Үндістанның Орталық Азияға қатысты саясаты: дамуы мен өзгеру динамикасы

Орақбаева Ұлболсын Маликқызының
«Үндістанның Орталық Азияға қатысты саясаты: дамуы мен өзгеру динамикасы» (Indian Policy towards Central Asia: Evolution and Dynamics of Changes) тақырыбындағы «6D050500 – Аймақтану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясына
АҢДАТПА

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Соңғы жылдар көрсеткіштеріне сүйенсек, Үндістан ЖІӨ жылдық 7% көрсеткішімен тұрақты әлемдік үштікте келеді, орасан зор адам ресурстарын есепке алмағанда, ақпараттық технологиялар дамуында жетекші елдердің бірі. Сыртқы саяси ресурстардың өсу шамасына қарай Үндістанның ықпалы көрші аймақтарда, соның ішінде орталық азия өңірінде кеңейеді. Қазіргі уақытта Үндістан үшін Орталық Азия елдерінің маңыздылығы өркениет, мәдени және тарихи аспектіне ғана емес, ынтымақтастықтың геосаяси және экономикалық мәнмәтініне көп көңіл бөлінуде.
Бүгінгі таңда Үндістанның Орталық Азиядағы саясаты қалыптасу кезеңінен, институттандыру және сыртқы және ішкі факторларға байланысты кейбір трансформациялаудан өтті. Аймақта Үндістан саясатының даму себебі – Ауғанстан мемлекетінің көршілес орналасуы және қауіпсіздіктің мүмкін қатерлерінің болуы, атап өтсек заңсыз есірткі айналымы, лаңкестік және аймаққа таралу қаупі бар діни экстремизм. Орталық Азияға қатысты үндістандық саясаттың үдетілуіне әкелетін фактор – аймақтағы Қытайдың экономикалық және әскери, саяси күшінің тұрақты өсімі. Әрине, экономика және энергия ресурстарына қажеттіліктің даму шегінде Үндістанға көмірсутек отынының жаңа көздерін іздеу аса маңызды. Екіжақты қатынасты орнатудан бөлек, Үндістан Ортаазиялық аймаққа ықпал етудің өзге әсер ету тұтқаларын қолдануы мүмкін. ШЫҰ шеңберіндегі ықпалдастық Үндістан үшін аймақтық ынтымақтастық үрдісіне араласуға мүмкіндік ашады. Осыған байланысты, Үндістанның Орталық Азиядағы стратегиялық мақсаттарын, негізгі бағыттарын және басымдық саясатын, сондай-ақ негізгі құралдар мен оларды іске асыру тетіктерін зерттеу тұтастай алғанда ерекше маңызды.
Қазіргі қазақстандық аймақтануда зерттеу пәні кешенді және жан-жақты зерттелмеген. Осыған дейін, тек тарихи, саяси, экономикалық, энергетикалық және гуманитарлық байланыстар сияқты ынтымақтастықтың жекелеген салаларының дамуына көңіл бөлінді. Осылайша, тақырыптың өзектілігі Үндістанның Орталық Азияға қатысты саясатына кешенді талдау жүргізуге негізделеді.
Зерттеу нысаны ретінде Үндістанның Орталық Азия елдеріне қатысты 1991 жылдан бастап осы уақытқа дейінгі қарым-қатынастары белгіленді.
Үндістанның Орталық Азияға қатысты саясатының аймақтық және ғаламдық контекстегі қалыптасуы, дамуы және өзгеріс динамикасы зерттеу пәні болып табылады.
