КСРО-ның құлдырау себептері жəне Одақ шеңберіндегі дезинтеграциялық үдерістер
ХХ ғасырдың 70–80 жылдары КСРО билігі ұлттардың тең құқылығы қағидатын ескермей, бір жақты солақай саясат жүргізді. Соның салдарынан республикаларда этносаралық қақтығыстар жиілеп, дезинтеграциялық үдерістер басталды. Кеңестік əкімшілəміршіл саясаттың «түрі – ұлттық, мазмұны – cоциалистік» деп аталатын идеологиясы Одақтас республикалардың ұлттық дамуына өзінің кері əсерін тигізбей қоймады. Орталық тарапынан əрбір халықтың ішкі рухани қажеттіліктерінің ескерілмеуі мен республикалар арасындағы экономикалық теңсіздік 1980 жылдары КСРО халқын əлеуметтік катаклизм жағдайына алып келді. Бұған қоса, КСРО-да 1985 жылы басталған қайта құру реформасының басты мақсаты – Кеңес қоғамын 1980 жылдары басталып, ұзаққа созылған əлеуметтік-экономикалық, рухани дағдарыстан шығаруға бағытталған болатын. Жалпы, КСРО-дағы қайта құру реформасы жеделдету (1985–1986), жеделдету мен жариялылық (1987– 1988), соңғы қайта құру (1989–1991) деп аталатын 3 кезеңнен тұрды. Алайда, қайта құру реформасының кеңестік саясатқа негізделген идеологиялық нақты мазмұны мен бағыт-бағдары болмады. Бұл өз кезегінде əрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің дамуына жол ашты. 1985 жылы басталған қайта құру саясатының нəтижесінде халықтың саяси белсенділігі артып, одақтас республикаларда ұлттық қозғалыстар мен ұйымдар құрыла бастады. Кеңестік биліктің саяси жүйені реформалауға бағытталған шаралары нəтиже бермей, керісінше туындаған саяси-экономикалық дағдарысты одан əрі тереңдетті. Саяси сахнадағы бұл дағдарыс, əсіресе КСРО Басшысы М. Горбачев пен РФСФР Президенті Б. Ельциннің арасындағы келіспеушіліктер негізінде көрінді. 1989 жылы билік елдегі экономикалық дағдарыстың басталғандығын ресми түрде жариялады. Дағдарыс негізінен жүйелік сипат алып, нарықта күнделікті қолданылатын тауар тапшылығы сезілді. Бұл жағдай демографиялық ахуалға да өзінің кері əсерін тигізіп, елде табиғи туу көрсеткішінен өлім-жітім көрсеткіші асып түсті.
КСРО билігі тарапынан өздерінің ұлттық тілі мен мəдениетінің, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрыптарын дамытуға жағдайдың жасалмауы мен экономикалық тоқырауды ашық сезінген ұлттық республикалар Кремльдің диктатурасына қарсы шықты. Сондай ашық көтеріліс ең алдымен 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда басталды. Үш күнге созылған студент жастардың тоталитарлық режимге қарсы бағытталған бұл көтерілісін Кеңес Үкіметі арнайы əскер жасақтарын жіберіп, күш қолдану арқылы тоқтатты. Алматыда басталған желтоқсан көтерілісінен кейін Баку, Тбилиси, Вильнюс, Таллин жəне Рига қалаларында да Кремльдің үстемдігіне қарсы наразылық шерулері орын алды. Бұл қозғалыстар билік тарапынан еңсеріліп отырғанымен, ұлттық республикалардағы халықтың ойында тұтанған ұлттық тəуелсіздік алу идеясына тұсау салу мүмкін емес еді. Бұған қоса 1990 жылдың 7 ақпанында КСРО КП ОК биліктегі монополияның əлсірегенін жариялағаннан кейін республикаларда алғашқы бəсекелестікке негізделген сайлаулар өтті. Осының нəтижесінде көптеген одақтас республикаларда билік басына либералдар мен ұлтшылдар келді. Олар Одақ заңдарының республикалық заңдардан басымдық алуына жəне салықты тікелей одақ бюджетіне төлеуге қарсы наразылық білдіріп, жергілікті экономикаға бақылау жасау құқығын өз қолдарына беруді талап етті. Кеңестік саясатқа сəйкес ұлттық республикалардың əрбірі негізінен бір немесе екі шаруашылық түрі бойынша мамандандырылып, шығарылған шикізат Мəскеуге жолданылып отыратын. Осындай өндірістік тəуелділік жағдайындағы экономикалық тоқырау республикалардың қаржылық ахуалын одан бетер ушықтыра түсті. Мұндай жағдайда одақтасып өмір сүрудің тиімділігі жоқтығы көріне бастады. Осылайша Кеңес Одағының құрамындағы республикалар егемендік алуға кірісті. Бірінші болып 1990 жылдың басында Эстония, Латвия жəне Литва республикалары «Мемлекеттік егемендік туралы» Заң қабылдады. Бұл елдердің тəуелсіздігін Ресей Федерациясы амалсыздан мойындаса, кейіннен, Грузия, Əзірбайжан, Армения, Молдова жəне басқа да республикалар бұл жағдайдың құқықтық сипаты бар екенін растады. Балтық жағалауы елдерінің тəуелсіздіктерін жариялауы басқа да одақтас республикаларға үлгі болды. 1991 жылы 12 маусымда Б. Ельцин басқарған Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесі КСРО-дан өз бостандығын жариялады. Бұл шешім тəуелсіздікті аңсаған басқа да республикалар үшін батыл қадам жасауға бастайтын саяси оқиға болды. 1991 жылы Ресей, Украина, Белорусия жəне Қазақстан республикалары Егеменді Мемлекеттер Одағын құру туралы бастама көтеріп, келісім жасау бағытында бірлескен жұмыстар жүргізді. Алайда сол жылдың 18-19 тамызында Коммунистік Партия Орталық Комитетінің Саяси бюросы Мəскеуге əскер кіргізіп, құлауға шақ тұрған Кеңестер Одағын сақтап қалуға тырысты. Бірақ Ресей Президенті Б. Ельциннің басқаруымен ресми Мəскеу əскери төңкеріске тойтарыс беріп, басып тастады. Осы оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшылары тұтқындалды. Ал бұдан кейін Кеңес Одағының Коммунистік партиясы өз жұмысын тоқтатты. Бұл саяси жағдайлар КСРО құрамындағы республикалардың өз егемендіктерін жариялауларына алып келді. Мəселен, 1991 жылдың 24 тамызында Украина, 1991 жылдың 31 тамызында Қырғызстан, 1991 жылдың 1 қыркүйегінде Өзбекстан, 1991 жыл дың 9 қыркүйегінде Тəжікстан, 1991 жылдың 29 қыркүйегінде Армения, 1991 жылдың 18 қазанында Əзірбайжан, 1991 жылдың 27 қазанында Түркіменстан, 1991 жылдың 12 желтоқсанында РФСФР, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз тəуелсіздігін заңды негізде жариялады.
1991 жылғы 2-5 қыркүйек аралығында КСРО халық депутаттарының кезектен тыс съезінде «Мемлекеттік билік органдары мен КСРО-ның өтпелі кезеңін басқару туралы» Заң қабылданды. Кеңес Одағының орнына жаңа Егеменді Мемлекеттер Одағын (ЕМО) құру көзделіп, осы мақсатта əрбір 12 республика өкілдерінен тұратын комиссияға ЕМО-ның Конституциясын əзірлеу тапсырылды. Алайда, сол жылдың 21 қазанында комиссияның бірінші отырысына 7 республика өкілінің қатыспауына байланысты бұл жоба іске аспай қалды. Дегенмен, осы 12 республика басшыларынан тұратын Мемлекеттік Кеңес құрылды. Осылайша, КСРО-ның негізгі саяси, заң шығарушы жəне атқарушы билік органдарының жүйесі республикааралық ынтымақтастық органы ретінде қайта жұмысын жалғастырды. Ресми Мəскеудің ЕМО құру туралы шартына 1991 жылдың 25 қарашасында Украина, Грузия, Молдова, Армения жəне Əзірбайжан республикаларының басшылары қол қоюдан бас тартты. Осылайша ЕМО құру идеясы қағаз жүзінде қалды.