Өтемісұлы Махамбет (1804–1846 жж) өзінің ұлттық насихаттық мазмұнға толы өлеңдерінде дауылпаз ақын жастардың тәні мен жаны бірдей шынығуына, олардың күшті ерік-жігері мен қайсар мінез- құлқын тәрбиелеу ісіне зор маңыз берді. Махамбет өлеңі жастарды ерлікке, батылдыққа шақырады. Махамбет ерлік пен елдіктің үлгісін көрсете отырып, елжандылық сезім мәселесін халықтың абыройы
жолындағы күреспен ұштастыруға, өскелең ұрпақтың мұрат- мүддесінің әлеуметтік мәнін ашуға тырысты.
Жауынгерлік рухтағы өршіл жылдардың інжу маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі. Махамбеттің жырлары – ерліктің гимні, қайсарлықтың символы.