ТМД елдерінің топырақ жамылғысы
- ТМД елдері территориясында кездесетін топырақ типтері және
олардың таралу ерекшеліктері;
- Топырақтың құнарлылығы және егін шаруашылығымен
айналысатын аймақтардағы топырақ деградациясы;
- Топырақты қорғау және Азық-түлік бағдарламасындағы топырақтың рөлі;
ТМД елдері территориясының өте кеңдігі мен байтақтығы және жазықтар мен ірі тау жүйелерінің көптігінен топырақ, өсімдігі мен жануарлар дүниесінің де таралуы әркелкі болып келеді. Осындай биокомпоненттердің (топырақ, өсімдік, жануарлар) қалыптасуына ең бірінші температура мен ылғалдылықтың арақатынасы, содан кейін аймақтың жер бедері мен климаттың континенталдығы әсер етеді. ТМД елдері территориясы орографиясының күрделілігі, оны алып жатқан жыныстардың әртүрлігі және климаттық жағдайлар аймақтың топырақ жамылғысының құрылуы мен оның зона бойынша таралуында көрінеді.
Генетикалық топырақтанудың негізін қалаушы В.В.Докучаев өзінің «Руский чернозем» деп аталатын ғылыми еңбегінде топырақ туралы алғашқы ілімді дүниеге әкелді.Одан кейін топырақтану ғылымына үлес қосқан ғалымдар Н.М.Сибирцев, П.А.Костычев, Л.И.Прасолов, Б.Б.Полынов М.М.Филатов және И.П.Герасимов болды. ТМД елдерінің топырақ жамылғысы өте шұбар. Топырақтың мұндай әркелкілігі географиялық қабықтың барлық компоненттерінің ықпалымен анықталса, бірақ топырақтүзілуінің негізгі факторы оның литогендік негізі мен климат, өсімдік болып табылады.
ТМД елдерінің территориясындатөмендегідей топырақ зоналары қалыптасқан: 1) тундра, мұнда тундраның глейлі және құба топырақтары көп тараған; 2) солтүстік тайга, күлгін, иллювиалды-теміртотықты гумустар, тайганың мұздықты глейлі топырақтары басым; 3) орта тайга, әртүрлі күлгін, батпақты және мұздықты нейтрал топырақтар көп кездеседі; 4) оңтүстік тайга, шымды-күлгін, темірлі, батпақты-шымды және шымды-глейлі топыратар кездеседі; 5) орманды-дала, орманның сілтілі сұр және қара топырақтары мен күлгін топырақтары тараған; 6) дала, кәдімгі қаратопырақтар меноңтүстік қара топырақтар; 7) құрғақ дала, күңгірт қызыл-қоңыр және каштан топырақтар, 8) шөлейт, ашық қызыл-қоңыр, сорланған және шөлді даланың құба топырақтар тараған; 9) шөл, шөлдің сұр құба, тұзданған және құрамында гипсі бар сұр-құба топырақтар; 10) тау етегіндегі шөлейт, сұр топырақтар; 11) шөлді субтропиктер, шөлдің құмды сұр топырақтары; 12) құрғақ субтропиктер, сұрланған топырақтар; 13) ылғалды субтропиктер, сары топырақтар мен қызыл топырартар кең тараған.
Осы аталған топырақтың зоналық типтерінің ішінде аллювиалды топырақтар барлық зоналарда кездеседі. Ал батпақты-шымды және шымды-глейлі топырақтар ылғалы мол және жеткілікті аудандарда тараған.Сортаңдар мен сор топырақтар ылғал жеткіліксіз аудандарға ғана тән болып келеді.
Жазықты аудандарда топырақтың әртүрлі типтерінің таралуы географиялық заңдылыққа сәйкес жүреді. Яғни, оңтүстікке қарай экологиялық жағдайдың жақсаруы мен аймақтың қалыптасу тарихының әркелкілігіне байланысты топырақтың да әртүрлілігі байқалады. Олардың ең көп түрлері ылғалы мол- орта, оңтүстік тайга мен орманды-дала зонасында кездеседі.
Тау топырақтарының таралуында биіктік белдеуліктердің ерекшеліктерін нақтылай отырып, тынықмұхиттық, ішкіконтиненттік және атланттық тау жүйелерінің биіктік белдеуліктерінің топырақтық құрылымдарын анықтауға болады.
Таулы аудандарда кең тараған топырақ типтері: таулы-шалғынды альпілік және субальпілік топырақтар; таулы-далалы ксероморфты сілтісіздендірілген топырақтар; таудың сілтісіздендірілген кәдімгі және оңтүстік қаратопырақтары; ал тауаралық ойыстар мен тауалды жазықтарында — сілтісіздендірілген ортагумусты және оңтүстіктің азгумустелген қаратопырақтары; күңгірт- және ашық-қызылқоңыр топырақтар мен шөлдің құба топырақтары.
Осы аталған топырақтар типтері ТМД елдерінің территориясында белгілі бір заңдылықтармен биіктік белдеуліктерін жасайды.
Таулы-далалы ксероморфты сілтісіздендірілген топырақтар негізінен 800-1800м биіктіктегі оңтүстік және батыс беткейлерде кең таралған. 0-3см тереңдікте олар қиыршықтасты,ал 3-25см-де аз қиыршықталғанауыр құмдақты ашық қоңыр аккумулятивтікгумус қабаты алып жатыр.Ол бірте-бірте ағарып,палеозой жынысы эльювиалды-делювиалды қиыршық тасқа айналады.Жалпы гумус қабатының қалыңдығы 50-60см болса, оның мөлшері — 6-8%-ке тең.
Таудың сілтісіздендірілген қаратопырақтары ылғалды жерлерде қалыптасады. Оның топырақтүзуші жыныстары эльювиалды-делювиалды қиыршықты саздақтар болып келеді.Гумус қабаты 75-90см, түсі-қара немесе сұрқоңыр, гумус мөлшері 10%.
Таудың оңтүстік қаратопырақтары ылғалы аздау, бірақ суық болып келетін аудандарда таралған. Мұндағы гумус қабаты 40-50см, түсі күңгірт-сұр немесе қоңыр-сұр, құрылымы түйіршікті, гумус мөлшері 10%.
Сілтісіздендірілген ортагумусты қаратопырақтар тауалдындағы толқынды жазықтарда кең тараған. Олардың топырақтүзуші жыныстары-аллювиалды-пролювиалды лёстәрізді саздақтар. Гумус қабаты 90-100см, түсі-қоңыр-сұр, құрылымы түйіршікті, гумус мөлшері 7-9%.
Күңгірт-қызылқоңыр топырақтар тауалды жазықтар мен солтүстік-батыс беткейлерде тараған, олардың топырақтүзуші жыныстары-лёстәрізді саздақтар. Гумус қабаты-45-50см, құрылымы-жұмырлы, гумус мөлшері 3-4%.
Шөлдің құба топырақтар ауданның батыс бөлігін алып жатыр, гумус қабаты 40см, мөлшері аз, яғни, 1-2%-тен аспайды. Егін шаруашылығы үшін шөлдің құба топырақтарын тек суару арқылы пайдаланады.
Жоғарыда аталған топырақ типтеріндегі эрозия мен денудация сияқты геоморфологиялық процестердің жүруіп өтуі әртүрлі болады. Осылардың ішіндегі эрозия мен беттік шайылу әрекетіне төзімді болып келетін таулы-шалғынды және шымды топырақтар, себебі, оларда солифлюкция процестері жақсы дамыған .