Тілеуқабылұлы Өтейбойдақ

Тілеуқабылұлы Өтейбойдақ (1388–1478 жж) – орта ғасырдағы қазақ ғұлама ғалымы. Оның «Шипагерлік баян» атты еңбегінде қазақтың ой пікірлері тұңғыш рет ғылыми тұрғыда төмендегідей психологиялық сөз болғаны байқалады. Көптеген психологиялық ұғымдар («Қуат», «Қабілет», «Ойлау», «Сөйлеу», «Мінез», т.б.) туралы психологиялық (сол кездегі ұғым бойынша) мағұлматтар мол. Ол өзінен бұрын өмір сүрген түркілік ұлы ғұламалардың әл–Фараби, Әбу әли ибн-Синалардың жан туралы түсініктеріне сүйене отырып, бүкіл тіршіліктің басқарушысы, реттеушісі жүрек дейді. Сөйте тұра жан құбылыстарын басқаруға мидың атқаратын рөлін де жоққа шығармайды. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есті адамдардың негізгі жан қуаттарының қатарына жатқызады. Оның пікірінше, ес көрген, естіген нәрсені жадта сақтау үшін аса қажет. Арнайы есте сақтау мақсатында адам тез аңғарғыш, байқағыш және есте қалдырғыш болуы тиіс (…тез, шапшаң, жеткілікті аңғарып, ойға қонымды, көңілге толымды, өте нанымды, бүге-шегесіне дейін есте сақтау) дейді. Ол адамның қабілет қасиетін дамыту үшін көптеген тау-тас, жер-су және мал мен аңдардың аттарын дәл білу қажеттігіне үлкен мән береді. Есте сақтау қабілетінің ойдағыдай дамуына себеп болатын қасиеттің бірі – зейінділік. Оның пікірінше, саналы іс-әрекет зейінсіз іске аспайды. Аталмыш кітапта зейін көбінесе «мәнділік аңғарым» деген ұғыммен беріледі.
Тілеуқабылұлы адамның негізгі жан қуаттарының біріне ойлау процесін жатқызады. Ойлау адам сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді өңдейді. Сезім мүшелері арқылы алынған мағұлматтарды жинақтап, талдау, саралау арқылы дамып отырады. Ғұлама «… затты, іс-әрекетті жан-жағынан қара, қолыңмен ұстап көр, көз өлшеміне сал, одан соң толған»,- дейді. Толғаным сараланбаса, ойлау дараланбайды,- дейді. Ойлау сөйлеу әрекетіне байланысты («Толғамдық түйін») екендігін де айтады. Ойдың сөз арқылы бейнеленуінің арқасында адам өзінен бұрынғылардың ілім-білімдерін сақтап қала алады, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Ол адамның жақсы мінездерінің қатарына батырлықты, батылдықты жатқызады. Ғұлама ғалым ешнәрсеге қызықпайтын енжар адамның ешкімге шапағаты болмайды деп сынайды. Адам өмірге келген соң, белсенді өмір сүруге, сегіз қырлы бір сырлы болуға тиіс деген тұжырым жасайды. Дала ғалымы, шипагер Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі бес жарым ғасырдан кейін өз елімен қауышты. Оның еңбегімен қазақ, қытай т.б.

шет елдер ғалымдары да танысып, оң бағаларын берген. Бұл жайт күні кешеге дейін белгісіз болып келген қазақ ғалымының әлемдік деңгейдегі орнын анықтауға жол ашты. Қазақтың халық шипагерлерінің сонау XV ғасырда Қазақ хандығы туын тіккен кезінен бастап-ақ ілім-ғылым негізі қаланғанын шипагер Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі айқындап берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *