Қазақстан Республикасының Бүкілəлемдік сауда ұйымына кіру мəселелері


Қазіргі Қазақстанның басым мақсаттарының бірі – БСҰна мүшелікке өту. Ұйымның құрамында дүниежүзіндегі жалпы өнімнің 4/5 бөлігін өндіретін 148 мемлекет бар. Ал бұл əлемдік сауданың 95% құрайды. Сонымен қатар, БСҰ мүше 135 мемлекет – Қазақстанның сауда əріптестері. БСҰ-ға кіру шағын ішкі нарығы бар жəне əлемдік нарыққа енуге мұқтаж болып отырған Қазақстанға əлемдік экономика жүйесінде өзінің ұстанымын нығайту жолындағы мəселелер мен кедергілерді шешуге мүмкіндік береді.
1996 жылы ұйымға ену туралы ресми өтінішті беру кезінен бастап Қазақстан БСҰ-на кіру үдерісін бастады. Осы жылдың ақпан айында елімізге «бақылаушы» мəртебесі берілді. Бақылаушы мəртебесін ұсынумен бір мезгілде Қазақстанның БСҰ-на кіру туралы жұмыс тобы құрылды.
Қазіргі таңда Қазақстанның БСҰ-на кіру туралы жұмыс тобының құрамына мемлекеттің негізгі сауда серіктестері болып табылатын 36 мемлекет кіреді. Қазақстанның БСҰ-на кіру туралы келіссөздер негізінен Женева қаласында БСҰ Хатшылығында өткізіледі. Келіссөздерде Жұмыс тобына мүше мемлекеттердің қатысуымен жан-жақты форматта ауыл шаруашылығы жəне біржақты форматта – тауар жəне қызмет көрсету нарығына кіру туралы мəселелері талқыланады.
Келіссөздер негізгі төрт бағыт бойынша жүргізіледі:
— Тауарлардың нарыққа кіруі жайындағы келіссөздер БСҰ-на мүше мемлекеттермен кеден баж салығының максималды деңгейін келісуді қамтиды. Екіжақты келіссөздерде тауарлардың нарыққа кіруі БСҰ-на мүше мемлекеттермен анықталып жəне келісілуі тиіс. Келіссөздерге салалық министрліктердің ұсынысы жəне жетекші тауар өндіруші ассоциациялардың пікірі негізінде жетілдірілген импорттық баж салығының байланысқан мөлшерлемесі негіз бола болады.
Қазақстанның тарифтік ұсыныстары келесі қағидалар негізінде жасалады: бірінші қағида, ұлттық экономиканың қорғалу деңгейін белсенді қамтамасыз ету, екінші қағида, Қазақстанның ЕурАзЭҚ жəне Кеден Одағына шартты мүшелік жағдайын максималды ескеру. Тауарлардың нарыққа енуі туралы екіжақты келіссөздер БСҰ-на мүше елдермен импорттық баж салығының максималды деңгейін анықтау мен келісуді қамтиды. БСҰ-на кіргеннен кейін Қазақстан оларды қолдану құқығына ие болады.
– Қызмет көрсетулердің нарыққа енуі туралы келіссөздер. Қызмет көрсетулердің нарыққа енуі туралы екіжақты келіссөздердің мақсаты – шетелдік қызмет көрсетуді жабдықтаушылардың Қазақстан нарығына ену шарттарымен келісу. Қазақстан экономикасының ең сезімтал жерлері болып қаржы, құқық, коммерция, көлік, телекоммуникация, туризм жəне құрылыс секторлары саналады.
– Ауыл шаруашылығы туралы арнайы жан-жақты келіссөздер. Күрделі табиғи климаттық жағдай, ескірген техника мен технология, жеткізу нарығының алшақтығы, теңіз жолына шығу мүмкіндігі болмағандықтан ауыл шаруашылығы жайындағы келіссөздердің Қазақстан үшін ерекше əлеуметтік маңызы бар. Өйткені, Қазақстан халқының 44%-ы ауылдық жерлерде тұрады.
Ұйым құрамына енетін мемлекеттерге қойылатын талаптардың бірі – ауыл шаруашылық өнімдеріне көмек қаржы бермеу. Ауыл шаруашылығы туралы жан-жақты келіссөздер қажетті тарифтік қорғау деңгейін, ауыл шаруашылығының ішкі жəрдемі мен экспорттық субсидияларды қамтамасыз ету мақсатында жасалады. Үкімет ауылдың ішкі жəрдемінің мүмкін деңгейін сақтап қалу үшін келіссөздер жүргізеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының үкіметі шетел ауыл шаруашылық өнімдерінің отандық нарыққа ену мəселелерін талқылау кезінде қауіпсіздік шараларын қолдану құқығын талап етеді.
– Жүйелiк сұрақтар бойынша келiссөздер Қазақстан БСҰ-на қатысушы ретінде өз мiндеттемелерiн орындауы үшiн заң аясындағы жəне оның қолдануына қатысты шараларды анықтау мақсатымен жүргiзiледi.
БСҰ мүшелігіне өтудің ең басты шарты – мүшелікке өтуші жаңа мемлекеттердің Уругвай раунды (1986-1994) келісіміне сəйкес ұлттық заң жəне қалыпты сыртқы экономикалық бақылауларын көрсетуі болып табылады. Қазақстанның БСҰна мүшелікке қосылуының ең басты элементі – аймақтық бiрiгу əрекеттерi бойынша əрiптестерi бар кiрiспе үдерістерін үйлестiру болып табылады. Беларуссия, Ресей, Қазақстан елдері арасында өткен жедел қосылу келіссөзі мемлекеттік Еуразиялық экономикалық ұйымының БСҰ мүшесіне қосылуының консолидациялық ұстанымы болды.
ЕурАзЭҚ қатысушы елдері арасында БСҰ-на қосылғысы келетін елдер үшін кеңес өткізіліп жатыр. Кеден ұйымының құрылуы экономикасы бір деңгейлес елдер үшін БСҰ құрамына кіруге жеңіл болады. Баж салығының алынып тасталуы мен БСҰ заңдарына сəйкес ЕурАзЭҚ тауарлық номенклатура қабылдауын мысалға келтіруге болады.
Аталмыш ұйымға мүше болған біздің көршілес елдеріміздің тəжірибесі өте қызықты. 2001 жылы қарашада Қытай елі ұйымға кіре бергенде, елдің экономикалық инвестициялар саны күрт көтерілді. Қытай елі жаңа сауда нарығын ашуға құқық алып, ЕО елдері арасында киім импорттау 164%-ға өсті. Бұл көрсеткіш аймақта киімге деген бағаның төмендеуіне əкеліп соқты. Қазірдің өзінде Қытай елі əлем бойынша киім жəне аяқ киім шығарудың 1/8 бөлігін алып отыр. Əлем елдері компанияларының жартысынан астамы Қытайда өзінің филиалдарын ашуда.
ТМД елдерінің ішінде БСҰ-ына бірінші мүше болып кірген ел – Қырғызстан. Мүше болудағы басты көздеген мақсаты сыртқы сауданың көлемін ұлғайту жəне ырықтандыру болды. Бірақ мүшелік экономика үшін тиімді болғанмен, ал ауыл шаруашылығы құрдымға кетерліктей жағдайда болды. Ауыл шаруашылығы Қырғызстанның ішкі табысының 66%-ын құрап отырған болатын. Қазірде бұл елдің ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауы нөлге тең, импорттауы көп. Ал импорттан ел көп табыс таба алмасы анық, себебі көрші елдермен келісімсөз жасап отырған əріптестер БСҰ-на əлі мүше болып кірмеген еді. Ал теңізге шығу мүмкіндігі бұл елде де жоқ.