Осы зерттеу жұмысының мақсаты Үндістанның Орталық Азияға қатысты саясатын тарихи, хронологиялық, мемлекет және мәселе бойынша кешенді зерттеу және жүйелік талдау болып табылады. Қойылған мақсатқа жету үшін келесі міндеттерді жүзеге асыру қажет:
 Үнді–Орта Азиялық қарым-қатынастарының негізгі тарихи аспектілерін анықтау;
 Үндістанның Орталық Азиядағы мүддесі және саясаты қалыптасуы және өзгеруіне әкелетін факторларды анықтау;
 Үндістанның және Орталық Азия мемлекетерінің ынтымақтастығының саяси және құқықтық негізін анықтау;
 Үндістанның Орталық Азиядағы (Қытай, Ресей, АҚШ) басқа негізгі ойыншылармен қарым-қатынастарын талдау және мүмкіндіктер мен шекараларын анықтау;
 Үндістан мен Орталық Азия қатынастары өзгеру динамикасы аясында ШЫҰ факторын анықтау;
 Үндістан мен Орталық Азия арасындағы сауда және экономика салаларында қарым-қатынастар дамуының, өзара мүдде негізін қалыптастыру ретінде мазмұнын ашу;
 Үндістан және Орталық Азия елдерінің энергетика саласының негізгі үрдістері және даму перспективаларын анықтау;
 Үндістан және Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықта мәдени және гуманитарлық саланың қалыптасуы мен дамуын қадағалау.
Диссертацияның теориялық және әдістемелік негізі. Диссертациялық жұмыста Үндістанның Орталық Азия елдеріне қатысты стратегиясын талдау және өз кезегінде, осы елдердің халықаралық байланыстарын кеңейтуге ұмтылысы неоклассикалық реализмге құрылған. Орталық Азия мемлекеттерінің көзқарасы тұрғысынан кешенді өзара тәуелділіктің неолибералдық үлгісі орталық азия мемлекеттерінің көпвекторлы сыртқы саясатын белгілі бір дәрежеде түсіндіреді. Бүгінгі күні мемлекеттер арасындағы өзара қарымқатынастарда дәл неолиберализм аясында тұжырымдамалық түрде әзірленген қамқорлық күш өзекті. Сондықтан да экономикалық фактормен қатар мәдени, гуманитарлық ынтымақтастық аспектілеріне назар аударылады. Сондай-ақ, аймақішілік және аймақаралық өзара іс-қимыл зерттеулерінде Б. Бузанның және О. Вевердің аймақтық қауіпсіздік кешені теориясының негізінде талдау жасалады. Бұл теорияны тараптардың арасындағы ынтымақтастықтың саяси аспектісін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарау кезінде ескеру маңызды.
Үндістан және Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынастарын ғылыми және объективті түрде зерттеу мақсатында автор жүйелік тәсіл, салыстырмалы-тарихи әдіс, құрылымдық-функционалдық талдау, синтез әдісі және эмпирикалық зерттеулерді талдау, дискурсивтік талдау әдісі тәрізді жалпы қабылданған ғылыми талдау тәсілдерін пайдаланды.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы бұл диссертациялық жұмыста алғаш рет қазақстандық аймақтануда Үндістанның Орталық Азия елдерімен қазіргі кезеңдегі қарым-қатынастарының қалыптасуы мен дамуын жүйелі зерттеуге талпыныс жасалуымен анықталады, атап айтқанда:
 шетелдік, атап айтқанда үнді зерттеушілері мен ғалымдарының кең ауқымды дереккөздері мен талдамалық жұмыстарына, Үндістан үкіметінің
құжаттарына талдау жасалды және ғылыми айналымға енгізілді;
 мемлекетаралық және өңіраралық байланыстардың ішкі және сыртқы факторлардың ескере отырып қазіргі кезеңде Орталық Азия елдеріне қатысты Үндістанның сыртқы саясатының динамикасы мен өзгерістері көрсетілді;
 диссертациялық зерттеу авторы сарапшылардың әр түрлі көзқарастарын салыстыру, нақты деректерді талдау негізінде, Орталық Азиядағы үнді сыртқы саясатының бағыты ірі державалар, әсіресе, Қытай, Ресей және АҚШ өзара мүдделерінің қиысуымен айқындалатынын негіздеді және дәлелдеді.
 ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде қабылданғаннан кейін Үндістанның аймақтағы рөлі анықталды. Үндістан және Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықта ШЫҰ факторы аймақта ШЫҰ жауапкершілік аймағында тұрақты экономикалық өсуге және дамуға қажетті бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін маңызды рөл атқаруы мүмкін.
 соңғы жылдары Үндістанның экономикалық жетістігі оның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас сипатын өзгерткені және оларды жаңа деңгейге көтергені негізделді. Статистикалық деректерді талдау негізінде Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналымы өскені, бұл ретте Қазақстанмен арадағы сауда деңгейі динамикалық аймақтың басқа республикаларға қарағанда қарқынды екені анықталды.
