Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет міндеттері
Қазақстан Республикасы егеменді ел болып, əлемдік қауымдастықтан өз орнын алғалы халықаралық қатынастар жүйесінде белсенді рөл атқарып келеді. Жаңа тəуелсіздігін алған елдің алдында мемлекеттің қауіпсіздігін камтамасыз ету, аумақтық тұтастықты сақтау, əлемдік экономикалық байланыстарды нығайту сияқты күрделі мəселелер тұрды. Алайда, сыртқы қатынастар аясында жұмыс істеудің қалыптасқан дəстүрінің жоқтығы, кəсіби мамандар тапшылығы, халықаралық шарттардың болмауы бұл мəселелерді қиындата түсті. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ə. Назарбаев халықаралық шарттардың базасын құру жөнінде ұсыныс жасады.
Қысқа мерзім ішінде Қазақстан Республикасының сыртқы саяси тұжырымдамасының негізін қалаған маңызды құжаттар қабылданды.
Қазақстан Республикасы сыртқы саяси курсын белгілеуде геосаяси фактор анықтаушы рөл атқарды. Қазақстан Республикасының аумағы мен көпэтносты халқы, ашық теңізге шығатын жолдың жоқтығы, Қытай мен Ресей сияқты екі алып көршісінің болуы, Ислам əлеміне жақындығы, табиғи ресурстарының молдығы, экономикалық əлеуеті сияқты геосаяси элементтерді Қазақстанның өз мүддесі үшін пайдалануға болатын еді. Міне, осындай қиын кезеңде Қазақстан Республикасы үшін өз сыртқы саяси қызметін қалыптастыру қажеттігі туды. Еліміздің сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын ішкі органдардың қатарына төмендегілер жатады:
1. Президент;
2. Парламент;
3. Үкімет;
4. Конституциялық кеңес.
Қазақстан Республикасы сыртқы саяси курсының функционалдық жəне құқықтық қамтамасыз етілуі Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы арқылы жүзеге асады. Қазақстан Республика Конституциясының 40-бабында «Қазақстан Республикасы Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде жəне халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға» деп жазылған.
Қазақстан Республикасының Президенті жыл сайын Қазақстан халқына Жолдау жасап, Жолдауында Қазақстан Республикасының сыртқы жəне ішкі саясатындағы негізгі бағыттарын айқындайды. Конституцияның 44-бабы бойынша Елбасы дипломатиялық өкілдіктердің басшыларын тағайындайды жəне қайта шақырып алады. Осы баптың 11-тармағына сəйкес Елбасы келіссөздер жүргізуге, халықаралық шарттарға қол қоюға, сенім жəне шақыру грамоталарын қабылдауға міндетті. Яғни, Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы барлық ісəрекеттері Мемлекет Басшысы арқылы жүзеге асады. Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси қызметі Президент Əкімшілігі жұмысы арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Президент Əкімшілігі елдің сыртқы саяси стратегиясын белгілеп, Қазақстан халқының ұлттық мүддесін ескере отырып, əлемдік қауымдастықтан өз орнын алуына мүмкіндік жасайды. Президент Əкімшілігі сонымен қатар ақпараттық-сараптамалық қызмет те атқарады. Сыртқы саяси ахуалды талқылап, саяси жəне əлеуметтік-экономикалық жағдайдың дамуына болжам жасайды.
Президент Əкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің бірі «Сыртқы саясат орталығы» деп аталады. Орталықтың жұмысын Президент көмекшісі үйлестіреді. Қазақстан Президентін Сыртқы істер министрлігінен жəне басқа да ақпарат көздерінен түскен мағлұматтармен қамтамасыз етеді. Мемлекетіміздің сыртқы саясатына қатысты ұсыныстар əзірлеп, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға күш салады. Қазақстан Республикасы Президентінің өзге елдерге сапарларын жоспарлайды.
Екі палаталы Парламент – жоғары заң шығарушы өкілетті ор ган. Елдің заң шығарушы органы болғандықтан, ішкі саясатпен қа тар, сыртқы саясатқа қатысты да заңдарды қабылдайды. Халықара лық шарттар мен келісімдерді ратификациялайды, денонсациялайды. Парламент палаталарының біріккен мəжілісінде бейбітшілік пен соғыс мəселесі шешіліп, Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім шығарады. Қазақстан Республика Конституциясының 54-бабы бойынша – «Республиканың құрметті əскери жəне өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дəрежелерін белгілейді»
Парламенттің əр палатасы тұрақты комитеттер құру арқылы сыртқы саяси қызметті де қадағалайды. Сондықтан Қазақстан Республикасының Парламенті де сыртқы қатынастармен айналысатын мемлекеттік орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі жəне сыртқы саясаттағы əртүрлі бағыттарды айқындайтын жəне олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын атқарушы орган болып табылады. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар əзірлеп, сонымен бірге министрліктердің жұмысын басқарады. Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан Рес публика Үкіметі басшылық жасайды. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Үкіметі де сыртқы қатынастармен айналысатын мемлекеттік орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасы Президенті қол қойған, Парламент қабылдаған заңдардың Қазақстан Республикасы Конституциясына сəйкестігін тексереді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі
Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың
Конституцияға сəйкестігін қарайды» деп жазылған. Ал 74-бапта «Қазақстан Республикасының Конституциясына сəйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиісінше, бекітілмейді жəне күшіне еңгізілмейді» делінеді. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі де сыртқы істермен айналысатын жоғары мемлекеттік орган болып саналады.
Мемлекеттің сыртқы саяси бағытын тікелей жүзеге асыратын жəне Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарының бірыңғай жүйесін басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы – Сыртқы істер министрлігі. Министрлік өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сəйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қызметінің құқықтық негіздерін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының заңдары, Сыртқы істер министрлігі жөніндегі ереже, Қазақстан Республикасының «Дипломатиялық қызмет туралы заңы» құрайды.
Министрліктің негізгі міндеттері:
– Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасын жəне негізгі бағыттарын əзірлеу жəне Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне тиісті ұсыныстар беру;
– Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға жəне халықаралық беделін нығайтуға жəрдемдесу;
– Шетелдерде Қазақстан Республикасының, оның азаматтарының жəне заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау;
– Қазақстан Республикасының халықаралық бейбітшілікті, ғаламдық жəне өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін дипломатиялық құралдармен жəне əдістермен іске асыру;
– Қазақстан Республикасының сыртқы саяси жəне сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті үшін ұсыныстар əзірлеу жəне Президенттің халықаралық бастамаларын іске асыру;
– Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық жəне консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;
– Шет мемлекеттермен жəне халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының сыртқы саяси жəне сыртқы экономикалық бірыңғай бағытын жəне инвестициялық саясатын жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында басқа да орталық атқарушы органдардың
халықаралық қызметін үйлестіру;
– əлемдегі саяси жəне əлеуметтік-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердің сыртқы жəне ішкі саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметіне талдау жасау жəне орталық мемлекеттік органдарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
Министрлік заңнамада белгіленген тəртіппен мынадай қызметтерді атқарады:
– шетелдік мемлекеттермен жəне халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету;
– өзінің құзыретіне жататын мəселелер бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық келісімдерін əзірлеу;
– Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесі ретінде жаһандық жəне өңірлік мəселелерді
шешудегі рөлін арттыруға жəрдемдесу;
– Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын іске асыру;
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен басқа да ұйымдарының шетелдермен ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) жəне олардың кіші комиссияларының отырыстарын дайындау жəне өткізу жөніндегі бірлескен жұмы сын үйлестіру;
– Халықаралық шарттарды жасу, орындау, қолданылуын тоқтата тұру жəне күшін жою туралы ұсыныстар дайындау, оларды Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің қарауына белгіленген тəртіппен енгізу;
– Қазақстан Республикасының шет мемлекеттер жəне халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастары мəселелері бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне жəне Үкіметіне белгіленген тəртіппен
ұсыныстар мен ұсынымдар беру;
– Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың қызметіне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесі ретінде ғаламдық жəне аумақтық проблемаларды шешудегі рөлін арттыруға жəрдемдесу;
– Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін, құқық тəртібін қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен жəне халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми жəне ғылыми-техникалық, мəдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөніндегі іс-шараларды əзірлеуге қатысу;
– Қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық нарыққа шығуына жəрдемдесу.
Мемлекеттің сыртқы саяси қызметін жүзеге асырудағы шетелдегі дипломатиялық органдарымыз төртке бөлінеді:
1. Дипломатиялық өкілдіктер
2. Консулдық мекемелер
3. Арнайы миссиялар
4. Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер.
Мемлекеттердің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас екі жақтың келісімімен, халықаралық құқық нормаларына негізделіп, дипломатия тəжірибесіне сүйеніп орнатылады. Бұл жолдағы бірінші қадам бір мемлекеттің екінші мемлекетті тануы болып табылады. Дипломатиялық қатынастардың орнауы нота алмасу, жоғары дəрежедегі жеделхаттар алмасу, келісімдерге қол қою арқылы бекітіледі.
Дипломатиялық қатынастардың орнауы күрделі халықаралық мəселелердің шешілуіне жəне мемлекеттердің орталық органдарының ресми байланыстар жасауына жағдай жасайды. Аккредиттеуші мемлекет қабылдаушы мемлекетпен дипломатиялық өкілдікпен алмасады.
Қазіргі таңда дипломатиялық өкілдіктердің қызметі 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы деп аталатын негізгі халықаралық құжатпен реттеледі. Қазақстан Республикасы «Вена конвенциясына» 1992 жылдан бері қатысады.
Дипломатиялық өкілдіктің қызметі мыналардан тұрады, атап айтсақ:
– өкілдік орналасқан мемлекетте аккредиттеуші мемлекеттің атынан өкілдік ету;
– өкілдік орналасқан мемлекетте аккредиттеуші мемлекеттің жəне оның азаматтарының мүдделерін, халықаралық құқық жол беретін шекте қорғау;
– өкілдік орналасқан мемлекеттің үкіметімен келіссөздер жүргізу;
– өкілдік орналасқан мемлекеттегі жағдайлар мен оқиғаларды барлық заңды жолдармен анықтау жəне олар туралы
аккредиттеуші мемлекеттің үкіметіне хабарлау;
– аккредиттеуші мемлекет пен өкілдік орналасқан мемлекет арасында достық қатынастарды көтермелеу жəне олардың экономика, мəдениет пен ғылым салаларындағы өзара қатынастарын дамыту.
Халықаралық тəжірибеде əртүрлі жағдайларға байланысты дипломатиялық қатынастардың тоқтатылатын кезі болады. Бұл жағдай мемлекетте соғыс басталғанда жəне мемлекеттік төңкеріс кезінде орын алады. Кейбір жағдайларда қабылдаушы мемлекетті тек миссия басшысы ғана тастап шыға алады. Ал жағдай ушығып кетсе, «мүдде бөлімін» қалдырады да, миссияның өзге мүшелері елге қайтады. Мүдде бөлімі мүшелері дипломатиялық артықшылықтар мен қол сұқпаушылықты пайдаланады жəне өз мемлекетінің атынан келіссөздер жүргізеді. Олар тек мемлекеттік туды іле алмайды.
Консулдық мекемелер. Қазақстан Республикасы өз тəуелсіздігін алғаннан кейінгі алға қойған негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, халықаралық аренада өз орнын иелену жəне сыртқы əлем мемлекеттерімен өзара достық қарым-қатынас орнату болды. Əлемнің көптеген мемлекеттерімен қарым-қатынас орнатып, сыртқы саясаты мен экономикасын дамыту үшін, мемлекеттің сыртқы жəне ішкі саясатын реттейтін мемлекеттік заңдар мен нормативтік құқықтық актілер қабылдау кажеттілігі туды.
Қазақстан Республикасының халықаралық конвенцияларға қосылуы мен халықаралық ұйымдарға мүше болуы, мемлекеттермен өзара келісімшарттар жасасуы – осының барлығы сыртқы саясатты реттеуші маңызды құжаттар болып табылады.
Қазақстан Республикасының консулдық қызметінің құқық тық негізін консулдық қатынастар саласындағы халықаралық құ қық пен мемлекеттік заңды құжаттар құрайды. Олардың қатарына:
• 1963 жылғы 24 сəуірдегі «Консулдық қатынастар туралы» Вена конвенциясы;
• 2002 жылғы 7 наурыздағы «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы» заңы;
• 1999 жылғы 27 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының Консулдық Жарғысы»;
• 1993 жылғы 5 наурыздағы «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің консулдық басқаруы туралы» ережесі;
• 1997жылғы 29 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының құрметті (штаттан тыс) консулдар туралы» ережесі;
• 1961 жылғы 5 қазанда Гаагада қабылданған «шетелдік ресми құжаттардың заңдастыру талаптарын жоятын» конвенция.
Қазақстан Республикасы өзінің қазақстандық дипломатиялық жəне консулдық қызметінің халықаралық-құқықтық мəртебесін анықтау үшін, 1963 жылғы «Консулдық қатынастар туралы» Вена конвенциясы мен 1961 жылғы «Дипломатиялық қатынастар туралы» Вена конвенциясына қосылды. Бұл халықаралық құқықтық құжаттар, дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер ашу мен қызмет атқару тəртіптерін анықтайды. Бұл мемлекеттік сыртқы саяси өкілдіктерге республиканың сыртқы саяси бағытын жүзеге асыру мен шет мемлекеттерде оның мүддесін қорғау жауапкершілігі жүктелген.
Вена конвенциясының ережелеріне сай дипломаттар мен консулдар өз жұмыстарын тиімді жəне сəтті атқару үшін артықшылықтар мен иммунитеттерге ие. Жұмыс барысында дипломаттар мен консулдардың құқықтары мен мүдделері Вена конвенциясы жəне басқада нормативтік-құқықтық актілер арқылы анықталады.
Консулдық мекемелердің атқаратын қызметі белгілі бір дəрежеде дипломатиялық өкілдіктердің қызметімен ерекшеленеді. 1963 жылғы «Консулдық қатынастар туралы» Вена конвенциясының ережелері бойынша консулдық мекемелердің құқықтық қызметі төмендегілер болып табылады:
1) болмыш мемлекет аумағында өз мемлекеті жəне оның заңды тұлғалары мен жеке азаматтарының халықаралық құқық
шеңберіндегі мүдделері мен құқықтарын қорғау;
2) барған мемлекеті мен өз мемлекеті арасындағы сауда, экономикалық, мəдениет жəне ғылыми байланыстарды дамытуға көмектесу. Сонымен қатар Конвенция ережелеріне сəйкес екі ел арасындағы достық қатынастарға қолдау көрсету;
3) барлық заңды жолдар арқылы, барған мемлекетінің сауда, экономикалық, мəдени жəне ғылыми өміріне қатысты шарттар жəне оқиғаларын анықтау жəне бұл ақпараттарды өз мемлекетіне жəне мүдделі тұлғаларға ұсыну.
4) өкілдік ететін мемлекеттің азаматтарына төлқұжаттар немесе басқа да жол жүру құжаттарын беру, жою, түзету, алып қою немесе ұстау. Сонымен қатар, қызмет атқаратын мемлекеттен өз мемлекетіне барғысы келетін азаматтарға визалық жəне басқа консулдық қызмет көрсету;
5) мəселе мүлiктiк жəне басқа да істерге қатысты болғанда, өз мемлекетінің азаматтарының мекен жайларын қабылдаушы
мемлекетінің құзіретті органдары арқылы анықтау;
6) нотариус міндеттерін атқару жəне азаматтық хал актілерін тіркеу;
7) қабылдаушы мемлекетінің аумағында мұрагерлік «mortis causa» ісіне байланысты өз азаматтарының мүдделерін, сол
мемлекеттің заңдары мен тəртіптеріне сəйкес қорғау;
8) өз елінің азаматы болып табылатын кəмелетке толмаған жас балалардың мүдделерін қорғау;
9) болмыш мемлекеттің заңдарына сəйкес сот жəне басқа да мекемелерде өз азаматтарының атынан іс жүргізу жəне құқықтарын қорғау;
10) шетелде ұлттық ұшақ, кеме, басқа да көлік экипажы құрамына жəрдем жəне кеңес беру;
11) болмыш мемлекеттің заңдары мен тəртіптеріне сай жəне халықаралық келісімшарттармен рұқсат берілген басқа да консулдық қызметтерді атқару.
Консулдық мекеменің басшысы мен қызметкерлерінің қызметтері келесі жағдайдаларда тоқтатылады:
1. Консулды жіберуші мемлекет болмыш мемлекетке оның қызметтері аяқталғаны туралы хабар берген кезде; мұндай хабар консулдық мекеменің жабылуы немесе консулды мерзімінен бұрын шақырту мен мемлекеттер арасындағы консулдық қатынастар тоқтатылған кезде жүзеге асырылады;
2. Болмыш мемлекет экзекватураны жоққа шығарған кезде, əдетте консул болмыш мемлекеттің заңдарын бұзған жағдайда, соған байланысты ол «persona non grata» болып жарияланады. Жалпы 23-бапқа сəйкес болмыш мемлекет кез келген уақытта белгілі бір консулдық тұлғаның «persona non grata» екендігі туралы жариялауы мүмкін жəне оның себептерін түсіндірмеуге құқылы. Мұндай жағдайда өкілдік ететін мемлекет осы азаматты елге қайта шақыруы керек;
3. Мемлекеттер арасында соғыс, қарулы қақтығыстың басталған немесе консулдық қатынастар үзілген кезде, өкілдік ететін мемлекет өз азаматтарының мүдделерін қорғай алады, яғни кейбір негізгі консулдық қызметтерді орындау мүмкін. Егер болмыш мемлекетте дипломатиялық, консулдық өкілдіктер болмаса, қорғауды үшінші мемлекет жүзеге асыруы мүмкін (2-тараудың 27-бабы).
Бұдан басқа қабылдаушы мемлекет консулдық мекеме жəне оның жұмысшыларын қорғауға міндетті болып, олардың қызметін атқаруына мүмкіндік жасауы керек. Бұл мүмкiндiктердi iске асыруға 1963 жылғы Вена конвенциясында бекітілген консулдық иммунитеттер мен артықшылықтар көмектеседі.
Консулдық мекеменің атқаратын қызметінің үлкен бөлігін ақпараттық-сараптамалық жұмыстар құрайды. Қабылдаушы мемлекеттің заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпараттарды топтау, сол мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, қабылдаушы мемлекетпен Қазақстан Республикасы арасындағы тауар айналымның көлемі мен сапасы туралы ақпараттар мен басқа мемлекеттердің экономикалық жəне миграциялық саясаттары туралы жедел ақпараттар жинап отыру тікелей консулдық мекеме қызметі.
Арнайы миссиялар. Халықаралық қатынастар тəжірибесінде арнайы миссиялар кеңінен қолданылады (ad hoc миссиялары). Арнайы миссия – басқа мемлекетке белгілі бір қызметтерді (келіссөз жүргізу, іс-қағаздарды тапсыру жəне т.б.) жүзеге асыру үшін жіберілген мемлекеттің өкілдері. Арнайы миссияның қызметі 1969 жылғы арнайы миссиялар жөніндегі Вена конвенциясымен анықталады (1985 жылы заңды күшіне енді). Сипаты жағынан бұл қызмет ad hoc дипломатиясы болып табылады. Дипломатиялық сипаттағы арнайы миссиялар өз деңгейі жағынан əртүрлі болуы мүмкін.
Аd hoc дипломатиясы жеке институт ретінде ежелгі заманнан бері өмір сүріп келеді. Дипломатияның мобильді формасы бола отырып, арнайы миссиялар дипломатия тарихының жекелеген кезеңдерінде мемлекеттердің алдында тұрған сыртқы саяси мəселелерді сəтті шешуге ықпал еткен. Мемлекеттердің арасында қалыпты дипломатиялық қатынастар болмаған жағдайда, арнайы миссияларды мемлекеттер арасындағы байланысты қалыптастыру мен дамыту мақсатында қолдану өзара тиімді. Себебі, арнайы миссия бағыты де-юре болып мойындауды міндетті етпейді. Арнайы миссияны екі мемлекет бір-бірін танымаған жағдайда пайдалану өте тиімді. Аккредиттеуші мемлекет бұнда қабылдаушы мемлекетпен тек қана миссияны қабылдау жөнінде келіседі. Одан əрі аккредиттеуші мемлекет пен қабылдаушы мемлекет ешқандай байланыс орнатпайды. Ал тұрақты дипломатиялық өкілдіктер үшін тағы бірқатар шарттарды орындау қажет.
Арнайы миссияларды бір немесе ортақ мақсаттары болған жағдайда бірнеше мемлекет жібере алады. Мемлекет арнайы миссияны басқа мемлекетке одан алдын ала дипломатиялық немесе басқа да өзара тиімді жолдармен келісім алғаннан кейін ғана жібере алады. Арнайы миссияны жіберу немесе қабылдау үшін мемлекеттер арасында дипломатиялық немесе консулдық қатынастардың болуы міндетті емес. Жіберуші мемлекет өз көзқарасы бойынша арнайы миссия мүшелерін тағайындай алады. Бірақ ол алдын ала қабылдаушы мемлекетке арнайы миссия құрамы мен саны, сонымен қатар тағайындалуы мүмкін адамдардың аттары мен қызметі жөнінде барлық қажетті ақпаратты беруі тиіс. Қабылдаушы мемлекет белгілі бір жағдайларға байланысты арнайы миссияның саны мен талаптары өзіне тиімсіз деп санаса, арнайы миссияны қабылдаудан бас тарта алады. Сонымен қатар, ол кері жауап қайтаруының себебін түсіндірмей, арнайы миссияның өкілі ретінде тағайындалайын деген кез келген адамдарға қарсы шыға алады.
Арнайы миссия бір немесе бірнеше жіберуші мемлекеттің өкілдерінен тұрады. Олардың арасынан мемлекет миссия басшысы ретінде біреуін белгілей алады. Арнайы миссияға дипломатиялық, əкімшілік-техникалық жəне қызмет көрсету персоналы да кіреді.
Арнайы миссия басшысы Мемлекет Басшысы, яғни Президент те, Сыртқы істер министрі, Үкімет басшысы да бола алады. Арнайы миссияны Мемлекет Басшысы, Үкімет басшысы, Сыртқы істер министрі немесе басқа да жоғарғы лауазымды тұлғалар басқарған жағдайда, арнайы миссияға қатысушылар қабылдаушы мемлекетте немесе үшінші мемлекетте халықаралық құқықпен мойындалған жеңілдіктер мен иммунитеттерді пайдаланады.
Арнайы миссия құрамына кіретін немесе оны басқаратын мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды басқа да тұлғаларға қатысты нақты белгіленген жеңілдіктер мен иммунитеттердің нақты шектерін белгілейтін халықаралық заң жоқ. Бұл мəселелер мүдделі мемлекеттер арасында шешіледі. Соған қарамастан, айтылған тұлғалар мұндай жағдайларда толық иммунитетті иеленіп, қылмыстық, азаматтық жəне əкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Тəжірибеге сүйенетін болсақ, кедендік жеңілдіктер айтылған тұлғаларға толық көлемде беріледі. Алайда бұл халықаралық дəстүр немесе сыпайылық негізінде жүзеге асатыны жөнінде сұрақтар қазірге дейін дау туғызады.
Дипломатиялық сипаттағы арнайы миссиялар құрамына жоғары лауазымды тұлғалар кірмеген жағдайда, бұл миссиялардың беделі дипломатиялық өкілдік қызметкерлері беделімен бірдей болады. Қабылдаушы мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің тұрақты өкілдері арнайы миссия құрамына кірген жағдайда, 1969 жылы Конвенциямен белгіленген жеңілдіктер мен иммунитеттерден басқа, өздерінің дипломатия лық өкілдік немесе консулдық мекеме өкілдері ретінде жеңілдіктері мен иммунитетін сақтайды.
Жіберуші мемлекеттің арнайы миссиясындағы өкілдері мен оның дипломатиялық персоналының мүшелері жіберуші мемлекеттің азаматтары болуы тиіс. Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары арнайы миссияның құрамына мемлекет өзі келісім бермесе кіре алмайды. Бұндай келісім кез келген уақытта жоққа шыға алады.
Арнайы миссия қызметтері, құрамы, иммунитеттері мен жеңілдіктері оның алдында қандай мақсат тұрғанына байланысты болады. Аталмыш мəселелер мүдделі мемлекеттер арасында талқыға салынады. Бұндай тəжірибе 1969 ж. арнайы миссиялар жөніндегі Конвенцияда аталған. Сонымен қатар, Конвенцияда кейбір арнайы миссияның жеңілдіктері мен иммунитеттерін шектейтін жағдайлар да көрсетілген. Атап өтер болсақ, арнайы миссия орналасқан ғимараттардың қол сұқпаушылығы белгіленген 25-бапта бұл ғимараттарға миссия басшысының келісімінсіз өрт немесе басқа да апат кезінде жергілікті атқарушы органдар өкілдері кіре алады. Бұл – Кеңес Одағының Конвенцияға қол қоймаған негізгі себептердің бірі болып табылады.
31-бапқа сəйкес арнайы миссияның дипломатиялық персоналына ресми қызметін атқару кезінен тыс уақытта қызметтік көлікті пайдаланып апатты жағдайға душар болған жағдайда, апат шығындарын өтеу шағымын айтылған тұлғаларға жасауға болады (1961 жылғы Вена конвенциясында белгіленген дипломатиялық персоналға қатысты шағым жасау жағдайларымен бірге).
Халықаралық ұйымдар. Қазақстан Республикасы көпжақты дипломатиялық қатынастарға белсене араласатындықтан, халықаралық ұйымдардағы дипломатиялық қызметтің рөлі аса зор. Халықаралық ұйымдар көпжақты дипломатияның жоғарғы формасы болып есептеледі. Əрбір халықаралық ұйымның өз жарғысы, бюджеті, штаб-пəтері, хатшылығы болады. Бұл ұйымдардағы қызмет халықаралық азаматтық деп аталады да, арнайы нормативтік актілер арқылы реттеледі. Халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысатын мемлекеттер олармен қатынасын осы ұйымға тіркелген тұрақты өкілдіктер арқылы реттейді. Өкілдікті тұрақты өкіл басқарып, олардың қызметі ұйымның жарғысы, арнайы келісімдер арқылы реттеледі. 1975 жылы 14 наурызда мемлекеттердің өкілдігі мен халықаралық ұйымдардың қатынасы жөніндегі Вена конвенциясына қол қойылды. Осы конвенцияның нормаларына сəйкес тұрақты өкілдерге, өкілдік қызметкерлеріне иммунитеттер мен артықшылықтар беріледі. Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық конференцияларда келіссөздерге белсене қатысуда. Дипломатияның мұндай түрін конференциалды дип ломатия деп атайды. Осындай конференцияға немесе келіссөзге арнайы жіберілген тұлға немесе делегация арнайы миссияға жатады.
Қазақстан Республикасы БҰҰ ұйымындағы тұрақты өкілдігі сыртқы қатынастарды іске асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Осынау БҰҰ-дағы ҚР тұрақты өкілдігі төмендегідей қызметтерді жүзеге асырады:
• Қазақстан Республикасының атынан БҰҰ-да өкілдік ету;
• Қазақстан Республикасы сыртқы саяси бағытын жүзеге асыру, ұлттық мүддесін қорғау;
• Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметтің, Сыртқы істер министрлігінің тапсырмаларын орындау;
• БҰҰ қызметіне анықтама беру, талдау жасау жəне соның аясында мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты дамыту;
• БҰҰ қызметі жайындағы ақпараттармен Қазақстан Республикасының сыртқы істер органдарын қамтамасыз ету, жасалынған жұмыс жөнінде есеп беру;
• БҰҰ мақсаты мен қағидаларының жүзеге асуына жəрдем ету;
• БҰҰ аясында келіссөздер жүргізу, халықаралық келісімшарттардың, конвенциялардың, резолюциялардың жəне басқа да құжаттардың жобасын жасауға қатысу;
• БҰҰ хатшылығымен, мүше елдердің өкілдіктерімен, бақылаушылармен, халықаралық өкіметтік емес ұйым дармен (БҰҰ-на тіркелген) мемлекеттік билік органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, қабылдаушы мемлекеттің іскер, ғылыми жəне мəдени ортасымен, БАҚ-мен тығыз байланыста болу;
• БҰҰ Бас Ассамблеясының сессияларына жəне БҰҰ конференцияларына дайындық жұмыстарына қатысу;
• БҰҰ-да Қазақстан Республикасы сыртқы жəне ішкі саясаты жөнінде ақпараттық таныстыру жұмыстарын жүргізу;
• БҰҰ-дағы тұрақты өкілді Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен Президент тағайындайды.
• БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде Халықаралық еңбек ұйымы, халықаралық электр байланысы, БҰҰ сауда жəне даму комиссиясы (ЮНКТАД), адам құқығы жөнінде комиссия, ЮНИСЕФ (балалар фонды), қарусыздандыру мəселелері туралы комиссия орналасқан.
Бірінші рет халықаралық ұйымдардың жанындағы тұрақты өкілдіктер Ұлттар Лигасының кезінде пайда болды. Онда Лигаға мүше əр мемлекет өз тұрақты өкілдігін ашу құқығына жəне иммунитеттер мен артықшылықтарға ие болды.