Армения бұл ұйымға 2003 жылы кірді. Бұл ел де тура сондай жағдайларды бастан өткерді. Дегенмен БСҰ-на мүше болып кіргенге дейін бұл елде импорттау пайызы максималды 10 болғандықтан, елде болған қиындықтар қатты сезіле қойған жоқ.
Молдова БСҰ-на 2001 жылы мүше болып кірді. Бұл елде шетел инвестициялары 60%-ды құрағандықтан, елде инфляцияны төмендету мен экономикалық жағдайды реттеуге қол жеткізілді.
Ресей болса 1994 жылдан бастап БСҰ құрамына кіруге талпынып келе жатыр. Бірақ өзге елдің нұсқауы бойынша жүрмейтінін ашып көрсетуде. Өткен жылдары Ресей 30 рет келісімдер жасап, АҚШ жəне ЕО елдерімен бірге ортақ тіл тауып, сонымен қатар Жапониямен бірге БСҰ-ндағы алдыңғы қатарлы елдермен келісімдер жасауда. Осындай келіссөздер барысында көптеген тиімділіктер мен қолайлылықтарға қол жеткізуге болады. Атап айтар болсақ, өз тауарлары үшін қосымша тиімді транзит жолдарын табуға, инвестиция деңгейін көтеріп, жоғары технологиялық өнімдерге қол жеткізуге, сауда саласындағы келіспеушілікерді алдын ала бірлесе шешуге, БСҰ-на мүше мемлекеттердің сыртқы экономикалық жағдайларын іліп отыру жəне олармен саудасаттық жүргізуде оң шешім қабылдауға, сондай-ақ өзге де елдің сыртқы сауда қатынастарына нұқсан келтіретін шаралардың алдын алу сияқтыларға.
Бұрынғы экономика жəне сауда министрі Жанар Айтжанқызы 2012 жылдың бірінші жартысында Қазақстан БСҰ құрамына мүше болып кіре алатынын айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы мақсаттар үшін алғашқы қадамдар жасалынуда. Əлемдік экспорттау сараптама жүйесі бойынша дайын тауар мөлшері 87%-ды құрайтынын көрсетіп отыр. Қазақстанда экспорт-импорт жүйесі өте өзгеше жағдайда. Экспорттау бойынша минералды ресурстарды өңдеу – 57%-ды, металлургия саласында өңдеу – 25%-ды құрайды.
Халықаралық сауда ырықтануында елдер тауар өнімдерін сыртқа шығарудан ғана емес, сонымен қатар ішкі нарығында да бəсекелес ел бола алады. 2009 жылдың маусым айында Кеден Одағына мүше елдер: Беларуссия, Ресей, Қазақстан БСҰна бірегей кедендік шекара мақсатында кіруді ұсынды. Бірақ аз уақыттан кейін бұл үш мемлекеттің БСҰ құрамына бірге кірмейтіндігі айтылды. Əр ел жеке-жеке өз тарапынан енеді деп шешілді. Қазақстанның БСҰ құрамына 2010 жылы емес, тек 2012 жылдың соңын ала кіретіндігі айтылды.
БСҰ құрамына кіру дегеніміз барлық экономикалық
мəселелерден құтылу дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл ұйымға кіру үшін ең бірінші барлық мəселелерді шешіп алу қажет. БСҰ құрамына кірген кейбір елдерге жеңілдік көрсетіледі, бірақ бұл жеңілдіктер тек қана дайын тауарлар үшін беріледі. Ал Қазақстан болса, тек отын жəне жүн-жұрқа экспорттау бойынша ғана елеулі орында. Басқа салалардан алдынғы қатарлы деңгейге жету үшін елімізге жоғары мамандандырылған мамандар дайындау қажет. Жалпы Қазақстан Республикасы аталмыш ұйымға толыққанды ену үшін көптеген дайындық жұмыстарын атқаруы қажет. Бұл – еліміздегі қазіргі таңда күн тəртібінде тұрған мəселе.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *