Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасы тəуелсіздікке қол жеткізді. Осыған байланысты мемлекеттің тəуелсіз екендігін дəлелдер ерекшеліктердің бірі аумақтық тұтастық белгісі болып табылатын көрші елдермен мемлекеттік шекараларын белгілеу үдерісі басталды.
Қазақстан мен Қытай Халық Республикалары арасындағы ортақ шекарасы 1 718 шақырымға созылған.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялау үдерісі үш ғасырға созылған күрделі тарихи құбылыс. Алғашқы кезеңде қазақ жерлері Ресей империясының құрамында болды. Ресей империясы мен Цин империясы арасында заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекара өтті. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық мəселелерді шешу барысында құқықтық негіз болды. Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау үдерісін шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады: бірінші кезең, Қазақ хандығы Ресей империясының құрамында болған кезді, екіншісі, Қазақ КСР-і КСРО құрамында болған кезді жəне тəуелсіз Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен шекараны анықтау кезі.
XVIII ғасырда Ресей мен Цин империялары арасында айқын қарсы тұрушылықтар байқалады. Екі мемлекет арасындағы нақты жəне ресми белгіленген шекараның болмауы, жағдайды одан əрі күрделендіре түсті. Сонымен қатар, қазіргі Қазастан аумағындағы саяси жағдай да оңай болған емес. Жетісу аумағына сол кезеңдегі бірнеше мемлекет ие болғысы келді. Атап айтар болсақ, Қоқан хандығы, Цин империясы жəне Ресей империясы.
Ресей империясы қазақтардың бодандығын мойындай отырып, өз боданының аумақтарын əскери-саяси тұрғыдан қорғауды қолына алды. Ресейдің осы кезеңде Қазақ хандығының жерлерінде жасаған шаралары – казак əскерлерін Сібір мен Қиыр Шығыстан əлі толығымен айқындалмаған қазақ-қытай шекараларына орналастыруы болды.
Қытай үшін Шыңжан өлкесінің Іле ауданы əрдайым қиыншылық тудырып отыратын өңір еді. Мұнда Қоқан хандығының жəрдемімен бірнеше рет тəуелсіз хандықтар жарияланған-ды. Сондықтан Қытай ішкі тұрақтылықты сақтау мақсатында Ресей империясымен мемлекеттік шекараны айқындау қажеттілігін түсінді.
Ресей империясы мен Цин империялары арасындағы шекараны айқындау бойынша келісімдер 1860 жылдың 2 қарашасында қол қойылған қосымша Пекин шартынан басталады. Бірақ бұл шарт шекараның өту сызығының тек жалпы бағытын ғана көрсетті, яғни Монғолиядан Қоқан хандығының бұрынғы иеліктеріне дейінгі шекара туралы ғана айтылды.
1862 жылдың 22 шілдесінде Шəуешек қаласында бұл мəселе бойынша келіссөздер жалғасты. Циндік комиссар-демаркаторлар Пекин шартындағы (қытай мəтініндегі) Зайсан көліне дейінгі шекараны демаркацияламақшы болды. Зайсан көлі маңындағы шекараға қатысты бұл шарт баптарының қытай мен орыс тілдеріндегі мəтіндерінде өзгешеліктер кездесті.
1864 жылдың 25 қыркүйегінде Шəуешек қаласында Алтай мен Тянь-Шань тауларына дейінгі аймақта Ресей-Қытай мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы Хаттамаға қол қойылды. Бұл Хаттамамен белгіленген шекаралық сызық тұрақты қытай пикеттерінің орналасуы мен жер бедерін ескеруі нəтижесінде айқындалды. Шекара 3 бөлікке бөлінді:
1) Шабын-Дабаға мен Манитугатул хан пикетіне дейін;
2) Манитугатул хан мен Алтан Тебшіге дейін;
3) Алтан Тебшіден Памир-Алтай тау жүйесіне дейін.
1864 жылы қол қойылған Шəуешек Хаттамасында этнографиялық факторлар ескерілмеген. Хаттаманың 5-бабына сəйкес шекараны анықтау кезінде қазақ халқының жайылымдары қай мемлекет аумағында болса сол мемлекеттің боданы болды. Нəтижесінде Ұлы жəне Орта жүздің көптеген рулары Қытай аумағында қалып қойды, кей рулар Ресей бодандығына өтіп, Цин империясына қарасты жерлерінен айрылды.
Шəуешек Хаттамасының жедел жүзеге асырылуына Шыңжандағы дүңген-ұйғыр көтерілісі бөгет жасады. 1864-1865 жылдары дүңген-ұйғыр көтерілісі Қытайдың Орталық Азиядағы отарының жойылуына септігін тигізді. Ресей мен Цин империялары шекараларының арасында адамдар емін-еркін өтіп жүруіне мүмкіндік алды. Тұрғындардың осылайша еркінсуіне жол бермеу үшін мемлекеттік шекараны демаркациялау қажеттігі туындады.
1869–1870 жылдары И. Бабков жетекшілік еткен Ресей үкіметінің уəкілдері жəне Цин үкіметінің өкілдері Шабын-Дабаға мен Тарбағатай жотасына дейінгі аймақтағы шекараны демаркациялап, оны келесі құжаттарда бекітті:
1) 1869 жылғы 1 тамыз – Богусук пен Ақ Төбе тауына дейінгі шекараны сипаттау Хаттамасы;
2) 1869 жылғы 23 тамыз – Богусук пен Шабын-Дабағаға дейінгі мемлекеттік шекараны сипаттау Хаттамасы;
3) 1870 жылғы 31 шілде – Ақ Төбе мен Хабар-асуға дейінгі мемлекеттік шекараны сипаттау жөніндегі Хаттама.
Осылайша, Шəуешек Хаттамасының барлық талаптары орындалған жоқ. Зайсанның оңтүстігі, Шыңжанға жақын аймақтардың шекарасы белгіленбеген қалпы қала берді. Ресей өзіне жері құнарлы Зайсан мен Бұқтырма аудандарын қалдырғысы келді. Ал Цин империясына келер болсақ, ол əскери-саяси жағынан алғанда үлкен ұтысқа ие болды. Себебі дүңген-ұйғыр көтерілістерін басу мақсатында ол əскерін Батыс Монғолияда шоғырландыруға мүмкіндік алды.
Көтерілісшілер жетекшісі Якуббек атты қашғар билеушісі дүңгендердің қалалар одағын басып алып, Орталық Азиядағы Ресей-Қытай саудасына жол бермеуге тырысты. Сол себепті патшалық Ресей бейтараптықсаясатынанбас тартып, 1871 жылдың 22 шілдесінде орталығы Құлжа болып табылатын Іле өлкесіне енді. Ресей əскерлерінің осында болуы Қытай үшін аса тиімді де болды. Қытай өз күшін көтерілісшілерге шоғырландырып, 1877– 1878 жылдары Якуббек пен дүңгендердің тас талқанын шығарып, жеңіске жетті.
1876 жылдың 19 наурызында орыс əскери министрі Д. Милютин төрағалығымен Ресей империясының шекара мəселесіне бай ланысты кеңесі өтті. Кеңестің нəтижесінде Құлжаны қытайлықтарға қайтару тек келесі талаптардың орындалуынан кейін мүмкін деп шешім қабылданды:
1) орыс көпестерінің империяның орталығына дейін жетуіне рұқсат беру;
2) Ресей өкілдігінің талаптарын қанағаттандырып, шығындарын өтеу;
3) Құлжадағы Ресей консулдығын қайта құруға рұқсат беру; 4) Ресейге Текес өзені маңындағы жерлерді беру.
Осы мəселелер бойынша Ресей мен Қытай арасындағы ресми келіссөздер тек 1879 жылы ғана басталды.
1879 жылдың 4 наурызында мекемеаралық арнайы кеңес өтіп, Ресей Іле өлкесінің батыс бөлігін беруді талап етті.
1879 жылы 9 шілдеде Қытай бодандығында қалуды қаламаған ұлттардың Іле аймағына қоныстануы мəселелері қарастырылды.
Қытай-Ресей шекарасының қалыптасуының келесі кезеңінде, яғни 1879 жылдың 20 қыркүйегінде Ливади шарты қабылданды. Оған сəйкес Ресейге Іле аймағының батыс бөлігі жəне Текес өзеніне тиесілі барлық жерлер берілуі тиіс еді. Бірақ Қытай үкіметі бұл шартты ратификациялаудан бас тартты. Олар мұны тым əділетсіз деп санады.
1880 жылдың жазында осы аймақты Қытайға беру туралы жаңа келіссөздер басталды, Қытай тарапынан бұл келіссөздерге Қытайдың Лондондағы бұрынғы өкілі Цзэн Цзицзэ қатысты. Келіссөздер 7 айға созылды. 1881 жылдың 12 ақпанында Петербург келісіміне қол қойылды. Бұл құжатқа сəйкес Ресей Қытайға орталығы Құлжада орналасқан Іле аймағын қайтарып берді. Ал Қытай орыс көпестеріне сауда жеңілдіктері мен артықшылықтарын беретін болып келісті. Бұл шартқа сəйкес оңтүстік Алтай аумағы толығымен дерлік Ресей империясының құрамына өтті. Петербург шартына қол қойғаннан кейін бірнеше жыл ішінде Ресей аумағына шамамен 70 мыңдай ұйғыр, дүнген, қазақтар көшіп келді.
1882–1884 жылдар аралығында Орталық Азиядағы РесейҚытай шекарасы толығымен дерлік демаркацияланды. Осы орайда арнайы Хаттамаларға қол қойылды. Нақтырақ айтсақ:
1) 1882 жылғы 16 қазан, Борталы Хаттамасы, Нарынкөлдің жоғарғы ағысынан Қарадабанға дейінгі шекараны демаркациялау туралы,
2) 1882 жылғы 25 қараша, Қашғарда жасалған Хаттама, Бедел белеңінен Нарынкөлдің жоғарғы ағысына дейінгі шекараны нақтылады;
3) 1883 жылғы 31 шілде, Сары-Үлен-Шиборда жасалған Хаттама, Мұз-Тау таулары мен Ақ-Қабы өзеніне дейінгі шекараны бекітті;
4) 1883 жылғы 21 қыркүйек, Шəуешекте жасалған Хаттама, Қарабадан белеңінен Хабар-Асу белеңіне дейінгі шекараны бекітті.
Аумақты осылайша бөлу нəтижесінде Ресей бодандығында болған қазақтар Қытай жерінде қалып қойды да, олардың қайта көшіп келуі көп қиындық туғызды. Қытай шекарадағы барлық тауларын Ресейге 1893 жылға дейін уақытша пайдалануға берді. Ресей империясы кей жағдайларда біржақты сипатта шекаралық таңбалар орындарын қытай аумағына қарай ығыстырған болатын. Делимитациялық шарттар мен Хаттамалардың нашар картографиялық материалдарына қарамастан, əсіресе таулы аймақтарда, бұл Ресей-Қытай арасындағы Орталық Азия аумағында өткен шекараның құқықтық базасын құрады.
1911 жылы Қытайда орын алған буржуазиялық революция Қытай-Ресей шарттарына өзгертулер енгізбеді жəне денонсацияға да əкелген жоқ.
Жоғарыда аталған шарттар халықаралық құқық жағынан еш күмəн келтірген емес жəне сол шарттар қазіргі Қазақстан мен Қытай мемлекеттік шекарасын анықтау үшін пайдаланылды. Бірақ сол шарттардағы сипаттаулар нақты болған жоқ. Оның себебі шекараның 60%-дан астамы таулы аймақтардан өтті.
Өз кезегінде бұл екі мемлекет арасындағы шекараны нақты анықтауға бөгет болды.
1917–1922 жылдар аралығында Ресей империясының құлауы, Азаматтық соғысы басталуына байланысты шекара қараусыз қалды. Осы жылдары Мақаншы жəне Алакөл аудандарында 20дан астам шекара таңбалары бұзылып, шекара Қытай аумағына қарай 10-нан 15 шақырымға дейін заңсыз шегіндірілді. Қазан төңкерісінен кейін шекара жөнінде ешқандай шарттар, келісімдер болған жоқ. Ал шекаралық мəселе болса халықаралық жағдай мен Ресей-Қытай қатынастарына байланысты болып қала берді.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында Мəскеу мен Пекин арасындағы идеологиялық жəне саяси конфронтацияның күшеюіне байланысты Кеңес-Қытай шекарасындағы жағдай шиеленісе бастады. 1963 жылы екіжақты кеңестер өткізілгенімен, олар КСРО тарапынан аяқсыз қалды. Осы жылдары Қытай жағынан шекараны заңсыз бұзып өту əрекеттері байқалды. ҚХРдың сол уақыттағы Мемлекеттік кеңестің Премьер-министрі Чжоу Эньлай бұл мəселе қантөгіске айналады деп болжаған болатын. Шынымен де, 1969 жылы наурызда Даманск аралында Уссури өзенінде бойында (қазіргі атауы Чжэньбаодао) жəне 1969 жылы тамызда қазақ-қытай шекарасында Жалаңашкөл көлі маңында қанды қақтығыстар орын алды. ҚХР мен ҚСРО екі социалистік держава, сонымен қатар, екеуі де ядролық қаруға ие, алапат соғыс алдында тұрды.
1969 жылы 11 қыркүйекте Пекин əуежайында КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгин мен Чжоу Эньлайдың кездесуі өтті. Нəтижесінде шекара жөнінде келіссөздер жүргізу қажет деп шешілді. 1969 жылы 20 қазанда Пекинде басталған келіссөздер еш нəтиже бермеді. Бірақ шекарада «кво мəртебесін» сақтау қажет деп шешілді. Қытай тарапынан күнделікті шекараны бұзу тоқтатылды.
1969–1978 жылдар арасында өткен кеңес-қытай келіссөздері нəтижесінде КСРО əрбір айқындалған даулы аймақ туралы жұмыс жүргізу керектігін түсінді. Осы орайда 1982 жылы арнайы Комиссия құрылды. 1982–1984 жылдары аралығында Комиссия 25 даулы аймақтарды анықтады. Əрбір аймақ жөнінде Комиссия сараптама жүргізіп, құжат жинақтады.
1987 жылы келіссөздер қайта басталып, тараптар ресми карталарды бір-біріне ұсынды, алайда шекара сызығы екі елдің картасында бір-бірімен үйлеспеді.
1988 жылы Қазақ КСР-нің СІМ өкілдері алғаш рет келіссөздерге қатысты. Мұнда ҚХР алдымен Қазақ өкілдерінен КСРО мен Қытай арасындағы шарттарды заңды таниды ма деп сұрады. Танымаса – келіссөздер тоқтатылады; таныса – одан əрі жалғасады.
Казақ КСР-і танитындығын білдірді.
1991 жылдың тамызына дейін ҚХР-мен келіссөздерді ҚХРмен шекаралас кеңестік республикалардың өкілдерінен тұрған КСРО делегациясы жүргізді.
КСРО құлағаннан кейін мұны 1992 жылы 8 қыркүйекте Минскіде қол қойылған келісімге сəйкес Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тəжікстан мемлекеттері Үкіметтерінің Бірлескен делегациясы жүргізді.
Өзінің жұмысында Қазақстан 1993 жылы қазанда Пекинде қол қойған ҚР мен ҚХР арасындағы негізгі достық қарым-қатынастар жөніндегі Декларацияға сүйенді. Декларацияның 13-ші бабына сəйкес ҚР бұрын КСРО мен ҚХР арасындағы шарттарды толығымен таныды.
Делегациялардың жұмысы 3 арнайы жұмыс тобы түрінде жүргізілді:
1) шекара сызығының өтуін үйлестіру бойынша топ;
2) топографиялық топ; 3) заңды түрде рəсімдеу тобы.
Қытай тарапынан 20 келіссөз раунды өтсе, олар келесідей қағидаларға сүйенді:
– Шекара сызығының 19 ғасырдағы шарттарға сəйкес өтуін қарастыру;
– 2 жақта да дау туғызбайтын аймақтарды екі мемлекет бірдей айқындаған шекара деп түсіну;
– дау туғызатын аймақтардағы шекараны қайта қарастырып, бір шешімге келу жəне т.б.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қытай Халық Республикасымен Бірлескен Делегация құрамында келіссөздер жүргізу мақсатында ұстанымдарды айқындау үшін арнайы Жарлық шығарды. Соған сəйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, оған мыналар кірді:
– Сыртқы істер министрлігінің өкілдері;
– Шекаралық əскер өкілдері;
– Геодезия жəне картография басқармасының өкілдері;
– Шекаралас аймақтағы жергілікті билік органдарының өкілдері.
Келіссөздер аса күрделі жағдайда өтті. Қазақстан Республикасы-Қытай Халық Республикасы шекарасының 85%-ы дау туғызбады. Дау туғызған аймақтар мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл ауданындағы Николаевка ауылы. Ол ауылдың негізі 1898 жылы қаланған-ды (100 үй). Тарихи шарттарға сəйкес бұл ауыл заңды түрде Қытай Халық Республикасына тиесілі еді. Келіссөздер нəтижесінде аталмыш ауыл Қазақстан Республикасының аумағында қалды.
2) Ал Марқакөл ауданындағы Қызыл-Үй-Енке жерінде орналасқан аймақты 1930 жылдан бастап қытайлықтар игеріп, сонда қоныстанған. Қазақстан Республикасы бұл жерлерді Қытай Халық Республикасы құрамында қалдыруды жөн деп тапты.
3) Шығыс Қазақстан облысындағы Мақаншы ауданының бір бөлігін жəне Алматы облысы облысының Алакөл ауданының бір бөлігін алып жатқан аумақты қазақстандық шаруашылық иелері игерген. Бұл аудан Қазақстан Республикасына берілді.
Осылайша, 20 раундтық келіссөздер нəтижесінде екі жақ шекараның 90%-ын айқындап, 1994 жылы 26 сəуірде екі мемлекет Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойылды. Шекара 1783 шақырымға созылды. Бұл келісім 1995 жылдың 11 қыркүйегінде ратификациялық грамоталар алмасулардан кейін өзінің заңды күшіне енді.
Келісімнен тыс 2 аймақ қалды:
1) Шоған-Оба мен Баймырза белеңдері аудандары;
2) Сарышілде өзені аумағы (Алматы облысы, Алакөл ауданы).
Бұл аудандарды сипаттау Хан-Тəңірі шыңының үш мемлекеттің тоғысқан жері ретінде 1996 жылы 4 шілдеде қол қойған келісімінің нəтижесінде мүмкін болды.
1) Шоған-Оба мен Баймырза белеңдері ауданы 629 шаршы шақырымды құрайды. Негізін келесі шарттар қалаған:
– 1860 жылғы Пекин қосымша Хаттамасы
– 1864 жылғы Шəуешек Хаттамасы – 1870 жылғы Хабарасу Хаттамасы – 1881 жылғы Петербург Хаттамасы.
1860 жылғы Пекин қосымша Хаттамасы бұл аудандағы шекараға тек жалпылама сипаттама берді. 1864 жылғы Шəуешек Хаттамасына сəйкес бұл аумақ таулы болғандықтан Саур мен Тарбағатай бойындағы шекара нақты болған жоқ. 1870 жылғы Хабарасу Хаттамасы демаркациялық сипаттама мен шекара таңбаларын орнатуға арналған. Бұл Хаттаманың орыс жəне маньчжур тілдеріндегі мəтіндерінде өзгешеліктер болды. 1881 жылғы Петербург Хаттамасына сəйкес шекара сызығына өзгертулер енгізілді.
Дау туғызған мəселелер мыналар еді: картографиялық материалдардың нақты болмауы; орыс пен маньчжур тілдеріндегі мəтіндерде өзгешеліктер болуы; жердің көп бөлігін Қазақстан Республикасы жайлауға пайдаланды; жердің оңтүстік-батыс бөлігін қытайлықтар пайдаланды; аумақта қытайлықтарға сай тас үстіндегі айдаһарлар суреттерін болуы.
2) Сарышілде өзені маңындағы аймақ 315 шаршы шақырымды құрады. Оның құқықтық негізін де жоғарыда аталған құжаттар қалады. Кеңес карталарында бұл аумақтардағы шекара негіз сіз Қытай аумағы 15 шақырымды шегіндірілді.
Бірінші құжат бойынша Қазақстан Республикасының картографиялық материалының нақты болмауы, мəтін мазмұндарындағы өзгешеліктер сияқты нақты уəждері болса, екінші құжат бойынша Қазақстан Республикасының объективті заңды аргументтері болмады.
1998 жылы сəуірде Пекинде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының сарапташы топтарының кеңесі өтті. Бұл кеңестер Бірлескен делегация жұмысынан тыс орын алды. Мақсаты – мəселені шешуде жаңа ұстанымдар мен шешімдерге келу. Қазақстан Республикасы қарама-қайшылықтарға толы халықаралық келісімдерге назар аудармай, екіжақты ымыраласу жолымен мəселені шешуге дайын екендігін көрсетті.
Қазақстан Республикасы ҚХР-ға келесідей ұсыныс жасады:
1) Шоған-Оба мен Баймырза аймағының 70%-ын ҚР-ға, 30%ын ҚХР-ға;
2) Сарышілде өзені аймағындағы аумақтың 70%-ын ҚХР-ға, 30%-ын ҚР-ға деп бөлу.
Жұмыс тобының құжаттары мемлекеттің ішіндегі талқылаудан кейін Бірлескен Делегацияға берілді жəне Шоған-Оба, Баймырза, Сарышілде өзені аймағындағы ҚР-ҚХР шекарасының өтуі туралы келісімнің негізін қалады. Келісімге Н. Назарбаев жəне Цзян Цзэмин 1998 жылы 4 шілдеде Алматыда қол қойды. Аталмыш келісім 1999 жылы 7 сəуірде күшіне енді. Келісім бойынша 944 шаршы шақырым → ҚР-ға – 537 шаршы шақырым (57%); ҚХР-ға – 407 шаршы шақырым (43%) даулы жерлер берілді.
Бұл келісім тарихи маңызға ие. О бастан-ақ Қытай осы аймақтарды түгелімен өзіне беруді талап еткен-ді. Қазақстан Республикасы бірінші рет Қытаймен заңды түрде рəсімделген шекараға ие болды. Шекаралық сұрақтар бойынша сарапшылар ҚХР-дың өзінен əлсіз Қазақстан Республикасына аумақты беруін мадақтады жəне оның Азиялық айдаһар имиджінің түсуі туралы жарыса сөз етіп жатты. Дегенмен мəселені осылай шешу əдістері ҚХР-мен шекаралас өзге де кеңестік кезеңнен кейінгі мемлекеттер үшін үлгілі мысал болды.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекара жөніндегі келісімнің 4-бабына сəйкес демаркациялық мəселелер туындады. 1996 жылдың 13 қыркүйегінде Біріккен Комиссия құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығы шықты.
Демаркациялық Комиссия 1997 жылы қажетті нормативтікқұқықтық базаны дайындаумен айналысты. Демаркацияның алғашқы кезеңінде Комиссия ұйымдастырушылық сипатта көптеген қиындықтармен бетпе-бет келді. Атап айтқанда: қаржылай қамтамасыз ету, əдістемелік дайындық жəне т.б.
Арнайы 6 демаркациялық жұмыс топтары құрылып, нəтижесінде шекаралық сызықты сипаттау туралы жəне таңбаларды сипаттау туралы арнайы құжаттар дайындалды. Демаркациялық жұмыстар 5 жыл ішінде жасалынды. 2001 жылдың аяғына қарай толығымен атқарылды. 1783 шақырым – 688 шекаралық таңба орнатылды: ҚР – 346, ҚХР – 342.
2002 жылдың 10 мамырында Пекинде Қ. Тоқаев пен Т. Цзянсюан Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасында Қазақ-Қытай мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы Хаттамаға қол қойды.
Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мəселесі үш ғасырлық ұзақ мерзімді қамти отырып, ХХІ ғасырда оң шешімін тапты.