіктерді жұлмау, құстарды қорғау сияқты жағымды іс-әрекеттерге баулып, оларға деген жанашырлық, мейірімділік сезімдерін дамытады.
Экологиялық білім берудің мақсаты балалардың шығармашылық ойлауын және экологиялық мәдениетінің негізін қалыптастыруға ықпал ету ал оны төмендегі міндеттерді жұзеге асырады.
-Балаларға қоршаған ортаның адамға қажеттілігі қоршаған орта туралы алғашқы білім беру;
-Табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін ояту оны сақтап және қорғауға тәрбиелеу;
-Табиғат байлықтарын көбейтуге эмоцианалды әрекеттік байланысты қолдау;
-Балалардың бойында экологиялық ойлау қабілетті қалыптастыру және табиғаттың бөлінбес бөлігі болып табылатынына адекватты тұрмен қабылдауға ықпал ету;
Қорытындылай келе айтарым, мектепке дейінгі жастағы балаларда экологиялық білім эмоцианалды әрекеттік сипат алады. Қоршаған ортаны қорғау және оны сақтау туралы көріністер мен білімдерді меңгеруде белсенді болады. Бұл келешек ұрпақ үшін маңызы зор дүние болары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие тұжырымдамасы // Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу. Астана, 2010.
2. Шілдебаев Ж. Экология және табиғатты қорғау. –Алматы: Алматыкітап, 2002. -121 б.
3. Жұмабекова Ф.Н. Мектепке дейінгі педагогика. – Астана: Фолиант, 2014. -260б
4. Аймағамбетова Қ. Педагогикалық үрдісті экологиялық білім мен тәрбие беру негізінде ұйымдастыру\\ Отбасы және балабақша. – 2016. -№2. –Б. 2-4.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *