АӨСШК жəне жаңа заманауи қауіп-қатерлермен күрес мəселесі
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында Азия елдері үшін құрлықтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті, тұрақтылықты қамтамасыз етерліктей құрылым құруға аса қолайлы жағдай туды. Əлемдегі қоскіндікті жүйе дəуірі аяқталды. Дүниежүзінде бөліну үдерісі жүзеге аса бастады. Мұндай шаралар Азия өңірінде де белсенді жүріп жатты. Бұрынғы екі алып жүйе арасындағы текетірес тарих қойнауына кетіп, оның орнында бір кіндікті, яғни АҚШ мен оны қоршаған өзге өңірлік немесе құрлықтық державалар ғана қалды. Əлемде жаһандану үдерісі ерекше қарқынмен дамып, қоғамның аса қажетті құрамдас бөліктерінің қозғалысы ғарыштық жылдамдықпен дами түсті. Атап айтар болсақ, қаржы, еңбек күштері, зияткерлік қорлар мен ақпарат жəне т.б. қоғамдық құралдарға шекара деген жоқ болды. Бұл өз кезегінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды жетілдіре түскенімен, олармен бірге қауіп-қатерлердің де оңай қозғалу қаупі туындады. Əлемдік саясат біртіндеп аймақтық сипат ала бастады. Жекелеген мемлекеттер жағырафиялық, тарихи жəне мəдени сипаттары негізінде аймақтық деңгейде бірлесе отырып, ортақ мəселелерді шешуге ұмтылыс байқатты.
Орталық Азиядағы барлық қауіпсіздік іс-шаралары экстремизм, сепаратизм жəне өзге де заманауи қауіп-қатерлердің күшеюіне байланысты жүргізіліп келеді. Осы негізде аймақта жалпы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, саны жағынан көп мемлекеттер мүше болатын ұйым құру қажеттілігі туындады. Бұл бағытта Елбасының Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) бастамасы аса қолайлы еді. Бұл бастаманы ҚР Президенті Н. Ə. Назарбаев алғаш рет 1992 жылы 5 қазанда өткен БҰҰ БА-ның 47-сессиясында айтқан болатын. Қазақстан Республикасы басшысы бұл бастама Азия аймағында тиімді əрі əмбебап қауіпсіздік құрылымын құру бағытындағы игілікті іс екендігін баса айтты. ҚР Президентінің бастамасы БҰҰ Хатшылығы тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
Тарихта Азия өңірінде мұндай ауқымды қауіпсіздік ұйымы болған емес. АӨСШК негізгі қызметі – жаңа заманауи қауіпқатерлермен күрес бағытында Азия елдерінің алқа-қотан сұхбаттасар форумы болу. Сонымен қатар Қазақстан аталмыш ұйымға қауіпсіздікпен қатар, оның экономикалық жəне саудасаттық қызметін де арттыру қажеттігін баса айтып келеді. Аталмыш бастаманы жүзеге асыру барысында Азия елдері сыртқы істер министрліктері сарапшыларының бірқатар кездесулері болып өтті. Ең алғашқы кездесу 1993 жылы сəуірде (қатысушылары саны 12) өтсе, екінші кездесу 1993 жылы тамыз-қыркүйек айларында (қатысушылар саны 28), ал үшінші кездесу 1994 жылы қазан айында (қатысушылар саны 29) болып өтті. Кеңестің басты мақсаттары экологиялық салада өзара сенім шараларын қалыптастыру, Азия мемлекеттері арасында туындаған шиеленістерді бейбіт жолмен шешу шараларын жетілдіріп күшейту, сондай-ақ мəдениет пен дін саласында өзара сұхбаттастық құру болып табылады. Сонымен қатар ядролық қауіпсіздік саласында ынтымақтасу жəне жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, халықаралық лаңкестікпен бірлесе күресу, көлік-энергетикалық инфрақұрылымдарын құру жəне гуманитарлық салада ынтымақтастық орнату мəселелері де Кеңестің негізгі мақсаттары қатарына жатады. Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша Алматыда аккредиттелген қатысушы-мемлекетер елшілігі өкілдерінен тұратын тұрақты Байланыс тобы құрылды. Бұл топтың басты міндеті өзара кеңес өткізіп, пікірлермен алмасу жəне Кеңес құжаттарын бағалап сараптау болды.
