Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының құқықтық негіздері
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі жарияланды. Өзіндік даму жолын таңдаудағы елдің басты құжаты 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация болды. Егемендікті жариялау өзінің сыртқы саясатын қалыптастыру, сонымен қатар əлем елдерімен саяси жəне дипломатиялық қатынастар орнату жолымен əлемдік қауымдастыққа кіру қажеттілігін тудырды. Мемлекетаралық ынтымақтастық нысаны мен мазмұнын анықтау, сыртқы саясат бағытын, оның басымдылықтарын таңдау, мемлекетаралық қатынастардың барлық келісім базасын құру қажеттілігі туындады.
Қазақстан Республикасының əлемдік қоғамдастыққа тең құқылы серіктес ретінде ену үдерісі Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуымен қатар жүрді. Сол себепті барлық нормативтікқұқықтық база, Президенттің барлық стратегиялық нұсқаулары, сөйлеген сөздері Қазақстан Республикасының ішкі жəн сыртқы саяси ұстанымын нығайтуға бағытталды. Қысқа мерзімде ең маңызды құжаттар қабылданып, олардың негізінде сыртқы саясат тұжырымдамасы жасалды.
Алғашқы құжаттарда Қазақстанның геосаяси жағдайын, оның сыртқы айналасын жəне осыған сəйкес əлемдік қоғамдастықтағы өз орнын анықтау жəне соған қолайлы жағдай жасау мақсатындағы қадамдарын концептуалды болжау сынды мəселелер көрініс тапқан. Президент Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың жұмыстары мен сөйлеген сөздері «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясы», «ХХІ ғасыр қарсаңында», «Қазақстан-2030», «Еуропалық одақ: идеялары, тəжірибе, болашағы», «Қоғамды өзгерту стратегиясы жəне еуразиялық өркениеттің жандануы», жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы жəне т.б. осы бағыттағы алғашқы концептуалды əзірлеулер саналады. Онда сыртқы саясаттың стратегиялық мақсаты мен міндеттері, оның негізгі қағидалары мен болашақтағы бағыттары анықталған болатын.
Қазақстан тəуелсіздігінің алғашқы жылдарында елдің сыртқы саясатын қалыптастыру үшін құқықтық база құрылды. Бірінші кезекте, республика сыртқы саясатының құқықтық негізі Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінен көрініс тапты. Олардың қатарына төмендегілерді жатқызуға болады: Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы, 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы, Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1995 жылғы 26 жел тоқсандағы «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы, 1998 жылғы 26 маусым дағы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 1995 жылғы 12 желтоқсанда шыққан «Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдерін бекіту, орындау жəне күшін жою тəртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғысы, 1993 жылғы 13 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 1997 жылы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2002 жылғы 7 наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы ереже (СІМ), Қазақстан Республикасының дипломатиялық жəне соған теңестірілген өкілдік туралы ереже, Қазақстан Республикасының Əскери доктринасы, Қазақстан Республикасының Консульдік жарғысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хаттамасы, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда референдум бойынша қабылданды. Конституцияда сыртқы саяси курстың құқықтық қамтамасыз етілуі 4-бапқа сəйкес жазылып қойылған: «Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сəйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондайақ Республика Конституциялық Кеңесінің жəне Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады», онымен қоса, «Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады жəне халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады». Мемлекеттің нормативтікқұқықтық қызметі ашық жүргізіледі. «Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады.» (4-бап).
Қазақстан Республикасы Конституциясының 8-бабында Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтеу, сонымен қатар, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады деп жазылған. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында Қазақстан Республикасының Конституциясына сəйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайтындығы, тиісінше, бекітілмейтіндігі жəне күшіне енгізілмейтіндігі жайлы қатаң ескертілген.
Конституцияда сыртқы саяси шешімдерді қабылдау жəне орындау тəртібі, сонымен қатар осы міндеттер жүктелген институттар мен лауазымды тұлғалар белгіленген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабында Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси қызметі, 53 жəне 54-баптарда Парламенттің сыртқы саяси қызметі, 56-бапта Үкіметтің, 71-бапта Конституциялық Кеңестің сыртқы саяси қызметтері көрсетілген.
1995 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы Республика Президентінің сыртқы саяси уəкілеттілігін, сонымен қатар, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету төңірегіндегі уəкілеттігін анықтайды.
1998 жылы 26 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың жəне азаматтардың құқықтық қатынастарын реттейді, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын, жүйесін жəне бағытын анықтайды.
1995 жылы 12 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдерді бекіту, орындау жəне күшін жою тəртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғысы 1993 жылы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Президентіне жəне жергілікті əкімшілік басшыларына уақытша қосымша уəкілеттіктер беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабына cəйкес шығарылған. Онда Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының мақсаты мен қағидаларын жүзеге асыруға ықпал етуге негізделген Қазақстан Республикасының халықаралық келісімшарттарды бекіту, орындау жəне күшін жоюдың бірегей тəртібінің негізгі анықтамасы бекітілген.
1993 жылы 13 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Сыртқы істер министрлігінің шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың ҚР мемлекеттік шекарасын кесіп өту құқығына құжаттарды ресімдеу тəртібіне, сонымен қатар, олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекаралық қызметін Қазақстанға қатысты шекті мемлекеттердің шекаралық жəне визалық саясатындағы өзгерісі жайлы, мемлекеттік шекаралар арқылы өзге елдерге өту тəртібі жайлы, белгілі бір елдермен мемлекеттік шекараны делимитациялау жəне демаркациялау жайлы жазылған. Сонымен бірге, Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекаралық қызметінің шекаралық өкілдері реттей алмайтын жанжалдарды дипломатиялық тəртіпте шешуге рұқсат етіледі.
1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы заңның VI тарауында шет мемлекеттерімен жəне халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарда тілдерді қолдану тəртібі анықталған.
2002 жылы 7 наурызда «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы заңның 7-ші жəне 33-бабында Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің барлық негізгі жағдайы жазылған: жалпы жағдай, дипломатиялық қызмет қызметкерлері, дипломатиялық қызметке тағайындау, дипломатиялық лауазымдар, дипломатиялық қызметтен өту, дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің міндеттері мен жауапкер шілігі, дипломатиялық қызметпен қамтамасыз ету, кепілдер мен тəркілеу, дипломатиялық қызмет қызметкерлерін материалдық жəне əлеуметтік қамсыздандыру, қорытынды жағдай.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы ереже» (СІМ) 2004 жылы 4 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Жарғысымен бекітілді. Ереже Қазақстан Республикасының дипломатиялық жəне оған теңестірілген құзіреттілігін жəне мəртебесін анықтайды.
Қазақстан Республикасының Əскери доктринасы 161-нөмірлі Қазақстан Республикасының Президенті Жарғысымен 2011 жылы 11 қазанда бекітілген. Ол Қазақстан Республикасының əскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету төңірегіндегі мемлекеттік саясатты жүргізу мақсатын, негізгі нысандары мен қағидаларын анықтайды. Əскери доктрина қорғаныс сипатына ие, оның құрамында ұлттық мүддені қорғау жəне елдің əскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету тəртібі үйлескен.
Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы Қазақстан Республикасының Президенті Жарғысымен 1999 жылы 27 қыркүйекте қабылданған. Онда Қазақстан Республикасының консулдық мекемелерін ұйымдастыру мен міндеттері, консулдық қызметтерді орындау тəртібі, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына қатысты консулдың қызметтері, нотариалды қызметтер, консулдық заңдастыру, консулдық жиындар, Қазақстан Республикасының əскери кемелеріне қатысты консул қызметтері, Қазақстан Республикасының азаматтық əуе кемелеріне қатысты консул қызметтері, Қазақстан Республикасының автомобиль, теміржол көліктері мен өзен флотына қатысты консул қызметтері жазылған.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 16 шілдедегі жарғысымен бекітілген. Ол Қазақстан Республикасы жетекшілігінің қатысуымен өткізілетін ресми іс-шараларды өткізу ережелерін реттейді. Бірегей ұйымдастырушылық нормаларды қалыптастырады жəне қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасының мемлекетішілік жəне халықаралық іс-шараларын өткізуде хаттамалық басымдылық қағидасын бекітеді.
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ҚР бұқаралық ақпарат құралдарын шетелде тіркеу тəртібін, сонымен қатар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктерін жəне олардың журналистерін Қазақстан Республикасында тіркеу тəртібін анықтайды.
Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде халықаралық нормалар мен халықаралық жүйелерді қолдауға, сонымен қатар, жаһандану үдерісінен туындайтын жəне дипломатиялық қызмет органдарына жаңа міндеттер мен қызметтер жүктейтін мəселелік сұрақтарды реттеуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұлар: қазақстандық нарыққа шетелдік фирмалардың енуі, Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) Республиканың қаржылық мəселелеріне қатысуы, өз кезегінде осылар Қазақстанға өзінің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдықтарын ашуға түрткі болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы негізгі халықаралық келісімшарттардың қатысушысы болып табылады. Олар елдің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын сипаттайды. Мұндай құжаттарға: Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы, Халықаралық келісімшарттар туралы Вена Конвенциясы, Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясы, Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясы жатады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы 1945 жылы 26 маусымда Сан-Францискода Біріккен Ұлттар Ұйымы Конференциясының Халықаралық Ұйым құру жөніндегі қорытынды отырысында қабылданып, 1945 жылы 24 қазанда өз күшіне енді. Жарғыға сəйкес, БҰҰ өз қызметінде төрт мақсатты көздейді: халықарлық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, ұлттар арасындағы достық қатынастарды жетілдіру, адам құқығын қорғауды қолдау жəне халықаралық мəселелерді шешуде халықаралық əріптестікті жүзеге асыру, осы ортақ мақсаттарға жетуде ұлттар əрекеттерін келісу үшін орталық болу.
1992 жылы 2 наурызда Қазақстан үшін аса үлкен тарихи мəні бар оқиға болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясының 46/224 шешімімен Қазақстан Республикасы бір ауыздан БҰҰ-ның қатарына қабылданды. БҰҰ Жарғысын сөзсіз сақтаудың негізінде, Қазақстан Ұйымды нығайту мен БҰҰ-ның орталық рөлінде барлығын қамтитын қауіпсіздік жүйесін құруға бар күшін салуда.
«1969 жылы 23 мамырда құрылған Халықаралық келісімшарттар туралы Вена Конвенциясы». 1993 жылы 31 мамырдағы ҚР-ның Жоғарғы Кеңесінің «1969 жылғы Халықаралық келісімшарттар туралы Вена Конвенциясына Қазақстан Республикасының кіруі» туралы Қаулысына сəйкес Қазақстан осы құжатқа қосылды.
«1961 жылғы 18 сəуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясы». Қазақстан Республикасы аталмыш Конвенцияға ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 31 наурыздағы №2057 Қаулысына сəйкес қосылды.
«1963 жылғы 24 сəуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясы». Қазақстан Республикасы бұл Конвенцияға да ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 31 наурыздағы N 2057 Қаулысына сəйкес қосылды.
ҚР-ның өзге елдермен дипломатиялық жəне консулдық қатынастарды орнату жайлы келісімшарттардың, келісімдердің, конвенциялардың, хаттамалардың талдау нəтижесі бұлардың Вена Конвенциялары жағдайымен толық сəйкестікте жасалғанын көрсетеді: 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар туралы жəне 1963 жылғы консулдық қатынастар туралы, халықаралық құқықтың ортақ қағидаларын өзара келісім негізінде сақтаумен: мемлекеттердің егемендік теңдігін; бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпау; жеке жəне заңды тұлғалардың бір-біріне белгілі құқықтар, жеңілдіктер жəне артықшылықтар бере отырып, өзара əріптестік жасау қағидасы.
Дипломатиялық қызметтің маңызды нысаны екіжақты жəне көпжақты халықаралық келісімшарттар, келісімдер жəне өзге де актілер дайындауы, жасауы жəне бекітуі болып табылады.
Қазақстан өз егемендігі мен тəуелсіздігіне қол жеткізген уақыттан бастап, шет мемлекеттермен жəне халықаралық ұйымдармен 900-ден астам түрлі атауларға ие келісімшарттар, келісімдер, конвенциялар, пактілер, хаттамалар, сонымен қатар хаттармен жəне ноталармен алмасу нысанындағы келісімшарттар бекітті.
Қазақстан Республикасының халықаралық құқық нормалары мен қағидаларына жəне, бəрінен бұрын, БҰҰ-ның Жарғысына негізделген халықаралық келісімшарттары мен келісімдері өзге мемлекеттермен түрлі саладағы əріптестікті нығайтуға арналған; ол стратегиялық міндеттерді есепке ала отырып, өзара қарымқатынастарды өркениетті реттеудің сенімді құралдары жəне дау лы сұрақтарды шешу, мүмкін шиеленістерді бейбіт жолмен жəне ескертпелі дипломатия жолымен ескерту құралы ретінде пайдалануға шақырады.