Мемлекеттер Достастығының құрылуы
КСРО билігінің ыдыраушылық сипат алуына байланысты 1991 жылдың 8 желтоқсанында Белоруссия астанасы Минск қаласының маңындағы Беловежск тоғай-қорығында Кеңес Одағының негізін салушылар ретінде Ресей басшысы Б. Ельцин, Украина басшысы Л. Кравчук жəне Белоруссия басшысы С. Шушкевич кездесіп, КСРО-ның таратылғандығын ресми мəлімдеп, Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келісімге қол қойды. Бұл келісім саяси-публицистикалық əдебиеттерде «Беловежск келісімі» деп аталады. Осы Келісімге сəйкес КСРО халықаралық құқықтың субъектісі жəне геосаяси ақиқат ретінде өз болмысын тоқтатты. Белеовежск келісімінде «ТМД құра отырып, тараптар мемлекеттік егемендікті құрметтеу, тең құқылық пен бір-бірінің ішкі істеріне араласпаушылық, күш, экономикалық немесе кез келген басқа да қысым көрсету əдістерін қолданбаушылық, даулы мəселелерді келісушілік құралдарымен реттеу қағидаттарын ұстана отырып; шекаралардың ашықтығына, азаматтардың еркін жүріп-тұруына жəне Достастық шеңберіндегі ақпарат алмасуға кепілдік береді» деген баптың мəні зор еді. .
Сонымен қатар, Келісімде ТМД мемлекеттері бірлескен қолбасшылық негізінде ядролық қару-жараққа бірыңғай бақылау жасауды қоса алғанда, жалпы əскери-стратегиялық кеңістікті сақтауға уағдаласты. Ортақ институттар арқылы іске асырылатын бірлескен қызмет аясына сыртқы саяси қызметті үйлестіру, кеден саясаты саласында жалпыеуропалық жəне еуразиялық рыноктарды, ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыру мен дамытудағы ынтымақтастық, басқа да салалардағы ынтымақтастық жатқызылды.
Арнайы декларацияда тараптар Достастықты басқа да мемлекеттердің қосылуына ашық деп жариялады. Осы оқиғадан кейін ТМД-ны құру туралы Келісімді Ресей, Украина жəне Белоруссияның ұлттық парламенттері ратификациялады.
1991 жылдың 13 желтоқсанында Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің басшысы кездесіп, Түркістан мемлекеттерінің конфедерациясын құру идеясын қарастырды. Алайда, аталған елдердің басшылары жеке конфедерация құрудан гөрі ТМД-ға қосылуды жөн санады. Осылайша тараптар Беловежск келісімімен келісетіндіктерін білдірді. Алайда, осы мемлекет басшылары «бұрынғы КСРО-ның əрбір республикасы жаңа Достастықтың құрылтайшысы болуға құқылы» деген талаптарын қойды. ТМД-ны құру мəселелелерін пысықтау үшін бұрынғы КСРО республикалары басшыларының арнайы кездесуі қажет болды.
1991 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан астанасы Алматы қаласында КСРО құрамында болған 11 тəуелсіз мемлекет (Ресей Федерациясы, Белоруссия, Украина, Қазақстан, Армения, Молдова, Əзірбайжан, Қырғызстан, Тəжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан) басшылары кездесті. Бұл кездесуге Балтық жағалауы елдерінің (Эстония, Латвия, Литва) басшылары келмеді, ал Грузия ұйымға бақылаушы болумен шектелді. Тараптар ТМД-ны құру туралы Келісім Хаттамасына жəне Достастықтың негізгі мақсаттары мен қағидаттарын айқындайтын Декларацияға қол қойды. ТМД-ны құру туралы Келісім Хаттамасында ТМД-ның құрылтайшылар санының кеңейтілгендігі айтылса, ал Алматы Декларациясында «ТМД – мемлекет те, мемлекетүсті құрылым да емес» деген анықтама берілді. Жалпы алғанда, Алматыдағы осы кездесу КСРО-ның тағдырына қатысты соңғы құқықтық үкім шығарған маңызды жиын болды. Халықаралық қауымдастықта бұл оқиға қызу талқыланды. Осылайша биполярлы əлем бірполярлы əлемге айналды.
Құқықтық тұрғыдан алып қарағанда, ТМД-ның құрылтайшылары Беловежск келісіміне қол қойған 3 мемлекет емес, 11 мемлекет; Достастықтың негізі қаланған тарихи күн екеу – 1991 жылдың 8 жəне 21 желтоқсаны, ал ұйымның құрылтайшылық актілері үшеу – 1991 жылғы 8 желтоқсандағы ТМДны құру туралы Келісім, Келісімге Хаттама мен 1991 жылғы 21 желтоқсан дағы Алматы Декларациясы болып белгіленді.
Дүниежүзінің саяси картасындағы алпауыт империяның жойылып, оның орнына 15 тəуелсіз мемлекеттің пайда болуы əлем елдерінің назарын кеңестік дəуірден кейінгі аймаққа аудартты. Бұл ретте Ресейдің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін сақтауға, ұлттық мүддесін орнықтыруға тырысатындығы сөзсіз еді. Осы ретте ТМД құру барысында оның саяси-құқықтық мəртебесін анықтауда бірақатар қиындықтар кездесті. Мəселен, 1991 жылғы 8 желтоқсандағы Беловежск келісімі анық конфедеративтік сипатқа (шекаралардың ашықтығы, сыртқы саяси қызметті бірлесіп үйлестіру, Достастық органдары үйлестіретін ортақ органдары үйлестіретін ортақ экономикалық кеңістік туралы баптары) ие болса, бұған қоса, ТМД Келісімінің тағы бір бабында тіпті одақтық мемлекет элементі («Достастыққа мүше мемлекеттердің бірлескен қолбасшылығы негізінде ядролық қару-жараққа бірыңғай бақылау жасауды қоса алғанда, жалпы əскери-стратегиялық кеңістікті қолдайтын болады» деген бап) де көрініс берді.
ТМД-ның кейінірек ортақ валюта – рубльді сақтау туралы шешімінің де конфедеративтік сипаты басым болды. Алматыдағы Достастық саммитінен кейін ТМД-ның ортақ институттарын құру жұмысы басталды. Бұл өз кезегінде ТМД-дағы интеграцияны жандандыруға септігін тигізді. Алайда, ТМД кеңістігінде мүдделер қайшылығы болмай қалған жоқ. Тоталитарлық режим құрсауынан босап шыққан кеңестік дəуірден кейінгі елдер үшін ұлттық идеологияны қалыптастыру қажет болса, Ресей үшін аймақтағы басымдығын көрсету маңызды болды. ТМД аймағындағы əрбір мемлекеттің славяндық, түркілік жəне кавказдық өркениетке негізделген ұлттық сəйкестіліктерін қалыптастыруға деген ұмтылысы олардың жаңа Конституцияны əзірлеуінде, ұлттық валютаны енгізуінде, саяси-əлеуметтік реформалар жүргізуінде, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауында, əліпби ауыстыру бағытындағы іс-əрекеттерінен көрініс берді.
КСРО-ның ыдырауы əлемдік саясаттағы тарихи феномен болумен қатар, əлемдік қауіпсіздікке қатер тудыратын аймаққа айналды. Себебі, кеңестік дəуірден кейінгі 4 мемлекеттің, атап айтқанда, Ресей Федерациясы, Украина, Белоруссия мен Қазақстанның еншісінде ірі ядролық арсенал болды. Ядролық фактор халықаралық қауымдастықтың ТМД елдеріне геосаяси тұрғыдан жаңаша көзқараспен қарауын талап етті. Бұл ретте Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып ядролық қарудан бас тартып, əлемдік ядролық державалар қатарын азайтты.
ТМД-ның құрылуымен КСРО тұсында шешімін таппаған ұлтаралық қақтығыстар реттеле қойған жоқ, керісінше, одан əрі ушыға түсті. Аумақтық бөлініс факторы бойынша қақтығыс ошағына айналған аймақтарға Таулы Қарабақ, Оңтүстік Осетия, Преднестровье, Молдова Республикасы, Гагаузия мен Абхазия республикалары жатады. Бұл елдер халықаралық саясатта «мойындалмаған кеңестік дəуірден кейінгі мемлекеттер» деген категорияға жатады.
Кеңестік дəуірден кейінгі кеңістікте пайда болған мемлекеттер халықаралық құрылымдық сəйкестіліктен өз орындарын іздеу секілді объективті қажеттілікке тап болды. Бұрынғы КСРО елдерінің алдында таңдаудың екі жолы тұрды: бірі – жаңа халықаралық саяси үдерісті құруды бастау болса, екіншісі – əлемдік саясатта бар жүйеге қосылу. Бұл ретте Балтық жағалауы елдері əлемдік саясатта бар жүйеге қосылса, кеңестік дəуірден кейінгі мойындалмаған мемлекеттер өздерінің аумақтық жəне саяси мүдделерін қамтамасыз етуге кірісті.
ТМД құрылысымен оның аясында бірқатар құқықтық актілер қабылданып, соған сəйкес іс-шаралар жоспары жасалды. Мəселен, 1991 жылғы 21 желтоқсандағы ТМД-ның үйлестіруші институттарын құру туралы Келісімге сəйкес ұйымның құрылымы айқындалды. ТМД-ның негізгі үйлестіруші институттарының қатарына мыналар кіреді:
– Мемлекет Басшыларының Кеңесі;
– Үкімет Басшыларының Кеңесі;
– Сыртқы істер министрлерінің Кеңесі;
– Қорғаныс министрлерінің Кеңесі;
– Шекаралық əскери қолбасшылар Кеңесі;
– Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі; – Атқарушы хатшылық Кеңесі;
– Парламентаралық ассамблея;
– Мемлекетаралық экономикалық комитет;
– Мемлекетаралық Банк;
– Мемлекетаралық Валюталық комитет;
– Мемлекетаралық Статистика комитеті;
– Экономикалық Сот;
– Адам құқықтары жөніндегі комиссия.
1993 жыл ТМД елдері үшін айтулы жаңалықтарға толы болды. Оның біріншісі – 22 қаңтарда ұйымның Жарғысы қабылдануы, екіншісі – желтоқсанда ұйымға Грузияның мүше болуы.
ТМД-ның Жарғысына сəйкес ТМД-ның Жоғарғы органына Мемлекет Басшыларының Кеңесі жəне Үкімет Басшыларының Кеңесі жатады. ТМД шеңберінде қол қойылған құжаттарға сəйкес, басқа да ынтымақтастық органдары құрылды. ТМД-ға мүше мемлекеттердің бірлескен қызмет аясына мыналар жатады:
– адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
– сыртқы саяси қызметті үйлестіру;
– қорғаныс саясаты жəне сыртқы шекараларды қорғау;
– ортақ экономикалық кеңістік құру мен дамытудағы ынтымақтастық;
– көлік жəне коммуникация салаларын дамыту;
– денсаулық сақтау жəне қоршаған ортаны қорғау;
– əлеуметтік жəне көші-қон саясатын жүргізу;
– ұйымдасқан қылмыспен күрес;
– лаңкестікпен күрес;
– гуманитарлық байланыстарды дамыту.
ТМД органдарына төрағалықты 1999 жылғы 2 сəуірдегі ТМДға мүше Мемлекет Басшылары Кеңесінің шешіміне сəйкес, ТМДға мүше əрібір мемлекет кезекпе-кезек өз өкілі атынан ротация қағидасы бойынша бір жылдан артық емес мерзімге жүзеге асырады. Ал кейінгі жəне келесі ТМД органының төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
КСРО ыдыраған кезеңнен бастап жаңа тəуелсіз мемлекеттердің саяси элиталары үшін даму векторын таңдау кезеңі тұрды. Бірқатар кеңестік дəуірден кейінгі елдер өздерінің сыртқы саяси бағдары ретінде аймақтан тыс саясатты таңдады. Алайда жетпіс жыл бойы қалыптасқан кеңестік шаруашылық жүйесі осы елдерді өзара интеграцияға деген қажеттілікке тəуелді етті.