1998 жылы қазан айында Алматы қаласында АӨСШК мəселелері бойынша халықаралық коллоквиум өткізілді. Оған 12 елден 24 сарапшы қатысты. Олардың қатарында АӨСШК-ге мүше емес елдер өкілдері де болды. 1999 жылдың соңына дейін Азия елдері сыртқы істер министрліктері жоғары лауазымды қызметкерлері мен сарапшылары қатысқан 20 кездесу өткізілді.
АӨСШК-нің қалыптасу жолының екінші кезеңі ретінде 1999 жылы қыркүйекте Астана қаласында өткен АӨСШК мүше мемлекеттері сыртқы істер министрлері кеңесінің тұңғыш кездесуін атауға болады. Мұндай шара əуелден үздіксіз өткізіліп тұратын болып жоспарланған-ды. Сол себепті дəл сол мезетте 14 қыркүйекте Алматы қаласында АӨСШК-ге мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлер кездесуі болды. Аталмыш кездесуге Азияның 14 елінің сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілері қатысып, «АӨСШК мүше мемлекеттерінің өзара қарым-қатынастарын реттеу қағидалары жайлы декларацияға» қол қойылды.
Мұнда негізгі қағидалар ретінде төмендегілер белгіленді:
– егеменді теңдік пен егемендік құқықтарды құрметтеу;
– күш қолданбау немесе күш қолданатындығын білдіріп қоқан-лоқы жасамау;
– мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтау;
– шиеленістерді бейбіт реттеу;
– мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұқпау;
– қарусыздану жəне қару-жарақтарға бақылау орнату;
– экономикалық, əлеуметтік жəне мəдени ынтымақтастық;
– адам құқықтарын қорғау жəне халықаралық құқық пен БҰҰ қағидаларындағы негізгі бостандық құқықтарын қоғау.
АӨСШК-нің қалыптасуында 2002 жылы Алматы қаласында өткен АӨСШК-нің І Саммиті ерекше орын алады. Аталмыш саммитке Ауғанстан, Əзірбайжан, Қазақстан, Қытай, Үндістан, Қырғызстан, Монголия, Пəкістан, Ресей, Тəжікстан, Түркия жəне Өзбекстан мемлекеттері басшылары мен үкімет басшылары, сондай-ақ Мысыр, Иран, Израиль жəне Палестина елдерінің жоғару лауазымды өкілдері қатысты.
Саммит нəтижесінде Кеңес жарғысы іспеттес Алматы Актісі қабылданды. Оған сəйкес АӨСШК-нің негізгі қызметтері ынтымақтастықты нығайта отырып, Азия аймағында қауіпсіздік, бейбітшілік жəне тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ АӨСШК тарихында маңызды орын алатын оқиға – 2004 жылы 22 қазанда Алматыда өткен сыртқы істер министрлер кездесуі. Бұл кездесуде АӨСШК қызмет ережелері мен АӨСШК сенім шаралары каталогы қабылданды. Ол бойынша сенім шаралары мынадай жағдайларды қамтиды: ынтымақтастықты
кеңейту жəне достық, сенім, бейбітшілік жағдайын қалыптастыру; аумақтық дауларды бейбіт тұрғыда келіссөздер арқылы шешу; қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруларын таратпау жəне өзге де міндеттерді бұлжытпай орындау.
АӨСШК дамуының бесінші кезеңі 2006 жылы 17 маусымда Алматыда өткен Кеңестің ІІ Саммитімен басталады. Саммит барысында АӨСШК Декларациясы қабылданып, АӨСШК Хатшылығы құрылды. Сондай-ақ ерекше атай кететін тағы бір жайт, АӨСШК 2007 жылы желтоқсанда БҰҰ БА жанындағы бақылаушы мəртебесіне ие болды. Осылайша Кеңес ғаламдық сипат иеленді. Кеңес мақсаты:
– ынтымақтастықты нығайта отырып, Азия аймағында қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету;
– лаңкестіктің барлық түрімен күресу;
– есірткінің заңсыз өндірісімен жəне заңсыз айналымымен күресу;
– Азия аймағының дамуы мен гүлденуі жолында өзара саудаэкономикалық қарым-қатынастарды кеңейту;
– қоршаған ортаға қатысты барлық мəселелер бойынша ынтымақтасу;
– жаппай қырып-жою қарулары таралуының алдын алу жəне оны жою;
– гуманитарлық салада сенім шараларын қалыптастыру;
– өркениеттер арасында өзара толеранттылық пен құрмет жəне түсіністікті қалыптастыру;
– мүше мемлекеттер арасында өзара сенім шараларын жүзеге асыру.
Кеңес мүшелері мен бақылаушылары:
Мүше мемлекеттер: Ауғанстан, Əзірбайжан, Вьетнам, Израиль, Иордания, Ирак, Иран, Біріккен Араб Əмірліктері, Қазақстан, Корей Республикасы, Қырғызстан, Қытай, Монголия, Мысыр, Өзбекстан, Палестина, Пəкістан, Ресей, Тайланд, Тəжікстан, Түркия, Үндістан.
Бақылаушылар: АҚШ, Бангладеш, Жапония, Индонезия, Қатар, Малайзия, Украина (мемлекеттері); БҰҰ, ЕҚЫҰ жəне АМЛ (ұйымдар).
Директивті органдары:
– мемлекет жəне үкімет басшылары кеңесі (жоғарғы орган Саммиті 4 жылда бір рет өткізіліп тұрады);
– сыртқы істер министрлер кеңесі (Ережеге сай 2 жылда бір рет өткізіліп тұрады);
– жоғары лауазымды тұлғалар комитеті (жылына кем дегенде 1 рет отырыс жасайтын құрылым).
Жұмыс органдары:
– Арнайы жұмыс топтары (АЖТ);
– мүше мемлекеттер арасында əртүрлі салада сенім шараларын құру жайлы Сарапшылардың мамандандырылған кездесулері (СМК).
Атқарушы орган:
– Халықаралық хатшылық. 2006 жылдан бері Алматы қаласында орналасқан. Құрылымы: АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры, атқарушы директор орынбасары, Қазақстан, Ресей, Үндістан, Иран жəне Пəкістан елдерінің кəсіби қызметкерлері.
Қазақстан Республикасы АӨСШК-ін құру жайлы тұңғыш бастама көтеріп ғана қойған жоқ, сонымен қатар оның жұмыс жасауына бар күшін салып келеді. Қазақстанның бастамасымен жəне жетекшілігімен көптеген халықаралық маңызы бар құжаттар қабылданып, жұмыс жасап келеді. Мысалы, Алматы Актісі тек өңірдің ғана емес, халықаралық қауімдастық үшін аса маңызды мəселелерді қозғайды. Ядролық қару мəселесінен бастап, қоршаған ортаны қорғауға дейінгі барлық өзекті мəселелерді көтере отырып, соны ұйым шеңберінде шешу жолдарын нұсқайды.
АӨСШК – тек сұхбаттастық форумы болуына қарамастан Азия мемлекеттері арасында өзара сенім мен қандай да бір жағдайда өзара істестікте болуға жетелейтін аса қолайлы құрылым. Азия аймағындағы өзара тығыз қарым-қатынастағы елдерді былай қойғанда, араларында талай жылдар шешілмей келе жатқан күрделі шиеленістері бар мемлекет басшыларын бір үстел басына отырғызып, пікір алмаса сұбаттастыққа шақырған аталмыш ұйымның болашақтағы маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақстан үшін мұндай халықаралық маңызы бар форумды жүргізу елдің əлем қауымдастығы алдындағы беделін арттырады, қазақ елінің ғаламдық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қосқан үлесін көрсетеді.