 Үндістанның мәдени және гуманитарлық қарым-қатынастар саласында Орталық Азия елдерімен синергиясы жеткілікті құқықтық базаға негізделетіні көрсетілді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін перспективалық салалар айқындалды, олар: білім беру, бірлескен зерттеу бағдарламалары, ақпараттық технологиялар және туризм.
 Осы тақырыптағы диссертациялық жұмыс қазақстандық аймақтануда алғаш рет ағылшын тілінде жазылды, ол өз кезегінде, шетелдік ғылыми орта өкілдері үшін құндылық тудырады. Қорғауға шығарылатын нәтижелер:
1. Үндістан және Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың тарихи маңыздылығы, ғалымдар мен зерттеушілердің айтуынша, ынтымақтастықтың іргетасын қалады және қарым-қатынастың әрі қарай дамуына негіз болды. Алайда, Үндістанның Орталық Азиямен тарихи қарым-қатынасы туралы тұжырымдама – бұл Үндістан және Орталық Азия елдері арасындағы заманауи ынтымақтастықты кеңейту немесе жандандыру қажеттілігі мен ықыласынан байқалатын саяси мәлімдеме болуы ықтимал. Бүгінгі таңда Үндістанның сыртқы саясаты өз ортасын өзара іс-әрекет шеңберін кеңейту жағынан қарастырады және бұл контексте Орталық Азия Үндістанның «кеңейтілген көршілестігі» ретінде ескеріледі. Соңғы жылдары Үндістан және Орталық Азия елдері арасындағы өзара іс-қимылда үкіметтік және үкіметтік емес кездесулер, сондай-ақ жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас арқылы өзара ынтымақтастықты жақсарту және кеңейту ниетімен неғұрлым инклюзивті деңгейлер басталғаны көрінеді. Бұдан басқа, осы жаңа қарым-қатынастардың негізі елдер арасындағы стратегиялық мүдделермен ғана шектелмей жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жатыр. Осыған байланысты, үндістандық «Connect Central Asia» саясаты аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ықпал жасайтын болады.
2. Үндістан мен Орталық Азияның республикалары арасында берік қарымқатынасты орнату үшін екі жақты қарым-қатынастастың динамикасын ұғыну орынды. Үндістан барлық Ортаазиялық мемлекеттермен достық пен жылы қарым-қатынасқа ие. Алғашқыда Өзбекстан Үндістан үшін Орталық Азия өңірінде басты әріптес ретінде саналды. Саясатқа қатысты тұрақтылық факторы, экономикасы және қауіпсіздік басымдықтары Үндістанның Өзбекстаннан Қазақстанға назарын өзгертуде айтарлықтай рөл атқарды. Қазіргі таңда Орталық Азияда Қазақстан Үндістан үшін басты әріптеске айналды және аймақтағы НьюДели орнын нығайтуда елеулі рөл атқарады.
3. Орталық Азия мемлекеттерінің көп векторлы сыртқы саясаты, (Түрікменстанды қоспағанда) олардың жаһандық және аймақтық субъектілерімен түрлі деңгейлерде ынтымақтастығына ықпал етті. Олардың қарым-қатынастары аймақтың геосаяси, геоэкономикалық және әлеуметтік динамикасына айтарлықтай әсерін тигізеді. Орта мерзімді перспективада, Үндістан Орталық Азия өңірінде өзінің стратегиялық жеке ұстанымын нығайтуға тырысады. Дегенмен, Үндістанның Орталық Азиядағы сыртқы саясатының бағыты ірі державалардың мүдделерінің өзара үйлесуімен анықталатын болады, әсіресе, Қытай, Ресей және АҚШ. Өз кезегінде, Орталық Азия мемлекеттері нейтралитет және көп векторлық саясатынан бастап стратегиялық әріптестерді ығыстыруға дейінгі әр түрлі стратегиялар арқылы сыртқы күштермен өзінің өзара іс-қимылын теңестіреді. Бұл аймақтың геосаясатында шешуші ойыншы болуға мүмкіндік береді.
