Лацарус Мориц (1824-1903) пен Г.Штейнсот (1823-1899) Гербарттың тіл білімі, мифология және психологиялық іліміне сүйене отырып «халықтар психологиясының» ұғымдарын жүйеге келтіруге әрекеттенді. Олардың «Халықтар психологиясы туралы алғашқы ойлар» атты мақаласы «Халықтар психологиясы және тілтану» журналының бірінші санында жарияланған.
Халықтар психологиясының өзіне тән жақтарының сыр- себептерін Ұлы буржуазиялық этнопсихология өкілдерінің бірі – француз психологы, антрополог және археолог Гюстав Лебон талдауға әрекет жасаған. Ол өзінің «Халықтар және бұқара психологиясы» атты шығармасында әр түрлі ұлттардың, халықтардың мәндік негізінде адамдардың нәсілдік, рухани ерекшеліктерінің арасындағы айырмашылық жатады деп көрсетті».
«…Ортақ әдет-ғұрыптар, идеялар, сезім, сенім және ойлау жоралғыларының жиынтығы – халық рухын құрайды». Ол өз концепциясының өзекті жерлерін былайша толғайды: нәсілдердің өзгермейтін рухы — ұлттар өмірінің барлық салаларында өзінің түскен сәулесін де, мұнартқан көлеңкесін де түсіріп кететіндігін көреміз.
Ендеше, халықтар мен нәсілдердің мемлекеттік түзілімі мен саяси ұйымдары олардың мінез-құлқының жемісі ретінде көрініс тапқан. Сондықтан да әрбір халық оларды өзгертуге әрекет жасамауы ләзім, себебі ол бәрібір халық рухының тегеурінді қысымынан ешқайда қашып құтылып кете алмайды. Әрбір халық тек өзіне тән рух пен рухани ерекшеліктерге ие, олай болса басқару жүйесінің белгілі бір
түрі тек қана осы халыққа тән болғандықтан, басқа халықтарға қолданылмайды. Африка мемлекеттеріндегі бірер бір монархияның басқару әдісі сол мемлекеттердің халықтары үшін бәрінен де, соның ішінде Еуропа мемлекеттерінде қолданылатын конституциялық принциптерден де абзал болып көрінеді. Сондықтан барша елдерде бірдей саяси түзілімнің болуы мүмкін емес.