Қазақстан Республикасы жəне қазіргі кезеңдегі ядролық қауіпсіздік мəселелері
«Қырғиқабақ соғыстан» кейін əскери-саяси қарым-қатынас жүйесі ауысты. Қос кіндікті жүйенің орнына одан да күрделірек, динамикалық жəне көп жағдайда алдын ала болжауға келмейтін халықаралық қатынстар құрылымы орнады. Негізінен қарулы күштер көрсеткіші салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды. Дегенмен, кейбір ірі державалардың халықаралық дау-дамайларды шешу кезінде күш қолдануға құштарлығы бұл тұрақтылықты бұзуда.
Бірақ күштердің өңірлік тепе-теңдігі күрделене түсті. «Қырғиқабақ соғыстан» кейін ядролық қару мəселелері ушықты. 1968 жылы құрылған Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім (ЯҚТК) аясында жасалған жүйе тұрақты болмады. Əлемдік ұйым 1990 жылы жаңа екі ядролық державаның пайда болуының алдын ала алмады. 1998 жылы Үндістан мен Пəкістан ядролық сынақ өкізіп, кейін ядролық қаруды өздерінің əскери арсеналдарына қосты. Израильдің де «бейресми» ядролық қаруға иелік етіп келе жатқанына бірнеше он жылдың көлемі болды. Шындығында Үндістан, Пəкістан, Израиль ЯҚТК ұйымының мүшелері болмағандықтан, олар бұл келісімді бұзған жоқ деуге болады. Бірақ олардың əрекеттері «ядролық таңдаудың» саяси мүмкіндіктерін айқындады.
Қазақстанның ядролық саясатында үш кезеңді атап өтуге болады: 1989-1991 жылдар – бұл кезең күшті антиядролық белсенділікпен, Семейдегі сынақты тоқтату жолындағы күреспен, Қазақстанды ядросыз аймаққа айналдырумен жəне ядролық полигонның жабылуымен (тамыз, 1991 жыл) сипатталады. Екінші кезең 1991 жылдың аяғынан басталып, 1993-тің желтоқсанына дейін жалғасады. Бұл кезеңде Қазақстанның билік басындағы жоғарғы эшелондары Ресейдің ядролық қолшатырының астында қалуға тырысты. Олар қауіпсіздікке жеткілікті сенімді болмай тұрып, ядролық қарудан ажырағысы келмеді, бақылап отыруға тырысты жəне кеңестік ядролық мұра дивидентін барынша пайдаланып қалуға талпынды. Қазақстаның ядролық саясатының үшінші кезеңі Қазақстан Парламентінің 1993 жылы желтоқсанда ЯҚТКін ратификациялауынан бастап, 1995 жылдың мамыр айына дейін жалғасты. Бұл кезеңде АҚШ пен Қазақстан Республикасы СШҚ-1 (Стратегиялық шабуыл қарулары, орысшасы: СНВ) келісімі бойынша міндеттелген құрлықаралық баллистикалық зымырандар (ҚБЗ) СС-18 жерасты қаруларын жою барысында бірге жұмыс жасады.
1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында болған ТМД мемлекеттері басшыларының кездесуінде келісім бекітілді. Бұл келісім бойынша Ресей, Украина, Қазақстан жəне Беларусь өз аумақтарында ядролық стратегиялық əлеуеттерінің əсеріне байланысты белгілі міндеттемелер алды. Ондағы сегіз баптың екеуін ерекше атап өтуге болады: 5-ші бап бойынша үш мемлекет ЯҚТК ұйымына ядросыз мемлекеттер есебінде енуге міндеттелді, ал 4-ші бапқа сəйкес осы мемлекеттердің көшбасшылары ядролық қару толығымен жойылғанға дейін осы қаруды қолдану жөнінде шешім қабылдай алатын болды. Сонымен, АҚШ пен батыс жағдайды тездетіп 5-ші бапқа сəйкестендіргісі келді. Ал Украина мен Қазақстан 4-ші бапқа сай жағдайды соза тұруға тырысты. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай ТМД қатысушыларының он бір көшбасшыларының қолы қойылған, алдыңғы келісімді нығайту мақсатындағы жаңа келісім қабылданды.
Қазақстанның 1992 жылы 23 мамырда Лиссабон хаттамасына қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл келісім бойынша Қазақстан ядросыз мемлекет ретінде қысқа мерзімде ЯҚТК ұйымына мүше болуға міндетті болды. Сонымен қатар Қазақстан өзінің ядролық нысандарын МАГАТЭ кепілдігіне қоюға мүмкіндік алды. Осыдан біраз бұрын Президент Н. Ə. Назарбаев Президент Дж. Бушқа осы шаралар жөнінде хат жолдаған болатын (1992 жылғы 19 мамыр). Осы кезде Қазақстанның саясаты жоғары деңгейден көрінгендей болды: республика кеңестік ядролық қарудан құтылып, өзінің ЯҚТК ұйымына мүше болғысы келетінін жəне өзінің ядролық инфрақұрылымын МАГАТЭ бақылауына қоятынын жария етті. Бірақ сонымен қатар Қазақстанның бұрынғы КСРО жүйесінен шығуға əлі дайын емес екендігі жөнінде де пікірлер айтылып жүрді. Бұған Қазақстан мен Украинаның АҚШ-тан кеңестік ядролық қолшатырдан айырылғаннан кейін өздерінің қауіпсіздігіне кепіл талап етуін мысал етуге болады.
Одан əрі сұрақ былай қойыла бастады: Қазақстан ядросыз мемлекет ретінде Ресейден, АҚШ-тан, Ұлыбританиядан жəне Франциядан өз қауіпсіздігіне кепіл алуы керек.
Қазақстан өз аумағындағы бұрынғы КСРО-ның ядролық қаруынан айрылғысы келмейді деген батыстың саяси ортасында пайда болған пікір орынды болып саналды. Бұл пікірді 1992 жылы Н. Назарбаевтың «Ресей Ядролық қаруға иелік еткен кезде, неге Қазақстан оған иелік ете алмайды» деген сөздері нығайта түсті.
1992 жылы мамыр-маусым айындағы Қазақстанның дипломатиялық əрекеттері бұрынғы тұжырымды одан сайын үдете түсті. Н. Назарбаевтың Вашингтонға жасаған ресми сапарында Қазақстанның өз міндетін атқаруға дайын екендігі тағы бір рет дəлелденді. Бірақ тура осы оқиғадан кейін Мəскеуде Ресей мен Қазақстан Президенттері ядролық-стратегиялық бағытта бірге жұмыс атқаруды жалғастыруға келісім жасады. Ал баллистикалық зымырандардың əкелінуі бұрынғы кеңестік базаларды Ресейдің Қазақстанда «жалға беруі» ретінде түсіндірілді. Бұдан əрі қарай бұл жағдайда Қазақстанның орнын Президент Н. Назарбаев былай түсіндірді: Қазақстан еркінен тыс ядролық мемлкет болды, бұл жөнінде оның келісімін ешкім сұраған жоқ. Қазіргі кезде ол ядролық қарудан азат мемелекет болуға дайын. Туындайтын себеп салдарға қарамастан Қазақстан СШҚ-1 келісімі бойынша жеті жыл бойы ТМД-ның біртұтас қарулы күштер ұйымының мүшесі болып қала берді.
КСРО-ның ыдырауы мен мүлікті бөлу кезінде, республиканың басшылары ядролық қаруды бөлу мен ядролық қару құқықтары туралы қазақстандық көзқарасты былай қалыптастырды: Республика аумағынан тыс жерге, əсіресе Ресейге, осында орналасқан ядролық қару Ресейге жөнелтілуі керек жəне тек сол ғана ядролық мемелекет дəрежесіне ие болуы керек деп санайды. Бірақ бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналдары оның құрамында болған барлық мемлекеттер мен халықтардың күшімен құрылды. Көптеген басқа мемлекеттермен салыстырғанда төмен болып келетін бұрынғы КСРО деңгейі – бұл оның ядролық қуаты медалінің екінші жағы болды. Оны құруға қосқан Қазақстанның үлесі мен соның жолында жасаған құрбандықтары айтарлықтай көп. Тура осы Қазақстанның аумағында қырық жылдан астам уақыт ядролық сынақтар жасалды. Соның салдарынан халықтың денсаулығына жəне қоршаған ортаға өте үлкен зиян келді.
Осы жағдайларды жəне əлемдік ядролық қарудан босаған мемлекеттердің құқығын қорғайтын ұйымдар қағидалары мен нормаларын ескере отырып, кеңестік яролық қарудың тағдыры бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттердің, соның ішінде ядролық сынақтар жасалған мемлекеттердің қатысуынсыз шешіле алмайды. Ядролық қару Ресейге біржақты шешіммен ғана ауыстырыла алмайды. Себебі ол бұрынғы КСРО-ның бірден-бір құқық қабылдаушысы емес жəне ол өзін ядролық ерекшелікке ұсына алмайды.
Əрине, бұл басқа республикалардың Ресейдің əскери құрылымдық ойларымен жəне бүкіл əлемнің ядролық қаупсіздік шараларымен келіспеуі керек деген сөз емес. Осының салдарынан 1991 жылы 21 желтоқсанда қол қойылған Алматы декларациясында Тəуелсіз мемлекеттер достастығын құрған республикалар былай деп жазды: «Халықаралық стратегиялық тұрақтылықты жəне қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында əскери құрылымдық күштерді бір жерден басқару жəне ядролық қаруды бір жерден қадағалау сақталады; тараптар бір-бірінің ядросыз жəне бейтарап мемлекет ретінде жеткен жетістіктеріне сыйластықпен қарауы керек».
Ал аумақтарында ядролық қару орналасқан Беларусь, Қазақстан, Украина республикалары мен Ресей Федерациясын алатын болсақ, Алматыда қол қойылған ядролық қаруға байланысты ортақ шешімдер шығаратын келісімде ядролық қаруды жəне ядролық технологияларды таратпау жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Олардың ядролық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету жөніндегі барлық əлемдік мəселелерді қамтығаны белгілі.
Ядролық мəселелерге байланысты Қазақстанның ұстанымына Мəскеудің көзқарасын белгілі орыс сарапшысы Ю. Федоровтың 1992 жылы жазған сипаттамасына қарап білуге болады: «Қазақстан ядролық мемлекет пен ядросыз мемлекеттің арасында таңдау жасап жүрген кезде максимум дивидент бөлді, ол Ресейдің арқасында ядролық қауіпсіздікке ие болып, ядролық қаруды таратпаушы режимнің жақтасы ретінде саяси деңгейін көтерді. АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдарын ары қарай жою мəселесінде Қазақстан өз аумағынан ядролық қарудың түбегейлі шығарылуына қарсы болып, Ресейдің Қазақстандағы əскери міндеттерін жалғастыруын талап ететіні анық».
Сонымен қатар Алматыда ядролық қаруға қатысты өзіндік, ресейлік жəне батыстық көзқарасқа ұқсамайтын жеке пікір қалыптасқанын айта кету керек. «Жалпы қауіпсіздікке Ресей Федерациясының саяси тұрақсыздығы да үлкен əсерін тигізбекші. Егер Ресейдегі демократиялық үдеріс үзіліп, тарих дөңгелегін кері айналдырып, билікке бұрынғы тоталитарлық жүйені орнатуға тырысатын необольшевиктер келсе, олардың ең алдымен əскери күшке, соның ішінде ядролық қаруға сүйенетіні белгілі. Бұл кезде Ресейдің ядролық əлеуеті шовинистік жəне державалық бағыт ұстанған реаниматорлардың алыс жақын шетелдерге сұс көрсетіп отыратын ядролық қолшоқпарына айналып кетпей ме? Бұл кезде Беларусияда, Украинада жəне Қазақстанда орналасқан ядролық қаруларға Ресейдің монополиялық қадағалау жасауы шешімі қателік болмай ма?».
Таратпау жөніндегі батыстық жəне американдық сарапшылар осы жолдағы Қазақстанның əрбір саяси қадамын аңдып отырды. РЭНД Корпорейшн Қазақстанның ядролық қарудың тағдырына байланысты саясатын болжап, осы мəселені шешудің мүмкін болатын үш нұсқасын болжап шығарды. Ол əр жағдайдағы Құрама Штаттан төніп тұрған қауіптің деңгейіне байланысты болды. Осы мəселені шешудің үш нұсқасы бар деп көрсетілді. Біріншісі, жағдайды қадағалап отырған АҚШ СШҚ-1 жəне СШҚ2 келісімімен толық келісе отырып, республика территориясынан ядролық қаруды алып шығып, оны жояды. Екінші нұсқада КСРО-ның құлауынан кейінгі бұлыңғыр жағдай жəне Ресей мен Қазақстанның стратегиялық арсеналды бірлесіп басқару мен бақылауы жайы сипатталады. Үшінші жол, Қазақстанда стратегиялық ядролық қарудың ресейлік əскери база басқаруымен сақталып қалуы жəне оның тікелей Мəскеудің қарауында болуы. Халықаралық зерттеулердің Монтеррейлік институтының ядролық жəне зымыран мəселелері жөніндегі зерттеу жобасының жетекшісі У. Поттердің айтуы бойынша, 1992 жылы Қазақстан кеңес ядролық қаруының тағдырын шешу барысында осы аталған үш нұсқаны да жүзеге асыруға тырысқандай ой қалыптастырды.
Ал Қазақстанға келетін болсақ, оның аумағындағы кеңестік стратегиялық əлеуетінің жойылуы Орта Азияда ірі үдерістерді жүзеге асырып жатқандардың алдында жас мемлекетті қорғансыз етіп көрсетті: экономикалық жəне əскери қуаттың күшеюі мен кейбіреуінің тұрақсыздануы, ескі шекаралық дау-дамайлардың, сепаратистік қозғалыстардың қайта жаңғыруы, ұлттық көтерлістер мен діни соғыстардың пайда болу қаупі. Бас жағы бөлінетін (БЖБ орысшасы: (РГЧ)) құрлықаралық баллистикалық зымырандар (ҚБЗ) тəрізді тұрақсызандырғыш қару түрінің жойылуы геосаяси көзқарас тұрғысынан өңірдегі тұрақсыз жағдайды асқындыруға алып келді. Бұл шешім Ресейдің де бүкіл қауіпсіздігіне əсер етті. Себебі оның КСРО бар кезінде құрған Азиядағы əскери жүйесі бұзылды.
Қазақстанның қауіпсіздігін іздеу барысында кейбір сарапшылар мынадай шешімге келді: «Қазақстан өзінің солтүстіктегі көршісімен келісіп, тығыз əскер-саяси одақ құруға жəне стратегиялық альянс құруға тырысуы керек. Сол арқылы өз аумағына Америка мен Ресейдің келісімінде жоқ қаруды орналастыруды қарастыруы қажет. Бұл жаңа класты моноблокты ҚБЗ болуы да мүмкін немесе БЖБ болуы да мүмкін. Əрине, Қазақстан ядросыз мемлекет болып қала берер, ал Ресей оны сырттай бақылап отырар, соның арқасында оның стратегиялық жағдайы артып, саяси салмағы ұлғаяр еді. Бұл жағдай кеңестік-американдық қайшылық кезеңіндегі АҚШ пен Германияның қатынасын еске түсіреді. Соның арқасында, Қазақстан өз аумағында шетелдік əскери базалар болуының арқасында, қауіпсіздігін қамтамасыз ете алар еді. Сонымен қатар ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімдердің дербес мүшесі ретінде ядролық энергияны қолдану аймағында да еркін саясат жүргізе алар еді.
Қазақстанның ядролық мəселелердегі орны 1993 жылы нақтылана түсті. Республиканың саяси өмірі ядролық бағыттағы оқиғаларға толы болды. Жаз айының соңында Алматыда «НевадаСемей» қозғалысы ұйымдастырған антиядролық конгресс болып өтті. Соңғы конгресстің алғашқыларынан басты айырмашылығы Синьцзяньдағы (Шығыс Түркістандағы) Лобнор полигонын жабу болды. Ал ол өз кезегінде ҚХР мен Қазақстаның арасындағы дипломатиялық жəне мемлекетаралық қатынастарға əсерін тигізді. Қазақстанның басшылары ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап етіп, Қытайды мораторийға қосылуға бірнеше рет шақырды. 1993 жылдың қыркүйегінде Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның үкіметі тарапынан жіберілген өкілдердің арасында келісімшарттар жасалды. Солардың нəтижесінде кеңестік СС-18 басллистикалық зымыранын демонтаждауға АҚШ-тың қатысуына жəне соған демешілік жасауына келісім беруіне қол жеткізілді. Осы келісімге қол қойылуы Қазақстаның СШҚ-1 келісімі жəне Лиссабон протоколы бойынша өз міндетін жақсы атқарып жатқандығын білдірді.
1993 жылдың қазан айының алғашқы күндері Венадағы МАГАТЭ штаб-пəтерінде Қазақстан осы ұйымға мүше болды. Бұл жуық арада Қазақстандағы барлық ядролық нысандардың МАГАТЭ қарамағына өтетінін, яғни атомдық агенттіктің қадағалауында болып, осы агенттік арқылы ақпараттандырылатынының белгісі еді. Қазақстан Республикасының атом энергиясы бойынша агенттігінде қазақстандық ядролық нысандарды МАГАТЭ жүйесіне қосудың бағдарламасы жасалып қойғанын атап өту керек. Бірақ біздің ядролық құрылымды МАГАТЭ кепілдігіне беру жолындағы техникалық қатамасыз ету мен мамандарды даярлау барысында айтарлықтай мəселелер туындады. Батыстың бірнеше мемлекеті атомдық нысандарға мамандар даярлау кезінде республикаға қол ұшын беруге міндеттенді. Сонымен, уақыт өте келе біздің атомдық өндіріс деңгейіміз бұрынғы кеңес одағы кепіл болған əскери-саяси қауіпсіздікпен салыстырғанда біршама артты.