4. Үндістан ШЫҰ мүшелерін саяси, сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастық, сондай-ақ қауіпсіздік саласында табиғи серіктестер ретінде қарайды. ШЫҰ Орталық Азиядағы барлық мемлекеттерді біріктіреді, ол өз кезегінде Үндістан үшін бір мезгілде Орталық Азияның барлық мемлекеттерімен өзара іс-қимыл жасаудағы негіз ретінде қарастырылуы мүмкін. Нью-Делидің осы ұйымға толыққанды мүше ретінде кіруі оған Орталық Азия елдерімен қарымқатынастарын күшейтуде белсенділігін арттыруға көмектеседі.
5. Экономикалық ынтымақтастық үнді-ортаазиялық қарымқатынастардың маңызды факторы болып табылады. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері ашық және өз экономикаларын әртараптандырады. Үндістан бағдарламалық қамтамасыз ету, қызмет көрсету, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту сияқты салаларда өз тәжірибесімен бөлісуі мүмкін. Инвестициялар, технологиялық даму және адами ресурстардың сапасын арттыру, өңірде екі тарап үшін де тиімді болып табылады. Көптеген келісімдер мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қарамастан, Орталық Азия елдерінде мұнай және газ ресурстарын өңдеуде Үндістан жетекші елдердің бірі болып табылмайды. Бүгінгі таңда, ресейлік және батыстық компаниялардың тұрақты қатысуына байланысты, сондай-ақ аймақтағы Қытайдың энергетика секторында тез өсуін назарға ала отырып, Үндістан өз орнын іздеу мәселесіне тап болды. Алайда, Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық үшін дәстүрлі және энергетиканың жаңа формалары саласында кең мүмкіндіктер бар, олар: көмірсутектер, су энергиясы, Каспий теңізінің ресурстары, ядролық энергетика жобаларында, ТАПИ және CASA -1000 жобаларында, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологиялары.
6. Үндістанның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығының негізі саяси және экономикалық факторлармен анықталады. Дегенмен, Үндістан мен Орта Азия өңірінің елдері арасындағы ынтымақтастықтың басқа да салаларын дамыту қажет. Мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл кеңістігін кеңейту керек. Ақпараттық технологиялар, білім беру және бірлескен зерттеу бағдарламалары, кәсіпкерлік, инновациялар, медицина, денсаулық сақтау, мәдениет және туризм секілді салаларда екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін, оның әсер ету күші ретінде ыңғайлы құралдарды және өңірдегі қолайлы имиджді қолдана алатындығы,Үндістанның артықшылығы болып саналады.
Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Диссертация материалдары аймақтану және халықаралық мамандар үшін қызығушылық танытады. Жұмыстың негізгі ережелері мен тұжырымдамаларын ҚР сыртқы саясат ведомствосының қызметкерлері және Орталық Азия мен Үндістанның қазіргі заманғы өзара қарым-қатынастар мәселелері қызықтыратын тұлғалар пайдалана алады. Диссертациялық зерттеу аймақтану және халықаралық қатынастар саласында ғылыми зерттеу жүргізгенде пайдалы болуы мүмкін. Сонымен қатар, диссертацияның негізгі ойлары мен материалдары Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарына және Орталық Азия елдеріне арналған оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауда пайдалы болуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Диссертациялық зерттеудің негізгі қағидалары, нәтижелері мен тұжырымдары 14 жарияланымда көрсетілді, оның ішінде 7-і ҚР БҒМ білім беру және ғылым саласында бақылау Комитетімен ұсынылған; 2-і Ѕсорuѕ деректер базасына кіретін; 4, халықаралық ғылымитәжірибелік конференциялар материалдарында, оның ішінде 1 – шетелдік; сонымен қатар басқа ғылыми басылымдарында.
Диссертацияның қағидалары 2014 жылы Джавахарлал Неру атындағы университетте (Үндістан) және 2016 жылы Орталық Флорида университетінде (АҚШ) тағылымдамалар кезінде диссертантпен апробацияланған.
Диссертацияның құрылымы диссертациялық зерттеуде қойылған, мақсаттар және міндеттермен анықталған, кіріспе, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және үш тараудан тұрады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *