Досан Зәуре Нүркенқызы
Мамандық адам өміріндегі маңызды қадамдардың бірі деп ойлаймын. Себебі адам жаны рахатты екі нәрседен табады деседі. Оның бірі жанына жақындармен бірге болуы болса, екіншісі жанына жақын сүйікті ісімен айналысуы. Сондықтан кез-келгеніміз өз мамандығымызды, кәсібімізді таңдауда қателеспегеніміз жөн. Мамандықты таңдауда қызығушылық болғаны дұрыс. Қызығушылық болса әсте икем,сүйіспеншілік, белсенділік пайда болады. Әлемдегі ұлы тұлғалардың немесе өз қоғамында айтарлықтай жетістікке жеткен адамдар олар өз мамандығын шынайы жақсы көретіндер және ол үшін аянбай тер төгуге дайын жандар деп білемін.
Жалпы бұл мамандыққа қалай келдім және маған несімен ұнады?
Ауылда көп балалы отбасында дүниеге келдім. Өзім үйдің үлкені болған соң, жауапкершілік бірінші менің мойныма түсетін. Қайда барсада ата-анам бауырларымды маған қалдырып кететін. Оларға қарап, тамағын беру, ойнату,ұйықтату жалпы күні бойында өзім қарайтынмын. Қай жаста бала қандай тамақ жейді, не жемеу керек, қанша уақыт ойнау керек бәрі миымда практикалық тұрғыда жазылып қалды. Солай , солай бала жан болып өстім және тәжірибие жинақтадым десем де болады. Бұдан 20 жыл бұрын шыны керек балабақша туралы ұғымды білмеппін. Біздің балабақша атамыз бен әжеміз еді. Қазір заман ағымына қарай балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Бауырларым өсті, мектептегі негізгі білімді аяқтаған соң, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы жоғарғы оқу орнына «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына оқуға түстім. Абай атамыз айтқандай: «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашанда адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзін араласқын келетін ортаны да таңдау. Негізі мұнда түсуімнің және дәл бұл мамандықты таңдауымның өз тарихы, себебі бар еді. Бала кезден көріп біліп өскен көз алдымыздағы мұғалім,дәрігер немесе құрылысшы. Арман қуып, қалаға келіп, өзімнің ұстанымдарыммен, тылсымы бөлек мақсаттарыммен келдім. Тәрбиеші мамандығы сырт көзге оңай көрінетін секілді болып көрінгенімен өзіне тән қиындығы мен қызығы болады. Университеттегі теориялық, практикалық тәжірибие барысында өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім күннен-күнге арта түсті. Күнделікті таңертең балабақшаға келгенде балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Балабақшаға кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, балалардың тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар»- деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Алдымызға келген балалар – біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз тәрбиешілердің еншісінде. Өйткені бала – кіршіксіз пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауын, көзін ашып тұнығуына қону үшін қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек.
Тәрбиеші бала жанының бағбаны десек те болады. Баланы қоғамның саналы азаматы етіп тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті талап ететін бірден бір қызмет. Өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырып, үйден тыс ортаға дайындау, жаңа өмірге деген қызығушылығын оята білу сияқты бірқатар істерді атқару тәрбиеші-педагогтың міндеті. Бұл мамандықты таңдаған әрбір тәрбиеші-педагог өзіне үлкен сенім мен күш арту керек және ұстанымы болу керек. Менің ұстанымым мамандығыма жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қарау.
Мағжан атамыз айтқандай бүгінгі ұрпақ ертеңгі еліміздің келешегі. Сондықтан еліміздің ертеңі бүлдіршіндерден бастау алады. Бұл үшін мен әркез аянбай қызмет етемін!