Ядролық қару жəне ЯҚТК ұйымына мүше болу жөніндегі өткір таластар 1993 жылы қайта көтерілді. Украинаның жоғарғы Радасы 1993 жылғы СШҚ-1 келісіміне шартты түрде Украинаны ядролық мемлекетке айналдыратындай өзгерістер енгізді.
Ресей мен Украина арасындағы пікірталастар кезінде Қазақстан үнемі шеттетіліп отырды жəне ешбір пікір таласқа өз пікірін қоса алмады.
Бірақ Украинаның СШҚ-1 келісімінен шығуы келісімнің бүкіл жүйесін жəне ондағы Қазақстанның орнын күмəнға айналдырды. Осы тұрғыда алғанда Қазақстанның Ресейді қолдамауы, ең алдымен Қазақстан мен Украинаның Ресеймен тек өздерінің жеке мəселелері үшін ғана серіктес болғанын байқатты. Мұның бəрі қалыпты саяси жəне дипломатиялық қарым-қатынастың шеңберінен шығып кетті. Себебі бұл жерде мəселе жас əрі тəуелсіз мемлекеттің ұлттық мүдделері мен қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуінде болды. СШҚ-1 келісімі төңірегіндегі пікірталастар Қазақстанға қауіпсіздік мəселелерін еске түсіргенін мойындау керек. Бұл мəселе Украина үшін қаншалықты жоғары болса, Қазақстан үшін де соншалықты маңызды болды.
Ядролық мəселенің рухани жағымен қатар, экономикалық жəне саяси аспектілері де бар еді. Қазақстан ЯҚТК ұйымына ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде кіргені есебінен ғана басқа мемлекеттерден бұрынғы ядролық қаруларды жою мақсатында қомақты қаржылай көмекке ие болып отырды. Бірақ Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға көмегін тигізетін уранның өте үлкен қоры бар екені белгілі. Осы келісімде көзделгендей біз бұл қорды саудаға салып, атомдық өндірісті дамыта алмаймыз. Осы тұстағы Қазақстанның ұстанымы мынадай алты бөліктен тұрады:
1. Ядролық қаруы бар мемлекеттер əлем мемлекеттері мен халықтарына жолданған үндеуде өздерінің ядролық жəне тағы басқа жаппай қырып-жою құралдарын бiр-бiрiне жəне ядролық емес мемлекеттерге қолданудан бас тартулары жайлы жариялауы керек;
2. Күш көрсету жəне қауіп төндіру жағдайын болдырмас үшін ядролық жəне ядролық емес мемлекеттер бiр-бiрiнiң аумақтық тұтастығы мен шекараларын бұзбау жөнінде мəлім етеді;
3. Олар керек кезде келiсiлген ретте жасалған қорғаныстық жеткiлiктiлiк қағидасының жəне ядролық қарумен тағы басқа жаппай қырып-жою қаруларын таратпауды ынталандыру мақсаттарының негiзiндегі кəдiмгi қарулы күштер жəне қару-жарақтарды қысқарту бойынша үйлесiмдi шаралардың қабылдануына мүмкiндiк туғызады;
4. Ядролық жəне ядролық емес мемлекеттер осы қағидалар жəне келiсiмдерді мақұлдаған жағдайда 1995 жылғы бұл мəселе жөнiндегі Халықаралық конференцияда 1968 жылдың Ядролық қаруларды таратпау туралы шарттың күшiн ұзартуға талпыныстарын бiлдiредi;
5. Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы жəне Украи на Республикасы өз аумағынан оның шығарылуын қамтамасыз етіп, ядролық қарулардан еркiн жəне ядросыз мемлекеттер ретінде ядролық қаруды таратпау туралы Келiсiмшартқа қосылады;
6. Ядролық жəне ядролық емес мемлекеттер өзара қауiпсiздiкке жету мақсатында кəдiмгi жəне ядролық қару-жарақтардың қысқарту үдерісіне сəйкес келтіру қажеттілігімен келiседі. Кəдiмгi қару-жараққа теңестiрушi салмақ ретiнде ядролық күштердің маңызы аз болады (Kasenov, Abuseitov, 1993).
Барлық даулар мен пiкiрталастарға нүкте Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесi ЯҚТК-ны бекiткен 1993 жыл дың 13 желтоқсаны күні қойылған болатын. Нақ сол, Қазақстанның ядросыз мəртебеге қарай қозғалысы шешушi кезеңді бастан өткiздi: ол ядролық қаруды таратпау туралы шартты бекiтуi жəне ядролық емес мемлекет ретiнде ЯҚТК-ға қосылуы болды. Ядролық қарусыздану үдерісі соңғы ядролық жарылғышты 1995 жылдың сəуiрiнде Ресей Федерациясына апарған соң аяқталды. Кеңес заманынан бері Семей полигоны шахтасында жатқан ядролық заряд 1995 жылдың 31 мамырында химиялық жолмен жойылды. Президент Н. Назарбаев өзінің Қазақстан азаматтарына арнайы жолдауында бұл актiні «Қазақстан биографиясындағы соңғы ядролық нүкте» деп атады (Назарбаев, 1995). Бұл акт осы жерде жүргiзiлген ядролық сынаулар, орналастырылған стратегиялық ядролық қаружарақтар, КСРО атом өнеркəсiбi үшiн шикiзаттың өндірісі болған дəуірге соңғы нүктесін қойды.
Қазақстандағы ядролық қару таратпау саласындағы ең iрi оқиға МАГАТЭ бас директоры Ханс Бликстің Қазақстанға сапары болды (1994 жылдың 25-30 шiлдесi). 26 шiлдеде Қазақстан премьерминистрi С. Терещенко жəне бас директор Х. Бликс республиканың барлық ядролық кəсiпорындарына МАГАТЭ-ның бақылауының орнатылуын бiлдiретiн кепiлдiктер туралы келiсiмге қол қойды. Келiсiм iс жүзiнде Қазақстанның ядролық қару таратпау туралы келiсiмшартына (ЯҚТК) қосылу мiндеттемелерiнiң iске асырылуы бойынша тетік болып табылады, сондай-ақ Конституцияға жəне Қазақстан заңына сəйкестiгiн тексеруiнен кейiн күшiне енедi.
Х. Бликске Ресей қатысуымен республикада ядролық сынақтар зардаптарын жою мемлекеттiк бағдарламасы болғаны туралы хабарланған болатын. МАГАТЭ бас директоры ядролық қызметке қатысы бар немесе радиациялық қорғауды қамтамасыз етуге, яғни радиоактивті қалдықтармен жұмыс жасауға қатысты мемлекеттiк құрылымдар, мекемелер жəне ұйымдардың өзара əрекеттесуiн үйлестiретiн атом қуатының уақытша қолданылуы ереже туралы жеткiлiктi мəлiметтi алды.
Қазақстанда сонымен қатар ядролық материалдарды, технологияны, қондырғыларды, құрылғылар мен арнайы ядролық емес материалдарды экспорттау мен импорттау жайлы Қаулы қабылданды.
Х. Бликстің ресми сапары кезінде полигонның атом реакторы мен зерттеу стендтерінің тағдыры талқыланды. Атомдық реакторлардың қарапайым түрінің қауіпсіздігі бойынша зерттеулерді жалғастыру Ресей мен АҚШ елдерінің көмегінсіз мүмкін емес еді. Алайда, бұдан бұрын Курчатовта өткізілген бағдарламалардың тармаманданған бағыттылығын есепке ала отырып, нысан конверсиясы полигон инфрақұрылымының 50% қатынасында болуы мүмкін.
Қазақстан үшін ядролық сынақ мəселелері бұрынғыдай маңызды болып қала берді. Алматыда С. Ледогардың Женева конференциясында сөйлеген сөзіне ерекше назар аударылды. Онда АҚШ үшін қарулануды бақылау бойынша барлық көпжақты келісімдердің ішінен ядролық жарылысқа тыйым салу Келісімшарты ең маңызды болып табылады делінген.
Радиофобтық көңіл-күйдің барлығы Қытайдағы жалғасып жатқан ядролық сынақтарға қарсы бағытталды. Антиядролық күш акциясы да назардан тыс қалмады: 1994 жылдың 26 тамызында Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында халықаралық қоғамдық жəне гуманитарлық ұйымдардың қатысуымен «Невада-Семей» жəне қырғызстандық «Лобнор» антиядролық қозғалыстарының конференциясы өтті.
Бұл конференцияның ұйымдастырылу себебі мынада болды, Синьцзяндағы КХР-ның ядролық белсенділігі орталықазиялық елдердің тұрғындарының денсаулығы мен экологиялық жағдайына зиянын тигізіп отыр. Екі антиядролық ұйым да – қазақстандық жəне қырғызстандық қозғалыстар КХР-ның Орталық Азиядағы радиоактивті таралудың көзі екеніне қарсы. Бішкек конференциясының шешімдерінің бірі – Лобнордағы атом қаруын сынақтан өткізу салдарын ғылыми зерттеу үшін үшжақты (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан) сарапшылар тобын құру болды.
Қазақстандағы ядролық қару мəселесінің халықаралық астары МАГАТЭ-мен байланыс жасау жəне ЯҚТК мен СШҚ-1 бойынша өзінің республикалық міндеттерін орындаумен шектелген жоқ. 1994 жылы 6 қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Республикасының атомдық энергия жөніндегі Агенттік пен ядролық қаруды жоюдағы əріптестік бойынша ҚазақстандықЖапондық комитет арасындағы келісімге қол қою маңызды оқиға болды. Қазақстан Республикасының ғылым мен жаңа технологиялар жөніндегі бұрынғы министр В. Школъник атап өткендей, бұл келісім нысан қатарында ядролық материалдарды бақылау мен есепке алудың мемлекеттік жүйесін құруда Жапониямен бірлескен əріптестікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жапониямен əріптестік орнату Қазақстанда АҚШ, Ұлыбритания, Швеция жəне МАГАТЭ-мен бірлесе отырып, ядролық қаруды таратпау тəртібін орнату жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Жапония донор-елдердің ішінде бірінші болып осы саладағы жұмыстарға қаражат (11 млн. АҚШ доллары) бөлді. Келісімде көрсетілгендей, əріптестік жөніндегі комитет (нақты айтқанда, жапондық тарап) Қазақстан Республикасына есеп алу мен бақылау жүйесін орнату үшін қажет қондырғылар, қызмет көрсету мен оқытуды ұсынады. Жапония Қазақстанға ядролық сынақтардың салдарын жоюға кө мек көрсетуде, əсіресе ядролық сəулеленуден емдеуге. 1995 жылдан кейін Қазақстанның ядролық саясаты сапалы өзгеріске ұшырады: Ядролық мəселелер бойынша шешімдерді өзге елдермен санаса отырып қабылаудан, барлық маңызды мəселелерді, оның ішінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарт тағдыры бойынша шешімді өзі қабылдай отырып, өз мүддесін қалыптастыру сатысына өтті. Қазақстанның өз ұстанымын қалыптастыруында 1993 жылдың желтоқсанындағы ЯҚТК-ін ратификациялаудың маңызы зор болды. Ол елімізге барлық ядролық мəселелер бойынша өзінің республикалық саяси шекарасын өткізуге мүмкіндік берді. Бұл ядролық мəселелердің əскери, экономикалық жəне экологиялық мəселелеріне қатысты.
1995 жылғы ЯҚТК тағдырына қатысты Қазақстанның ұстанымына қатысты республикада түрлі көзқарастар болды. Солардың біріне тоқталар болсақ, ол ядролық қаруды соңғы жиырма бес жыл ішінде таратпау тəртібін нығайтуды, оның замануи редакцияда сақталуын, келісімшарттың мерзімсіз сипатта болуын қалайтын батыс ұстанымына негізделген.
Алайда, өзге пікірлер де бар еді: Қазақстан өз мəселелері бойынша үшінші əлемге жақын, сол себепті технология мен шикізатты экспорттау мен импорттау саласындағы қауіпсіздікке, дискриминациялық шектеулерге қатысты кейбір елдердің талаптарына, МАГАТЭ кепілдігі тəртібіне, кейбір елдерге қатысты ЯҚТК-нің шешімдерінен кейін Батыс өткізген екіжақты стандарт саясатына құлақ асу қажет. Бұл дəлелдеме Келісімшартты денонсациялау немесе оған салмақты өзгерістер енгізуді талап ететін елдер ұстанымын қолдауға əкелді.
Ақырында, Қазақстанда ЯҚТК белгілі бір мерзімге ұзартылуы қажет деген ымырагершілік көзқарас қалыптасты. Қазақстан ЯҚТК бойынша ұстанымын өзінің міндеттеріне қол жеткізу мен халықаралық қауіпсіздік мүддесін ескере отырып қалыптастырды. Оның ішінде: барлық ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі Келісімшарт, ядролық қаруы жоқ елдердің қауіпсіздігіне халықаралық жəне тиімді кепілдік беру; ЯҚТК шарттары мен МАГАТЭ кепілдігін орындауды бақылау бойынша қатысуға келісімшарттың барлық тараптарына тең құқық беру; халықаралық қауіпсіздік жүйесінің негізі ретінде ядролық қаруды таратпау тəртібін қолдау; ядролық қарусыздану бойынша күштерді қолдау келісімдері бар.
Батыстан кеңес алғаннан кейін Қазақстан 1995 жылдың сəуір айында ЯҚТК-ын мерзімсіз ұзартуға толық қолдау көрсететіндігін жариялады. 1995 жылдың сəуір-мамыр айларында Нью-Йоркте өткен ауқымды концеренцияда Қазақстан Республикасы оның мерзімсіз ұзартылуына дауыс берді. Сонымен, Қазақстанның бұл актісі республиканың халықаралық аренаға шыққаннан кейін ядролық қаруды таратпау жөніндегі саналы қадамы болды.
1993 жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Америка Құрама Штаттарымен құрлықаралық баллистикалық зымырандарды шахталық жіберу қондырғыларын жою, Қазақстандағы ядролық қаруды шығаруға байланысты апатты жағдайлар салдарын жою жəне ядролық қаруды таратудың алдын алу жөнінде келісімге қол қойды. Келісімнен кейін Алматы мен Вашингтонда қорғаныс министрі өкілдерінің деңгейінде осы келісімді жүзеге асыру бойынша келісімдер мен кеңестер өткізілді. СШҚ-1 Келісімшарты бойынша Қазақстанның міндеттемелерді орындауына байланысты мəселелерді шешуге АҚШ-тың қаржылық жəне техникалық қатысу үдерісін жеделдету шешімі қабылданды. Осы мақсатта Нанна – Лугара Қорынан жағымсыз салдарды жою жұмыстарын ұйымдастыру мен құрал-жабдықтар алуға Қазақстанға 150 млн. доллар бөлінді. Сонымен қатар, АҚШ Қазақстан аумағында орналасқан стратегиялық зымырандардан алынатын байытылған уран құнын өтеу міндетін өзіне алды. Компенсацияның нақты сомасын анықтау үшін жоюға жататын ядролық қаруы бар бұрынғы төрт кеңестік республиканың (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) үлесін анықтау қажет болды.
Қазақстан қатысатын ядролық қаруды қысқарту мен шектеу бойынша екіжақты жəне көпжақты Келісімшарттар мен келісімдерге сəйкес 1994 жылы 11 наурызда Қазақстан мен Жапония үкіметтерінің арасында ядролық қаруды жою саласындағы əріптестік пен əріптестік жөніндегі Комитетті құру жөнінде Келісімге қол қойылды. Жапондық тарап Қазақстанға ядролық қаруды сенімді жəне қауіпсіз жою мен оны жүзеге асыруға байланысты қоршаған ортаны қорғау мəселелерін шешуге қаражат бөледі.
Сонымен, 1994 жылдың 28 наурызында Ресеймен келісімшартқа қол қойылды. Келісімшарт бойынша Қазақстан аумағындағы барлық стратегиялық қарулану Ресей Федерациясына өтті. Осы сəттен бастап, ядролық қаруды шығару, сақтау, демонтаждау бойынша жауапкершіліктің барлығы Ресейге берілді. Сонымен, ядролық қаруды демонтаждау, жою үдерістеріне төрт тарап қатысады: Қазақстан, АҚШ, Ресей жəне Жапония.
Қазақстандық-американдық жəне ресейлік-американдық кеңес тер барысында стратегиялық нысандарды жоюдың екі кезең дік үдерісінің мəмілелік нұсқасы пайда болды:
1) Шахтадан зымырандарды алып тастағаннан кейін қазақстандық жəне ресейлік мамандар жіберу қондырғыларының жарылысын жасайды; американдық мамандардың рөлі қажетті
құрылғыларды жеткізумен шектеледі;
2) қазақстандық жəне америкалық мамандар бастапқы кешендегі барлық қалдықтарды пайдалануға жарамды қондырғыларды демонтаждаудан кейін жоюды аяқтайды: америкалық тарап қажетті техникамен жабдықтайды жəне жергілікті билік органдарына беру бойынша іс-шараларды қаржыландырады.
Қазақстан мен АҚШ арасында жоғарыбайытылған уранды тəркілеу мəселесі бойынша түсінбеушілік болды. АҚШ ядролық қаруды шығару кестесінің нақты орындалуына қол жеткізді; қазақстандық тарап бұл тетік тəркілеу мəселесі реттелген соң жіберіледі деп ойлады. 1995 жылы 21 сəуірде барлық ядролық заттар Қазақстаннан шығарылды. Алайда, тəркілеу мəселесі белгісіз деңгейде қалып қойды.
Қазақстан Республикасының қарусыздану бойынша маңызды халықаралық келісімшарттарға тиімді қатысуының өзге мысалы да бар. Ол – орта жəне алыс қашықтықта ұшатын зымырандарды (ОАҚЗ) жою туралы келісімшарт. 1991 жылы 24 желтоқсанда КСРО құлағаннан кейін ТМД елдері осы келісімшарт пен оған қатысты құжаттарды сақтау қажеттігін мойындап, 1992 жылдың 9 қазанында осы келісімшартта қатысатындары жайлы шешім қабылдады, əр ел өзінің аумағында оның ережелерін сақтайтындығын мəлімдеді. Қазақстан осы келісімшарт бойынша өз міндеттерін орындауға белсенді қатысты; оның аумағында осындай зымырандардың бес нысаны болды. Қазақстан АҚШ инспекциялық ұшақтарының аумаққа енуіне арнайы пункт ашты жəне осы пунктердің өзіндік мəртебесін анықтады. Келісімшартқа қатысушы-елдер инспекциялық қызметті жүзеге асыру саясатына қатысты саяси өтініштерімен, оның ішінде инспекция үшін шығындардың орнын толтыруға байланысты өтініштерімен алмасты. 1995 жылдың ақпанында Петропавлдағы ауыр индустрия зауытына американдық тарап алғашқы инспекция өткізді. Екі жақ та инспекция сəтті өтті деп баға берді. Сонымен, Қазақстанның ОАҚЗ бойынша келісімшартқа сəтті қатысуы ел аумағында СШҚ1 келісімшартын жүзеге асыру да осылай болады деген тұжырымға негізі болды.
Алайда СШҚ-1 келісімшартын жүзеге асыруды қазақстандықамерикандық жəне қазақстандық-ресейлік қатынастардың төңірегінде қарастырған дұрыс. Соңғылары екіжақты негізде Қазақстан мен Ресей арасында бекітілген əскери-стратегиялық топқа негізделеді. Бұл келесі келісімдер еді:
1. Əскери əріптестік туралы келісімшарт;
2. Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидалары мен шарттары жайлы келісім;
3. Қазақстан Республикасының аумағында уақытша орналасқан стратегиялық ядролық күштер туралы келісім;
4. Семей сынақ полигонында оның жабылуына дейін (1995 жылдың 31 мамырында жүзеге асырылды) орналастырылған ядролық құрылғыларды демонтаждау бойынша келісім;
5. Қазақстан аумағындағы стратегиялық ядролық күш нысандарын СШҚ келісімшарты бойынша инспекциялық қызметпен қамтамасыз ету тəртібі туралы келісім;
6. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан стратегиялық басып алушы қарулануды қысқарту үдерісінде əріптестік жасау туралы келісім;
7. Қазақстан Республикасы аумағынан зымырандық шабуыл жайлы ескерту жүйесін пайдалану туралы келісім.
Осылайша, Қазақстанның құрлықаралық баллистикалық зымырандарды демонтаждау жəне шахталарды жою бойынша міндеттемелерін орындауы американдық-қазақстандық жəне ресейлік-қазақстандық қатынастардың жалпы дамуының кешенді тəуелділігінде болды. Сонымен қатар, саяси, экономикалық жəне əскери-стратегиялық мəселелер қатарына тəуелді болды. Осы мəселелерді біртіндеп шешу үдерісінде Қазақстан 1991 жылы тамызда басталып, 1995 жылдың сəуірінде аяқталған ядролық қарусыздану төңірегіндегі саясатын қалыптастырды.
2009 жылдың маусым айының ортасында ядролық қаруды сынақтан өткізуге қарсы əрекеттердің Халықаралық күнін жариялау ниетімен қазақстандық көшбасшы БҰҰ-на жүгінді. Халықаралық «антиядролық күн» ретінде 29 тамыз кездейсоқ таңдап алынған жоқ, 1991 жылы бұл күні Қазақстан Президентінің жарлығымен Қазақстан аумағында 1949 жылдан бастап, 1989 жылға дейін əрекет еткен Семей сынақтан өткізуші ядролық полигон ресми түрде жабылған еді. БҰҰ Бірінші комитеті 192 БҰҰ мемлекет-мүшелерінің консенсусымен бекітілген бұл қарардың жобасын құптады.
2009 жылы «ирандық ядролық мəселе» халықаралық күн тəртібінде №1 мəселе болып тұрған кезде, Қазақстан қатарынан бірнеше антиядролық жобаларын ұсынды. Президент Н. Ə. Назарбаев жаппай қырып-жою қаруын горизонтальді жəне вертикальді таратпау туралы жаңа əмбебап келісімшарт жасау бастамасын көтерді. Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «осы сұрақтарға қатысты халықаралық консенсустың жоқтығы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күрт төмендеп кетуіне əкеліп соқты. Бұл жерде халықаралық басқарушылықтың жүйелік дағдарысы жөнінде сөз болып отыр, əлемдік қоғамдастықта жаппай қырыпжою қаруын таратуды тоқтатуға қауқарлы легитимді тетіктердің саны азайып бара жатыр».
2009 жылдың 21 наурызында Н. Ə. Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тəжікстан жəне Түркіменстан өкілдері қол қойған Орталық Азияда ядролық кешен құру туралы келісімшарт күшіне енді. Бұл келісім аясында қатысушы-мемлекеттер ядролық қару мен оның компоненттерінің немесе өзге де ядролық жарылғыш құрылғылардың өз аумағында болуына, оны сатып алу жəне орналастыруға тыйым салу бойынша өз мойындарына міндеттер алды.
Қазақстан қаруды таратпау саласында маңызын бағалау қиынға соғатын болашағы зор бастамаларды ұсынуды жалғастыруда. Солардың жарқын мысалының бірі ретінде 2009 жылы сəуір айында Қазақстанның МАГАТЭ аясында ядролық отынның Халықаралық банкін ел аумағында орналастыру туралы ұсынысын айтуға болады. Ядролық қарудан бас тартқан елдердің реакторларға отын алу үшін Халықаралық банк құру идеясын бірнеше жыл бұрын Сэм Нанн ұсынған болатын. Бүгінгі таңда бірқатар елдер оның құрылуына қаражат бөлуге дайын. Ал бұл ирандық ядролық мəселені жəне ядролық қаруды тарату мəселесін шешудің бірден-бір жолы болып табылады.
Ядролық қауіпсіздік мəселесі бойынша ірі халықаралық конференцияларды өткізу қажеттілігі бұрыннан бар. Бүгінгі таңда 9 мемлекетте ядролық қару бар, 38 елде байытылған уран мен плутоний өндіріледі. Ғаламшарда 100 мыңнан астам ядролық қаруға арналған соғыс зарядын өндіруге болатын 2100 тонна жоғарыбайытылған ядролық материалдар таралған. Оны сақтау жағдайы көңілге қонымсыз болып отыр. МАГАТЭ-нің мəліметтері бойынша, 1993 жылдан бастап ядролық қару контрабандасының 100-ден астам жағдайы тіркеліп, байытылған уранды ұрлаудың 18 жағдайы көрсетілген. Ядролық материалдардың лаңкестер қолына түсуінің алдын алу мəселесі Вашингтонда қарастырылды. Негізгі назар екі конвенцияға негізделді: ядролық қаруды заттық қорғау мен ядролық лаңкестік жағдайымен күрес. Екінші конвенция Мəскеудің бастамасымен 2005 жылы қабылданса да, əлі күнге дейін қол қоюшылардың жеткіліксіздігінен өз күшіне енбей отыр.
Ядролық қаруларды қорғаудан басқа, ядролық қауіпсіздікті қамтамсыз етудің өзге де жолдары бар. Мысалы, Украина жоғары байытылған ураннан толық бас тартуға дайын екендігін мəлімдесе, Чили бір жарым ай бұрын өз уранының 18 килосын Америкаға берді. Тағы бір тəсіл – ОАР сияқты ядролық бағдарламадан бас тарту.
Батыс пен Шығыстың екі ықпалды ұйымы – 2010 жылы ЕҚЫҰ мен 2011 жылы ИКҰ-на төрағалық етуі Қазақстанның бейбітшілік орнату мүмкіндігін нығайта түседі. 2010 жылдың сəуір айындағы Вашингтон саммитінде ҚР ядролық қаруды таратпау тəртібін нығайту бойынша, жетекші елдердің көшбасшыларының тарапынан жоғары бағаға ие болған жаңа ұсыныстар тобын ұсынды:
1) Ядролық қарусыздану саласында жаңа халықаралық актілер жасау мен оған қол қоюды ұсыну. Жекелеген жағдайда, бұл келісімшарттар ядролық қаруды горизонталды жəне верикалды таратпау жөніндегі жағдайлары жəне ыдыратушы материалдарды əскери мақсатта шығаруға тыйым салу туралы. Əлемдік қоғамдастықтың ядросыз əлем Ортақ декларациясын қабылдау бас тамасы; БҰҰ аясында ядролық қаруға толық тыйым салу туралы Жаһандық келісімшарт жасауды ұсыну;
2) Ядролық энергетиканы бақылау саласындағы бағдарламаларда халықаралық бақылауды күшейту. Барлық елдер ядролық энергетикалық зерттеулер жүргізуде тең құқылы болып табылады. Бірақ, барлық ел бейбіт ядролық бағдарламаны əскери бағдарламадан бөліп тұратын шектен аспауы қажет;
3) МАГАТЭ аясында Ядролық отын халықаралық банкін ҚР аумағында орналастыруды ұсыну. Ол үшін қажетті инфрақұрылым мен оның сенімді қорғанысын қамтамасыз ететін мамандар бар;
4) Жаңа ядросыз аймақтарды қалыптастыру, оның ішінде Таяу Шығыста. Осындай кешендері бар қатысушы-мемлекеттерге қауіпсіздік кепілдігін беру маңызды болып табылады.
Əлемдегі ядролық қару əлі күнге дейін тежеуші аргумент ретінде қарастырылады. ҚР Президенті Н. Ə. Назарбаев атап өткендей, ядролық қаруды таратпау айналасын жағдай идеалды жағдайдан көп ерекшеленеді. Оның дабылы ядролық держава клубының бақылаусыз кеңейтілу мүмкіндігіне негізделеді: «Егер халықаралық қауымдастық саяси еріктілік көрсетпесе, ядролық қаруы бар елдер шеңберінің кеңеюін тоқтату мүмкін емес болып, оның салдары ауыр болуы мүмкін». Шынында да, мамандардың ең нашар болжамы бойынша, ғаламшар ядролық хаос шегінде тұр, себебі болжам бойынша 35-40 ел атом бомбасын жасауға қабілетті. Жəне алғашқы орында Азиа құрлығы елдері тұр.
Ядролық мəселеде геосаясат, қауіпсіздік жəне халықаралық тұрақтылық, халықаралық құқық, экономика, энергетика жəне экология сұрақтары қайласқан. Дегенмен, олардың үйлесуі мемлекеттер үшін қауіпсіздікті нығайту мен энергетикалық жəне экономикалық əлеуетін нығайту тұрғысында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атомдық фактордың саясат пен халықаралық байланысқа ұзақмерзімді ықпалын тигізері сөзсіз. Қазақстанға келетін болсақ, ядролық фактор біз үшін əлі күнге ұлттық қауіпсіздік мəселесі болып отыр. Дегенмен, ол елімізге халықаралық кооперацияға қатысу, жаңа технологияларды дамыту үшін, жоғары экономикалық жəне инвестициялық пайда алуға ауқымды мүмкіндіктер береді.