Қырғызстан, Түркіменстан жəне Өзбекстан мемлекеттерімен шекараны айқындау
Қазақстан – Қырғызстан. Қазақстан — Қырғызстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасынан 2001 жылдың желтоқсан айына дейін созылды. Келіссөздер 1997 жылдың 8 сəуіріндегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикалары арасындағы Мəңгі достық туралы Шартқа, екі мемлекет арасындағы 1998 жылдың 17 шілдесіндегі мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі Меморандумға негізделген.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара жөнінде келісу мен шекара сызығын сипаттаудың құқықтық негізін 1930 жылдың 10 қыркүйегіндегі «Қазақ жəне Қырғыз АКСР арасындағы шекаралар туралы» Бүкілресейлік Орталық Атқарушы Комитеттің Жарлығымен белгіленген республикааралық шекара конфигурациясы құрады. Қосымша материалдар негізіне 20 ғасырдың 4060 жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік геодезиялық бақылау аумақтың инспекцияларының геодезия жəне картография Бас Басқармасы бекіткен кезекші карталардың көшірмелері қолданылды. Делегациялардың зерттеуі нəтижесінде шекара сызығының кейбір аумақтары жоғарыда көрсетілген құжаттарға сəйкес келмейді деген қорытындыға келеді. Мысалы, Шу, Талас өзендерінің арналары өзгеріп, екі республиканың өкілетті органдарымен қабылдаған жерге орналастыру акттері кей реттерде бір біріне сəйкес емес еді. 1930 жылғы бұл құжатта 1912-1922 жылдардағы жерге орналастыру құжаттарын сілтемелер жасалынған, ал бұл құжаттар өз кезегінде жоғалып қалған.
Қазақ-қырғыз мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісі осы шекараны анықтау мен нақтылау ұстанымдары негізінде өтті. Мұндай маңызды мəселе қазақ-қырғыз мемлекеттік шекара жөніндегі Шарттың преамбуласы мен 1-бабында бекітілген. Шекараның өзгеруі емес, оның Əкімшілік-аумақтық бөлінуі мен халықаралық құқықтың жалпыға ортақ нормаларына сəйкес анықталуы мен нақтылануы көзделген.
Қазақ жəне қырғыз делегацияларының өкілдері шекаралық мəселелер жөнінде келіссөздер жүргізу тəжірибесіне ие тұлғалар еді. Олардың көбісі Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тəжікстанның біріккен делегациясының Қытаймен шекаралық мəселелер бойынша келіссөздер үдерісіне қатысқандар болатын. Жалпы екі тарап та өздерінің шешімдерін халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына, өзара ымыра мен шекаралық аймақтарда тұратын халық мүдделерін ескеруге негіздеген. Екі мемлекет те бір-біріне аумақтық мəселелер бойынша наразылық танытқан емес. Делимитация үдерісін өткізу барысында кей өзендер мен тау жоталарының бұрынғы жəне жаңа карталарындағы бағыттары бір-біріне сəйкес келмейтіндігі анықталды.
Қырғыз делегациясы кейбір бөліктердегі мемлекеттік шекара сызығының өтуінде 1961 жылғы 30 наурыздағы «Қырғыз АКСРнің облыстары мен аудандарының шекаралары мен мемлекеттік шекараны бекіту туралы» Кырғыз АКРС-нің Жоғарғы кеңес Президиумының Қаулысын жəне оған қосымша карталарды басшылыққа алуды талап етті. Қазақстан тарапы болса бұл құжатты басшылыққа алмаудың бірден бір себебі ретінде қаулының Қазақ АКСР-мен келісілмегенін жəне біржақты тəртіппен қабылданғанын көрсетті. Делегациялар шекараны белгілеу барысында қазіргі замандағы шекаралас жерлерді пайдалану жағдайын ескере отырып жасау керек деген ұсыныс жасайды. Осыған байланысты шекараны анықтау кезінде делегациялар бірнеше дала зерттеулерін жүргізді.
2000 жылдың маусым айында Астана қаласында өткен екінші мəжілісінде екі мемлекеттің делегациялары қазақ-қырғыз мемлекеттік шекара сызығының өтуін Сипаттау жобасын жасауға кіріседі. Осы уақытқа қарай Қазақстан, Қырғызстан жəне Қытай арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының тоғысуы ХанТəңірі нүктесінде орналасқаны жөнінде келісім күшіне енді. Осыған байланысты үкіметтік делегациялар мемлекеттік шекара сызығының өту бағыты шығыстан батысқа қарай белгіленеді деп келісті.
Екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялауға байланысты барлық материалдар жоғарғы деңгейде қол қоюға дайын болған кезде қырғыз тарабы Шартты екі «жақшамен» жасауға ұсынды. Делегацияның ұсынысы – Шу өзеніндегі Шөміш бөгетіндегі аудан мен Мерке-Благовещенка тасжолының шекаралас бөлігін реттемей қалдыру. Қырғыз тарапының осындай ұстанымдары Шөміш бөгетін онда орналасқан құрылыстармен иемденумен түсіндіріледі. Қазақ делегациясын мұндай ұсыныс қанағаттандырмады. Себебі бөгет екі мемлекетті де сумен қамтамасыз ететін нысанға жататын. Қырғызстанға бөгетті беру оның Георгиев су тарататын арнасына монополиясын орнатумен тең келетін жəне екі мемлекетке де су тарату мəселесін күрделендіретін еді.
Қазақстандық делегация алғашқы құқықтық құжаттарға сəйкес Шу өзенінің арнасымен өтуді, ал бөгетпен қоса шаруашылық нысандары делимитациялық жұмыстарға енбеуін талап етті. Осы тұста екі мемлекет делегациялары арасында осындай сияқты нысандарды шаруашылық шарттармен реттелуі қажет деген келісімге қол жеткізілді. Осыған сəйкес қазақ-қырғыз мемлекеттік шекара туралы Шартының 5-бабына сəйкес Шөміш бөгетін пайдалану жөнінде бөлек арнайы Келісімге қол қойылады. Сонымен қатар, келісімге шекаралас өзендерде орналасқан басқа да нысандар мен құрылыстарды пайдалануды реттеу жөнінде мəселелер енгізілуі тиіс.
Екінші «жақшаға» келетін болсақ, Мерке-Благовещенка тас жолы алғашқы құқықтық құжаттарға сəйкес мемлекеттік шекара өзегімен созылған. Қазақстан делегациясы мұндағы шекара сызығын 50 метр оңтүстікке қарай шегіндіруді, жолдың бұл бөлігіндегі аумақты Қазақстан аумағында қалдыруды ұсынған.
Себебі бұл магистраль Қазақстанның балансында бекітілген жəне мемлекетіміздің елді мекендерін байланыстыратын күретамыр болатын. Екі жақтың пікір алмасуынан кейін осы арадағы шекара сызығын өзгертпей бұрынғы қалпында қалдыру жөнінде келісімге келеді.
Қазақстан тарапының бастамасы бойынша қазақ-қырғыз мемлекеттік шекара туралы Шартты 2001 жылдың шілде айындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Қырғызстанға сапары барысында қол қоюға ұсынылған. Бірақ қырғыз тарапы шекараның кейбір бөліктеріндегі жағдайды зерттеу мақсатында қосымша уақыт талап етті. 2001 жылдың тамызынан қараша айына дейін жұмыс топтарының бірнеше кездесулері өтті. Кездесулер барысында далалық зерттеулер өткізіліп, нəтижесінде қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасының барлық ұзындығы бойынша келісіліп сипатталды.
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикалары арасындағы қазақ-қырғыз мемлекеттік шекара туралы Шартқа 2001 жылдың 15 желтоқсанында Астана қаласында қол қойылды. Қазақстан Республикасының Парламенті Шартты 2003 жылдың шілде айында ратификациялады. Шартқа сəйкес қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы – 1242 шақырымға жуық.
Қазақстан – Түркіменстан. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы құрлықтағы шекарасының конфигурациясы күрделі емес. Оның ұзындығының көп бөлігі тура сызықты Үстірт жонының оңтүстігі арқылы, елсіз жерлерден өтетін. Қазақтүркімен мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1993 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық жөніндегі Шартқа жəне 1999 жылғы 9 сəуірдегі Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі Меморандумға сəйкес өткізілді.
Екі ел арасындағы мемлекеттік шекара сызығы өтуінің негізін келесідей құқықтық актілер қалады: 1932 жылдың 27 желтоқсанындағы КСРО ЖАК (ЦИК-жоғарғы атқарушы комитет) Президиумының Қаулысы (№57 Хаттама, 4 пункт «Қарабұғаз аумағының əкімшілік анықталуы, осыған байланысты Түркімен КСР-і мен РКФСР арасындағы шекараның Қарабұғаз ауданында өзгерілуі, осы аумақтың Түркімен КСР-ің ЖАК-не бағынуы»); 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түркімен КСР-і Жоғарғы Кеңестері арасында келісілген шекара сызығы, топографиялық карталардың көшірмелері сəйкес.
Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау бойынша келіссөздердің алғашқы кезеңі 2000 жылдың қараша айында Ашхабад қаласында өтті. Келіссөздердің бұл кезеңінде келесідей мəселелер қойылды. Келіссөздер алдында Қазақстандық делегациясына мемлекетіміздің шекара қызметі бұрынғы əкімшілік шекарада түркімен шептері орналасқаны туралы ақпарат берді. Келіссөздер барысында бұл мəселе талқыланды. Кейін қазақстандық сарапшылардың мемлекеттік Орталық мұрағатында жүргізген зерттеулер нəтижесінде бұл мəселе реттелді, яғни 1972 жылы шекара сызығын өзгертудің бастамашысы Түркімен КСР-і болғаны анықталды жəне осы құжаттар дипломатиялық арналар арқылы түркімен тарапына жіберілді. Түркімен делегациясы құжаттармен танысуы мен зерттеуі нəтижесінде, бұл бөлік бойынша қазақстандық тараппен келісіп, өздерінің шекаралық шептерін Түркіменстан аумағына қарай (шегіндірді) орналастырды.
Келіссөздердің алғашқы кезеңінде екі тарап қазақ-түркімен мемлекеттік шекара сызығы өту сипаттауының əдістемесін келісіп, сонымен қатар Шартқа қосымша – шекара сызығын белгілейтін топографиялық карталар тізімі жасалынды.
2001 жылдың сəуір айында Ашхабад қаласында екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөнінде келіссөздердің екінші кезеңі өтті. Бұл келіссөздер екі аптадай уақытқа созылып, тараптар Шарттың жобасы жөнінде келісті, сонымен қатар шекара сызығының өту Сипаты мен карталар кешені жөнінде келісілді. Қазақстан мен Түркіменстан арасында 425,8 шақырым құрлықтағы шекара сипатталды.
Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы қазақ-түркімен мемлекеттік шекарасын делимитациялау мен демаркациялау үдерісі туралы Шартқа екі елбасы 2001 жылдың 5 маусымында қол қойды. 2001 жылдың қараша-желтоқсан айларында Ашхабад қаласында Қазақстан Республикасы, Түркіменстан жəне Өзбекстан Республикалары арасында үш мемлекеттің мемлекеттік шекараның тоғысу нүктесі жөнінде Шарт келісіліп парафирленді.
Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау жəне демаркациялау үдерісі туралы Шарт Қазақстан Республикасының Парламентімен 2003 жылдың 5 шілдесінде ратификацияланды. Аталмыш Шарттың 7-бабында екі мемлекеттің шекарасын демаркацилау көзделген. Ортақ шекараны демаркациялауға бағытталған іс-шаралар 2003 жылы басталды. Шекарада шекаралық белгілерді орнатуға тараптар 2005 жылы кірісті. Шекаралық белгілерді шекара сызығында орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстар толығымен дерлік аяқталды. Қазақстан, Түркіменстан жəне Өзбекстан мемлекеттік шекараларының тоғысу нүктесі ауданында ғана шекаралық белгіні орнату қалды. Шекара сызығы 278 шекаралық белгілермен белгіленген. Оның ішінде 134 белгі Қазақстан тарапымен, 144 түркімен тарапымен орнатылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарды əзірлеу жөніндегі жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан — Өзбекстан. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитацилау жөніндегі келіссөздер 2000 жылдың ақпаны мен 2002 жылдың тамыз айлары арасында өткізілді. Бұл үдеріс 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы Декларациясына, 1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикалары арасындағы мəңгілік достық туралы Шартқа негізделген. Екі мемлекеттің шекарасының құқықтық негізін Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасындағы заң актілерімен бекітілген əкімшілік-аумақтық шекараның конфигурациясы қалады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара алғаш рет 1924-1925 жылдары ортаазиялық республикаларды межелеу барысында бекітілген. Осы тұста РКФСР мен Өзбек КСР-і арасындағы шекараны сипаттау негізге алынды. Ал Қазақстан сол уақытта РКФСР құрамына енбеген еді. Шекара 1928 жылдың 9 қарашасындағы Бүкілресейлік Орталық Атқарушы Комитеті Президиумының мəжілісінің №28 Хаттамасының 9-тармағы Қосымшасында сипатталған. Аумақтық межелеу үдерісі қысқа мерзімде жүргізілді жəне оның негізіне ескірген, нақтыланбаған карталар алынған. Осылайша, бекітілген заң актілерінде, сипаттау жəне графикалық бөлімдерінде нақтылықтар аз болды. Сондықтан құжат аяқталмаған жəне екі мемлекет арасындағы нақты шекараны сызығының конфигурациясын анықтамаған. Бұл жағдай жоғарыдағы құжаттың преамбуласында да көрсетілген жəне мемлекеттер арасындағы межелеуді нақтылау мəселесін көздеген.
Межелеуді нақтылауға байланысты 20 ғасырдың басында, 1925–1936 жылдары бірнеше паритеттік комиссиялар құрылған жəне бұл комиссиялар да өзара ымыралық шешімге келген емес. Бірінші комиссия 1928 жылы құрылып, Қазақ АКСР-нің бұрынғы Ирджар ауданы мен Өзбек КСР-нің Мирзачуль ауданы арасында шекараны жартылай орнатты. 1931 жылғы екінші комиссия шекарааралық аудандарда далалық жұмыстарды жүргізбей екі ел арасындағы шекараның бір бөлігін орнатты. 1936–1937 жылдары жаңа паритеттік комиссия құрылып, қазақ-өзбек шекарасының бірталай бөлігін келісуге қол жеткізді. Бұл жұмыстардың нəтижелері Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-нің Жоғарғы Кеңестерінің шешімдерімен бекітіледі. Бірақ бұл шешімдер қатаң заңдық күшке ие болмаған. Себебі құжаттар кеңестік деңгейде бекітілген жоқ.
1956 жылдың 13 ақпанында КСРО Жоғарғы кеңесінің Президиумы «Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасындағы шекараны жартылай өзгерту туралы» арнайы Қаулы шығарады. 1962, 1963 жылғы екі елдің Жоғарғы Кеңес Президиумдерінің Қаулыларына сəйкес Өзбекстанға Оңтүстік Қазақстан облысының Киров, Сарыағаш жəне Келес аудандарының 421,3 мың гектар жері берілді. 1963 жылдың 19 қыркүйегінде бұл шешімдерді бекіту мақсатында КСРО Жоғарғы кеңесінің Президиумы «Қазақ КСР-і мен Өзбек
КСР-і арасындағы шекараны жартылай өзгерту туралы» Қаулы шығарады. Қосымшасы – Қазақ КСР-і мен Өбек КСР-і арасындағы шекараны сипаттау. Бұл заң актісі 1925 жылдан кейінгі екі мемлекет арасындағы шекараның конфигурациясын нақтылайтын алғашқы құжат қатарына жатады. Аумақтарды көршілес елге беру фактісі Қазақстан ішінде əділетсіз саналып, келіспеушілік пен наразылық тудырды. Ал 1971 жылдың 11 мамырында «Өзбек КСР-нің Сырдария облысы аумағының бір бөлігін Қазақ КСР-і құрамына беру туралы» Өзбек КСР-і Жоғарғы Кеңес президиумының қаулысы қабылданды. Осы жылдың маусым айында КСРО-ның жоғарғы органдарымен бұл құжат заңдық тұрғыдан бекітілді.
2000 жылдың мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстан арасында екі республика арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісіне байланысты келіссөздерді жүргізу тəртібі мен жұмысты ұйымдастыру жөнінде Ереже қабылданды. Ережеге сəйкес екі тарап мемлекеттер арасындағы əкімшілік-аумақтық шекараны орнатқан заң актілерінің тізімін жасады. Сонымен қатар, қажеттілік туған жағдайда, екі жақ та келіскен жерге орналастыру құжаттары мен республикааралық шекараны нақтылайтын екіжақты материалдарды, ірі көлемдегі топографиялық карталарды, делимитация барысында жасалынған топографиялық суреттердің фрагментері мен басқа қажетті құжаттарды пайдалану жайлы келісті.
Қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерісі кезінде екі мемлекет делегацияларына бірқатар мəселелермен бетпе-бет келуге тура келді. Олардың қатарына келесілерді жатқызуға болады: шекара бойында орныққан халықтың этностық құрамын ескеру, шекара бойымен өткен екі мемлекет те пайдаланған нысандар, темір жəне тас жолдары, электр тасымалдау желілері, су арналары жəне т.б., сонымен қатар, мемлекеттік шекараның елді мекендер мен шаруашылық нысандардың қақ ортасынан өтуі орынсыз болғандықтан, осы сияқты нысандардың мəртебелері мен тəртібін екі тараптың да арнайы шарттар негізінде реттеулеріне тура келді. Осы орайда Қазақстан тарабы шекара бойында тұрып жатқан халықтың мүдделерін ескеру жəне екі мемлекет арасында жерді паритетті негізде алмастыру негізінде бұрынғы əкімшілік-аумақтық шекараның аса күрделі учаскелеріндегі сызығына түзетулер енгізуді ұсынды. Қазақстанның делегациясы келіссөздердің əрбір кезеңі алдында өзінің ұстанымдарын нығайтып, құжаттарды, заң актілерін терең зерттеп, шекаралас облыстар мен аудандардың əкімшілік пікірлерін, саяси, экономикалық, географиялық, ұлттық жағдайларын ескерді.
Қазақ-өзбек мемлекеттік шекара сызығының өтуін сипаттау жобасы шығыстан батысқа бағытталған, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің түйісу нүктесінен басталды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара екі шартпен бекітілді. Алғашқысы – 2001 жылдың 16 қарашасында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара туралы Шарт, ал екіншісі 2002 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында қол қойылған мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелері туралы шарты.